Қазақтардың түсіне де кірмейтін заң
Украина елдегі барлық балалардың шотына олар 18 жасқа толғанға дейін түсіп тұратын жаңа салық түрін енгізді.
Украина табиғатының байлығын, қойнауын қопарып, кенішін кеміріп жатқандарға салынатын салық болады бұл.
Өткен сәрсенбіде, Қазақстан жарыса тұңғыш президент күнін тойлап жатқанда Украина президенті Владимир Зеленский жоғарғы рада мінберінде Украинаның ішкі және сыртқы жағдайы туралы жыл сайынғы жолдауын жасады.
Украина президенті жоғарғы раданың аса маңызды №5600 салық заңын қолдап дауыс бергенін атап өтті. Бұл заң Украинаның табиғи ресурстарын пайдаланғаны үшін жасалатын төлем сомасын арттырады. Ол ақша Украинаның кішкентай азаматтарының шоттарында жинақталады. «Мен 10 желтоқсанға дейін украиндықтың экономикалық паспорты туралы заң жобасын енгіземін. Бұл заңға сәйкес, Украина қойнауын пайдалану үшін алынатын төлем Украина балаларының жеке шоттарында жинақталады. Украина балалары 18 жасқа толған кезде жиналған ақшасын білім алуға немесе Украина жерінде баспана сатып алуға жұмсай алады», – деген екен Зеленский.
Айтпақшы, екі жыл бұрын Моңғолия халқы да ел байлығынан түскен ақшадан дивиденд ала бастады. Оның алдында үкімет елдің әрбір азаматына көмір шығаратын Erdenes Mongol ұлттық компаниясының 1072 акциясынан бөліп берді. Елдің әрбір адамы 96 480 тугрик (15 мың теңге) алды. Табыс артқан сайын, дивиденд сомасы да өсе беретін болды.
Моңғолияда екі жыл бұрын коронавирус қысқан кезде баспанасының көлемі 100 шаршы метрден аспайтын адамның бәрі жарық, жылу, су, қоқыс шығару сияқты коммуналдық төлемнің бәрінен босатылды. Ол шығынды экспортқа шығып жатқан қазба байлықтар есебінен мемлекет өз мойнына алды. Коронавирус жұқтырған жүкті әйелдің үстіндегі киімі жұқа болғаны үшін ғана елдің премьер-министрі масқара болып, отставкаға кетірілді. Сосын коронавирус дағдарысы созылуына байланысты Моңғолия президентінің бастамасымен әр отбасыға бір реттік миллион тугрик (шамамен 150 мың теңгедей) бөлу туралы қаулы шықты.
Ал қазақ билігі не істеді?