Қазақтың билігі кімнің қолында?
Кезкелген мемлекет бар жерде арнайы қызметтердің агенттері жұмыс істейді. Олар арнайы барлау мектебінен өткен шпиондар.
Агент оппозиция жағында жүрмейді, мемлекетке барынша зиянын тигізе алу үшін оған тек мемлекеттің құрылымына кіріп, биліктегі неғұрлым биік орындарға көтеріле беру керек.
Нағыз шпиондардың кез келген мемлекеттің қауіпсіздігіне қол салу әрекетіндегі ең басты әдістері туралы ресейлік саясат және қоғам белсендісі Максим Кац былай депті:
Шпионның бірінші әдісі – мемлекетке қарсы диверсияны өз қолымен емес, сол мемлекеттің күштік құрылымдарының қолымен жасайды. Алдымен, шпион мемлекет үшін құнды адамдарды, елдегі ең мықты, талантты, ойлайтын, әділ және тәуелсіз азаматтарды іріктей бастайды. Жағымпазданбайтын, «жүйе сондай екен» деп бейімделмейтін прогрессорларды. Сосын, сол адамдарға қарсы арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдарын ит сияқты айтақтатып, айдап салады.
«17 мгновений весны» деген сериалда осының керемет мысалы көрсетілген. Бас кейіпкер, барлаушы Штирлиц нацистік Германияда Max Otto von Stirlitz деген атпен әскери қызметте жүреді. Шындығында, ол совет елінің Максим Исаев деген полковнигі еді. Сюжет бойынша, үшінші Рейхтің ядролық бағдарламасын сол барлаушы жоқ қылады. Штирлиц немістің жетекші физигі Рунгенің әжесі еврей болғанын анықтайды. Сосын, «мынау немістің шын жауы екен» деп, оған қарсы Гестапоны айдап салды. Ақыры, аса көрнекті ғалым түрмеге қамалып, Германия атом бомбасын жасай алмай қалды.
Міне, шпионның басты мақсаты – мемлекеттің ең үздік адамдарына мемлекеттің өзі сенбейтіндей ету.
- Шпионның екінші әдісі – барша қоғамды жаппай есеңгірету мақсатында сол елдің саяси жүйесіне кіріп алу. Шпион биліктің бас жағына қарай өрмелей беруі тиіс те, жоғары мінберлерден шпиондардан сақтану керектігін жаппай насихаттайды. Ешкім ешкімге сенбесін деп. Мұндай диверсия мемлекет өмірінің барлық саласын тұншықтырады да, ол елде ешбір позитивті даму болмайды. Елде күмән мен күдік туғызу – шпионның ісі.
- Шпионның үшінші әдісі – түрлі жоғары мекемелер мен ұйымдарға кіріп алып, бюрократия туғыза беру. Еш пайдасыз қағазбастылыққа жегілген қызметкердің бойындағы белсенділік тез арада жойылады. Мемлекеттік қызметкерлер, әскерилер, полиция мен мұғалім, дәрігері мен басқасы болсын – бәрі нақты іспен емес, тек қана есеп берумен айналысуы тиіс. Сосын, басшылық қызметтерге қолынан іс келетіндер емес, мән-мағынасыз құжаттарға шұқшиғыштар ғана тағайындалуы тиіс. Сонда мемлекеттің кез келген құрылымы пайдасыз боп қалады.
- Шпионның төртінші әдісі – халықты азғындату, жастарды бұзу. Қарсылас мемлекеттің халқын моральдық аздыру — шынымен де арнайы қызметтердің міндеттеріне кіреді. Шпион елдің ұлттық, рухани құндылықтарын құртуы керек, — деген екен ресейлік белсенді.
Осының бәрін тыңдап отырып, үлкен ойға қалады екенсің. Байқасаңыз, осы айтылған әдістер мен әрекеттердің бәрі Қазақстанда көрініс табады. Кім білген, бәлкім, қазақ билігінде кілең шпиондар отырған шығар?..