Қазақты қойға теңеген Куликов кешірім сұрап, қызметінен қуылды
Тараз қаласындағы «Қазфосфат» кәсіпорыны басшыларының бірі, Ресей азаматы Олег Куликовтың шағым айтып келген қызметкерлерді малға теңеп, балағаттағанының соңы жергілікті жұмысшылардың жаппай көтерілуіне түрткі болды.
Екі жүзден астам жұмысшы шыққан ереуілді басу үшін оқиға орнына облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласының әкімі, прокуратура өкілдері арнайы жасақтың 10-нан астам көлігімен бірге барды.
Бұл жерге құқық қорғау саласы қызметкерлерінің ортасында алшаң басып келе жатқан Олег Куликовты жиналған жұмысшылар арасынан бірі қақ шекеден жұдырық жұмсап үлгерді. Артынша көзін беторамалмен көлегейлеген Куликов көпшіліктен кешірім сұрады.
Келесі кезекте зауыт жұмысшылары талап-тілегін айтты.
— Біз түсініктеменің өзін орысша жазамыз. Бұл жерде орысша білмейтіндер, түсінбейтіндер де бар. Біз Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. Зауыт мемлекеттік тілге басымдық берсін.
Біз де бұрыннан келе жатқан тағы бір мәселе басшылық қызметтердің бәрінде дөкейлердің туыстары, тамыр-таныстары. Мысалы, сіз осы зауытта жұмыс істейтін мамандық бойынша жоғары оқу орнын қызылға бітіріп келсеңіз де лаборант болып кіресіз. Ал «көкесі» болса, мамандығы сай келмесе де мастер болады. Бұрын зауытта 10 жылдан аса жұмыс істегендерге көптеген жеңілдіктер болатын. Соңғы жылдары оның барлығы қысқарды. Есесіне, миллион теңгеден жоғары жалақы алатын ресейлік азаматтар қаптады. Ұшып келіп, ұшып кетеді. Жергілікті жұмысшылар 160 мың теңге шамасында айлық алады.
Осы зауытта тәулігіне 12 сағат жұмыс істейміз. Шаң-тозаң жұтып, зиянды ортада жүрміз. Бірақ оған айлыққа қосымша өтемақы төленбейді. Осыны қайтаруды талап етеміз.
Жұмысшылардың осы және басқа да айтқан талап-тілектерін тыңдаған соң Тараз қаласы әкімі Бақытжан Орынбеков жылы-жылы сөйледі.
«Мынандай ұсынысым бар: Осы тұрған азаматтардың ішінен жұмыс тобын құрайық. Осы жерде айтылған мәселелердің бәрі шешімін тапқанша біз бірлесіп жұмыс жасайық. Жұмыс тобына кім кіреді оны өздеріңіз шешіңіздер», – деді ол.
Ереуілден соң кәсіпорында жиналыс болды. Зауыттағы әр цехтан бір өкілден қатысып, айлықты өсіру, жұмыс зияндығы туралы өтемақы төлеу, іс-қағаздарды қазақша жүргізу, арнайы киіммен, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету және басқа да мәселелер қозғалған.
Сол күні жергілікті әкімдік «Ресей азаматы О.Куликов жұмысшылардан кешірім сұрады және жұмыстан босатылды. Сондай-ақ жұмысшылардың талап-тілектері мен ұсыныс-пікірлері бойынша жұмысшы топ құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ұлтаралық мәселе болған жоқ. Зауыт штаттық режимде жұмыс істеп жатыр» деген ақпарат таратты.
«Қазфосфат» өңірдегі ғана емес, еліміздегі ірі кәсіпорынның бірі. Зауытта 5 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді.
Осылайша, қазақты малға теңеймін деп, көпшіліктің ашу-ызасын тудырған, арты ұлт-араздыққа ұласа жаздаған Тараздағы бұл жағдай, Куликовтың «жұдырық жеп», кешірім сұрап, қызметінен кетуімен басылды. Дейтұрғанмен сол күні зауытты арнайы жасақ кешке дейін күзетіп тұрды.