Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:00, 01 Маусым 2022

Қазақтың көгіне із тастап кеткен

None
None

Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде Қазақстан Жастар одағының басшысы, қоғам қайраткері Ғани Мұратбаевтың 120 жылдығына орай «Ғани тағылымы – ұрпаққа ұлағат» атты  патриоттық кеш өтті.

«Жастар» орталығында орналасқан шығыстың жарық жұлдызы, ұлтымыздың ұлы тұлғасы Ғани Мұратбаевтың ескерткішіне гүл шоғы  қойылып,  рухына тағзым етілді.  «Жалындап өткен жас ғұмыр» атты кітап көрмесі бойынша әдебиеттерге шолу жасалып, таныстырылды.

  Шарада Нағима Ахмадеева атындағы №112 орта мектеп оқушылары «Мұратбаевшылар маршын» орындаса, республикалық байқаулардың лауреаты Сағындық Саят «Отаным менің» әнін жолдады.

Таңда туған шолпандай қазақтың көгіне із тастай ағып өткен қыршын жас, қайраткер тұлға, даңқты болмыс, аты Орта Азия мен Қазақстанға және Ресейге танымал жалынды жастар жетекшісі Ғани Мұратбаевтың 120 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде тойланып жатыр. Сондықтан Ғани рухын құрметтеу –  бүгінгі ұрпақтың парызы.

Кеш қонағы мемлекет және қоғам қайраткері Алмагүл Божанова сөз тізігінін алып,  жиырма үш жыл өмір сүріп, осыншама қысқа мезгілде өзін  халыққа танытып үлгерген талантты перзент Ғани Мұратбаев жайлы  жастарға ой тастарлықтай ұлағатты әңгімелер айтты.

Кітапхананың белсенді жас оқырмандары Ж.Болатқызы, Д.Қабадулла, Д.Кеңесбай, П.Уалиева ақындардың Ғани жайлы жазған өлең-жырларын  мәнерлеп жатқа оқып, патриоттық әндер шырқалды. Іс-шарада музей қызметкерлерінің дайындаған бейнебаяны ЛЭД экран арқылы қатысушыларға көрсетіліп, таныстырылды.

«Жас Алаш» газетінің алғашқы редакторы, Орталық Азия мен Қазақстан жастар қозғалысын ұйымдастырушылардың біріне айналған Ғани Мұратбаев қазақ халқының маңдайына біткен дара туған тұлға болып қалды. Ол – Кеңес дәуірінде туып, сол заман орнатқан комсомолға қызмет ете жүріп, өз халқының бақыты, болашағы үшін бар уақытын сарқа жұмсады. Керек десеңіз, сол кезеңде НКВД ізіне түсіп, сыртынан «Халық жауы» деген құжаттар жинағаны кейіннен белгілі болды. Бірақ кеңестік кезең құрсауына іле алмады. Кеңес дәуірі аяғына тұра бастағанда-ақ бойын дендеген аурудан айықпастан өмірден озып кете барды. Дүниеден озса да, артында тағылымды жолы, ізгілікті ізі, өзін қадірлейтін халқы қалды.

Патриоттық кешті Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлмира Шамсутдинқызы қорытындылап, кеш қонақтарымен, жас оқырмандарға алғысын білдірді.

Тегтер: