Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:36, 18 Ақпан 2023

Қазақстанның барлық аймағының туристік әлеуеті жоғары

None
None

Қазақстанда ішкі туризмді дамыту өте өзекті тақырыптардың бірі. Туризмге инвестиция құю – болашаққа жасалатын жұмыс.

Қазақстанның туризм саласы ешбір шет елдерден кем емес. Ерте ғасырлық қоныстар мен орта ғасырлық қалалар, көрікті жерлер мен таңғажайып мекендер – Қазақстан туризмінің күретамыры. Ішкі туризмнің әлеуеті қандай, қалай дамыту керек деген сұрақтарды «Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығының директоры Жангелді Махашовқа қойдық.

Қазақстан туризмін дамытудың 2023 жылғы тұжырымдамасында ішкі туризмді дамыту мен ұлттық қорықтардың дамытудың қандай жоба-жоспарлары енгізілген?

Қазіргі күні әлемде туризм саласы арқылы мемлекеттің табысын молайтып, дамудың даңғыл жолына түскен елдер жетерлік. Еліміз де әлемдік замана көшінен қалмай, туризмді дамытуға бағытталған көптеген жұмыстар атқаруда. Мәселен, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 360 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын бекітілген. Бағдарламада туристік саланы дамытудың тетіктері жан-жақты қаралған.

          Бағдарламада ішкі туризм мен ұлттық қорықтар жұмысын дамыту бойынша 2023 жылы көлік инфрақұрылымын дамытуды, автомобиль қатынасы мен тұрақты қалалық көліктің қолжетімділігін, әуе және теміржол қатынасын дамытуды, шекаралық өткізу пункттерінің инфрақұрылымын, сумен жабдықтауды және су бұруды қоса алғанда, елдің туристік дестинацияларын кешенді дамыту мен абаттандыру, туристік инфрақұрылымды дамыту, Қазақстанның табиғи, тарихи-мәдени, этностық әртүрлілігі мен гастрономиясының ерекшеліктерін ескере отырып, туристік дестинациялардың айналасында сапалы және тең түпнұсқалы туристік өнімдерді жасау, сондай-ақ елдің киелі объектілерінің «киелі география» мәдени-географиялық картасын әзірлеу жоспарлғанған.

          Бағдарламада ішкі туризмді дамыту мен ұлттық қорықтарды да дамыту  назардан тыс қалмаған. Ішкі туризмді дамытудың бір саласы бойынша еліміздегі автомобиль жолдарын салу, темір, әуе жолдары бағыттары ашу көзделген. Ағымдағы уақытта еліміздің түкпір түкпірінде автомобиль жолдары салынуда. Мәселен, Отырар музей-қорығы орналасқан аймаққа жету үшін  Шәуілдір-Түркістан бағыты бойынша төрт жолақты (бір бағытқа екі жолақ) автомобиль жолының құрылысы басталды.  Жол салу жұмысы аяқталғаннан кейін  Отырар  музей-қорығына  келетін туристердің санын артуына септігін тигізеді. Сонымен қатар Отырар музей-қорығы орналасқан аймаққа жету үшін  Шымкент және Түркістан қалаларына тікелей келуге мүмкіндік беретін әуе бағыттары ашылуда.    

          Бағдарламада музей-қорықтарға келетін туристердің санын арттыру үшін  интернет желілерінде ақпараттарды орналастыру, музей-қорықтардың ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, қызметкерлердің біліктілігін арттыру және т.б. іс-шараларды атқару нақтыланған.

–Туризмді дамыту — болашаққа инвестиция салу деп айтылды. Қай аймақтарда қандай туристік нысандарға баса назар аударып, дамыту керек?

–Туризмді дамыту – болашаққа салынған инвестиция екенін сусыған құмның үстінде отырған араб елдері де дәлелдеді. Ал елімізге келер болсақ, экономикамызды әртараптандыру, шикізаттық экономикадан арылатын кез келгенін мемлекет басшысы да атап өткен болатын. Еліміздің қай аймағы болмасын туристер үшін өзіндік болмысымен, табиғатымен, тарихымен ерекшеленеді. Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі, Яғни, Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи-мәдени орындардың туристік әлеуетін арттыруға үлкен инвестиция салынса қаншама жұмыс орындары ашылар еді. Сонымен қатар еліміздегі тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу, көпшілікке насихаттау мәселесі де шешілер еді. 

          Қазақстанның қай аймағы болмасын туристік тұрғыдан әлеуеті жоғары. Бір ғана Отырар аймағын алар болсақ өзіндік табиғатымен, тарихи-мәдени орындарымен тартымдылығы жоғары өлке. Бір ғана Арыстанбаб кесенесіне жылына 350 мыңнан астам адам келеді. Осы көрсеткіш 1 миллионға жетсе, бізге сервистік қызмет түрлерін көрсететін қаншама жұмыс орындары қажет болады. Бұл дегеніміз – Арыстанбаб кесенесіне бір күнде 3 мыңнан астам адам келсе оларға жатын орынға, ішер ас пен сусынға, кәдесый өнімдері мен қолөнер бұйымдарына сұраныс артады. Осындай сұраныс пайда болған жерде қызмет көрсету саласының дамуына серпін береді. Сонымен қатар  Отырар өлкесінде агротуризмді, селфитуризмді, балалар мен жасөсірімдер туризмін, су туризмін, жаяу туризмі, гастрономиялық туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Өлкеде осы аталған туризм салаларын дамытуды қолға алып, мемлекеттік деңгейде көңіл бөлінсе үлкен жетістіктерге жетер еді. 

–«Отырар» мемлекеттік археологиялық  музей-қорығында атқарылған шаруалары мен қорықтың болашақ даму жоспары туралы айтып берсеңіз....

–«Отырар» мемлекеттік археологиялық музей-қорығы Отырар өлкесіндегі тарихи-мәдени мұраны қорғау, сақтау, есепке алу, зерттеу және насихаттаумен айналысатын іргелі ғылыми-зерттеу мекемесі.  Қазіргі күні музей-қорықтың  Арыстанбаб кесенесі, Отырар қалашығы, Сапар орталығы, Отырар музейі сияқты туристік нысандары бар. Осы аталған нысандарға туристерді тарту мақсатында әлеуметтік желілерде, сайттарда және өзге де БАҚ беттерінде жарнамалау мен насихаттау жұмысын жүргізіп келеміз.  Атап айтар болсақ, дәстүрлі түрде халықаралық, республикалық деңгейде  қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, конференция, семинар, мерекелік шараларға байланысты ауқымды іс-шаралар өткізіп келеміз. 2019 жылы Отырар өңіріне келетін туристерге арнап Сапар орталығы ғимараты салынды.  2020-2022 жылдары «Отырар қалашығын ішінара зерттеу, сақтау және қайта жаңғырту» жобасы аясында Отырар қалашығын ашық аспан астындағы музейге айналдыру жұмыстары жүргізілді. Туристерге көрсетуге арналған 17 орын қайта жаңғыртудан өткізілді. Туристер үшін автотұрақтар, электрокар жолдары, аяқжолдар, субұрқақтар, әжетхана секілді орындар салынды. Қалашық аумағына туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау камералары орнатылып, электр шамдарымен жарықтандырылды.

          2020 жылы Арыстанбаб кесенесі аумағына кіре беріс орындағы 2,45 га жерге абаттандыру мен көгалдандыру жұмысын жүргіздік. Туристерге арнап автотұрақ, кәдесый сатуға арналған орындарды әзірледік. Сонымен қатар кесенеге кіре беріс жолдың бойына жасанды көгалдар төселіп, туристерге аптасына үздіксіз 09:00-18:00 аралығында қызмет көрсететін жұмыс режиміне көштік.

          Ағымдағы уақытта Арыстанбаб кесенесі маңын абаттандыру мен көгалдандырудың екінші кезеңіне аяқ бастық. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан Арыстанбаб кесенесі маңында салынған нысандардың сыртқы келбетін ретке келтіру, туристерге қызмет көрсетуші кәсіпкерлермен бірлесіп атқару жұмыстары жолға қойылуда. Музей-қорыққа кіру билеттерін цифрлы платформаларда сату жүйесі іске қосылды.

          Музей-қорықтың алдағы жылдарға арналған жоспарында Отырар қалашығынан бөлек Құйрықтөбе, Алтынтөбе, Күйік-Мардан, Ақтөбе ІІІ  тарихи-мәдени ескерткіштер бағыты бойынша (Түркістан қаласына шыға беріс жолдың бойы) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуді, зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін сол орындарды ашық аспан астындағы музейге айналдыру арқылы туристік тартымдылықты  арттыруды жоспарлап отырмыз.

          Сонымен қатар туристер үшін QR кодтар мен инновациялық ақпарат беру құрылғыларын орнатуды, Арыстанбаб – Сапар орталығы – Отырар қалашығы – Музей бағыты бойынша туристерді тасымалдауға арналған автокөлік маршрутын ашу, Арыстанбаб кесенесінен ақпарат беру орнын ашу секілді жұмыстарды жоспарлап отырмыз.

Тегтер: