Қазақтығың өлмесін!

«… Ажалды күн келгесін,
Ақ шырағы сөнгесін,
Қазақ өлсе көмілер,
Көмілмесе,
иманы Хаққа аманат,
Қазақтығың өлмесін!
Есенғали Раушанов
Бұдан тура 99 жыл бұрын, алғаш рет 1923 жылдың 15 ақпанында Сәкен Сейфуллин «Еңбекшіл қазақ» газетіне «Қазақты «қазақ» дейік, қатені түзетейік» деген мақала жариялаған болатын.
Бұл уақытқа дейін патшалық Ресей қазақты кемсітіп, екі жүз жылдай, осылай қорлап «қырғыз-қайсақ», «қырғыз» атап келген-ді. Барлық жазбаларында, құжаттарында да әдейі осылай жазылды. Оған негіз де жоқ емес еді. Ол, әрине, тарихшылардың еншісіндегі ұзақ әңгіме. «Біздің тарих, бұл да бір қалың тарих, Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы», – демекші, болашақта шын тарих жазылатынына еш күмәніміз жоқ.
Қанша жерден орыстың көңіліне келіп қалар деген құлдық санамен патшалық Ресей деп өтірік мәймөңкелегенімізбен Совет өкіметінің алғашқы кезеңінде де осылай болғаны жасырын емес.
Өйткені алғаш құрылған автономиялы қазақ республикасы Қырғыз Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы деп аталды.
Күні кешеге дейін өз аты тұрып, өзге бір ұлттың атымен аталып, қорланып, теперіш көргенін тарих тағы жоққа шығара алмайды. Қазақ деген ұлтты ұмыттырып жіберуге ұмсынғандар ұялмастан, осылай тарихты тағылықпен бұрмалаудан еш тартынбады. Олардың ұлы шовинистік зымиян саясатын тек патша өкіметінен көру деген әшейін жалтақтық.
Міржақып Дулатов бастаған Алаш азаматтарының тар заманның өзінде тайсалмай, таныта білген наразылығын сол кездегі халық комиссарлар советінің төрағасы Сәкен Сейфуллиннің қолдауы арқасында, 1925 жылы сәуірде Ақмешітте (Қызылорда) өткен советтердің V съезінде ҚАЗАҚ атауын қайтарып алды.
Міне, сол 19 сәуір күні «қырғыз» атауы алынып, «ҚАЗАҚ» деп түзетілді. Екі жүз жыл «қырғыз» аталып келген ұлт осылайша, киелі атын қайтарып алды. Бұйыртса, 2025 жылы ҚАЗАҚ қайта ҚАЗАҚ аталғанының 100 жылдық мерейтойы дүркіреп тойланады деп сенейік!
Қазақтығымыз өлмесін!