Қазақстанға кедейшілікпен күрес министрлігі керек-ау...
«Алматыдағы бірнеше көшенің бойында тағы да баяғыдай жабайы базарлар пайда болды.
Күннен-күнге қатты кедейленіп бара жатқан жұрт ескі-құсқы дүниесін сатып, аштан қалмаудың амалына көшті. Қайта оларды баяғыдай сауда жасап отырған жерлерінен қуып жататып полиция қазір жоқ. Соған да шүкір», – дейді сарапшы Расул Рысмамбетов.
Кедей халықтың сататын несі бар десеңіз, әдетте киім-кешек, мата, құрал-сайман, көбіне совет заманының тұрмыстық дүниелері. Рас, үйіңде ет жоқ болса, саған мясорубка несіне керек? Сатып, орнына тамақ алған дұрыс. Сосын, кітап сатады екен жұрт. Білім мен мәдениеттің құны көк тиын болған бұл заманда кітап оқудың қажеті, расымен де, шамалы боп қалды емес пе? Киетін киімің түгел тозса, киімілгіштің қажеті не?
Наурызбай көшесінің бойында, Төле би көшесінен сәл төмен тұста басына берет киген, көзілдірік тағатын, өзі аса мәдениетті бір әйел тұр, үйіндегі үбір-шүбірін сатып. Мен одан баспа машинасына арналған ескі жазу қағазын сатып салдым. Одан небәрі 200 теңге тапқан ол қатты қуанып қалды. Өйткені екі бөлке нанның ақшасы бұл. «Өткенде менен Симоновты сұраған сіз бе едіңіз?» – дейді ол маған ескі көзілдірігінің астынан көзін сығырайтып. Жаңа көзілдірік алуға ақшасы жоқ екені тағы рас. Қас қылғанда қалтамда қолма-қол ақшамен небәрі 200-300 теңге бар екен, әйтпесе сатып алар едім.
Ертеңнен еш күдерің жоқ осындай түнек шошытады. Жылағың келеді. Осындай адамдарға көмектесуге қауқарыңның жоқтығынан. Анау үкімет болса «елде кедейлер саны азайып келеді» деп жағы талмай есеп береді. Айтпақшы, Қазақстан – ТМД елдерінің арасында әлеуметтік саласы ең жақсы қамтылған елдердің бірі. Сондағы халықтың күйі осы болса, не дейсіз? ТМД-ның кей елдерінде халықтың жағдайы тіпті біздікінен де нашар екенін көзіммен көргенмін.
Рас, біз өз еліміздегі кедейлерді көп кездестіре бермейміз, өйткені олардың үн шығарып, өзіне ел назарын аударатындай жағдайы да, қауқары да жоқ. Жалпы, бізге ойлану керек. Осы қазіргі қазақстандық капитализм дәуірінде күшейе түскен жоқшылық пен кедейшілік норма ма, әлде бұл дерт пе? Негізі, кедейшілік барлық елдерде бар ғой. Бірақ жоқшылық пен кедейшіліктің көбейіп бара жатқаны шынымен норма болса, ендеше елдегі мұқтаж жандардың саны қанша екенін анықтап, тақыр кедейліктің нақты шегін түсіну керек.
Егер Қазақстан үшін халықтың кедейлігі норма болса, онда инфрақұрылым керек қой, қайыршылар барып тегін тамақ жей алатын, байлардың тастаған киімдерін тарататын арнайы орындар дегендей… Мемлекеттің кедейлерді асырауға шамасы жетпей жатқанда бизнес тарапынан көмек жасалсын дегендей заңнамалық нормалар керек.
Кедейлік нормаға айналса, онда бұл жағдайды қалай түзетуге болады? Кедейлер проблемасымен айналысатын арнайы құрылым, орган керек қой. Кедейлердің көретін қиыншылықтарын қалай азайтуды ойластыратын әлеуметтік лифт болмаса да, құрығанда солардың балалары білім ала алатындай, өсетіндей, тәрбие көретіндей бір әлеуметтік баспалдақ керек қой.
Ал егер жоқшылық пен кедейшіліктің қорлығын қарт адамдар көріп отырған болса, олар үшін өлерінің алдында бірнеше жыл болса да жақсы өмір қамтамасыз етуге болмас па еді?!