Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:25, 02 Маусым 2023

Қазақстанның жері, Кенесарының басы – Қырғыз ұлттық мұражайындағы гидтің әңгімесі

None
None

Қырғыз Алатаудың арғы беті болса да, бұған дейін дәм тартпаған ел еді. Айырқалпақты ағайынға жасаған бірінші сапарымыз.

Шекарадан түс әлетінде өттік. Бішкекке қарай жолаушы аз. Бері ағылған көлік, кезекке тұрған халықтың қарасы қалың. Қырғызстандықтардың жартысы Ресейде, жартысы Қазақстанда жұмыс істейді деген сөздің жаны бар екен-ау дедік іштей.

Арғы жақтан айыр қалпағы ағараңдап, танысымыз күтіп алды. Бұл сапарға себепкер болған кісінің бірі. Еркінбек деген байке. «Байке» –қырғыздар үшін құрметті сөз. Еркінбек оншақты жылдың алдында Қытайдың Іле аймағына қарайтын Өртекес ауданынан Бішкекке көшіп кеткен-ді. Қазақтың ішінде өскен, қазақтан қыз алып, қыз берген, өнген, өскен азамат. Қырғызшадан гөрі, қазақшаға жүйрік. Ақ қалпағы болмаса, сөзінен ұстай алмайсың.

Қырғыздардың қонақ күтуі – өз алдына бөлек мәдениет. Таудай ет, көлдей сорпа бізде де бар ғой. Алайда олардың қонақты қарсы алудағы қазаққа ұқсамайтын бір ерекшелігіне қайран қалдық. Қырғыздар қонағына арнайы сыбаға беріп сыйлайды екен. Мысалы, жасы үлкен қарияға бас, одан кейінгі кісіге жамбасты жеке-жеке табақпен тартады. Табақты рет тәртібімен әркімге бір-бірден қояды. Біздегі сияқты төрт-бес адамға бір табақ ет әкелмейді. Ары қарай әркім өз табағындағы сыбағасын жейді. Егер тартылған сыбағаңызды тауыса алмасаңыз, жартылай мүжілген сүйекті сөмкеңізге салып береді. Екі күнде үлкендеріміз төрт-бес үйден бірнеше қойдың басына бата жасап, бір-бір қап сүйек арқалап қайттық. Шекарада сүйек өткізбес пе екен деген едік, шекарашылар жамбас-жіліктерді көріп, күлді де қойды. Соған қарағанда, сүйек сүйреп жүрген біз ғана емес сияқтымыз.

Қонақ күтудегі тағы бір бөгенайларына іштей сүйсінесің. Қырғыздар ақ қалпақтарын ұлттық брендке айналдырған ел. Қонағына да қардай әппақ қалпақ сыйлап, басыңда тозсын деп кигізеді екен. Біз де бірнеше қалпақ киіп, басымыз ағарып, көңіліміз көгеріп қайттық сапардан...

Бішкекке барған күні кешке Жоламан Үсенұлының «Сағыныш» атты шығармашылық кеші болды. Әнші бірнеше жанрда ән салды. Негізгі мамандығы опера әншісі, опера театрының солисі. 2,5 сағаттық концерттің бір сағатын түгелдей әлемнің классикалық әндеріне арнады. Әлем классикасындағы шоқтығы биік шығармаларды жеке де, қосылып та шырқады. Қалған бір жарым сағатын қырғыздың ұлттық, дәстүрлі әндері мен қырғыз эстрадасына арнады. Ілия Жақановтың «Әселім» деген әніне келгенде, залдағы қазақтар қосылып шырқадық. Көрермендерінің өнерге деген құрметі бөлек пе, әлде нағыз тыңдаушылары жиналған ба, залда инешаншар орын болған жоқ. Концерттің ең басты ерекшелігі – әнші тек қана жанды дауыста өнер көрсетті. Біздегідей фонограммамен кеш өткізу бұл жақта өте арзан бағаланады дегенді естідік. Дауысы қарлығып қалар ма екен деген күдігіміз болған, бірақ Жоламан шапқан сайын шығандайтын жүйрік болып шықты...

Әңгіме шығармашылық кеш туралы емес… Ертесі қырғыздың ұлттық мұражайына бас сұқтық. Үш қабатты алып ғимарат орталық алаңнан орын теуіпті. Жәдігерлер сөйлеп тұр. Гид бізге тас дәуірлерден бері таныстырды. Тарихы қазақпен тамырлас болмаса да, қазақпен тағдырлас ағайынның өткен ғасыр суреттерінде ұқсастық көп. Қазақ жерінде жүргізілген ұжымдастыру, ұлт-азаттық көтеріліс, ашаршылық айыр қалпақты ағайынды да айналып өтпеген.

Залдан көзімізге түскен дүние – карта болды. «Киргизия» деген алып карта. Қазақстан мен Қырғызстанды тұтас қамтыған алып мемлекеттің территориясы. Гид қыз дәл осы картаны таныстырғанда, біздің Қазақстаннан келгенімізді біліп тұрса да, музейдегі қалыптасқан дәстүрді бұзбай, картаға қатысты түсініктемені толық баяндап шықты.

–Қырғыз елінің ежелгі картасы – деді, – Бұрын біздің мемлекет осындай алып ел болған. 1924 жылы бізді «Қара қырғыз» деп бөліп тастады. Әйтпесе, Қырғызстан картасы Қазақстанды алып жатқан үлкен мемлекет еді», – десін.

Өзінің артық-кем айтып тұрғанын сезсе де, музей тәртібі солай болу керек: жазып берген, жаттатқан мәтін бойынша таныстырды.

  • Сіздер музейге келген барлық қонақтарға карта туралы дәл осындай мәлімет бересіздер ме? – деді, арамыздағы үлкендеріміз.

–Оуа, бәйке!

–Ал сізше қалай? Қырғызстанның жері осыншалық үлкен болған ба?

–Байке, біздерге музей тәртібі бойынша жазып берген тарихты ғана айтып, таныстырамыз. «Қара қырғыз» деген сөздің өзі – қырғыздардың қарашаңырақ, негізгі мемлекет болғанын аңғартады, – десін чоң қыз.

Орман ханның суретіне келгенде, әлгі әңгіме қайта қоздасын. Гид:

  • Орман ханның кім екенін білесіздер ме? Қазақтың Кенесары ханын өлтірген қырғыздың ұлы ханы, ұлы қолбасшысы, – деді.

Карта туралы мәліметке іштей қызынып келе жатқан жолаушыларға бұл шоқ тастағандай болды.

–«Қонақ қойдан жуастың» күйін кешіп тұрғанымызды-ай! Әйтпесе», – деді дауыстап бір ағамыз.

Арт жақтан бізді ертіп жүрген қырғыздардың бірі «Орман ханның көзін ойып алмаңыздар» деп қалжыңдағандай болды. Оған ешкім күлмеді. «Орман хан осы ма?» дегендей сурет тұсынан бәріміз өте шықтық.

Қырғызстанға белгілі адамдардың, тарихи тұлғалардың фото-шежірелерінің арасынан Шыңғыс Айтматовтың суретіне тоқтадық. Гид қыз Айтматовты айта келіп, қасында тұрған биші әйелге назар аударды. «Бибісара Бейшеналиева – Қырғызстанның ел әртісі, балет бишісі. Қырғыз мәдениетіне еңбек сіңірген ұлы тұлғаларымыздың бірі» – деді.

Ұлы тұлғалар арасында Құрманжан датқа, Шыңғыстың әкесі Төреқұл Айтматов, Қырғызстанды басқарған алты президенттің фото-шежірелері ілініпті. Гидтің айтуымен осылардың арасынан көзімізге бір фото оттай басылған. Қырғыз АКСР-ның бірінші басшысы Әбдіқадыр Оразбеков. Оразбеков қырғызды аштықтан құтқарып қалған, сәбеттің астық салығына ашық қарсылық көрсеткен басшы ретінде қырғыз тарихынан ойып тұрып орын алыпты. Таныстырушы қыз:

– Қырғыздар Оразбековты қатты жақсы көреді, атын аңыз қылып айтады. Бұл кісі болмағанда, біз де аштықтан қазақтар сияқты қырылып қалар едік, – деді.

«Жақсының аты өлмейді» деген сол...

Мұражайдан шыққан соң, жол бастап жүрген қырғыз жігіттер оң жақ қапталдағы парламент ғимаратына қарай бұрылды. Бірнеше президентті таспен атқылап, елден қуған ескі алаң. 2010 жылғы қанды оқиғадан кейін алаңның сыртындағы темір қоршауды жарым-жартылай алып тастапты. 20 метрдей жерін ғана қалдырған. «Саяси әрі тарихи шешім» деді чоң жігіттер. Депутаттар халыққа жақын болуы керек, халық пен биліктің арасында қоршау тұрмауы керек дегенді, біз де әлгі темір қашадан оқығандай болдық.

Одан кейінгі бағытымыз – «Ата-Бейіт мемориалдық кешені». Бішкектен 10-15 шақырым тау бөктеріндегі ескі қорым. Ағаш отырғызып, абаттандырған. Күзет қойылған, кім көрінген кіріп-шықпайтын мемлекеттік нысан. Мұнда репрессия құрбандары, 1916 жылғы көтеріліс батырлары, 2010 жылы Құрманбек Бәкиевтің билігіне қарсы шығып оққа ұшқан 83 адам жерленіпті. Шыңғыс Айтматовқа да, атасына да осы жерден топырақ бұйырған екен. Пантеонның ортасына қойылған ескерткіш-монумент тілсіз сөйлейді. Үш уыққа ілінген шаңырақ. Шаңырақтан төмен қарай ілінген бос үзеңгілер. Шаңырақтың ортасына түсіп, үзеңгінің бос қалуы – кешенге, дала картинасына тіл бітіріп тұр.

Қырғыздардың батырлары мен аруақтарына көрсеткен құрметтеріне көңіл сүйсінеді. «Қазақстанға да осындай бір пантеон керек еді баяғыда», дедік іштей. Аштықтан 2 миллионнан аса қазақтан айырылдық. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс құрбандарын әлі толық ақтаған жоқпыз. Репрессия ұлттың ұлыларын қидай сыпырды. Желтоқсан теңдессіз тарих. Жаңаөзен мен Қаңтар құрбандары қырғыздардың анау сексен жігітінен кем емес! Әттең, ішімізде айтылмай кеткен ақиқат, тамаққа тығылған запыран қаншама?!.. Қайтарда марқұмдарға арнап Құран оқып, бет сипадық.

Тегтер: