«Қазақта жақсы өмір сүретін мүмкіндік болды, оны құр жібердік»

Режиссер Ермек Тұрсынов көп ойланады. Кино түсіру үшін ойлану керек шығар. Кейде ойларымен әлеуметтік желіде бөліседі.
Соңғы жазбасында былай деп толғанады:
«Тәуелсіздік жылдарында ел менталитеті қатты өзгерді. Халық мәдениеттен теріс айналып, тіршілік көзін іздеу үшін қарым-қатынастың жаңа моделін жасап алды. Тіршіліктің басты талабы – пара болды. Қазақта қазір пара деген тіпті тек ақшамен есептелмейтін кең ұғымға айналды.
«Шешіп беру» деген түсінік пайда болғалы қашан. Ел осындай түсінікпен жүретін болды. Барлық деңгейде. Баланы балабақшаға беруден бастап, кісі өлгенде жер алуға дейін – осы. Өйтпесең, бұл қоғамда ештеңе істей алмайсың. Баланы мектепке беру демейміз, мектепке орналастыру дейміз. Содан қоғамда ел тағдырын ойлайтын білімді, ақылды, мәдениетті адамдар үшін емес, небір қулар мен арсыз «шешіп бергіштер» үшін жайлы жүйе құрдық.
Қазір кез келген мәселе ақшаға келіп тіреледі. Рас қой? Шындық жоқ, біздің саяси, шығармашылық, ғылыми элитамыз екіжүзді. Жаппай алдау, көзбояушылық. Осындай ережені қабылдаған елге шындық енді қажет емес. Өтірікке үйреніп қалдық әбден.
Елдің жартысын «шешіп бергіштер» шетелге шығарып, офшорларға тығып-тығып тастады. Экономист Қанат Берентаев айтқандай, соңғы 10 жылда Қазақстаннан шетелге 300 млрд доллар капитал заңсыз шығарылды. Бірақ Қазақстанның байлығы әлі біткен жоқ. Зәулім сарайлар, шлагбаумдар, қарулы күзеттер. Жер, қорық пен орман түгіл, таудың өзі біреулердің меншігі болды. Бұл жағдайда бізді не біріктіре алады? Үмітсіздік шығар? Бұлай жалғаса бергені болмайды.
Осыны айта-айта жалықтым. Одан да бақшаға барып, тып-тыныш гүл суғарғаным артық еді-ау. Бірақ қашанғы гүл суғарып тұра бересің?
Біз қанат керіп ұша алмайды екенбіз. Өйткені жер бауырлап жорғалауды әбден үйреніп алыппыз. Кейде осы жыбыр қағып жорғалаудан алдымызға жан салмаймыз. Жаңа шындықты түсіндік: ешбір қыран-бүркіттің басы сыймайтын жерге жыбырлаған құрт болып кіріп кетуге болады. Солай ыңғайлы екен бізге шынымен. Содан осындай күңгірт, қараңғы әлемде жүрміз. Ал бүркіттер ұша берсін. Біз оларға тимейік, олар бізге тимесін.
Ал енді тоқетерін айтсам: бізде жақсы өмір сүретін мүмкіндік болды. Бірақ біз оны құр жібердік. Пайдалана алмай қалдық. Өткен отыз жылды бірінші мүмкіндік деп қарасақ – онымыз сәтсіз болды. Сәтсізі не, масқара болдық. Бірақ әлі де болса әлсіз үміт бар. Бәлкім, болатын шығар, тағы бір мүмкіндік тауып, соған жармасып көруге...»