Қазақстанның қарызы 73 трлн теңгеге жетті

Судың да сұрауы бар. Үкімет халықтың атынан шешім шығарып өзге елдерден қарыз алуды дағдыға айналдырса, бұл ертеңгі ұрпақтың соры.
Дамыған елдердің экономикасында бұл тәсіл кеңінен белең алғанын білеміз. Бірақ олар әр тиынның есебін алып, бұл қаражатты қайтарымы бар салаларға тамызық етеді. Ал бізде ше?
Қазақстанның сыртқы қарызы былтыр 3 пайызға өсті. Ұлттық банктің мәліметінше 2021 жылдың 1 қазанындағы мәліметке сай, Қазақстанның сыртқы қарызы 169,9 млрд доллар болды. 2020 жылдың қазанында көрсеткіш 164,9 млрд доллар еді.
Қит етсе, сырттан қарыз алуды талғажау көретін үкімет 169,9 млрд доллардың 11,4 пайызын яғни, 19 млрд долларды мемлекеттік сектордың сыртқы борышы ретінде ал 5,7 млрд доллары біздегі екінші деңгейлі банктер алған болып шықты.
Бір жылда қарыз алу көлемінің артуына Қаржы министрлігінің Мәскеу биржасында тәуелсіз рубльдік облигацияларды орналастыруы және еурооблигацияларға шығуы әсер еткен. Бұл тізімде Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкінен алынған қарызды, Ұлттық Банктің ноталарына кеткен ақшаны және бюджет тапшылығын толтыру мақсатында алынған берешекті қосамыз.
Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, соңғы екі жылда үкімет қарыз алуды тіптен үдете түскен. «Қазақстанның 169,9 млрд доллар көлеміндегі сыртқы қарызының 11,4 пайызы 19 млрд доллары мемлекеттік қарыз. Мән беретіні, үкіметтің қарызы бір-екі жылдың ішінде 5 млрд доллардан асқан. Бұл жақсы тенденция емес. Банктердің қарызы – 5,7 млрд доллар. Бір кездері банктердің қарызы көбейіп кеткен еді. Қазір банктер бұл жағдайдан сабақ алған сияқты. Қарыз доллармен алынады. Ал девальвация болатын болса, борышты қайтару қиындай түседі. Жалпы қарыздың 26,4 пайызы 43,9 млрд доллары басқа секторларға тиесілі. Осыған «мән» беру керек деп ойлаймын. Өйткені, «өзге де секторлар» деген ұғымның ішінде квазимемлекеттік сектор бар. Бұл ашық жазылмайды. Былтыр Ұлттық банк квазисектордың қарызын 21 млрд доллар деп атаған еді. Бірақ өткенде «Самұрық-Қазынаны» трансформациялау кезінде компанияның қарызы 18 млрд доллар екені айтылды. Яғни, бұл сектор берешектен құтылуға әрекет жасағанын көреміз, — дейді М.Халық.
Бұл ретте, Ұлттық банкттің сыртқы қарыз туралы баяндамасында айтылғандай, «басқа санаттар» дегеннің артында не жатқаны әлі белгісіз. Онда мемлекеттің үлесі қанша деген сауал да басы ашық күйінде қалып отыр.
Алған қарыздың ішінде экономикалық тұрғыда тиімдісі инвестиция. Елге тартылған тікелей инвестиция қазір 97,9 млрд доллар. Бұл жалпы сыртқы қарыздың 58,8 пайызын құрайды. Бұған дейін бұл көрсеткіш 63 пайыз болған. Демек, белгілі дәрежеде инвестиция ағыны — 4,3 млрд долларға қысқарған. Бұл да елдің экономикалық дамуына тежеу. Жаңа жобалардың іске аспауы, жұмыс орындарының болмауы.
«Бұл елдегі шетелдік инвесторлардың ағынының кете бастағанын көрсетеді. Инвестициялық ахуалға қаңтар оқиғасы да әсер етуі мүмкін. Бұған пандемияны да сылтау етіп отырмыз. Керісінше, Өзбекстанда пандемия кезінде инвестициялық тартымдылық артып жатыр. Инвестиция мемлекеттің құрылымы мен оны тарта алу қабілетіне байланысты. Айта кетерлігі, бұл қарыздардың ішінде Ұлттық банктің де қарызы бар. Оның көлемі – 1,5 млрд доллар болған. Қазір 3 млрд долларға жеткен. Бұл Ұлттық банктің шығарып отырған ноталарына байланысты. Бұл да құнды қағаздар. Оны шетелдік инвесторлар да сатып алуға мүмкіндіктері бар. Бұл әлемде кеңінен тараған тәсіл. Сырты қарызы көп АҚШ-та және Ресейде, Жапонияда қолданылады. Бұл елдердің ұлттық орталық банктері сырттан қарыз ақша тарту үшін өз құнды қағаздарын шығарады. Сол сияқты біздің қаржы министрлігі де облигация шығарып шетелден ақша тартады. Былтыр Мәскеу биржасына шығарып рубьлдік облигация алған және еуровалюта күйінде шығарылған құнды қағаздар бар», — дейді сарапшы.
Осы ретте, қаржы министрлігінің өткен жылы шығарған құнды қағаздары зейнетақы қорының ақшасы екенін айта кеткен жөн. Қазақстанның сыртқы қарызы дегенде алдымен мына мәселелер алаңдатады. Біріншісі, қысқа мерзімде жоғары пайызбен алынған қарыздардың қаупі жоғары. Екіншісі, квазисектордың қарызы да алаңдатарлық жағдай. Өйткені, қандай мақсатқа алынғаны түсініксіз әрі бұл сектордағы компаниялар жабылып қалған жағдайда үкімет бұл берешекті мойнына арқалап қалады. Үшіншісі, 73 трлн теңге Қазақстанның қарызынан үлес алып отырған «басқа да сектор» дегенде «бұл нақты қандай сала? кімнің қарызы?» деген белі бүкір сауал туындайды.
Қазақстан қарыз алған елдердің көшбасында Нидерланды тұр. Берешек көлемі — 63,7 млрд доллар. Екінші орында АҚШ ˗ 40,3 млрд доллар. Одан кейін Франция-13,2 млрд доллар, Бермуд аралдары 9,4 млрд доллар, Ресей – 5,9 млрд доллар, Жапония – 5,8 млрд доллар және Қытай 5,5 млрд доллар. Гонконгтан 4 млрд доллар және Швейцариядан – 3,3 млрд доллар қарыз алынған. Ең азы Чили мен Таиландқа 300 мыңнан доллардан қарызбыз. Ал Египет пен Сейшель аралдарынан 100 мың доллардан келеді. Қарыздың ең көп бөлігі АҚШ долларымен, еуромен және рубльмен алынған.
Ең қызығы, Қазақстанды борышкер деп танитын елдердің қатарында Уганда, Сирия, Пәкістан, Иран және Ауғанстан сияқты мемлекеттер де бар. Экономикалық дамуы бізден кенже қалған елдерден не үшін және қандай мақсатқа қарыз алынғаны белгісіз. Мемлекеттің мойынында тұрған 73 трлн теңге қарыздың 2023 жылға дейінгі пайызы 930 доллар болады. Ұлттық банктің «жағымды» жоспарына сәйкес, келер жылы үкімет елдің борышын 122 941 долларға дейін төмендетуді көздейді.
Банктермен қатар, ұлттық компаниялар және квазимемлекеттік сектор да үкіметтің кепілдік болуымен қарыз алуды «әдетке» айналдырғанын жоғарыда айттық. Қазір даудың басы «Самұрық-Қазына». Оның қарызы 7,5 трлн теңгеден асады. Ал Қазақстанның мұнай-газ саласындағы бірегей оператор «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының жылдар бойы жиналған қарызы 10 млрд доллар болды. Бұл сома бүгінгі курспен есептегенде – 4 трлн 254 млрд 800 млн теңге. Оның ішінде корпоративтік орталық деңгейінде қарыз сомасы – шамамен 6 млрд доллар. Бұл қарыз негізінен еурооблигациялар бойынша берешек түрінде көрсетілген. Берешектің өсуін компания басшылығы теңгеге қатысты доллар бағамының өсуімен тікелей байланыстырып отыр. 2020 жылы мұнай компаниясы Эксимбанк пен «Қазақстан Халық банкі» және «Қазақстанның Даму Банкінің» қарызының бір бөлігін қайтару үшін жалпы сомасы 677 млрд теңге мөлшерінде Ұлттық банктен және ресейлік ВТБ банкінен қарыз алғаны белгілі болды.
Мәжіліс депутаты Ерлан Смайловтың айтуынша, бұған дейінгі қаражатты тиімді жұмсайтын болсақ, қарыз алудың қажеті де болмас еді.
«Былтыр Есеп комитеті 575 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалғанын айтқан болатын. Алаңдауға тұрарлығы, ІЖӨ-ге шаққанда мемлекет қарызы өсіп жатыр. Концепция бойынша бұл – 27 пайыз. 2020 жылы ІЖӨ-ге шаққанда мемлекеттің қарызы – 29,4 пайыз болған еді. Айта кетерлігі, 2013 жылы бұл көрсеткіш бар болғаны 13 пайызды құрады. Мемлекет қарызының өсуімен қатар, Ұлттық қордағы қаражаттың қалай жұмсалып жатқанына назар аудару керек. Қарыз мәселесіне келгенде ақпарат ашық емес. Мысалы, Білім және ғылым министрлігі халықаралық қаржы ұйымдарынан 60 млн долларға түрлі жобаларға инвестиция тартты. Оның 10 млн долларын игеріп, қалғанын қарыз алған ұйымға қайтарып берілді. Бірақ мемлекет қарыз алғаны үшін пайызды төледі. Бұл халықтың салығынан түсіп отырған қаражат еді», — дейді депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдар қарыз алу мәселесіне салғырт қарайды. Алмақтың да салмағы барын ескермейді. Тағы бір мысал, экология министрлігі бір жобаға алған қаражаты 2 жыл босқа жатқан. Құзырлы органдар қарыз алады, қаражат тартады бірақ бұл халықтың нақты өмір сүруіне оң ықпал етті ме? Бұл қарыздың «игілігін» кімдер көріп жатыр деген сұрақ жауапсыз.