Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 06 Шілде 2021

Қазақтар тұрғанда, астана қаңырап қалмайды

None
None

       «Соңғы жылдардағы демографиялық дүмпу мен жаппай урбанизация Қазақстанның ірі қалаларында әлеуметтік инфрақұрылым жетіспеушілігі мәселесін туындатты», – дейді экономист және математика магистрі Ғазиз Әбішев.

       Нұр-Сұлтанда мектеп құрылыстарының қарқын алғаны тегін емес. Астанада 2019 жылы алты мектеп салынса, 2020 жылы 11 мектеп бой көтерген. Ал 2021 жылдың соңына дейін тағы 15 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған әрі олар үлкен мектеп болады. 2021 жылы салынатын 15 мектеп 40 мың оқушыға арналған, іс жүзінде онда 50-60 мың оқушы оқитын болуы мүмкін.        

Сарапшының сөзінше, қазір елдегі урбанизация шамамен 58 пайызды құрайды, бірақ 2050 жылға қарай халықтың қалаға көшуі 70 пайыздан асады. Урбанизацияның ауыр салмағы ең алдымен астанаға түспек. Бас қалаға балалы отбасылар да, осында бас қосып, шаңырақ көтеріп, бала туатын жастар да ағылуда. Әкім Көлгінов айтқандай, 2019 жылы 5,5 мыңнан сәл астам түлек мектеп бітірсе, бірінші сыныпқа 24,5 мың бала барған. 2020 жылы 6,6 мың түлек ұшып, бірінші сыныпқа 21 мыңнан астам балақай келді. Әкімдіктің болжамынша, 2030 жылға қарай астаналық оқушылардың саны 400 мың балаға жетуі мүмкін. Сол кезде 1,6 миллион халқы болатын Нұр-Сұлтанның әрбір төртінші тұрғыны мектеп оқушысы дейтін боламыз.  

   – Алдағы бес жылда астанада 67 жаңа мектеп салынады. Көлік кептелісін азайту үшін мектептердің ықшамаудандар мен тұрғын үй массивтерінің арасында болғаны жөн. Жұрт баласын бүкіл қаланы айналып, мектепке тасымау үшін мектеп жаяу баратындай жақын жерде болуы тиіс. Қазір көп нәрсені логистика шешеді. Жұрт жұмыс таңдағанда да оның үйіне жақындығы мен жол ыңғайына қарайды. Әрине, астанада халық көбейген сайын, кадр тапшылығы туындайды. Алдағы он жылдың ішіне Нұр-Сұлтан түгіл, бүкіл Қазақстанда мұғалім жетіспейтін болады. Ал астанамызда жекелеген педагогикалық институт әлі жоқ. ЕҰУ түлектерінің мұғалім болғысы келмейтіні бесенеден белгілі. Нұр-Сұлтан маңайындағы өңір-аймақтың үздік мұғалімдерін шаңсорғыштай сорып алып жатыр, бірақ сонда да астанаға мұғалім жетіспейді. Мұғалім мектепке ғана қажет емес, оларға репетиторлық кең нарықта да сұраныс жоғары. Әкімдік жыл сайын педагогикалық колледждерде оқу үшін 800 грант, университеттердегі педагогикалық мамандықтарға 300-дей грант бөліп келеді, – дейді қала басшысы.

Тегтер: