Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:50, 16 Наурыз 2023

Қазақтың Алтайында адам қалмайды

None
None

Соңғы 19 жылда Қазақстанда мыңнан астам ауыл жойылды. Халық жаппай қалаға көшіп жатыр.

Урбанизация деген шектен шықты. Халқымыздың 60-тан астам пайызы қала тұрады қазір. Ауыл жайы не боп жатыр, ауылдың болашағы қандай болуы керек деген сауал төңірегінде Қатон-Қарағай ауданындағы ауылдық жерлерді тұрақты дамыту қорының жетекшісі Серік Жүнісов YouTube-тегі «Голос народа» деген каналда толғанған екен:

– Мен өзім туып-өскен Қатон-Қарағай ауданында халықтың қалаға көшуі жаппай белең алған. Аудан халқы екі есеге азайды. Бұл үлкен мәселе. Жылына халықтың 10 пайызы көшіп кетеді. Бұл мәселені шешпесек, енді бір он жылдан кейін Қазақстанның Алтайында 500-ақ адам қалады.

Қазақстанда 2004 жылдан бері 1273 ауыл жойылды. Бұл деген сұмдық сан. Ол ауылдарда қаншама адамның тұрғанын, туған ауылы құрып бара жатқан соң басқа жерге көшуге мәжбүр болып, қаншама тағдырдың тәлкекке ұшырағанын елестетіңіз.

Урбанизациядан бөлек, жабайы жүріп жатқан ішкі көші-қон мәселесі бар. Қазақстанның Алтайын алайық. Ерте палеолит дәуірінен бері ол жерде адамдар тұрған. Төрт Алтайдың бәріне қарасақ, бәрінде негізінен, қазақтар тұрады. Алты ай қысы бар қиын климатына қарамастан. Ал еліміз енді тәуелсіздікке жеткенде халық соншама ғасыр тұрған жерінен жаппай қашып отыр. Ең басты себеп – қала мен ауыл арасындағы өмір сүру сапасы деңгейінің үлкен теңсіздігі. Теңсіздіктің кесірінен, адам ауылын тастап қалаға көшеді. Соншама ауыл неге жабылды десеңіз, ол ауылдағы адамдар өз ауылы мен ондағы өз болашағына сенген жоқ. Билікте ауылдың болашағына деген үміт сыйлай алатын білікті адам болмады. Ауыл басшыларының өздері өз ауылына сенбеді, бес жылдан кейін ауыл қандай болады деп ойлаған да жоқ. Тәуелсіздіктен бері басталған ауылдан көшу еш тоқтаған жоқ, қазір, тіпті, күшейді. Ауыл халқы сол жеті миллион қалпында қалды, өсім жоқ. Есесіне, қала тұрғындарының қатары қатты көбеюде. Солтүстік пен Шығыста адам жылдам азайып, Оңтүстік пен Батыста халық тез көбейіп жатыр. Шығыс Қазақстан облысындағы 300-ден астам ауылда 500 мың халық тұрады бар-жоғы. Ал Маңғыстау облысындағы 59 ауылда 400 мың адам тұрады.

Болашақтағы ауыл қандай болуы керек екенін біз өзіміз білмейміз. Сондықтан тек ауылдың өткенін ғана жақсарта береміз. Ауылдық жерлерді не істеу керектігін түсінбейміз біз. Жалпы, ауыл, ауылдық жер деген өзі Қазақстанға не үшін керек деген сауалды маған жиі қояды. Рас, егер 20 жылдан кейін бәріміз қалада тұратын болсақ? Бірақ қалада тұратын халықты кім тамақпен асырайды? Ауыл деген – азық-түлік қауіпсіздігінің субъекті. Сосын бәріміз ел ортасындағы қалаларға жиналып алсақ, шекараларымыз не болады? Ауыл деген біздің шекаралық қауіпсіздігіміз үшін керек. Осы екі себептің өзі Қазақстанға ауылдар өте керек дегенді ұқтырады.

Біз не істеп жатырмыз? Біз ауылда қаладағыдай үлкен мектеп саламыз, қаладағыдай балалар алаңын саламыз. Ол ауылға жараспайды. Ауылды басқаша дамыту керек. Ауыл экономикасы қала экономикасынан бөлек болады. Қала мен ауыл халқының тіпті құны да басқа. Ауылды дамытумен айналысып жүрген шенеуніктер ауыл адамын мүлдем түсінбейді. Ауыл адамдары қалалықтарға ақыл айтпайды. Ендеше, ауылдың жағдайын неге қалалықтар шешеді? Ауылға интернет, су мен тағы бірдеңе тартып беру – ауылдың болашағына деген үміт сыйламайды. Ауыл, аудан мен облыстың өз билігі өзінде, өзіне керек шешімді өзі қабылдайтын күн туғанда болашаққа деген сенім пайда болады. Оны ауылда тұрмайтын адам ешқашан түсінбейді. Шенеуніктер ауыл адамының құндылықтарын білмейді, тек жұмыс тауып беріп, ауыл халқының бар мәселесін ақша бере салып шеше салғысы келеді, – дейді ол.

Тегтер: