«Қазақстанның 100 жаңа есімінің» 46-сы алматылық жеңімпаздар

23 маусым күні Almaty towers бизнес орталығында «100 жаңа есім» жобасының төртінші кезеңіне Алматы қаласынан қатысқан финалистермен кездесу өткізілді.
Жоба жеңімпаздарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға белсенді қатысқандары үшін Алматы қаласы әкімдігінің алғыс хаттары табысталды. Аталған жобаның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келгенін атап өткен жөн. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соңғы төрт жылдан бері елімізде бәсекеге қабілеттілік, прагматизм мен білімнің салтанат құруы идеяларын әртүрлі мамандық иелері мысалдарында насихаттау мақсатында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жүзеге асырылып келе жатқаны белгілі.
Статистикаға сүйенсек, жобаға соңғы үш жыл ішінде 7000-нан астам адам қатысқан, оның 163 қатысушысы жеңімпаз атанды. Жеңімпаздардың 46-сы – алматылықтар.
Ал байқаудың төртінші кезеңінде 3000-ға жуық қазақстандық барлық аталымдар бойынша қатысуға өтінімдер жіберді. Жалпы бағыттар саны – 7:
- "Қоғам"
- «Мәдениет және спорт»
- «Медицина»
- «Ғылым және инновация»
- «Бизнес»
- «Экология»
- «Білім»
Биыл Алматы қаласынан тоғыз қатысушы финалист атанып отыр.
Жобада өздерінің дарыны мен еңбекқорлығы арқасында Алматы қаласының тұрғындарын кеңінен таныта білген, республикалық деңгейде бәсекеге қабілетті де табысты бейнесін қалыптастыруға өз үлестерін қосқан адамдар жеңіске жетті.
Олардың қатарында ғылым және инновация саласындағы жеңімпаз – ҚазҰАУИ Халықаралық вакцинация орталығының директоры, профессор Қайсар Табынов та бар. Ол өз әріптестерімен бірге соңғы 15 жыл ішінде қауіпті инфекцияларға қарсы 10-ға жуық вакцина жасап шығарды. Қазіргі пандемия кезеңінде оның тәжірибесінің маңыздылығын ескерген жөн. Сондықтан да ғалымның ерекше тәжірибелік әдістері қазірдің өзінде қолданылуда.
Тағы бір жеңімпаз – Таир Баталов, жаңашыл әрі табысты кәсіпкер. Ол әлемдегі астық айналымын 80 пайызға дейін реттейтін компания құру арқылы 1000-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оның ASTAGRA холдингі жетекші астық экспорттаушы компаниялардың бірі болып табылады.
Кездесу соңында әкімдік жобаға қатысушыларға алғыс хаттар табыстады. Аталмыш жобаның әрбір жеңімпазының тәжірибесі мен тарихы жастар үшін үлкен үлгі болары сөзсіз.
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» – бұл әртүрлі салалар мен аймақтардағы жас таланттардың өзін танытуы мен өзін тек Қазақстан деңгейінде ғана емес, одан тыс жерлерде де таныту жолындағы тамаша мүмкіндік. Бұл жоба жастар үшін өте маңызды және біздің орасан зор, кең-байтақ еліміздің жеке тұлғалары мен таланттарын дамытудың шығармашылық әлеуетін көтереді.