Қазақтың қасіреті – баспана

Біздің билік, меніңше, екі ірі қателік жасады. Бірі – атышулы «7-20-25» бағдарламасын ойлап тапқаны, екіншісі – зейнетақы жинағындағы артық ақшаны мерзімінен бұрын пайдалануға рұқсат бергені, деген екен экономист Алмас Чукин «Forbes Kazakhstan» басылымына берген сұхбатында.
Оның сөзінше, зейнетақы жинағындағы ақшаны пайдаланудың талап-тәртібі дұрыс болмады.
– «7-20-25» бағдарламасы енді жарияланған кезде мен оның үлкен қателік екенін жазған болатынмын. Сендер ұсынысты көбейтпей жатып, сұранысты көбейткелі жатырсыңдар дедім. Құрылыс секторында ештеңе жасаған жоқ, жаппай арзан баспана құрылысы бағдарламасын қолға алған жоқ. Есесіне, арзан ипотеканы алып алған адам не істейді? Ол ұсыныс шектеулі боп тұрған нарыққа келеді де, баспана бағасының одан сайын көтерілуіне себепші болады. Билік іс жүзінде бағасы қатты қымбаттаған баспана сатып алуды субсидиялап отыр. Ресми деректер 2021 жылдың шілдесі мен 2022 жылдың шілдесі аралығында қолдан сатылатын пәтер бағасы 26,4 пайызға қымбаттағанын көрсетті. Қаражаты шектеулі қарапайым отбасыға бар-жоғы арзан ипотека мен тым қымбат баспана берілді. Одан әлгі отбасы ештеңе ұтпайды. Не сатып алған үйінің шаршы метрі кем болады, не көбірек төлеуге мәжбүр болады. Ең ақыры, пайызымен бірге төлейтін кредитінің жиынтық сомасын санағанда – әлгі отбасы үшін мұндай ипотеканың болғанынан болмағаны артық екенін ұғамыз. Ұсынысы төмен баспана нарығына ақша шаша салып, баспананы қолдан қымбаттатып тастадық. Ең сорақысы, әлгі арзан ипотеканы көп жағдайда елден бұрын жүгіріп барып, жағдайы жақсы адамдар алып алады. Өйткені банкке де кепілі жоғары, табысы мен жалақысы көп клиенттер керек. Шындығында, баспанаға мұқтаж емес отбасылар ипотека рәсімдеп, қос-қостан үй алып қойып жатыр, артық болмайды деген ниетпен. Қысқасы, мемлекеттің көмегі көмекке мүлдем мұқтаж еместерге тиіп жатыр. Ал арзан ипотека алған байлар екі жеп жатыр, арзан ипотекасы мен қымбаттаған баспанасына мәз болып.
Сосын зейнетақы жүйесіндегі «жеткілікті шектен» асатын ақшаны босатып берді. Тағы да нарыққа триллиондаған теңге шашылды. Ары кетсе, халықтың 70 пайызы үй-жағдайын жақсартты. Қалған 30 пайызы тап-таза ақша шығару схемалары. Қорындағы қомақты ақшаны шығарып алу үшін ел бір-бірімен келісіп, баспанасын бір-біріне өтірік сатты. Өмірдің шындығы осы. Жұрт тіпті тіс емдетемін деп, тіс дәрігерлерінің қызметтері қымбаттап шыға келді. Кәне, тісіңді көрсет деп, тексермегеніне шүкір деңіз, – дейді сарапшы.
Бір қуаныштысы, өткен жылы салынған баспананың шаршы метрі жағынан Қазақстан тарихындағы рекордтық жыл болды. Қазір халқымыздың саны 19 миллион адам десек, бізде 17 миллион шаршы метр баспана қолданысқа беріліпті. Бұл айтарлықтай оқиға. Бірақ биыл құрылыс қарқыны 2 миллион шаршы метрге бәсең болады. Өйткені халық зейнетақыдан алар ақшасын алып болды, «7-20-25» бағдарламасы да аяқталды.
– Жабылған «7-20-25» бағдарламасының орнына енді басқа бағдарлама ұсынғалы жатыр. Бірақ меніңше, билік мүлдем басқа тұстан бастап жатыр. Несие беруден емес, алдымен құрылыстан бастауы тиіс еді.
Жалпы, бізге баспананы көптеп сала беру керек. Бірақ Алматы, Нұр-Сұлтан мен Шымкентте баспана салатын жер қалмайын деп тұр. Бізде өзі екі нәрсе болып жатыр. Біріншіден, халық саны күрт көбейіп келеді. 2000 жылдан бастап бізде жылына 400 мың бала дүниеге келеді, Құдайға шүкір. 140-150 мыңдай адам қайтыс болады. Таза өсім 250 мың. Әрбір төрт жыл сайын халқымыздың санына бір миллиондап қосылып жатыр. 1,5 жылдан кейін 20 миллион боламыз. Екінші мәселе – үдей түскен урбанизация. Халық ауылды тастап қалаларға көшуде, елді мекендер де бір жерге жылыстап, орталықтанып барады. Шағын жерден ірі жерге көшіп жатыр. Алматыда қазір кемінде 2 миллион адам жүр, бұл мәселені шешу үшін бізге анық жақсылап ойлану керек. Жақын жылдары Шымкент халқы да 2 миллионға жетеді. Астана халқы да миллионнан асып кеткен. Ақтөбе қаласы да қатты қарқынмен көбейіп келеді. Біз бірдеңе қылмасақ, ертең өмірдің жаңа шындығы алдымыздан шығайын деп тұр, – деп ескертеді ол.