Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 03 Мамыр 2022

Қазақтың қорқынышы: Бұрын «Орыс келе жатыр», қазір «Путинге жазамыз»

None
None

Біз орысы жоқ өлкеде өскен ұрпақпыз. Бірақ неге екенін қайдам, бала күнімізде үлкендер «Орыс келе жатыр», деп қорқытатын.

«Орысқа бере саламын» десе, емшектегі баланың өзі жылағанын сап тыятын-ды. Бала қиялымызда орыс образы солай қалыптасты. Себебі, аталарымыз бен әжелеріміз бала күнінде орыстан, нақтырақ айтқанда, Кеңес одағын құрған қызылдардан көп қиянат көргендер. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі, 1920-21 және 1932-33 жылғы ашаршылық талай қазақты қан қақсатып, жанына жара, жүрегіне өшпес қорқыныш ұялатып кеткен-ді. Аталарымыздың сәбет десе сасқалақтап, тілі күрмеліп қалатыны содан екен. Оның бәрін кейін түсіндік.

Орыспен қорқыту қазақ даласының ХX ғасырдың басындағы қасыреті болса да, бұл қорқыныш сүйекке сіңіп кеткен сияқты. ХХІ ғасырдың өзінде Ресейге арқа сүйеп, Путинге арыз жазып, қорқытатындар да бар екен. Олардың көбі өзге ұлт өкілдері емес, өзіміздің қаракөз қазақтарымыз. Бәлкім, әлгілерді айыптау артық шығар. «Орыс келе жатыр», деп бұрын бізді үлкендер қалай қорқытса, «Путинге арыз жазамыз» деп, енді бұлар үлкендерді қорқытып жүр. Дүние кезек деген осы. Олар деп отырғандарымыз – Тәуелсіздіктің құрдастары. Екі дәуірдің қазағында ортақ бір қорқыныш бар: бұрынғысы – орыс болса, қазіргісі – Путин.

Өткен аптада астанада бір топ ата-ана балалары оқитын аралас мектептің таза қазақ мектебіне ауысуына қарсы шықты. Тәуелсіздікті алғанына отыз жыл толған, өз алдына дербес мемлекет құрған, «Қазақстан» деген аты бар елдің тұрғындары осылайша, мемлекеттік тілге қарсы шығып жатыр. Бұл ненің белгісі?

Мұны түсіндіруге соншалық ақылды болудың қажеті жоқ. Егер отыз жылда біз шынайы тәуелсіз мемлекет құрғанымызда, қазір өз қазағымыз өзімізді Путинмен қорқытып, Ресейге арқаланбас еді. Отыз жылда ұлттық мемлекетке айналғанда, қазір баламызды орыс мектебіне береміз дейтін бір адам болмас еді. Тіпті мұндай сауал күн тәртібіне қойылмас еді. Отыз жылда рухы биік, намысы зор атына заты сай мемлекет құрғанда, осы күні қазақ тілі қор емес, зор болар еді. Ғылым мен білім қазақша сөйлеп, экономика мен техника, биліктің барлық құрылымдары мемлекеттік тілде қызмет көрсетіп тұрар еді. Әттең, соған жете алмадық қой.

Неге жете алмадық? Оған кім кедергі болды? Әрине, Назарбаев билік құрған ескі жүйе кінәлі. Неге біз егемендікті ала сала бірден Өзбекстан сияқты ұлттық намысы биік, дәстүрге берік, тілі мен дініне адал, ділі мықты ел құра алмадық? Оған Назарбаев жүйесі май шелпек болған өзіміздің шала қазақтар кінәлі, әрине. Себебі, жетпіс жыл бойы жүргізілген орыстандыру саясаты жарты қазақтың миын шайып, қанына өтіп, сүйегіне сіңіп кеткен. Бұл ащы да болса ақиқат. Сол қазақтардың ұрпақтары әлі күнге дейін қазақ болғысы келмейді. Қазақ болудан арланады. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындағысы да жоқ. Артығырақ айтсақ, әлгі Елорда төріндегі аралас мектепті сақтап қалуға тырысқан қаракөз келіншектердің бірде біреуі Қазақстанды мемлекет ретінде мойындап отырған жоқ. Әлгілердің арасындағы бір сары әйел өзінше, ақылды сұрақ қойған кісімсіп: «Алаш арыстары орысша да, қазақша да сөйлеген. Олар орыс тілінің арқасында, ақылды болды, білімді болды», дегендей сұрақ қойды. Анығын айтсақ, сол Алаш арыстарының қайсысы орыс мектебін бітіріпті? Бәрі қазақ ауылында туып, сауатын ауыл молдаларынан ашып, ана тілінің уызында жарып, содан кейін ұлтқа қызмет қылған жоқ па? Ал жөргегінде орысшаға буылған кім бар қазаққа қалтқысыз қызмет қылған? Ешкім жоқ. Өйткені ондайлар орыс толқынына «көміліп» қалады.

Тілі бұзылған адамның ділі бұзылады. Діл деген адамның табиғаты. Табиғаты бүлінген адам адамзат өркениеті үшін бірдеме жасар, бірақ одан ұлтқа қайыр келмейді. Кеңес одағы кезінде туып, орысша оқып, орысша тәрбиеленген аға буынға айып артпаймыз, кінә да тақпаймыз. Бірақ тәуелсіздіктен кейінгі ұрпаққа не жорық? Бұлар неге орыс тілі десе, емешегі езіліп, өңеші үзіліп тұрады? Бұлар неге қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мойындағысы келмейді? Бұлар неге қит етсе, Ресейді арқаланады? «Қазақстанда орыс тілінің аясы тарылып барады. Қазақстан орыс тілінің құқығын қорлап жатыр», деп, неге байбалам сала береді? Біз егемен ел емеспіз бе? Неге қазақ тілі өз елінде келімсектің күнін кешеді? Осы сұрақтарға президент аппараты жетекшілерінен, премьер-министрден жауап күтеміз!

«Жаңа Қазақстан» билігі ескі Қазақстан кетірген кемшілікке жол бермеу керек. Мемлекеттік тіл тұғырына қонбаса, ескі сарынмен кете берсек, тәуелсіздіктің өзіне қауіп төнеді. Құдай бетін ары қылсын, мемлекеттік тілдің мәртебесі биіктемесе, тәуелсіздікті шайқайтындар – ең алдымен, Путиннен араша сұрап жатқан өзіміздің қаракөздеріміз болары анық. Қазір қазақ тіліне құрметпен қарайтындар қарасы бұрынғыға қарағанда көбейген. Басқасын айтпағанда, орыстардың арасында балаларын қазақ мектебіне бергісі келетіндер жиі кездесіп жатады. Бірақ сондай азаматтарды баспасөз арқылы насихаттау кемшін, дәріптеу аз. Мемлекеттік тілге биліктің бүйрегі бұрмаса, тілім-тілім, деп шырылдаған аз қазақтың үні шықпайды немесе баласын қазақ мектебіне берген аз орыс ешнәрсе өзгертпейді. Керісінше, билік басынан бақайшығына дейін қазақша сөйлемесе, іштен шыққан жауларымыз Путинге арыз жазуын ешқашан тоқтатпайды.

Тегтер: