Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:20, 03 Қараша 2021

Қазақтардың Ресей империясы мен Кеңес заманында қысым көруі

None
None

Қазақтар Ресей империясы және кеңес заманында қатты қысым көрді. Бұл қазақ ұлтының дамуына, шын мәнінде, толыққанды ұлт болып сезінуіне өзінің салқынын тигізді.

Ол – ақиқат. Билік тұтқасы жергілікті халықтың қолында болмады. Тек сыртқы пішіні қазақ елі болып көргенімен, ішкі дүниесі толығымен ресейлік, кеңестік билікке тәуелді етілді. Бүгінгі таңда біз еліміздің өткен тарихи кезеңдерін терең білмесек алдымызды болжау мүмкін болмайды. Адасқан үйрек кейпіне ұрынамыз. Сондықтан қазіргі ресей-қазақ қатынасында өткен тарихи белестерді үнемі назарда ұстап, кез келген мәселеде қырағылық сақтап, есемізді жібермеуге барынша күш салғанымыз абзал.

Сонымен Ресей империясы қазақ елін XVIII ғасырдың басынан бастап өзінің отарына айналдырды. Ең алдымен 1730 жылы Кіші жүз, сосын 1734 жылы Орта жүз, соңынан, яғни 1738 жылы Ұлы жүз орыс билігіне бас ұрды. Орыс және кеңес тарихшылары қазақтар Ресейге өз еркімен қосылды деген қайшы пікірді тұрақты түрде жазып, сол кездегі саяси жағдайды басқаша дәлелдеумен болды. Мұндай ұстанымды қазақтың белгілі тарихшысы Ермахан Бекмаханов теріске шығарса да өз ұлтымыздың сатқын тарихшылары ұлы державалық көзқарастың қалыптасуына барынша еңбек сіңірді. Бүгінгіге дейін сол ұстаным, сол пікір көптеген қандастарымыздың санасына мықтап орнығып алды. Әлі де солай ойлайтындар, бүйрегі бұратындар, солармен бір шаңырақта болғысы келетіндер жетерлік.

Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылмағанын 1731-1732 жылдардағы қазақ-орыс қатынастарындағы дерек көздерінен байқауға болады. Сол кездегі қазақ билігі орыс көмегін өз жауларына қарсы қоюға үміттенді. Ал мұны патша билігі бұл өтінішке барынша көңіл бөліп, қазақтар өз еркімен орыстың боданына айналды деп есептеді. Мұндай көзқарас түбірінен қате болатын. Ол тұста қазақ елі қолында күші бар, ешкімге дес бермейтін ел еді. 1731 жылы Әбілхайырдың орыс патша әйеліне жазған хатында әңгіме бодан болу жөнінде емес, қамқорлық жөнінде болды. Жалпы Ресейдің іс жүзінде қазақ жеріне ықпал етуі орыстардың әскери басқару жүйесін енгізген сәттен бастап күшейді. Мұны екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде, яғни 1731-1855 жылдар аралығында Ресей қамқоршы ролін атқарды. Екінші кезеңде, яғни 1856-1868 жылдар аралығында әскери күшпен еріксіз бағындыру саясатын жүргізді.

Сөйтіп қазақы өмір салтымен берекелі өмір сүріп жатқан ел аяқ астынан орыстың бодандығына айналып, тәуелсіздігінен айырылды. Патша шенеуіктері елді құнарлы аймақтардан шөл және шөлейіт жерлерге ығыстыра бастады. Олар осынау кең далада тынысы тарылып, ауа жетпейтіндей күйге көшті. Билік тізгіні негізінен зердесі жоқ қой бағып, торсық емген топыраштардың қолына тиді. Бұл патша саясатының басты бағдары еді. Және тамыры тереңге кеткен қазақы билеу жүйесін түбірімен құлатудың амалы болатын. Болыстар сайлауы қазақ арасына дау-дамай, ағайын арасына от салды, ел арасы бүлінді, жақсының үні өшті, әділдік әділетсіздікке айналды. Патшаның жергілікті шенеуіктері қазақты ру-руға бөліп, билік жүргізуді бастады. Қазақ хандығы кезіндегі қалыптасқан саяси жүйе түбірімен жойылды. Билік түгелдей патшаның жергілікті билігіне ауысты. Халықтың қамын жеген сыйлы мырзалар құлға айналды, жақсылардың күні болмай қалды. Ағадан кетті ағалық, ініден кетті інілік. Қазақ даласы бұрынғының бірі жоқ күйге айналды. Атаның салған ақ жолы бұлдырлаған сағымға айналды. Шын мәнінде, қазақ желмаядан сүрініп, тұрмастай жығылды. Ата заманнан қауым болып өмір сүрген, ағайыншылық қасиетімен тәрбиеленген, әулетінің намысын бәрінен жоғары санаған ел енді өзгенің тәртібімен ұлттық сипатынан безіп, тексіздіктің жолына түсті. Отарлау саясатының құрбанына айналды. Қазақ аспанында күн тұтылғандай заман орнады. Қазақ қоғамының мінезі де өзгерді. Бір кездегі арзан менен қымбаттың бағасы қатар жүрген заман көзайым болды. Қыран құстар қыр аспай жатып қатарға қарға кірген, қуды ілген заман орнықты. Тұлпар кірмей дүбірге, мәстек шауып бәйге алып, озып жүрген заман туды. Білмесе де ойыменен білем дескен әдет пайда болды. Өтірік күлкіге үйреніп, бірін-бірі көргенде елеңдескен мінез шықты. Бір кезде бұлт шалып мұңартқан, асқар биік таулар, яғни ұлы тұлғалар төбеге айналды. Наз бедеуден жал кетіп, мәстектердің сүбесі сере болған күн туды. Аққу қатардан қалып, тырналар айғай салып төрелікке қол жеткізді. Шаңқан бөзде өзгеріп, жауһарын тозаң басып қара күйге айналды. Мылтық тимей, дыбыссыз дақ түспеген көңілді жара қылды. Тар орында бас берген қымбат достар жада болды. Ердің аты шалықса, бір нәрседен тарықса, сырттан тұрып мысқылдап, таба қылатындар табылды. Бұл аз дегендей, еш пенденің мұратын біткізбеген және болдың ба деп уақытын күткізбеген зұлымдық бой алды. Қазақ үшін ұмтылса да көңілі ойлағанын ешуақыт еткізбеген заман келді. Патша заманы қазақ үшін нағыз азаптың, ұлтқа зардабын тигізген ібіліс болды. Ал кеңес заманы да қазақ қоғамын қысып, алақанында ұстады. Тілінен айырды, ұлттық санасын улады, жерін де, аспанын да улады. Достық ұранымен қазақтың салт-дәстүрі кері әсер беретін кеңестік ұлтсыздық мәдениетке айналды.

Қазақтар орыс үстемдігіне, кеңестік жүйеге қарсы шығып отырды. Әрбір он жылдықта қазақтар өз егемендігі жолында ірі көтерілістерді ұйымдастыра білді. Мұндай көтерілістер Қоқан хандығына (1821), Хиуаға (1845) және Қытайға қарсы (1871) бағытталғанымен, оның шығуына орыстың отарлық басқыншылығы басты себеп болды. Өкінішке қарай, ол көтерілістер ылғи да жеңіліспен аяқталды. Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымовтың басшылығымен болған қарулы көтеріліс – 1837-1846 жылдар аралығында қазақтардың XIX ғасырдағы орыстарға бағытталған үлкен наразылығы және орыс үстемдігіне қарсы ұлттық соғысы болып табылады.

Ресей отаршылары қазақ жеріне орнатқан тәртібі, кәдімгі қатаң отарлық тәртіп болды. Қазақтың құнарлы жерлері тартып алынып түгелдей орыс шаруаларына берілді. Сарыарқаның ең жақын жерлері мен су көздерін басып алған келімсектер көшпелілердің миграциялық айналысына кедергі келтірді. Бұл көшпелілердің өмірі үшін нағыз апат болды. Отарлау саясаты жергілікті халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайын одан сайын күйзеліске әкелді. Негізінен орыстардың отарлау саясаты түбірімен өзіне бағындыру болатын. Және орыс билігі тек отарлау, өзге елдің есебінен жерін ұлғайтуға баса көңіл аударды.

Орыстардың революцияға дейінгі Қазақстандағы және Орта Азиядағы саясаты күйреуінің символы 1916 жылғы ұлы көтеріліс болды. Бұл көтеріліс орыс үстемдігі жүйесінің негізін дүр сілкіндірді. Көтерілістің басталуына бірінші дүниежүзілік соғыста әскерге алу жөніндегі патшаның жарлығы сылтау болды. Негізінен мәселе тереңде жатты. Мұндай назарлық орыстардың бұратана халықты одан сайын күйзеліске ұшырату, сондай-ақ экономикалық ресурстарды пайдалану мүмкіндігін шектеу, ислам дүниесі мен орыс империясының дәстүрлі қарама қарсылығының күшеюінен туындады. Сөйтіп, орыс отарлау саясаты 1916 жылға дейін өмір сүріп, үстемдік құрған патшалық тәртіп тұйыққа тірелді. Бірақ ешкім де қазақ қоғамының болашағы қандай болмақ деген сауалға айқын жауап бере алмады. Біреулері батыстық либералдық моделді орнатуды армандаса, енді біреулері қазақ халқының дәстүрлі өзіндік ерекшелігін сақтауға ұмтылды. Өкінішке қарай, орыс большевиктерінің қысымымен қазақ қоғамы әлеуметтік теңдік ұстанымы бағытын таңдады, ұлттық коммунистердің соңына ерді. Олардың драмасы сталиндік тазалау апофезосының кезінде аяқталды.

Қазақтар 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістен кейін жаппай кеңес билігін қолдап, бұрыңғы Ресей империясының орнын басқан қызыл империяның қолына көшті. Қызыл большевиктер Қазақстанның жеке ел болып, тәуелсіздік алуына қатты тосқауыл қойды. 1917 жылғы революцияның зардаптары әлеуметтік құрылысы мен дәстүрлі ойлауын сілкілеп, естен тандырды. Қазақтардың бақытсыздық жолағы кеңестік тәртіп орнағаннан кейін де тұйықталмады. Қайта 1919 жылдан 1922 жылға дейінгі азамат соғысы кезеңінде қазақтар 1 миллионнан аса адамын жұтқан қатты екі ашаршылықты бастан өткізді. Осының салдарынан жүз мыңдаған қазақ отбасылары ашаршылықтан көрші елдерге, әсіресе Қытай, Ауғанстан, Түркияға ауды. Кеңес үкіметі қазақ қоғамының дәстүрлі құрылымын эволюциялық жолмен емес, күштеп құратын саясат жүргізді. Олар мұны тап күресінің идеясы ретінде түсіндірді. Орыс жұмысшыларының таптық мүддесі мен коммунистік партияның мүддесі, қазақ халқының мүддесіне қарама-қарсы қойылды, бұл этникалық қақтығыстарға айналды.

Өндірістерде еріксіз еңбек кең түрде қолданылды. Сібір мен Шығыс Қазақстанның өндіріс орындарында 1926-1930 жылдар аралығында 800 мыңға жуық қазақ еріксіз еңбекке тартылды. Әйелдерді қоғамдық өндіріске күштеп тартудың нәтижесінде үй шаруашылығымен айналысатындар 44 пайыздан 3 пайызға азайды. Мұның бәрі – белгілі бір мүддеге бағытталған өктемдік тәртіпке негізделген сталиндік кезеңнің жемісі. Бұл саясат қазақтардың өмір салтында, мәдениетінде, дінінде өз көрінісін тапты. 1930 жылдың аяғына таман кеңестік саясат мәдениетті толық өзгеріске ұшыратты және қазақ қоғамындағы қарым-қатынасты өзгертті.

Қазақ санасында кеңестік ұжымдастыру және соның салдарынан болған 1931-1932 жылдардағы ашаршылық жазылмайтын жара болып қалды. Көшпелі шаруашылықты күштеп ұжымдастыруға көндіріп және қазақтарды жер өңдеу ісіне жаппай шұғыл ауыстыруды жүзеге асырды. Осының салдары малдың жаппай қырылуына, содан кейін адамдардың қырылуына әкеліп соқты. Елдегі осындай сұмдыққа бой ұсынбаған жекелеген қазақ рулары, тіпті 1936 жылға дейін қарсылық көрсетті. Олардың барлық әрекеттері НКВД әскерімен аяусыз жазаланды.

Кеңес билігі 1930 жылдың ортасында жағымсыз элементтерден тазалау науқанын ұйымдастырды. Бұл белгілі мүддеге бағытталған жергілікті саяси кадрларды, мәдениет, ғылым, білім беру салаларындағы қайраткерлерді құрту болып шықты. Қаншама адам «халық жауы», «жапон шпиондары», «буржуазия ұлтшылдары» деген айыппен атылды, жер аударылды, абақтыға жабылды. Тек қана 1937 жылдың қазанында республика жетекшілерінен 25 адам ауыр жазаланды. Мұндай жазалау әрекеттері ешқашан да саябырлаған емес. Қазақтардың барлық тарихы қайта жазылды, бірінші кезекте қазақ-орыс қарым-қатынасы, Ресейдің аграрлық саясаты қазақтар үшін ізгілікті және прогресті болды деп баяндалды. Қазақтардың жазба мәдениеті де қысымшылдық көрді, олар дәстүрлі жазбасынан аластап, латын және кириль жазба үлгісін қолданды. Сондай-ақ исламға да шабуыл күшейді, медреселер мен мешіттер жаппай жабылды. Мыңдаған молдалар тұтқындалып, дін адамдарының «қаймақтары» атылды. Қазақ тарихын бұрмалауға қарсы шыққан Ермұхан Бекмаханов сияқты белгілі ғалым кеңестік репрессияға ұшырады.

Кеңестік жүйе кезінде қазақ халқы еркін де бақытты өмір сүре алмады. Қазақтар көбіне оқшауланып тұрды. Республикада тек жергілікті ұлт тұратын 121 аудан арнайы құрылды. Бұл елді мекендер нағыз шалғайда, өркениеттен алыс шөл және шөлейт жерлерде орналасты. Негізгі кәсібі – мал бағу болатын. Кеңестік саясат жергілікті халықты өзгеден оқшау ұстап, өз қотырын өздері қасып отырсын деген бағытты ұстанды. Жергілікті халықтың Алматы қаласында және облыс орталықтарында үлес салмағы 9-12 пайыздан аспады. Бұлардың көбісі оқу орындарында білім алып жүрген студенттер еді. Мемлекеттік қызметте, өнеркәсіп, құрылыс салаларында негізінен жергілікті халықтың өкілдері емес адамдар еңбек етті. Қазақтар ауыл шаруашылығында, оның ішінде мал шаруашылығында жұмыс істеді. Ауыл жастарын әдейі ауылшарушылығы мен мал шаруашылығы салаларына бағытталған оқу орындарында оқытып, ал қыз балалар үшін Алматы қыздар педагогика институтының есігін айқара ашып қойды. Мұнда тек шалғайдағы ауыл қыздары білім алды. Ал техника, медицина, энергетика т.б. мамандықтарын дайындайтын жоғары оқу орындарына қазақ жастары шектеулі мөлшерде қабылданды. Мәселен, Павлодар, Өскемен, Қарағанды, Рудный, Екібастұз сияқты ірі өнеркәсіп аймақтарындағы зауыттар мен кен орындарында қызмет ететін қазақ инженерлерінің саны саусақпен санарлықтай болатын. Оның басты себебі: сол өнеркәсіп аймақтары әкімшілік жағынан тікелей одақтық министрліктерге бағынышты болатын. Кадр мәселелерін өздері шешетін. Инженерлер мен жұмысшылар негізінен славяндар еді. Оларға барлық әлеуметтік жағдайлар бірінші кезекте жасалатын. Арнайы пәтерлермен бірден қамтамасыз етілетін. Ал жергілікті ұлттың мамандары отбасылық жатақханаға орналастырылатын. Олар өздеріне басыбайлы пәтер алу үшін 15-20 жыл бойы кезек күтетін. Сонымен қатар жергілікті мамандар білікті саналса да, оларды қызмет сатысымен жоғарлату жағы мардымсыз болды.

Республиканың және облыс басшыларының құрамында жергілікті ұлт өкілдері болса да, олардың қолында шын мәнінде билік болмады. Барлық мәселе Мәскеудің бақылауында болып, коммунистік бірыңғай мемлекеттік жүйеге бағынышты етілді. Қазақ жеріне тың жерлерді игеруге немесе өндіріс орындарына қажетті жұмыс күші ретінде миллиондаған кеңес эмигранттары қоныс аударылды. Бұл қазақ халқының ұлттық мүдделеріне қарама қайшылық туғызды. Осының салдарынан қазақ халқының ұлттық сипаты өзгеріске ұшырай бастады. Ұлттық мектептер жабылып, орыс мектептері көптеп ашыла бастады. Және жергілікті ұлттың саны қоныстанушылардың есебінен күрт азайды. Қазақстанда қазақтар жалпы тұрғындардың 30 пайызын құрады. Облыс орталықтары мен ірі елді мекендерде қазақ мектептері жабылып, оның орнына шалғайдағы ауыл балалары үшін бір ғана мектеп-интернаттар ашылды. Мұнда сабақ қазақша жүргізілгенімен орыс тіліне, орыс мәдениетіне ерекше назар аударылды. Осы арқылы кеңестік насихат бір кездегі XIX ғасырдағы орыс педагогы Ильминскийдің әдісімен қазақ балаларын орыс ықпалына тарту жолындағы іс-әрекетін жүзеге асыра білді. Қазақ арасында «орысша білмесең, өмір сүре алмайсың» деген қағида пайда болды. Бұл – арнайы халық арасына бағытталған кеңестік насихат еді. Мұны жергілікті билік жасырын түрде ұдайы ел арасына кеңінен таратып, бақылауға алып отырды. Осының әсерінен қазақтар балаларын орыс мектептеріне беруге мәжбүр болды. Қаладағы және ауылдағы интеллегенттер өз балаларын орыс мектептеріне беруде үлгі көрсетті. Міне осындай іс-әрекеттер қазақ қоғамының іргесін әлсірете түсті. Өзінің ана тілінде сөйлей алмайтындар саны күрт өсті. Кейбіреулері қазақ деген атаудан қашып, не орыс емес, не қазақ емес күй кешті. «Болашағым – жарқын, қызметім – жоғары» болады деген оймен славян қыздарына үйленетін қазақтар да көбейді. Бұл ұлттық санаға өзінің кері әсерін тигізді. Бүгінгі қазақ тілінің қасіретінің себебін осыдан іздеу керек. Біреулер қазақтардың өздері кінәлі дейді. Шын мәнінде солай ма? Әрине, жоқ. Кеңестік жүйе қазақ халқына еркіндік бермеді, ол барлық жағдайда қысымда болды.

1970-1980 жылдар аралығында орыс пен қазақ арасындағы ұлтаралық қайшылықтар туа бастады. Қазақ жастарының санасы өскен сайын кеңестік жүйеге деген қарсылық күшейді. Қазақ халқы кеңес жүйесіне қарсы 128 рет көтеріліс жасады. Мұның үлкені 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы болды. Батыс саясаткері С.Э.Уимбум осы көтеріліс туралы былай деп жазды: «Тек өте аңқау оптимист қана орыстардың тәртіпсіздіктің жалғыз себебі – Қонаевты ауыстыру болды деген ескерпесіне сенер еді. Бұл – анық, терең және ұзақ араздықтың нәтижесі. Оның тамырлары 1916 жылғы қазақ пен орыс арасындағы қырқысқа, 1930 жылғы сталиндік ұжымдастыру кезеңіне, 1950-60 жылдардағы орыс эмиграциясына тереңдеп кетеді».

Шын мәнінде, Желтоқсан көтерілісінің басты себебі қазақ халқының кеңестік жүйе кезіндегі басынан өткен қасіретті оқиғалардың жиынтығында жатты.

Бүгінгі таңда біз әрқашан да алға жылжу үшін өткен тарихты біліп, оны ой елегінен өткізу – басты шарт. Сонда ғана біз өзіміздің елдігімізді сақтап, мемлекеттігіміздің дамуына жол ашамыз. Әрине қазақ халқы бұрынғы Ресей империясы және кеңес заманында көрген отаршылдық кезеңін ешқашан ұмытпайды. Соған қарамастан, қазақ жұрты екі ел арасындағы өзара байланыстықты дамытуға мүдделі. Дегенмен, соңғы уақытта қазақтарға қарсы ресейлік саясатшылардың достық ниетке қарсы түсініксіз кеудемсоқтық әрекеттері өткен тарихты еске түсіруге мүдделі етіп отыр.

Қазақта әдемі мақал бар. «Бұға берсең, сұға береді» деген. Сондықтан дипломатиялық, ақпараттық жолдармен барынша қарсы қимыл жасауды естен шығармауымыз қажет. Өткен тарих – ол бүгінгі және келешектегі саясаттың бағыт-бағдары.

 

Тегтер: