Қазақстанның азаттығы шетелдегі қандастарымыздың көзімен
Бодандықтың ащы дәмін татқан, өмір бойы туған Отанын көре алмай қор болған, көзі ашық, көкірегі ояу, ұлттық санасы мен намысы жоғары шетел қазақтары қызыл империяның құрсауында қалған Қазақстанда не болып жатқанына үнемі құлақтарын түріп, көңілдері алаңдап, сағынышпен күн кешкен.
Сондықтан қызыл империя құлап, оның отары болған ұлт республикалары 1991 жылы бірінен соң бірі бостандық алып, салтанат құрып жатқанда «Қазақстан қашан тәуелсіздігін жариялайды екен деп, күн санап, ай санап тағатсыздана күттік» дейді Түркия, Моңғолия және Қытай қазақтары. Оның алдында КСРО-ны сақтау жөнінде референдумда Қазақстан халқының 80 пайызы «КСРО сақталсын» деп дауыс беріпті деген лақап тарады, «Қытай қазақтарының көңіліне қобалжу ұялап, қажып кеткендей болдық» дейді Оспан батыр Исламұлының (1889-1951) «Бала батыр» атанған атақты мергені, көзі тірі Құнанбай батыр (автордың өзі жинаған материалдар, осыдан ары қарай – АӨЖМ).
Шетелдердегі қазақтармен қоян-қолтық араласып, өмір тұрмыстарын көріп әңгіме-дүкен құрғанда ешкімнің қас-қабағына қарамай, жалтақтамай, өз еліндегідей емін-еркін жүріп жатқан Түркия қазақтары ғана. Өкінішке қарай, мұндай жағдай, тіршілік басқа бірде-бір алыс-жақын шетелдердегі қазақтарда жоқ. Біраз жыл қазақ диаспорасын зерттегенде ойыма түйгенім осы.
Қазақстанның тәуелсіздік алғанын естіген Пекиндегі жүздеген қазақ студенттері жиналып, бұрынғы гимннен «Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған» деген сөздермен бірін-бірі құттықтап, Е.Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін шырқайды (АӨЖМ).
«Қазақстан тәуелсіздік алып, өзінің бостандығын жариялап, Назарбаевтың сөзін радиодан естігенде Шыңжаң қазағында қуанбаған адам жоқ», – дейді жазушы Көбен Асқарұлы. Үйдің ішінде бір адам қуанса, менің әкем қуанды, жасы 90-нан асып, көзі көрмей қалған болатын. «Көзім көрмесе де, көңілім сенді, мен бақытты екем, қазір өліп кетсем де арманым жоқ», – деді әкем, екі жылдан соң қайтыс болды.
Назарбаевтың сөзін естіген соң, «Алтай аясында» журналының мекемесіне бардым. Журналдың бас редакторы менің аталас бауырым Қабыл деген жігіт еді: «Аға, Қадыс Уәли Алтай аймағының губернаторы бізде жиын ашсам деп жатыр, бірталай зиялылар мен кадрлар түгел қатысады, сіз Ғалағаңды, замандасыңыз ғой, шақырып келіңізші, біздің шақырғанымызға келмейді», – деді. Ғалымбек деген – кәрі төңкерісші, түрмеден келген, үйінде жатып алады, қызметіне көп келмейді, пенсияға шығуға таяп жүрген. «Мақұл», – дедім де, үйіне барып есігін қағып едім, әйелі қызметіне шығып кеткен кез, есікті Ғалымбектің өзі ашты. Үй арақ сасиды, үстелдің үстінде жарты бөтелке арақ тұр.
– Ай, Ғалымбек, – дедім, – сенің әкең Әует арақтан өлген жоқ, найзағай түсіп өлмеп пе еді, мынауың не, таң атпай істегенің, үйің арақ сасиды.
Ғалымбек:
– Дәл айттың, жай түсіп өлген әкем тірілді, міне, сол үшін ішіп отырмын. Сен отыр, мен әңгіме айтып берейін. Жиырма жыл түрмеде отырып келдім, келгеннен кейін үкімет «сенде қылмыс жоқ екен, сен ақ адам екенсің» деп мені қызметке орналастырды. «Алтай аясының» редакциясына келіп директор болдым, әйел алдым, бала сүйдім, жаңағы 20 жыл бейнет ұмытылып кетті, бірақ көңілімде бір мұз қатып қалып еді, сол мұз бүгінге дейін ерімей келіп еді, бүгін түнде еріді. Ақдалада айдауда соңғы жылдары жүргенде аздап еркіндікке шығарып, жаздың бір күні мені егін суаруға жіберді. «Түскі тамақты ішіп келейін» деп, суды тоспалау жерге байладым да, асхананың тамақ беретін тесігінің аузына келсем, қалың кезек. Суым орып кетеді-ау деп, біреудің кезегін алайын десем, ешкім кезегін бере қоятын емес, кезектің артына тұрсам, суым қашып кететін түрі бар. Тұрғандарды жағалап келсем, 6-қатарда өзіммен қалжыңдасып жүретін бір мұңғыл бар еді, қолында ыдысы бар, әлгі жайбарақат тұр екен. Ту сыртынан келіп итеріп жіберіп едім, сенделіп кетіп, қолындағы ыдысы ұшып түсті.
– Жаман қалмақ, бұл сен тұратын жер емес, мен тұратын жер.
Мұңғұл жерге түскен ыдысын алып, ішіндегі топырағын сүртіп тұрып:
– Ай, Ғалымбек, сен қазақтың оқыған зиялысысың, оңшыл, теріс төңкерісшіл болып келгенсің. Мен үкіметтің бір қойын ұрлап жеп қойған Балғанжап атты қойшымын, өзім ұры, өзім надан. Сен жаман Балғанжап десең, оның дұрыс, мен мойындаймын, енді жаман қалмақ дегеніңе келіспеймін. Жаман қалмақ дегенше, 500 жыл төбеме шай қайнатқан қалмақ де. Әкеңнің аузы, қазақ, сенің нең бар, менің жаман да болса мемлекетім бар.
Әлгі сөзді естігенде көзімнен жас шығып кетті. Тез жүріп артыма да, тамаққа да қарамай кетіп қалдым. Осы сөз көңілімде мұз болып қалып қойды, ойымнан кетпейді. Бүгінгі күні дербестік алғанда сол мұз еріді, содан ішіп отырмын.
– Енді оттамай, арақты құй екіге бөліп.
Мен де Ғалағаңның сөзіне іріленіп кетіп бөтелкені екіге бөліп құйып, ішіп алдық. Көшеге шықтық, бір топ адам шулап жүр: «Қазағым жасасын!», «Қазақстан жасасын!», «Қазақстан мемлекет болды!» деген ұран сөздер естіледі, әлгілерге қосылып, Қабылдың өзін қосып алып, түнде жиналысқа бардық. Жиналыстан рухтанып шығып, үш күн тойладық. Әбден қас қарайғанда үйге қарай келе жатсам, бұрыштағы үлкен қақпаның алдында біреу сұңқылдап жылап отыр, масаңдау екен, жақындасам, өзіммен бір сыныпта оқыған сабақтасым Әбілкерім деген ұйғыр мұғалім.
– Ай, саған не болды, ботадай боздап… – деймін.
– Мына Шар Руссияның (ұйғырлар Ресейді Шар Руссия деп атайды) Азияға жеткен аяғы біздің Қашқарияға неге жетпей қалған?
– Шар Руссия кезінде Алты шәрға дейін аяғымды көсілем деп, Шоқан Уәлихановты жіберген. Біздің Шоқан Уәлиханов барды емес пе сенің Қашқарияңа? Шоқанды қуалап жіберген патшаңнан, өздерінен көр, тұр, кет үйіңе дедім...» [Ш.Уәлихановтың Қашқарияға саяхаты туралы айтылып тұр. А.Т. АӨЖМ].
«Қазақстан қашан тәуелсіздік алады» деп күн санап күтіп жүрдік» дейді Моңғолияның вице-премьері Зардыхан Қинаятұлы. Моңғолиялық қызметтес әріптестер «Сендер, қазақтар, орыстың құшағынан шықпай қойдыңдар ғой, сірә? Қазақтар орыс болып кеткен бе, Қазақстан Ресейдің қол астында мәңгі бақи қалды емес пе?» деп, әзіл-қалжыңы аралас сөздермен күнде қажайды. Бір күні министрлер кабинетінің мәжілісінде отыр едік, қызметші қыз есіктен кірді де, аяғын тез басып, премьер-министрдің жанына келіп, алдына бір қағазды қойып кетті, премьер қағазды қарады да, менің алдыма ысыра салды, қарасам «Қазақстан Тәуелсіздік алды» деген телеграмма екен. Көзімнен жас шығып кетті. Біраз толқып отырдым да, өзіме-өзім келіп, жиналыстан шығып, үкіметтік байланыстан Моңғолияның атынан «Тәуелсіздік құтты болсын!» деп, бірнеше сөйлем қосып, жедел телеграмма бердім (АӨЖМ).
Моңғолия қазақтарында Қазақстанның тәуелсіздік алғаны соғым басына шақыру дәстүрімен сәйкес келеді. Дастарханға жиналған халықтың қыстың ұзақ сары таңында бірден-бір әңгімелері Қазақстанның жеке мемлекет болғаны туралы болады, ән айтылып, күй шертіліп, сыбызғы тартылады. Кейбір отбасылар арнайы ақсарбас сойып, Қазақстанның тәуелсіздік тойы деп атап өтеді. Жастардың арасында «Қазақстан жеке мемлекет болды, біз өз елімізге кетеміз» деген сияқты сөздер айтылып, моңғолдың ақшасын жыртып, лақтырған келеңсіз жағдайлар да болыпты.
Қазақ дәстүрінде атақты ұлы оқиғаларды «Көкқасқа» деп, жылқыны құрбандыққа шалып атап өткен. Моңғолия мен Ресейдің жылқы ұрлаушылары сонау ақ патшаның заманынан бастап, қазіргі күнге дейін бір-бірімен байланысып, Моңғолия жағы өздері ұрлаған жылқыны Ресейге, ресейліктер Моңғолияға өткізіп, бір-бірімен айырбас жасап, сөйтіп, бірінің ұрлығын бірі жапқандықтан, жылқы сіңеді екен. Мұны ежелден барымтаның «өткерме» деп атаған түрі. Екі жақтан да жылқы ұрлығын жасайтын қазақтар, Моңғолиядан керейлер, Ресейден наймандар. Ресей жағынан жылқы алып келе жатқанда екі елдің шекарашылары бірігіп рейд жасап, барымташылардың жолы бөгеліп қалады. Қыстың күні аяз, барымташылар түнде ғана от жағып жылынып, ас ішеді, күндіз түтін шығарса көзге түсіп қаламыз деп сақтанады. Жылқыларды қалың орманның ішіне тығып тастаған, бір аптадай уақыт өтіп кетеді, сол кезде өздерінің радиоқабылдағыштары арқылы Қазақстанның тәуелсіздік алғанын естіп, атап өтпекші болады. Моңғолиядан да уәделескен жылқышылар келіп жетеді. Өңкей өрімдей жас жігіттер (16 мен 23-тің арасында) мұндай оқиғаға көкқасқа шалайық деп, бір тайды таңдап жығып, бауыздар сәтте ішіндегі біреуі: «Мал батасын берме, жан батасын берме, бостандық батасын бер!» деп дауыстайды. Сонда жылқышылардың үлкенірегі былай бата беріпті:
Көкқасқа тайға бата,
Қазақстанның тәуелсіздігіне бата,
Үш елдің достығына бата,
Шекараның бостығына бата,
Жылқыларымыз екі жақтан асып тұрсын,
Қазақстанның тәуелсіздігі баянды болсын
Бүкіл әлем таныған мемлекет болсын
Көкқасқаның қанымен,
Көгерейік, көктейік!
Алла риза болсын!
Аллах акбар!
Сөйтіп, екі жақтың жылқышылары Қосағаштан (Ресей Федерациясы) арақ алдырып, көкқасқаның еті біткенше Тәуелсіздік тойын тойлап, өздерінше атап өтіпті. Екі күн өткен соң, құрбандық шалғанын күткендей шекара ашылып, жылқыларын аман-есен айдап өткен екен (АӨЖМ).
Қазақстанның туына, туының түсіне, көк байраққа өздерінің ойларын айтып, пікірлерін білдірген моңғолиялық қазақ, қалқа, тува, дөрбет халықтары «Тудың түсі өте дұрыс таңдалған», «Ежелгі көк түріктен келе жатқан көк байрақ қой» деп, қазақтардан, «көк аспандай, кең аспандай түстес екен, Көк тәңірінің қасиетті көк түсі емес пе» сияқты сөздерді моңғолдар мен тывалықтардың аузынан естідім.
Ташкент қаласына барып жүргенде өзбекстандық әріптестеріміз мынандай бір әңгіме айтып еді. Өзбектің бір бай жігіті үйленетін болып, әр елден, әр жерден қалыңдық таңдайды. Сонда бір ақсақал: «Ерте заманда қолы жеткендер Күшәрдан қыз әкелетін. Мынандай мақал бар: «Сұлуын-ай Күшәрдің, Қауынын-ай Турфанның, Тұлпарын-ай Іленің. Сен дүние әлемді кезіп жүрген байсың. Алсаң Күшәрдің сұлуын ал», – деп кеңес береді. Бұл мәтел көне замандарда шыққан. Күшәр сұлу қыздарымен, Турфан дәмді қауындарымен, ал Іле аймағы атақты үйсін тұлпарларымен аты шыққан. Жігіт те ақылды екен. Ақсақалдың кеңесімен Шыңжаңға бірнеше рет барып жүріп, Қашқар жағының бір ұйғыр қызына үйленетін болып, Ташкентте бес жүздей адам шақырып той жасайды. Қыз жолдас болып еріп келген сол жақтың қазағының қызы екен. Той үстінде қыз жолдасына сөз берілгенде, ол құйқылжыта қазақ әнін салады. Даусы ерекше ашық, әннің қайырмасын созғаны сонша – профессионал әнші ме деп қалдық. Бүкіл тойшы қауым риза болып қол соқты. Сонда өзбектің ел ағасы жасындағы Турсын ака деген бір азаматы, тамаданың қолынан микрофонды жұлып ап: «Қазағым жасасын! Қазақстан жасасын! Мен де қазақпын!» – деп айқай салады.
Тамада: «Турсын ака, сізге не болды, өмір бойы өзбек болып, енді қазақ болғаныңыз», – дегенде, Турсын ака: «Менің түбім де қазақ, қаным да қазақ, жаным да қазақ, жетпіс жыл өзбек болғаным жетеді», – дегені барды (АӨЖМ).
Турсын аканы Тұрсын аға қылған қазақ әнінің әуезі, өнердің құдіреті, сол өнерді шет жерліктерге мойындатқан қыздың даусы демекпіз.
Аумахан Мулиянұлы Моңғолия армиясының бас штабында құрылыс және коммуникация басқармасының бастығы, әскери шені полковник, Қазақстанның азаттығын былай деп жырлайды:
Еңсеңді көтер, қазағым,
Арылды бүгін азабың,
Егеменді елмін деп,
Тарихын мәңгі жазамын.
Жүрмеймін енді жат жерде,
Еліме туған кетемін,
Нем бар менің басқа елде,
Қуаныш кернеп жетемін.
Атамыздан аңсап ек,
Тәуелсіз ел болсақ деп,
Шаңырақ қазақ көтерді,
Шашу шашып, қол соқ көп (М.Аумахан. Өмір елестері. Өлеңдер. Екінші жинақ. Уланбатыр 2001. 39-б).
Қазақстанға келген бетінде ақын былай деп жырлайды:
Мен бүгін атам қазақ жеріндемін,
Бабамыз Абылайдың төріндемін,
Төбем тұр қуаныштан көкке жетіп,
Аласа бұрынғыдай көрінбедім.
Күн туды енді бүгін қазағыма,
Көнбейміз біз күштінің мазағына,
Жиылып қуатты бір ел боламыз,
Тарихын өз қолыммен жазам мына (М.Аумахан. Өмір елестері. Өлеңдер. Екінші жинақ. Уланбатыр 2001. 10-11 бб.).
Елге келіп атажұрты, халқымен араласа бастағанда ақын:
Атадан қалған дәстүрім,
Асқақ емес бәстігім,
Басынған сөзін басқаның,
Келмейді сірә естігім.
Ақкөңіл, аңқау, алданғыш,
Қойдай қоңыр қазағым,
Адал еңбек, әділет,
Аққан судай тазамын (М.Аумахан. Өмір елестері. Өлеңдер. Екінші жинақ. Уланбатыр 2001. 11-б.).
Еліміздің тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында жекешелендіру деген желеумен халықтың 70 жыл бойы табан ет, маңдай тері мен жинаған байлығы мен дәулетін ат төбеліндей азғана пысықтар мен қулардың қолында кеткенін ақын асыл сөздің алмас қылышымен мейлінше әшкерелейді.
Ойлағандай болмады,
Бостандық заман басталып,
Жұмыссыз, аш, жалаңаш,
Еліміз қалды жасқанып.
Еркін заман басталып,
Есірлер елді басқарып,
Талауға түсті дәулетің,
Көбейді қылмыс, аш арық.
Сан мың адам жұмыстап,
Сақылдап тұрған өндіріс,
Сай тамтық жоқ құлады,
Алуға келмей болмай іс.
Жетпіс жыл жиған дәулетті,
Жемеңгер жетпіс жеп кетті,
Қалғанын қағып өкімет,
Халықты жаман мендетті.
Дорбалап жиған дәулетті,
Арбалап шашты жындылар,
Өмірден мән мен сән кетті,
Бағасыз кетті құндылар (М.Аумахан. Өмір елестері. Өлеңдер. Екінші жинақ. Уланбатыр 2001. 45-б.).
Ирандағы қазақ диаспорасы, алыс шетелдегі саны жағынан және халықтың топтасып, салт-дәстүрлерді сақтау тұрғысынан ең үлкен бөлігі саналады. Ирандық ақын Темірқұл Тәліп:
Кесірі тиіп орыстың,
Талай жылдан бері қарай,
Алыстап кетті арамыз,
Айырылған соң елінен,
Атақоныс жерінен,
Бұзылды көңіл наламыз.
Отан азат болған соң,
Жазылды енді жарамыз,
Бес намаздың артынан,
Арнап дұға етеміз,
Бір Алла болсын панамыз.
Қазақстанға алғаш болып бет бұрған Иран қазақтары болды. (Ислам Жеменей. Иран қазақтары. (Тыныс-тіршілігі, салт-дәстүрі). Алматы: Зерде, 2007. 118-119 бб.).
Шетелдік қандастарымыз Қазақстанның тәуелсіздігін жан-тәнімен түсіне білді, себебі олар жатжұртта қаншалықты тамақтары тоқ, киімдері көк болғанымен, өз елі, бостандық, егемендік деген сөздердің парқын біліп өсті. Сондықтан шетжерлік қазақтардың бұл оқиғаны елемей қалғаны жоқ, бөркін аспанға атып қуанды, кейбір жерлерде атап өтуге мүмкіндік болмаған жағдайда іштерінен шаттанып, көңілдегі ойларын қағазға түсіріп, бізге жіберіп жатты. Бірталай шетелдік азаматтар тәуелсіз Қазақстанға келгенде бір нәрсе алам деп емес, тәуелсіз еліме не берсем екен, нендей үлес қоссам екен деген сезімде болды. Тәуелсіздік қашанда тәтті ұғым, барлығынан жоғары тұрады.
Жүздеген жылдар бодандықтың бұғауында болған Қазақстанның бостандықтың есігі ашылып, азаттық күні туғанда мемлекетіміздің ресми шараларын өткізгені болмаса, қарапайым халықтың тап шетел қазақтарындай көкқасқа, ақсарбас сойып алақайлағанын көре алмадым. Мұны немен түсіндіруге болады? Де Голльдың қарулас досы, француз қарсыласу қозғалысының белді мүшесі, тарихшы Марк Блоктың мынадай сөзі бар: «Ұзақ мерзім құл болып, езіліп тапталған халық бостандықтың келгенін білмей де қалады, мәнін де түсінбейді».
Жүздеген жылдар патшалық Ресейдің бұғауында, жетпіс жыл қызыл империяның құрсауында қамалған, ең бастысы, Кремльдің гипнозына сеніп қалған аңқау халқымыз шын мәнінде бостандықтың келгенін де сезбей қалды.
Шетелдің қазақтары қандай еді, олар 1918-20 жылдардағы ақ пен қызылдың қырғынын көріп, 1,5 млн қазақтың өлгенін көрген жоқ. Екіншіден, 1930 ж. ашаршылықта өз баласының етін жеуге дейін барып, 2,5 млн қазақтың шыбындай қырылғанын көрген жоқ. Тың игеру деген желеумен 2 млн славян тұрғындарының қазақтың ата-баба молаларын таптап, совхоздарын құрып, мыңдаған қазақ мектептерінің жабылғанына куә болған жоқ.
Ең бастысы – шетел қазақтары рухын жоғалтқан жоқ. Абай айтады, «Кенесары мен Наурызбайдың көтерілісі басылғаннан кейін қазақ мүлдем жуасыды» деп, Қытай қазақтарының рухы биік болатыны – олар өмір бойы қолына қару алып соғысты, 1951 жылы Оспан батыр атылған соң барып Қытай билігін мойындады, 1958 ж. Алтай көтерілісінде 3000 қазақ қырылған соң, Қытайға қарсы ең соңғы қарулы көтерілісі еді. Өзбек, қырғыз, түрікмен, тәжік, Ресей елдеріндегі қандастарымыз 1930 ж. геноцидті көрмей аман қалды.
Шетел қазақтарының санасында «бостандық» деген қасиетті ұғым өшкен жоқ еді. Сондықтан Қазақстан тәуелсіздік алғанда түсіне білді, қуана білді.