Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:18, 07 Қыркүйек 2023

Қазақтың кеспесі мен жаймасын неге экспортқа шығармасқа?..

None
None

Қазір Қазақстан үшін маңызды дүниенің бірі – шикізаттық емес сектордағы экспорттың үлесін арттыру.

Мұнай, уран, мыс, темір, түсті металдан бөлек отандық өнімді сыртқы нарыққа шығаруда жаңашылдықтар қажет. Үкімет 2025 жылы өңдеу экспортының үлесін 41 млрд долларға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл мүмкін бе?!

Сауда және интеграция вице-министрлігінің өкілдері мұндай жетістікке жете алатынымызды жиі қаузайды. Мысалы, осы министрлік өкілі Қайрат Төребаев: «Біз үшін өңдеу өнімдері экспортын арттыру аса маңызды. Өткен жылы көрсеткіш $26,5 млрд болды», — дейді. Төребаев мырзаның есебінше,  2025  жылға дейін Қазақстан бұл межені оңай бағындыра алады. Оның айтуынша, осы жылдың 1-тоқсанында өңделген өнімнің сыртқы саудасының жалпы көлемі $18,8 млрд болған. Бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен 32%-ға жоғары. Соңғы 3 жылда бұл көрсеткіш 63 пайызға өсті. 

 Осы кезеңде шикізаттық емес тауарлардың экспорты $5,9 млрд-ты құрады. Өсім 7,6 пайызды көрсетті.

Жалпы, Қазақстанның экспорттаушылары бұған дейін Ресей, Қытай, Өзбекстан, Түркия, Нидерланды, Ұлыбритания, Жапония, Қырғыз Республикасы, Грузия, Ауғанстан елдеріне экспорттық тауар жіберіп келді.  Экспортқа жіберілетін негізгі тауарлар: мыс және мыс катодтары – $688,8 млн (11,7% үлес); ферроқорытпалар – $644,5 млн (11%); уран – $610,7 млн (10,4%); мұнай өнімдері – $344,9 млн (5,9%); қоспасыз болаттан жасалған жалпақ қаңылтыр – $171,7 млн (2,9%); күміс – $171,5 млн (2,9%); бидай немесе бидай мен қара бидай ұны – $155 млн (2,6%); мырыш – $129 млн (2,2%);  табиғи газ – $121,6 млн (2,1%). Экспорт бойынша өсім көрсеткен тауарлар: уран – 51,6%-ға; мұнай өнімдері – 52,5%-ға; күнбағыс майы – 19,9%-ға; минерал тыңайтқыштар – 2,8 есе; жеңіл автокөліктер – 46%-ға; сутегі, инертті газдар және басқалар – 24%-ға.

Экономист-ғалымдар алдағы уақытта экспорттық тауарлардың ауқымын кеңейтуді ұсынып отыр. Ғалым Атамұрат Шәменов былай деді:

— Экспортқа шығару үшін отандық өнім сапалы шарт. Тауар озық технологияларға сүйеніп дайындалуы керек. Оның органикалық жағына, яғни экологиялық тазалығына қатты мән берген жөн. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің әлеуеті артуға тиіс. Қазақстан – аграрлы ел. Сондықтан агроөнімдердің молынан өндірілуіне басымдық берген абзал.

Ғалымның пайымдауынша, алдымен осы жайтқа мән берсек, отандық өнімдерді экспортқа шығаруға  және одан мол пайда табуға болады.

Жалпы, мамандар шикізаттық тауардан бөлек отандық өнімдерді экспортқа шығаруды қолдайды. Бұл әсіресе аграрлық саланы жұмыспен қамтуға  өңірлердің экономикалық-әлеуметтік дамуына мүмкіндік бермек.  

— Біз болашақта шетелге шикізат емес, тауар шығаруымыз керек. Тым болмаса жартылай дайын өнім, мысалы, ұн, ең дұрысы – нан өнімдері, кеспе, макарон, жайма, тағы басқа өнімдер. Шикізатқа байланған мемлекеттің келешегі бұлыңғыр. Доллармен күресу дұрыс емес, қайта теңгені нығайтумен айналысқан дұрыс. Теңгені нығайтатын тек өндіріс, өнім шығару. Алыпсатарлық экономика әр уақытта импортталған тауарға тәуелді болмақ. Ал импортқа жүгіну, импорттың тасқынын көбейту бұл экономиканың әлеуетін көтеретін жол емес, –дейді Атамұрат Шәменов.

Негізінен, қолда бар деректерге сәйкес өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда кемінде үш жыл бойы экспортпен айналысатын 650 белсенді экспорттаушы бар екенін атап өту қажет. Олардың  80 пайызы шағын және орта бизнес өкілдері, ал 48 пайызы – тамақ өнімдерін экспорттаушылар.

Қазірде үкімет шикізаттық емес өнімді қолдауға қатысты бағдарламасын қолға алды. Бұл – флагмандық бағдарламалардың бірі. Бағдарлама шикізаттық емес бизнесті халықаралық нарықтарға тиімді шығаруды қамтамасыз етеді. Оған 190-нан астам компания қатысты немесе постмониторингте. Биыл тамақ, жеңіл, химия өнеркәсібі, машина жасау және қызмет көрсету секторларынан 110 компания іріктеледі. Көздеп отырған нарықтар ҚХР, Ресей, БАӘ, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан және Вьетнам болмақ.

Сонымен қатар биыл Өзбекстанға $19 млн-ға өнім жеткізуге екі келісім-шартқа қол қойылды, Ресейге тұрмыстық химияны жеткізуге ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды.

Экспорттаушыларды сервистік қолдау сауда-экономикалық миссияларды өткізуді және халықаралық көрмелерде қазақстандық өнімнің ұлттық стендтерін ұйымдастыруды қамтиды. Экспорттаушыларды қаржылық емес қолдау құралдарының бірі – отандық экспорттаушыларды Alibaba.com электрондық платформасына шығару да жүзеге асып келеді.

Жалпы, 2020-2022 жылдары Alibaba платформасында 220 компания орналастырылды, платформада орналасқан компаниялар үшін шағын сайттар құрылады. Платформада жұмыс істеу және тауар сату үшін вебинарлар өткізіледі. Аталған кезеңде бағдарламаға қатысушылардың сату көлемі шамамен $225 млн-ды құрады. 

Сонымен қатар Астанада ресейлік Ozon компаниясының фулфилмент-орталығының құрылысы аяқталды. Логистикалық хаб қазақстандық кәсіпкерлерге онлайн-бизнесті масштабтауға, бірінші кезекте интернет-тапсырыстарды орындауға, тауарларды тұтынушыларға жеткізу мерзімдерін қысқартуға және өңірде 2 000-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанның 15 қаласында экспорттаушыларды оқыту бойынша жылжымалы семинарлар өткізілді, оған тренингтер өткізу үшін арнайы оқытудан өткен алты кәсіби нұсқаушы жұмылдырылды, сондай-ақ 673 жаңа және бұрыннан келе жатқан экспорттауш қамтылды.

Қарлығаш Сайлау

Тегтер: