Қазақстанға демографиялық қауіп бар ма?
Мемлекеттің экономикалық ахуалы демографиялық жағдайға қарай өзгереді. Біздің елдегі халық санының көрсеткіші әлеуметтік және экономикалық мәселелерге байланысты бірнеше кезеңнен өтті.
Отандық демографтардың айтуынша, қаржылық дағдарыс пен жаңғыру реформасы кезеңінде (1991-1999 ж) ішкі халық саны 1,3 миллион тұрғынға қысқарған. Оған эмиграциялық процесc тікелей ықпал еткен. Осы жылдар аралығында республикадан 2,6 миллион адам жыраққа көшіп кеткен. Өтпелі кезеңде туу көрсеткіші 38,5 пайызға төмендеп, өлім-жітім 9,7 пайызға жеткен. Халықтың табиғи өсімі үш есеге құлдилағаны байқалады. Айталық, 1991 жылы 218,8 мыңға, 1999 жылы 72 мың адамға кеміген. Осылайша, еркектердің өмірі 3,3 жылға, әйелдердің өмір сүру мерзімі 2,2 жылға қысқарған. Есесіне, 2000-2013 жылдар аралығында демографиялық тенденция оң бағытқа бастады. Мысалы, тұрғындар өсімі 13,5 пайызға жетіп, жалпы халық саны 2 млн адамды құраған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт-Тоқаев: «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған жолдауында ел ішіндегі демографиялық жағдайды жетілдіру үшін үкіметке бірнеше міндеттер жүктеді. Президент республикадағы әрбір алтыншы ерлі-зайыптының сәби сүйе алмай отырғанын, осы себептен олардың 20 пайызы ажырасуға бел байлайтынын атап өтті. Осыған орай, президент үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын енгізуді тапсырған болатын. Қазақстанның тиімді шешімі арқасында 2022 жылы отандастарымыздың саны 19 миллион 125,6 мың адамға жетті. Алайда бұл көрсеткішке қарап көңіл алдандыруға болмайды. БҰҰ-ның сарапшылары келер бірнеше онжылдықта Қазақстанда 65 жастан асқан адамдардың қатары өсетінін болжап отыр. Қарттардың көбеюі әдетте балалар санының төмендеуіне әкелетін факті. Батыс сарапшылары 2050 жылы ел болашақтарының қатары 23 пайызға азаятынын болжап отыр. Бұл ретте, дүниежүзілік банктің Орта Азиядағы жетекші маманы Айеше Вауда мәселені дер кезінде шешудің жолын көрсетті. Оның пайымдауынша, мемлекет ендігі жерде елдегі әлеуметтік тетіктерді қалыптастыруға басым көңіл аудару керек.