Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:57, 31 Наурыз 2023

Қазақстанның басты бәсекелесі

None
None

Аймақ көшбасшысына айнала ма?

Қазақстанда Қасым-Жомарт Тоқаев билікке келгелі тұп-тура төрт жыл өтті. Бірқатар саясаттанушылар бұл уақытты «Тоқаев билігінің алғашқы кезеңі», оның өзінде де «Қаңтар оқиғасынан» кейін шынайы Тоқаев дәуірі басталды деп есептейді. Осы төрт жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында аса күрделі саяси-әлеуметтік өзгерістерге, көптеген белгісіздіктер мен дағдарыстарға толы болды. Ұзақ болашақтың сыни һәм салқынқанды көзімен қарағанда, аталмыш кезең құбылмалы саяси іс-қимылдардың жоғары жиілігімен есте қалары даусыз. Ел тарихының жаңа парағын ашқан «Қаңтар оқиғасын» айтпаған күннің өзінде төрт жыл ішінде бір рет конституциялық референдум, кезектен тыс екі мәрте президент сайлауы, екі мәрте парламент сайлауының өтуі сырт көзге Қазақстанның ішкі саяси алаңындағы «температураның» қаншалықты қызып тұрғанын көрсетіп берді.

 Бұның бәрі, шындап келгенде, Қазақстандағы билік транзитінің тым баяу жүзеге асқанын анықтайтын факт. Шешім таппаған күрделі ішкі саяси-әлеуметтік дағдарыстардың көптігіне қарамастан, «Жаңа Қазақстанның» берген уәделері де аткөпір. Табыс пен күнкөріс сапасының орасан зор теңсіздігі; жұмыссыздық пен инфляция салдарынан халықтың сенім лимитінің төмендеуі; саяси-экономикалық жүйені шырмаған жемқорлық пен монополия, т.б. Нақты проблемалар мен халық сенімінің арасында Тоқаев билігі жұқа мұз үстімен жүріп келе жатқанға ұқсайды. Міне, осының бәрі қазіргі Қазақстанның сыртқы геосаяси аренадағы, тіпті Орталық Азиядағы ықпалын арттырудағы белсенділігін төмендетті.

Қазіргі Қазақстанның жалпы болмысында ішке қарай тұйықталу үрдісі басымырақ, сәйкесінше, сыртқы белсенділік қазіргі жаһандық үрдістің талабына сай емес. Нақтырақ айтқанда қазіргі билік болымды-болымсыз реформалар мен ішкі саяси іс-қимылдарға айрықша басымдықтар беріп, сыртқы саясатта салғырттыққа бой алдырды. Жаңа жаһандық бет-бейне өзінің тосын сын-қатерімен бірге тиімді мүмкіндіктерді де ала келгені рас. Бірақ Қазақстан сыртқы саясат үшін ең маңызды кезеңде көп уақытын жоғалтты.

Билік транзиті және саяси дабыра

Кейбір шетел сарапшылары Қазақстандағы билік транзитінің ұзақ уақытқа созылуы, биліктің екінші буынының ішкі проблемаларға басымдық беруі аймақ лидерлігі үшін басты бәсекелесі саналатын Өзбекстанға қолайлы мүмкіндіктер бергенін айтуда. Әрі Қазақстанның ішкі мәселелеріне қатысты кейбір факторлар аймақтағы инвестиция ағымының Өзбекстанға қарай бағыт алуына әсер еткеніне де назар аударады. Қытайлық Тайхэ институтының (Taihe Institute) сарапшылары, соңғы жылдары Ташкенттің өз мүмкіндіктерін инвестиция тартуға сәтті пайдалана отырып, аймақтағы ауқымды трансұлттық жобаларды батылдықпен қолға алғанын, бұл Орталық Азияда халық саны жағынан алдыңғы орында тұратын Өзбекстанның өңірдегі салмағын тың деңгейге көтерді деп бағалайды.

Өзбекстанда билік транзиті жылдам жүзеге асты және Қазақстанға қарағанда қысқа уақыт ішінде ішкі-сыртқы реформалық қадамдарын айқын көрсете білді. Көптеген посткеңестік елдерде сақталып келген бірінші билік буынынан кейінгі вакуумы бірден Шавкат Мирзиеевтың бақылауына өтті. Оның «Ашық ұлттық экономиканы жүзеге асыру және әлемдік экономикаға интеграциялану үшін қажетті жағдай жасау» дейтін негізгі экономикалық саясаты инвесторлардың назарын өзіне аударды. Инвестицияны ынталандыру және жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша бірқатар маңызды шаралар қабылдады. Валюта нарығының ашықтыққа өтуі көптеген салалардан жеке инвесторлардың кіруіне мүмкіндік берді. Бұларға қоса 90-нан астам елдің азаматтары үшін визасыз режим қосу арқылы да инвесторлар үшін ашықтығын танытты.

Әрине, өзбек билігінің екінші буыны жасаған осындай қадамдардан Қазақстан бұдан жиырма жылдан астам уақыт бұрын өтіп қойған еді. Оның үстіне Каримов көз жұмғаннан кейін Өзбекстан билігін қолына алған Мирзиеевтың жағдайымен ұлт көшбасшысы ретіндегі ресми статусқа ие көзі тірі, өзі ықпалды Назарбаевтың қолынан билікті алған Тоқаевтың жағдайын, жалпы екі елдің билік ауысымындағы табиғатын салыстыруға келмейтіні рас. Бір кездері мойындалмағынымен, «Қаңтар оқиғасына» дейін Қазақстанда «Қос ядролы билік» жағдайы қалыптасқаны жасырын емес. Тіпті «Қаңтар оқиғасынан» кейінгі бір жылдың өзі жаңа облыстардың құрылуы, референдум, сайлау секілді саяси дабыраға толы күйде өтті.

Міне, бұл уақыттарда Өзбекстанның ішкі экономикалық саясаттарынан гөрі сыртқы іс-қимылдары назар аударуға тұрарлық. Ең әуелі Өзбекстан бейбітшілік сүйгіш сыртқы саясатын насихаттап, аймақта тату көршілік пен достық қарым-қатынастарды тереңдетіп, өзара қарым-қатынасты белсенді түрде дамытатынын аңғартты. Айталық, Ташкент билігі Ауғанстан мәселесінде белсенділік танытты, бұған қоса аймақтық интеграцияға барынша ашықтық көрсетті. Бұл бағыттағы ең маңызды қадамы ретінде сонау Кеңес одағы кезінен сақталып келе жатқан Қырғызстанмен шекара мәселесін біржақтылы етуі болды. Мирзиеевтың Қырғызстанға жасаған соңғы сапарында екі ел толық бекітілген шекара келісіміне қол қойды. Бұның өзіндік символдық мәні бар, яғни Шавкат Мирзиеев Өзбекстан тарихында ел шекарасын толық бекіткен көшбасшы ретінде қалғысы келеді.

Ал былтыр қыркүйекте Самарқан қаласында өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті Өзбекстанның аймақтың қауіпсіздік саласындағы маңыздылығын айқындайтын халықаралық жиын болды. Инвестиция ағымы мен инвесторлар үшін тұрақтылық пен болжауға болатын болашақ маңызды екені белгілі. Ташкент билігінің кейбір шаралары тікелей аймақтағы инвестиция ағымын өзіне бұруға жақсы көмектесе алды. Айталық, Өзбекстан жеке кәсіпорындарды қолдау және шетелдік инвесторларды тарту мақсатында 200-ден астам лицензия түрлері мен лицензиялау процедураларын толықтай алып тастады. Биылдан бастап құн салығының мөлшерлемесі 15 пайыздан 12 пайызға дейін төмендетті. Оған қоса, бизнесті қолдау бағдарламалары аясында кәсіпкерлікті тіркеу рәсімдерін жеңілдету және салық заңнамасын жетілдіру жұмыстары да қарқынды.

Ташкент ұсынған жоба және жаңа мүмкіндіктер

Өзбекстан аймақтағы маңызды әрі ауқымды трансұлттық жобаны алға қойды. Қазақстанға ұқсас Өзбекстанның да географиялық орналасуы оның басты артықшылығының бірі. Қытай жандандырып жатқан «Жаңа Жібек жолы» жобасы немесе Еуропа мен АҚШ-тың оған балама ретінде ұсынып отырған инфрақұрылымдық жобалар үшін де Өзбекстан осы аймақта Қазақстанмен бірдей стратегиялық маңызға ие. Ал Ташкент өзі бастап ұсынған Орталық Азия-Оңтүстік Азия экономикалық дәлізі нағыз болашақтық жоба деуге болады. Бұл Орталық Азияны Ауғанстан арқылы Пәкістан, Үндістан секілді халық саны көп елдерге тұтастырып қана қоймай, Иран арқылы Парсы шығанағына шығатын жаңа маршрут ретінде де қарастыруға болады. 72 миллионнан аса халқы бар Орталық Азия нарығы мен оның бай табиғи ресурстарын әлемдегі үлкен нарықпен жалғайтын экономикалық дәліз шынында да өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беруі мүмкін. Ал бұндай жобаны бақылауында ұстаған елдің сыртқы ықпал-күші қалай да арта түседі. Жоба әлі бастапқы деңгейде болғанымен, Батыс пен Қытайдың ірі бағдарламалары бәсекеге түсіп жатқан кезде Ташкент ұсынған жоба екі тарап үшін де маңызды. Егер жүзеге асқан жағдайда бұл Қазақстан арқылы 300 миллион адамдық нарыққа ие ТМД аймағына, одан ары Еуропа нарығына жалғаушы әлемдегі маңызды сауда өткеліне айналады.

Ал Өзбекстан мен Қытайдың экономикалық байланыстары жыл сайын дамып келеді. Қытай ұзақ жылдар бойы Өзбекстанның ең ірі сауда және инвестициялық серігі болды. 2022 жылы екі ел арасындағы сауда көлемі 9 миллиард АҚШ долларына жеткен екен, тараптар сауда көлемін 10 миллиард АҚШ долларына жеткізуді жоспарлаған. Қазірдің өзінде Өзбекстанда Қытай қаржыландырған 2100-ден астам кәсіпорын бар. Мұнай-газ саласында тоқыма өндірісі, құрылыс материалдарын өндіру және басқа да бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Былтырдан бері тараптар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туристік кешендер мен спорт нысандарының құрылысы, жаңартылатын энергия көздері, химия, ауыл шаруашылығы сияқты перспективалы салаларда жаңа мүмкіндіктер ашты.

Былтыр күзде Өзбекстан-Қырғызстан-Қытай теміржолын толық аяқтап, іске қосу туралы үшжақты келісімге қол қойғаны бар. Бұл келісім де Самарқанда өткен ШЫҰ саммиті аясында болды. Тасымалдау мен логистиканы одан әрі дамыту мақсатында Өзбекстан Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы мен «Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар» теміржол құрылысы жобаларын ілгерілетуде. Бұл Өзбекстанның логистика, көлік және сауда қызметтерін кеңейтуіне жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл бағытта өзбек билігі ел ішінде де соңғы екі жыл ішінде мол инвестиция бөлді.

Өзбек жері әлемде табиғи ресурстары мол аумақ. Тіпті алтын қоры бойынша Өзбекстан әлемде екінші орында тұрады. Мыс қоры бойынша жетінші, вельфрам қоры бойынша сегізінші, күміс қоры бойынша тоғызыншы және уран қоры бойынша әлемде он бірінші орында тұр. Ал осы пайдалы қазбаларды өндіру саласына көбірек инвестиция тарту үшін геологиялық мәліметтерді, стратегиялық пайдалы қазбаларды өндірудің 10-нан астам түріне салық мөлшерлемелерін төмендетті, жер салығын және импорттық барлау жабдықтарына кедендік салықтарды алып тастады. Бұл ресурстар тікелей Өзбекстанның индустриясы мен инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ халықаралық нарықтарға экспорттау үшін үлкен әлеуетін танытып келеді. Енді осы айтылғандарға Өзбекстанның мол еңбек ресурсы мен жоғары сапалы жұмыс күшін қосқанда елдің даму потенциалын айқын көреміз.

Бұны біз көршілес әрі бауырлас өзбек ағайыннан Орталық Азия көшбасшы елі дейтін бейресми және аса маңызды саналмайтын атақты қызғанудан айтып отырған жоқпыз. Әңгіме қазіргі жаһандық геосаяси болмыстың талабы мен ұзақ мерзімді перспективадағы Қазақстанның ұлттық мүддесі тұрғысынан айтып отырмыз. Байыптап қарасақ, Ресей-Украина соғысына байланысты дағдарыс, Беларусьтің тұрлаусыз ертеңі, Арменияның терең күйзелісі, Қырғызстандағы қайталанбалы революция толқындары секілді посткеңестік елдер ортасында Қазақстан сенімді, әрі тұрақты ел ретінде бағаланып келген еді. Бірақ «Қаңтар оқиғасы» көп қордаланған ұлттық қайшылықтардың бетін ашып, біздің де әлсіз тұстарымызды сыртқы әлемге анық көрсетті. Ал бүгінгі әлем өткен ғасырдағы жаһандық қақтығыстардың периодтық белгілері бар және ықтимал соғыс қатерімен де ерекшеленіп отыр. Бұл мемлекеттердің ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, ұлттық мүдделерін қорғау үшін сыртқы қатысудың да белсенділігін талап етіп отыр.

Кеңес одағы ыдырағаннан кейін бой көтерген Орталық Азия елдері сол кезден бастап дербес геосаяси аймақ ретінде қаралып келеді. Бұған дейін аймақ сыртқы қатынасы әлсіз, тек табиғи ресурстарымен ғана бағаланып келді. Алайда, соңғы жылдардағы халықаралық қатынастардың тенденциясы аймақтың маңыздылығын айқындай түсті. Қытай, Ресей, Оңтүстік Азияны, Ислам әлемін және Еуропаны тұтастырушы аймақ шын мәнісінде Еуразияның қолқа жүрегіне айналды. Бұған қоса, аймақ елдерінде әлі толық көрінбей жатқан көмескі потенциалдар бары да мойындалған. Демографиялық өсімі жағынан да әлем бойынша жоғары көрсеткішке ие, мысалы, аймақтағы бес елде халық саны жыл сайын 2 миллионға өсіп келеді. Егер жаһандық жағдайдағы бұл тенденция жалғаса берсе – Орталық Азияның тұрақтылығы мен дамуы аймақ үшін ғана емес, әлем үшін де аса маңызға ие болмақ. Бұл өз кезегінде стратегиялық маңызға ие геосаяси аймақ ретінде саналатын Орталық Азия үшін жыл сайын сыртқы қатерлердің де жиілігін арттыра түседі.

Қалыптасқан жағдай қазіргі билікке мемлекеттің мүддесін бір ғана ішкі бағытта қамтамасыз ету мүмкін емес екенін ескертіп тұр. Соңғы кездері, Қазақстан мен Өзбекстан билігінің екінші буынының өзара ынтымақтастығы қозғаушы күш болып, аймақ елдерінің ішкі интеграциясы тың серпін алды. Астана-Ташкент ортасында одақтастық келісімдер жасалып, аймақ тарихындағы жаңа саяси кезеңнің парағын ашты. Дегенмен ұлттық мүдделер тұрғысынан қашан да бәсекелестік сақталып қала бермек. Барған сайын маңыздылығы арта түскен аймақтың лидерлігі ұлттық мүдделердің сырттан да қорғалуына мүмкіндік беретіндіктен, мемлекеттің басты міндеті әр сала бойынша толыққанды аймақ көшбасшысы болу. Бұл арқылы әлемге өзіміздің және Орталық Азиядағы тағдырлас, туыс әрі көршілес елдердің дауысын естірту керек. Ең алдымен Қазақстан аймақтың ішкі интеграциясын қалыптастырудағы өзінің бастамашылық орнын жоғалтпауы тиіс. Ташкентпен жоғары деңгейдегі қарым-қатынасты пайдалана отырып аймақтың байланыстарды тек сауда-экономика салаларында ғана емес, қорғаныс, өнеркәсіп салаларына дейін кеңейтуге міндетті.

Бұрынғы билік тұсында «Астананы жаңа экономикалық орталыққа айналдыру», «Орталық Азия барысына болу» секілді межелер елдің сыртқы амбициясын, жаһандық қатысудағы дауысын естірткісі келгенмен, ақыр аяғы  даурықпа ұрандармен көміліп қалып еді. Президент Тоқаев жариялаған «Жаңа Қазақстан» да соны ұмытпауға тиіс.

Тегтер: