Қазақтың мұнайы алпауыттардың ғана бағы ма?
Қазір еліміздің бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жанар-жағармай бағасын әрең ұстап отыр.
Тіпті қайсыбір сарапшылар күзгі науқан кезінде жанармай бағасы одан әрі шарықтауы ықтимал екенін алға тартуда. Ал агенттік өкілдері «Жанар-жағармай бағасы өсімінің экономикалық негізін қарасақ, біріншіден, былтыр акциз көтерілді, сосын, зауыттың өндіру бағалары жоғарылады. Оны былтыр ешқайсысы өнім құнына енгізбеді. Себебі тұтыну көлемі азайып, өткен жылы жанар-жағармай құны төмендеді. Осы орайда, кейінге шегерілген баға тәртібі биыл қосылды» дейді.
Негізінде, жанармайдың қымбаттауы бізде жыл сайын қайталанатын құбылыс. Бұл жайттың бір шешімі болар-болмасына ешбір инстанцияның кепілдік берер түрі көрінбейді. Ал енді қарапайым халыққа, расымен де, қайтпек керек? Болашақта мемлекеттік тұрғыда не істелінуі керек?
Химия: кірмейді неге миыңа? Ойлап қарасақ, қазір әлем елдерінің басым бөлігінде мұнайдан кір жуғыш заттар, әртүрлі пластикалық заттар, кеңсе заттары, үй жиһаздарына дейін алынады. Мұнай химиясын жетік меңгерген елдер шикі мұнайды терең деңгейде ұқсатып отыр. Ал біз шикі мұнайды сыртқа сатқанымызға ғана мақтана аламыз. Бүкіл әлем қазірде мұнай шикізатынан алынатын өнім көрсеткішін 92-94 пайызға дейін жеткізуге талпынып жатыр. Біз, керісінше, өндіретін мұнайдың 90 пайызын шикі күйінде экспорттаудамыз. Ал мамандар бұл әрекеттің кері әсері бұдан әрі де тереңдей түсетінін айтуда.
Бұған қатысты химия ғылымының докторы, профессорҚорлан Апсалықова былай дейді: – Бүгінде біз мұнай шикізатының азғана бөлігін мотор отындары мен дизельді отын ретінде қолданамыз. Оның өзінде отандық тұтынушыларды аталмыш өнімдермен толықтай қамтамасыз етуге қабілетіміз жеткіліксіз. Қазір бірқатар әлем елдері моторлы отындарға қатысты Еуро-8 стандартына еніп кетті. Өкінішке қарай, шындап келгенде Қазақстан бұл межеде әлі Еуро-2 стандартына иек артып отыр. Мұның өзі бізде мұнай өңдеу саласының кенжелеп қалғанын айғақтап тұр.
Маман айтып отырғандай, негізінен, дамушы және дамыған елдерде мұнай өңдеу зауыттарының қасында міндетті түрде мұнай химиясы өндірісі болады. Осы өндіріс орындары арқылы мұнайдан қосалқы өнім алынады. Ал біздегі Атырау, Шымкент, Павлодар мұнай өңдеу зауыттары тек қана мотор отындарын шығарып отырғанның өзінде, халықты сапалы жанар-жағармаймен, дизельді отынмен қамтамасыз ете алмай отыр.
– Талдап айтатын болсақ, жалпы, мұнай өңдеудің бірнеше әдіс-тәсілдері бар: біріншіден, айдау, крекинг, риформинг, гидрокрекинг, гидротазалау және басқалар. Мұнайдан бізде, негізінен, бензин, керосин, дизель отыны, мазут алынады. Біз осы мазутқа дейін өнім аламыз да, әрі қарай қазбаламаймыз. Ең өкініштісі, бізде мұнай қоры көп бола тұра, бензинді, дизель отынын, ұшақтарға қажетті отынды, жағармайларды көршілес Ресей елінен импорттаймыз. Қанша байлығымыз бола тұра, өзгенің өніміне көз сүзіп жалтақтаймыз. Бізге мұнай химиясына бойлап ену үшін бұл үрдісті үйренетін кезең әлдеқашан жетті, – дейді Қорлан Апсалықова.
Газ да ысырап болып жатыр Мамандардың пайымдауынша, біздің мұнайымыздың бір ерекшелігі – құрамында күкірт қосылыстары көп. Осы жағынан алғанда, мұндай мұнайды өңдеп, одан өнім алу күрделірек. Бұған қоса, біз табиғи газға бай елміз. Біздің газымыздың басым көпшілігі мұнайымызға ілесіп шығады. Өкініштісі, қазірде осы мұнаймен ілесіп шығатын ілеспе газды ұқсату жағы да бізде өте төмен. Бұған қатысты мамандар «тек қана пайда табуды көздейтін шетелдік алпауыттар бұл жерде қазақтың мұнайын ғана емес, газын да ысырап етіп отыр» дейді.
Олардың айтуынша, бұл тараптан арнайы заңдар шығарылып, қаулы-қарарлар қабылданса жөн болар еді. «Газдың бұлай ашық аспанда жануы экологиялық тұрғыдан өте зиянды. Осы ретте айтарым, бұл мәселеге қатысты салмағын бойына жиған шешімдер керек. Осы саладағы бақылау пакетінің басым үлесі Қазақстанның еншісінде болуы қажет. Былайша айтқанда, «жіліктің майлы басы» біздікі болу керек», – дейді профессор Қорлан Апсалықова.
Шетел бізге жақсы ісін үйретпейді
Негізінде, мұнайымызды шетелге шикі күйінде ғана экспорттап отырған шетелдік компаниялар мұнай химиясын жетік біледі. Бірақ оны қазаққа үйреткісі келмейді. Олардың бір емес, бірнеше саусағы бүгулі. Қазақтың мұнайын игеріп жүрген алпауыттар бұл жерде өз қалталарын ғана ойлап отыр. «Олар қазір біздің мұнайымыздың арқасында байып, шекелері шылқып алды. Сондықтан бұл жерде шетелдік инвесторларға осындай мүмкіндік берген билік мәселені төтесінен қою керек. Шикі мұнайды ғана ұңғып алып отырмыз. Ал Қазақстандағы мұнай өңдеу технологиясының ескіргені сонша – біз 1 тонна мұнайдан 300-350 келі жанармай алсақ, Ресей зауыттары 1 тоннадан 600-700 келі жанармай шығарады. Еуропа мен АҚШ-та бұл көрсеткіш 800-870 келіні құрайды. Мұндай техникалық әлеуетімізбен жанармай тапшылығымен әлі де бетпе-бет келеміз. Сырттан келетін өнімге әлі де тәуелді боламыз. Ал сырттан келетін өнімнің бағасы құбылмалы болатыны айтпаса да түсінікті емес пе?» – дейді экономист-ғалымдар.
Жалпы, мұнай-газ саласын дамытуға, мұнайды ақырына дейін өңдеу әдісіне бүгінде Германия, Израиль, Жапония тәрізді елдер қатты назар аударуда. Тіптен алысқа бармай-ақ, көрші Ресейді мысалға алайық, Ресейде тек қана осы мұнай химиясы өнеркәсібіне қатысты мамандар даярлайтын арнайы жоғары оқу орындары бар. Ең қызығы, біз соншалықты мұнай қорымыз мол бола тұра, осы салаға қатысты бірді-екілі факультеттер ашумен ғана шектеліп отырмыз. Ол факультеттердің өзінде мұнай химиясын тереңдеп оқытпайды. Біздің мұнайымыз көп, бірақ байитын түріміз жоқ. Ал енді осы мәселеге ғылыми тұрғыда мән беретін болсақ, мұнай-газ саласын өркендету үшін мамандар айтып отырған мынадай жайттарға назар аударған жөн.
Бірінші, маман біліктілігін арттыру керек. Ол үшін көрші елдердегі тәрізді арнайы мұнай химиясы өнеркәсібін тереңдетіп оқытатын оқу орындары ашылуы керек. Технологиялық базамыз қуатты болу керек. Біліктілікпен қоса, отандық өндіріс қуаттылығы да артуы қажет. Екінші, мұнай өндіруші, мұнай өңдеуші компанияларды мемлекет өз қарамағына алғаны жөн. Өйткені біз барлық тізгінді шетелдік алпауыттарға беріп қойдық. Мұның ақыры «жаман үйдің қонағы билейді» дегенге әкеліп отыр. Үшінші, бұдан соң, қандай шешім қабылданса да, халықтың мүддесі ескерілуі керек. Егер әркімге бір жалтақтап, өзге жұрттың бабын таба берсек, онда күні ертең келер ұрпақтың алдында дидарымыздың төменшіктеп қалатыны хақ.
Міне, үкімет осы аталған жайттарға сәл де болса мән берсе, қазақтың мұнайы тек алпауыттардың ғана асыраушысы болмас па еді?! Егер мұнай-газ саласына қатысты біздің реформалар сауатты ұйымдастырылған болса, қара халық осы саланың қызығын әлдеқашан көріп, жарлы-жақыбайдың тірлігін кешпес пе еді?!