Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 01 Тамыз 2023

Қазақтан шыққан әлем чемпиондары

None
None

«Ұялшақ», сабырлы, мақсаткер әлем үздігі

Боксшы Теміртас Жүсіпов (48 келі) 2021 жылы Белградта өткен әлем чемпионатында топ жарды.

Бұл атаққа жеңіл салмақты боксшы ұзақ жол жүріп жетті. Боксты 16 жасында, тұрғыластарымен салыстырғанда кеш бастады. Бірнеше рет бапкер ауыстыруына тура келді. Ұлттық құрамада негізінен Азия деңгейінде көзге түсті. Ұзақ жылдар Біржан Жақыповтың тасасында жүрді. Белградтағы әлемдік дода оның алғашқы әлем чемпионаты болды. «Қазақтан шыққан әлем чемпиондары» жобасы аясында Теміртасты сөзге тартып, спорттағы ең басты жетістігі туралы кеңінен әңгімелестік.

Жолымды ашқан Мәскеу

2021 жылы Мәскеуде өткен әскерилер арасындағы әлем чемпионатына ЦСКА атынан бардым. Бұл клуб атынан үнемі сынға түсемін. 2019 жылы да Бүкіләлемдік әскери ойындарға қатысып, чемпион атандым. Мәскеуде төрт кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жеттім. Жекпе-жектердің бәрі қиын болды. Өйткені бұл сынға да өз елдері құрамаларының мықтылары, бірінші нөмірлі боксшылары келеді. Сербиядағы әлем чемпионаты осы сыннан бір ай өткен соң болды.

Оқу-жаттығу жиындарында бапкерлер асықпай таңдау жасады. Өз салмағымдағы мықты боксшылардың барлығымен спарринг өткіздім. Даниял Сәбитпен спарринге шығып, жеңдім. Олимпиялық ойындар, әлем чемпионаты деген әрқашан спортшылар үшін арман ғой. Бірақ біздің салмағымыздың олимпиялық санаттан шығарылып тастағаны өкінішті болды. Негізі, кәсіпқой спортпен айналыса бастаған адамның ең басты мақсаты – олимпиада. Әлем чемпионаты да осы санатқа кіреді. Олимпиада чемпионы, әлем чемпионы болу – спорттың шыңы. Белградтағы әлем чемпионатына іріктеуден өткенімде өзімнің жағдайымды жақсы түсіндім. Жасым 33-те, бұл менің соңғы мүмкіндігім, сондықтан барымды салуым керек. Бұған дейін әлем чемпионаттарына қатысып көргенім жоқ.

Бірінші жекпе-жек: Омер Аметович

Сербиялық боксшы Аметовичпен бұрын кездесіп көргенім жоқ. Дегенмен мүмкіндігін шамалап білдім. Еуропалық боксшы, бойы кішкентай, дене күші көп, алға ұмтыла бергенді жақсы көреді. Онымен жекпе-жек ластау, ауыр болатынын сездім. Шынында да, осы тұрғыдан келгенде кездесу шынында да ауыр болды. Ол алға ұмтылады, маған жақындайды. Осы кезде төбелеске ұқсайтын бокс бой алып кетеді. Ол не өзі тигізе алмайды, не менің дұрыс жұмыс істеуіме мүмкіндік бермейді. Мен оған қазақ бокс мектебінің амалын қарсы қоюға тырыстым, яғни көбірек аяқпен жұмыс істедім. Бапкерлерім де о бастан осылай қимылдауым керек екенін ұқтырды. «Ол алға ұмтылғанда, жақсы күтіп ал. Төбелеске барма. Сенің қолың ұзын, сондықтан аяқпен жақсы қозғал» деп тапсырды. Әрине, ара-арасында төбелесіп кеткім келді. Бірақ сан жыл жинаған тәжірибем бар ғой. Төбелеске бардың екен, жеңістен айырылдым дей бер. Байқағаным, еуропалық төрешілер ашық жекпе-жекте, жиі соққы алмасқан кездесуде көбінесе еуропалық боксшыға бүйрек бұрады. Ал ақылды жұдырықтасып, шеберлікпен алыссаң, жеңіс күмәнсіз сенікі.

Екінші кездесу: Нәдіржан Мырзахмедов

Азияның екі дүркін чемпионы Нәдіржан Мырзахмедовпен (Өзбекстан) әлем чемпионатына дейін үш рет қолғап түйістіріп, екеуінде жеңіп, біреуінде жеңілген едім. Әлем чемпионаты қарсаңында Санкт-Петербурге өткен Губернатор кубогының алғашқы кезеңінде жеңіліп қалдым. Есеп 3:2 болды. Кінә өзімнен. «Мен оны екі рет жеңгенмін, жақсы білем, үшінші ретте де ұрып аламын» деп босаңсып шықтым. Жылдам қимылдамай, алыстан шабуылдап жүріп алғанмын. Ал Белградта мұндай ұстанымның дұрыс болмайтынын түсіндім. Ол қоян-қолтық төбелеске де жақсы, соққыларға да ретті тосқауыл қоя біледі. Қарсыласын сабасынан шығаруды да жақсы меңгерген. Өзбекстан құрамасында Хасанбай Досматовтан кейін 48 келі салмақтың қожасы болып жүрген боксшы ғой. Азия құрлығында екі рет дара шыққан соң өзіне деген сенімі де күшейе түскен. Мен онымен алғаш екі рет кездескендегіден әлдеқайда сақайған, күшейген қарсылас тұрды алдымда. Оны аяқпен жылдам жұмыс істей жүріп қателестіруге болатынын білдім. Бапкерім Қуанышбай аға Мырзахмедовтің солақай екенін, сондықтан менің алдыңғы қолмен жақсы қимылдап, оны ашылуға мәжбүрлеу керек екенін ұқтырды. Бірінші жекпе-жектен кейін бір күн демалатын болдым. Нөмірде жатқанымда, 80 келідегі Бек Нұрмағамбет келді. Бір сағат бойы әңгімелестік. Бокс туралы, өмір туралы, ата-аналарымыз туралы айттық. Бектің өзі солақай ғой, маған ол солақай боксшылардың ерекшелігі туралы керемет нәрсе айтты. «Сен бастан емес, денеден ұруды көзде. Сол кезде солақайлардың басы ашық қалады. Солақайлар басын тартып үлгермей қалады. Енді кеудесін қорғауға тырысады. Сол кезде екінші соққымен бастан ұрып үлгересің. Оған атылма, денесін ұрудан баста» деді ол. Шынымды айтсам, жекпе-жекте Бек айтқан ақыл маған қатты көмектесті. Жұмсаған соққымның бәрі дәл тиді. Кездесуден кейін Бекке келіп, алғыс жаудырдым.

Жартылай финал: Евгений Кармильчик

Белорусь Кармильчик маған дейінгі екі боксшыны нокаутпен, біреуін ұпай санымен жеңген-ді. Евгенийді біраз білетінмін. Екеуміз 2018 жылы Азия ойындары қарсаңында Астанада өткен жиында спаррингте кездескен едік. Өте жақсы ұтқанмын, былайша айтқанда, Кармильчикке жұмыс істеуге мүлде мүмкіндік бергенім жоқ. Іштей осы жекпе-жекті қарсыласымның ұмыта қоймағанын біліп тұрдым. Белградта оның нокаутпен жеңген екі жекпе-жегін де көрдім. Беларусь боксшысынан жеңілген шриланкалық Сажива Педидің де, моңғол Ганхиягын Ган-Ердененің де басты қателігі – бас-көзсіз алға ұмтылуда еді. Кармильчик бұл кезде артқа бір қадам жасайды да, сол аяғына бар салмағын салып тұрып, жойқын соққымен күтіп алады. Мен оны өзіме ұмтылуға мәжбүрлеуім қажет екенін түсіндім. Ол аяғымен жеңіл қозғала алмайды. Сондықтан қысым жасап-жасап келіп, шарасыздықтан алға өңмеңдету керек. Міне, сол кезде оның қорғанысы далада қалады. Қолым ұзын ғой, бетіне дәл тигізбеген күннің өзінде, иығын соққылай берсең де жетеді. Ол өзінің соққы жіберіп жатпағанын түсінеді, бірақ жанкүйерлер менің иықтан жанай тиген соққыларыма да қатты реакция білдіріп жатқанын естиді. Осының бәрі оның жүйкесіне тиеді. Психологиялық тұрғыдан сынады. Сол кезде маған өріс ашылады, енді дәл тигізіп, басымдығымды тағы нықтап аламын. Жекпе-жек жоспарлағанымыздай өтті.

Финал: Вуттичай Юрачай.

Юрачай жартылай финалда Еуропа чемпионы грузин Сахил Алахвердовиді қапы қалдырды. Алахвердови рейтингте 48 келінің көшбасшысы еді. Бойы ұзын, жан-жақты боксшы. «Финалға грузин шығатын болар» деп күтіп едім, Юрачай оны 5:0 есебімен таза жеңіп алды. Шаршы алаңға қарсыласыңды көп білмей көтерілсең де жаман. Бірақ ұзақ жылдар бойы жинаған тәжірибең көмектеседі. «Көріп алайын, қандай бәлесі бар екенін!» деп шығасың. Төрешінің белгісінен 20-30 секунд өткенде бәрін түсініп үлгересің. Оны байқап көру үшін жекпе-жек бастала салып бір-екі рет қозғап, оңнан-солдан шабуылдап көрдім. Тай боксшысы өте жылдам екен, жалтарып үлгеріп жатты. Бірақ аяғы шабандау. Тайландтықтардың жалпы тактикасы сондай ғой, қашып жүріп ұрып кеткенді, нұқып кеткенді жақсы көреді. Менің міндетім – оны алға қадам жасату болды. Үнемі қасынан табылып, әне-міне шабуыл жасайтындай рай таныттым. Қолымды жұмсағансып барып, тартып ала қоямын. Юрачай біраз жалтарып бақты, бірақ менің алдамшы қимылым оның жүйкесіне тие бастағаны байқалмай қалған жоқ. Енді ол шабуылға көшті, мен қарсы алып отырдым. Бірінші раунд менің пайдама шешілді. Екінші раундта да осы қалыптан танбадым, бұл жолы да төрешілер менің жеңісімді тіркеді. Ал үшінші раундта есе қайтару үшін Юрачайдың алға ұмтылатыны сөзсіз еді. Нокаутқа түсірмесе, енді жекпе-жек тағдырын түгелдей өзгерте алмайды. Мен қашпадым, оның шабуылын қарсы шабуылмен тұншықтырып отырдым. Әсіресе оң жаққа бұлт ете қалып, дәл соққылар жасауға тырыстым. Бұл қарсыласыма күтпеген жай болды. Осы амалмен жекпе-жекті аяқтадым. Төреші екеумізді ортаға шақырды. Жеңгеніме әлі сенбей тұрмын. Төреші қолымды көтергенде ғана бойыма діріл жүгірді. «Міне, арманыма жеттім. Мақсатымды орындадым» деп ойладым.

Бәрі – санадан

Иә,  бұған дейін әлемнің үздігі атану үшін физикалық тұрғыда дайындығым жақсы болды, бірақ жеңіске психологиялық тұрғыда дайын емес едім. Азия чемпионаттарына бардым, Азия ойындарына қатыстым. Күш-қуат жағынан ешбір қарсыласымнан кем болғаным жоқ, бірақ бәрібір іштей өзімді дайын емес деп сезінетінмін. Сондықтан әрбір жаттығу, әрбір жарыс, әрбір жекпе-жек арқылы шыңдалып отырдым деуге болады. Кейбір жарыста жолым болмағанда: «Қап-ай, мүмкіндігімді жіберіп алдым ғой», – деп өкінген кездерім аз емес. Мысалы, әскерилер арасындағы әлем чемпионатына барғанымда, жоғары деңгейдегі соңғы жарысым осы болуы мүмкін екенін түсіндім. Ол кезде 32-ден асқанмын, басқа жұмыс табуға да әрекет жасап қойғанмын. Мәскеудегі сынның алғашқы кездесуінде корей боксшысына қарсы шыққалы отырып: «Бұл – менің соңғы жарысым. Мен бәрін білемін: тура, жанама соққылар жасай аламын, аяқпен де жақсы жұмыс істеймін. Енді кімнен қорқамын? Енді жай ғана шаршы алаңға шығып, барымды салуым керек. Денем барлық жұмысты жақсы біледі. Күн сайын әрбір қимылды қырнап-қырнап, әбден кемеліне келтіріп қойғанмын. Енді осының бәрін ақылмен реттеуім керек, денемді ақылымның бұйрығын орындауға көндіруім керек. Мен боксты төбелес емес, рақат беретін жұмыс деп қарастыруға тиіспін», – дедім өзіме-өзім. Міне, осы «дәріс» тұсауымды шешкен тәрізді. Мәскеуде де, Белградта да әр жекпе-жек алдында өзіммен осылай сөйлесіп отырдым.

Шындығында, әлем чемпионы атануыма әскерилер арасында әлем үздігі атануым көп көмектесті. Мен осыған дейін санама жете бермеген бір ақиқатты түсіндім: тым босаңсуға, тым өзіңе сенімді болудың да, сондай-ақ күні бұрын қорқақтаудың да қажеті жоқ. Әркім өзін іштей білуге, түсінуге тиіс.

Әлем чемпионы атанып келген соң жұрттың зор ықыласына жолықтым. Бірақ табиғатымнан қарапайым жігітпін ғой, анда-мұнда шақырса, тартыншақтап қаламын. Шынымды айтсам, ұяламын.

Бокстан неше кетіп, неше келдім...

Ал «олимпиада чемпионы атанбай қалдым, олимпиадаға қатыса алмадым» деп өзімді қажаған емеспін. Қажау қажет те емес. Өмір солай болды, мен қолымнан келгеннің бәрін істедім. Біздің салмақты олимпиада бағдарламасынан алып тастады, амал жоқ. Ал спорттан кету туралы ойдың күнде қажағаны да рас. 2016 жылдан бері іштей «спорттан неше рет кетіп, неше рет оралғанымды» бір Алла біледі. «Иә, халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Шіркін, еңбек сіңірген спорт шебері болсам ғой» деген ой жиі мазалады. Міне, осы кезде жақындарым қатты қолдады. Келіншегім тіпті қатты қайрады. «Иә, қазір спортты қоярсың. Бірақ он жылдан кейін «ананы істемеппін ғой, қолда тұрғанда мынадан айырылыппын ғой» деп өкінесің. Соңына дейін бармағаным-ай… Басқа жұмыс табарсың, бірақ жастық шағыңда мүмкіндігіңді толық пайдаланбай қалғаның жаныңды қинайды әлі» деген сәттері аз емес. Осындай сөздерден кейін залға қинала барасың да, бір сағаттан кейін бәрін ұмытып, ақ тер-көк тер болып жаттығып, бұрынғы зар күйіңе қайта келесің. Әлем чемпионатынан кейін «Еңбек сіңірген спорт шебері» де атандым, мақсатыма да жеттім. Иығымнан жүк түскендей болды. Ақмола облысынан маған дейін қыздар арасынан ғана әлем чемпионы (боксшы Дина Жоламан) шыққан еді.

Соққымды жақсартқым келді

Мен боксты Көкшетау қаласының маңындағы Краснояр деген кентте бастадым. 9-сыныпты бітіріп келген соң №3 кәсіптік-технологиялық колледжге түстім. Кішкентай кезімде тәуір күресетінмін, сондықтан «күреске барам» деп ойладым. Жасым 16-да еді, сүйегім қатып, жігіт бола бастаған шағым. Бір күні топтасым боксқа шақырды. Жәлел Әбілмәжінов деген бапкерге жолығуым керек. Ол кісі бір лицейде және мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі екен. Қырық минуттай күттім. Әлгі лицей мен біздің жатақхананың арасында шамамен 40 минут жүресің. Тоңып, үйге қайттым. Сосын күнде келе бастадым. Бір күні Жәлел ағай: «Байқап жүрмін, күнде келесің. Бірақ жасың 16-да екен, енді кештеу болады. Қаласаң, мен сені басқа бапкермен таныстырайын», – деді. Сосын Кенжебек Құрмановқа табыстады. Бұл бапкердің қол астында бірнеше жыл жаттықтым. Төрт жылдан кейін ол кісі университетке қызмет ауыстыратын болды да, маған тағы да бапкер ауыстыруға тура келді. Бұл кезде оқу-жаттығу жиындарына барамын, бапкерім үнемі қасымда жүруім керек. Қуанышбай Қоқышевке табыстады. Міне, содан бері Қуанышбай ағаймен бірге барлық қиындықтардан өтіп келемін.

Ұлттық құрамаға 2011 жылы қабылдандым. 2008 жылы Таразда өткен Қазақстан чемпионатында қола жүлде алдым. 2009 жылы Ақмола облысы атынан құраманың оқу-жаттығу жиынына қатыстым. 2011 жылы Қазақстан спартакиадасында да үздік үштікке ендім. Осыдан кейін толыққанды құрама мүшесі атандым.

Шынымды айтсам, боксқа алғаш келгенде әлем чемпионы, олимпиада жеңімпазы болу дегенді ойлағаным жоқ. Жақсы төбелесіп, соққыларымды жетілдіріп алғым келді. Күрестен хабарым бар еді, енді бокс та жігітке артық болмас деп топшыладым. Дегенмен әлі күнге дейін көшеде төбелескен емеспін, бокстың ондай қажеті болған жоқ.

Тегтер: