Қазақтың қуғын-сүргіннен аманы болды ма?!

ХХ ғасырдың басында қазақ халқы бірнеше қуғын-сүргінге ұшырады. 1905 жылы патшаның сөз, баспасөз бостандығы жарияланысымен Ресей астанасы Петерборда «Қанды жексенбі» оқиғасы орын алды.
Бұл оқиға түрік-мұсылман елдерін де бейжай қалдырмады. 1905-06 жылдары империядағы түрік-мұсылман халықтары атынан орталық билік орындарына 500-ден астам петиция (арыз хат) жолданды. Жіберілген арыз хаттарда «жер аударылған орыс шаруаларына қазақтардың атақоныс шұрайлы жерлерін алып беруге, тіпті орыс шаруаларының қоныс аударылуы доғарылсын» деген талап қойылды. Сонымен бірге дін мәселесі, жоғарғы өкілеттік органдарға қазақтарды сайлауға тосқауыл қойылмауы, қазақ тілінде газет-журналдардың шығуына рұқсат берілуі және т.б мәселелер айтылды, қазақтың жоғын жоқтап, сөзін сөйледі.
«Айқап» журналы, «Қазақ» атты газеттер дүниеге келді. Қазақ елін қалың ұйқыдан оятып, оқу, өнер-білім, іскерлік жолына салу, ең бастысы, дербес мемлекет құру сияқты негізгі мақсатқа жетелеген Ахмет Байтұрсыновтың «Масасынан», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағынан» патша өкіметі қатты сескенді. Сондықтан олардың сөйлеген сөздері жіті бақылауға алынып, олардың «ұлтшылдығын» құпия түрде дәләлдеген қат-қат томдар жинақталып, өздері қудаланды.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін басқару органдары қазақ зиялылары –алашордашылардың талап-тілектерініне құлақ аспады, оларды биліктен неғұрлым шеттетуге тырысты, «ұлтшыл» ретінде күдікпен қарау орын алды. 1922 жылдан бастап алашордашыларды партия тарапынан қудалау саясаты ашық түрде жүргізілді. Сөйтіп, Кеңес өкіметі озық ойлы, білімді, ел қамын ойлаған азаматтардан құтылудың жолдарын қарастыра бастады. Сол кездерде М.Дулатов «Ақ жол» газетінде жарияланған «Қазақ зиялылары» деген мақаласында қазақ зиялыларын «ұлтшыл» қылып отырған үкіметтің әккі саясаты екенін әшкерелеп: «Біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегеніміз еді, егер төңкеруші табылады екен дегенде, ұлтшылдықты ортақшылыққа айырбастауымыз қиын емес», – деген еді. Бұл осы жоғарыдағы аталмыш газет орталық биліктің қатаң бақылауына алынған кезеңі болатын. 1925 жылдың 29 мамырында И.Сталин жолдас партияның Қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшелеріне «Ақ жол» газетінің саяси ұстамына байланысты хатын жолдайды. Онда И.Сталин газетте жарияланған материалдар мазмұны жағынан шетелдерде жарық көріп жатқан Мұстафа Шоқайдың жазбаларымен үндес, сабақтас екенін айта келіп, мұндай олқылыққа орын беруге болмайды деген байламды айтады. Сонымен бірге қазақ қоғамындағы Алаш зиялыларының белсенділігінен қорыққан И.Сталин көп ұзамай, 1925 жылдың жазында республика басшылығына Николай патшаның отбасын атуды ұйымдастырушылардың бірі, шаш ал десең, бас алатын Филипп Исаевич Голощекинді жібереді. Жергілікті жердің жағдайымен атүсті танысқан соң, Ф.Голощкин Сталинге хат жолдап, онда ендігі уақытта басымдық жалпыұлттық міндеттерге емес, қазақ ауылын кеңестендіруге, коммунистердің үлес салмағын күрт арттыруға, басқару аппаратын жергіліктендіруге жұмсайтынын айтты. Сөйтіп, Голощекин «Кіші қазан» концепциясын ұсынды.
Голощекин бастаған саяси басшылық қазақ ауылын кеңестендіру жолында тұрған негізгі кедергі байлар табы деп түсінді. Сондықтан да 1926 жылы 26 мамырда «Жерге орналаспай, жер пайдаланатын көшпелі және жартылай көшпелі аудандардың шабындық және егістік жерлерін уақытша қайта бөлу туралы» заң қабылдап, байларды мал жайылымынан айыру шарасын осы жылдың маусым және шілде айларында бастап кетті. Ал 1927 жылдың желтоқсан айында мал-мүлікті тәркілеу туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды. Келесі, 1928 жылдың 27 тамызында «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталатын үкіметтің екі қаулысы шықты. 700 ірі шаруашылықтың мал-мүлкін тәркілену белгіленді. Малмен қоса, бау-бақша, ауылшаруашылық құралдары соқа-сайман, арба, шана, тіптен күрке, жертөлелер де тәркіленуге жатты. Нәтижесінде 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы жер аударылды.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранмен, зорлықпен жұрттың мал-мүлкі тартып алынды. Онсыз да адам шығынына ұшыраған халыққа жөн-жосықсыз қысым жасалып, жер-жердегі билік тізгінін ұстаған шала сауатты атқамінерлердің күні туады. Жергілікті жұрттың мұң-мұқтажы, көшпенділігі ескерілмеді, жаппай отырықшылыққа күштеді, тізімге орта шаруалар да кіріп кете барды. Салықтың небір түрлері кіргізілді, тіпті мүйіз салығы да енді. Еттің, егіннің планын орындаңдар деп, вагон-вагон ет, астық асыра бұрмалаушылықпен орталыққа жөнелтіліп жатты. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1929 жылы Қазақстанда 40 млн бас мал болса, айналасы үш-төрт жылда төрт түліктің саны 10 есеге азайып 4 млнды құраған. Негізгі кәсібі мал болғандықтан, мал басының азаюы халық санының күрт кемуіне алып келгені анық. 1932 жылғы қолдан жасалған аштыққа төтеп бере алмай, халық Қытай, Монголия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстанға ауып, босып кетті. Қолдан ұйымдастырылған аштықтың кесірінен, 2 млн-нан астам халық құрбан болды, кейбір деректерде 3 млн-ға жетіп жығылады, деп көрсетіліп жүр.
Голощекиннің қазақ халқын ұлт ретінде жойып жіберуге бағытталған солақай саясатын әшкерелеп, орталыққа хабарлама айтқан Алаш қайраткерлерін «халық жауы», «бандылық құрылымдар» деп танылып, олар қуғын-сүргінге ұшырады. Ақиқатын айтып, солақай саясатқа қарсы келген Т.Рысқұлов, Н.Төреқұлов, М.Тынышпаев, С.Сейфуллин, О.Жандосов, Н.Нұрмақов және т.б қоғам қайраткерлері қуғындауға ұшырады. Голощекиннің геноцидін айыптап, нақты деректер мен дәлелдерге сүйене отырып, орталыққа жазылған «Бесеудің хаты» аталатын құнды мақалада ел ішіндегі аласапыран жағдайы ашық көрсетіледі. Қазіргі таңда «Бесеудің хаты» спектакль ретінде Ғабит Мүсрепов атындағы және тағы басқа театрларда сахналанды. Бесеудің хатындағы бес автордың бірі Ғабит Мүсірепов екенін көзі қарақты қазақтың білетіні хақ.
1934 жылы Петерборда Киров Сергей Мироновичке жасалған қастандықтан кейін, репрессиялық саясат мәшинесі жедел дамыды. Нәтижесінде әскери емес адамдарды әскери комиссариаттан құралған үш адам бар-жоғы 15 минутта соттаған. Тергеушілер жауап алудың хаттамасын алдын ала дайындап, айыпкерге күштеп қол қойдырған. НКВД-ға тән ерекшелік айыпталушының тегі мен мүлкіне ерекше назар аударған. Бұл тізімге біріншіден, ұлт зиялылары мен бұрынғы бай-кулактартардың балалары, басқа да озық ойлы азаматтар іліккен.
Қазақстандағы кезекті қуғын-сүргін науқаны 1937 жылы БК (б)П ОК-нің ақпан-наурыз Пленумынан кейін өрескел сипат ала бастады. Бұған В.Сталиннің «Троцкийшілдерді және басқа да екіжүзділерді жою барысындағы партия жұмысының кемшіліктері мен оларды жою шаралары туралы» баяндамасы негіз болды. Сол кездегі республика басшысы Л.Мирзоян да республикадағы жаулар мен тыңшыларды анықтауға жедел кірісіп кетті.
Осы науқан кезінде қазақтың бетке ұстар азаматары тыңшы, халық жауы болып, атылып кете барды. Зерттеушілердің мәліметіне сүйенсек, 1937-1938 жылдары республика бойынша 1 млн 344 мың адам лагерлерге қамалған. Олардың 600 мыңы өлім жазасына кесілген.
Репрессия құрбаны – Байбатырұлы Ықым
Көптеген қазақ отбасыларының басынан өткен нәубет Байбатырұлы Ықымның да отбасын айналып өтпеді, өз қиыншылықтары мен зобалаңын ала келді. Байбатырұлы Ықым Алматы облысы (1940 жылға дейін Шұбартау Алматы облысына қараған) Шұбартау ауданында 1876 жылы, қой төлдеген уақытта ауқатты отбасында дүниеге келеді. Жастайынан өзінің пысықтығы мен әкесі Байбатырдың қолдауымен арабша, кейіннен латынша оқып, хат таниды. Шығыстың көптеген хисса, жырларын оқып жатқа айтатын. Өзінің парасаты мен білімділігінің арқасы шығар, ол Семей облысы, Шұбартау ауданы, Мәдениет ауылдық округі, Бақанас өзенінің бойына (Ақүшкел аталған) 1923 жылы алғашқы мектеп салдырады. Қысы қатты Шұбатау өңірінде балаларды шанамен мектепке тасыған. Ынтасы барларын Ташкентке апарып, оқу орындарына орналастырады. Солардың бірі – көзіміз көрген Ибраев Кәрім. Сол ағамызды 1931 жылы Ташентке апарып, САГУ-дің (Среднеазиатский государственый университет) медицина факультетіне түсірген, кейіннен ол Алматыдағы медициналық институтқа ауысады. 1941 жылы Кәрім Ибраев өзі сұранып Ұлы Отан соғысына аттанады, дала госпиталінің хирургі болады. Соғыстан подполковник әскери атағымен келген ағамыз медицина саласында қызмет етіп, сексенінші жылдары өмірден өтті. Аяулы ағамыз атамыз Ықымның жасаған жақсылықтарын өмірінің соңына дейін жыр қылып айтып отырушы еді, жарықтық. Кәрім ағамыз бір естелік әңгімесінде нағашы атамыздың Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековпен қарым-қатынаста болғанын айтқыны бар еді. Сонымен бірге Алматы қаласында тұрған, 1902 жылы туған шұбартаулық Дарбаев Төленді ақсақалдың атамыз туралы: «Сендердің аталарың Ықымды жақсы танитынмын, аталас 12 ата Абақ керейдің ұрпағы едік. Аталарың келгенде, Керейдің игі-жақсылары өре түргелетін, алдынан шығып қарсы алатын. Қазаққа қызмет еткен, мектеп салдырып бала оқытқан, тоған салдырып, тары ектірген. Алаштықтармен байланыста болып, атылып кеткен», – деп айтқаны көп нәрсені ұғындырса керек.
Осы жылдың 16 наурызында атамыз Байбатырұлы Ықымды іздестіру барысында Шығыс Қазақстан облысының полиция департаментіне хат жолдаған болатынбыз. Қуанышымызға орай, 7 сәуірде қолымызға архивтің құжаттары келіп түсті. ҚР ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті, мемлекеттік мекемесінің №3135 мұрағаттық құжаттарындағы мәліметтерге сүйенетін болсақ, атамызды Алматы облыстық НКВД-сі 1937 жылғы 29 шілдеде тұтқындап, сол жылдың 14 қарашасында ату жазасына кесіпті. Тағылған айыбы – Совет өкіметіне қарсы жұмыс жасады, колхоздың мүлкін талан-таражға салды, ұлттық ұйымның мүшесі, халық жауы болды. Осы құжаттағы тағы бір жағымсыз дерек, 1931 жылы банды құрамында болды деген айыптау. Архив құжатына сай, сталиндік репрессияға ұшыраған атамыз Семей облысының прокуратурасының қаулысымен 1989 жылдың 28 сәуірінде ақталды. Атамыздың артында бір ұл, бір қыз қалыпты. Қызы – менің аяулы анам Қазына, 1916 жылы дүниеге келген. Анам марқұм: «Әкем мені 1923 жылы өзі салғызған мектепке алып барған», – деп, туған-туыс, ағайын-жекжаттарға мақтанышпен айтып отыратын. Бала болып айтқан әңгімелеріне құлақ аспадық. Оның үстіне анамыз «халық жауының» қызы болды, көп теперіш көрді. Әкесі туралы айтуға қорқатын, кейін өсе келе, сұрай қалсаң, әңгімені басқа жаққа бұрып, көзіне жас алатын. Анамның жалғыз ағасы – Жамантай 1929-30 жылдары Ташкентке оқуға бара жатып, Ақтоғай елді мекенінде қайтыс болды. Атамыз алғашында «1931 жылы банды құрамында болды» деген айып тағылғанда, ұсталып, сотталады. 1932 жылы түрмеден достарының арқасында босанып шығып, артындағы жалғыз тұяғы Қазынаны алып, Қытай асады. Өйткені Совет өкіметі көзі ашық, көкірегі ояу, Алаш идеясын ту еткен, парасатты азаматты қудалап, күн көрсетпеген еді. Қытай асқан нағашы атамыз Шәуешек қаласына келеді. Сондағы Алаш қайраткерлерімен қарым-қатынаста болады, Шәуешекте тұрып, қызы Қазынаны Майтыұлы Нұрсәлімге ұзатып, 1935 жылы туған елі Шұбартауға қайтып оралады. Келген бойында НКВД жендеттеріне ұсталады. Жоғарыдағы көзі ашық көкірегі ояу екі азаматтың — Кәрім ағамыз бен Төленді ақсақалдың «Алаш ардақтысы Райымжан Мәрсековпен қарым-қатынаста болды», деп айтулары тегін емес. Ұрпақтары біздің топшылауымыз бойынша 1932-1937 жылдар аралығында Шәуешекте кездесуі мүмкін, болмаса 1917 жылғы 27 сәуір мен 7 мамыр арасында өткен алаштықтардың Семей облыстық съезінде кездесуі мүмкін. Себебі бұл облыстық съезге 200-ге тарта делегат қатысқаны белгілі. Бүгінгі таңда Алаш қозғалысы, Алаш қайраткерлері жайында көптеген ғылыми іс-шаралар атқарып жатыр. Қолда бар деректерді жаңа мәліметтермен толықтыру үстінде. Осы тұрғыда Байбатыров Ықымның халқына істеген істерін ары қарай зерттеу артында қалған ұрпақтары – бізге парыз.