Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:57, 09 Желтоқсан 2022

Қазақтың соңғы биі – Шойынбет

None
None

Билер сөзінің тағлыматы туралы ой-толғам

Абайтанушы-ғалым Жабал Шойынбеттің бұл кітабының бірінші бөлімінде профессор ғалымдар Р.Бердібаев, М.Мырзахметов, Ж.Әбіловтердің шығармашылығы мен шәкрт тәрбиелеудегі ерен еңбегі баяндалады. Еліміздің өнер тарландары Р.Сейтіметов, А.Әшімов, Д.Сүлеев және атақты боксшылар Ә.Нұрмаханов, Б.Саттарханов, т.б. жайлы мақалалары мен естеліктері енгізілген. Қазақ елі мен түркі елінің арасындағы рухани байланыс пен бауырмалдық қасиетті сақтап, түркілік ұлы рухты ұрпақ санасына сіңіретін ұлы құндылықтар сөз етілген. Кітаптың екінші бөлімінде Шойынбет бидің өмірі мен шешендік сөздері, нақты деректер, естеліктер арқылы жан-жақты талданады. Бұл еңбек жалпы оқырман қауымға арналған. Кітаптың демеушісі меценат, дәрігер-терапевт Ғани Смаханұлы. Осы кітаптан ақын Мұзафар Әлімбаевтың мақаласын жариялап отырмыз.

Қаратаудың күнгейі мен теріскейінде билік айтып ғүмыр кешкен Шойынбет – әділдігімен һәм тапқырлығымен аты шыққан кісі.

Шойынбет ойланбай сөйлемейді екен. Ол «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле», деп кеңес береді екен басқаларға. Қазылық жасар алдында өз бөркін алдына қойып, оңашада сонымен билік жасап, машықтанатын дағдысы болған. Бөрікті жеңгеннен кейін ғана сөз байламын жасап, билікті сонан кейін жүргізуді әдет еткен. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Әулиеатадағы ушыққан жесір дауына билікті де солай жүргізген. Шойынбет мұнда төбе би болған.

Сонда билікті былай аяқтаған:

Дау берекенің іріткісі,

Рушылдық бөлінгеннің белгісі.

Бөлінгенді бөрі жейді,

Бәрінен артық татулықтың ізгісі.

Бақ дәулет қайда барады?

Ынтымаққа келеді.

Азанғы өкпені түске сақтама,

Түскіні кешке сақтама.

Адамгершілік белгісі кеңдік қой,

Бұл да үлкен ерлік қой.

Ашу араз, ақыл дос,

Ағайын, ақылыңа ақыл қос.

Бірлік түбі береке,

Біріккенді жау алмайды.

Бір-біріңмен татулас,

Ұлы жүз, ағалық қасиет сақта,

Басқа екі жүз, туыстық жолыңды сақта.

Енші алмағаныңды есіңе түсіріп,

Атаң қазақтың үлкен сенімін ақта.

* * *

Татулық өмір көркі

Бірлік өскендіктің ұрқы.

Мал дауы малмен бітер,

Жан дауы жегіқұрт,

Жегіқұрттан арылған ләзім.

Бұл елдің арасындағы даудың арты болсын! – деп сөзін түйіндеген. Әділ билік, уытты сөз жүйесін тауып, ушыққан жесір дауы сонан кейін тоқтапты.

Бір билік үстінде жамағатқа осыншама адамгершілік үлгісін әдемі әрі ақылдылықпен ұсына білген ақылманның жалпақ елге сыйлы болғанына ешкім де шүбә келтіре алмас. Жамандықтан жан түршіктіргендей жирендіре білу де ұтымды, жақсылыққа жан баласын ынтықтыра тарта білуі де естігеннің ес-жадында өшпестей сақталады.

«Дау да берекенің іріткісі»

Осындағы он мың сөздің ішінен әрең табылардай дөп айтудың – «іріткісің сөзінің дөп табылуы идеяны қандай жарқыратып өтімді, пәрменді етіп түр?! Сол сөздің өзі-ақ естіген қүлақты даудан безіндіретіндей сезіледі.

«Азаңғы өкпені түске сақтама,

Түскіні кешке сақтама».

Өкпе өшірілген жағдайда кекке сылтау қалмайды, жанжалға жол жабылады. Осы идеяны Шойынбет өте қисынды қиыстырған. Шешен Шойынбет өте қомақты, кең ойлайды, жан-жақты толғайды.

Бүкіл қазақ елінің бүтіндігін тілеуі – осыны әйгілейді. Аға ақылдылығын танытса, бауырлары тізгін алып алысқа кетпейді, бірлік ұйып түседі.

Бірде Шымкентте өткен ояздық жиналысқа Шойынбет би төрелік жасайды. Келгендердің кейбіреуі оның шағын денесіне, жұпыны киіміне қарап, «Мына түрімен қандай билік айтып жарытарсың» дегендей сыңай танытады. Сонысын дәлелдегісі келген әлгілердің бірі: «Шойеке, менің сізге сауалым бар, соған жауап беріңіз», – деп қолқа салады. Шойекең бұған қарсылық білдірмейді.

  Байлық жақсы ма, бақ жақсы ма, бала жақсы ма? – дейді әлгі. Сонда Шойынбет: «Байлық қолда ұстаған мұз, бақ ұзатылған қыз, бала адамнан қалған із», – деп жауап қайырыпты.

Мынау мықты метафораға құрылған құнды пайымдаулар басқа шешендерде де кездесетін сияқты еді. Мұндай сөздердің авторлығын анықтау, әрине, аса қиын шаруа. Мәселе, тіпті кімнің аузынан шыққандығында емес, ақылды сөздің әсерлілігі баурайды.

Тегтер: