Қазақты тонаған «Рухани жаңғыру» еді...
Қазақстанның қазақтары мен басқалары «рухани жаңғырып» болды-ей, деп шешкен екен біздің билікте отырған біраз қулар.
Еліміздің үкіметі күтпеген жерден атышулы «Рухани жаңғыру» деген қоғамдық даму институтының атауын өзгерту туралы қаулы қабылдапты. Ол «Қазақстандық қоғамдық даму институты» деп аталмақ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 12 сәуірде жариялаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы негізінде әзірленген болатын-ды. Онда ұлтымыздың жаңа тарихи даму кезеңінің негізгі мақсаттары көрсетілген, атап айтқанда: рухани және мәдени құндылықтарымызды сақтау және ұлғайту, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына ену.
Қазақтың жер бетіндегі жалғыз мемлекетін көзді бақырайтып қойып, «ақшаға лақтыру» деген осы. Нақты түгі жоқ жобаға сұмдық ақша жұмсалып кетті. «Рухани жаңғырудың» жалпы бюджеті 2024 жылға дейін 119 миллиард теңгені құрады. Бірақ 2024 жыл келмей жатып, бұл соманың барлығына жуығы республикалық бюджеттен бөлініп кеткен. Бұл майшелпектің ұнап қалғаны сонша, құр сөзден ғана құралатын қымбат бағдарламаны әзірлеген тойымсыз қулар ендігі 2023-2032 жылға арналған мақсатты индикаторларын ақшалай бағалауға алақандарын уқалап, кіріспек боп отыр еді.
Сондағы ойлап тапқан идеяларын көрсеңіз ғой: 2025 жылға дейін қазақ тілін кирилл әріптерінен латыншаға ауыстырып қояйық, «жас буынды отанға деген сүйіспеншілік рухымен тәрбиелеуді бастайық», әлемдегі ең үздік 100 оқулықты қазақ тіліне аударып қояйық, Қазақстанның қазіргі замандағы жаңа тұлғаларын іздеп табайық, деп «қуып» кеткен еді.
Енді қазақтан қорыққандары ма, әйтеуір, сайлау аман-есен өткенше, алдау мен ұрлауды «қоя қояйық» деп шешкен сыңайлы.