Қазақтың төртінші жүзі

Жүзге бөлінудің тарихы Қазақ еліндегі орталық хандық билікке қырын қарай бастаған аймақ сұлтандарының әрекетіне байланысты Тәуке ханның төбе билерінің бірі – Төле бидің аузынан айтылған сөзге байланысты басталса керек.
«Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» дегендей, іргедегі Моңғолия жақтан 1635 жылы жоңғарлар құрған мемлекет күш алып, Қазақ еліне қыр көрсете бастаған кездегі ел бірлігінің сиқын кетірген белді-беделді сұлтандарды пәтуасына келтіру үшін Төле би: «Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін!» – деп ұран тастап, елді ынтымақты болуға шақырған көрінеді. Ақыры жоңғар-ойрат-қалмақтар мен қазақ арасында болған көпжылдық соғыс Абылай хан тұсында Цин империясының тегеурінімен қазақтардың пайдасына шешіліп, тыныштық орнай бастаған заманда Қазақ елінің солтүстігіндегі Ресей мемлекеті күш алды. Бұлардың айбарынан сескенген қазақтың әлгі белді-беделді сұлтандары Абылайдан бұрын-ақ Ресей бодандығын мойындай бастаған еді.
Оңай олжаға батқан Ресей біртіндеп қазақ жүздерін өзіне қаратып қана қоймай, 1822-24 жж. Қазақ хандығын біржолата жойып, XIX ғасырдың 60-жылдарынан бастап бүкіл Қазақ еліне өз үстемдігін еркін жүргізе бастады. Олар Қазақ елінің жерасты және жерүсті байлығын әбден біліп, барлап болғасын, рухани жағынан отарлауға көшкенде қазақтың жеті атасына соқтығысып, балтасы тасқа тиген еді. Өйткені бұл киелі дәстүрдің қазақ тарихымен әлімсақтан байланысы бар болатын. Қазірдің өзінде өз арамыздағы кейбіреулер «жеті ата» дәстүрін тек қан тазалығымен шектеп жүр. Ресей жағы да басында солай түсініп, осы бір қасиетті дәстүрді жою үшін барып тұрған рушылдыққа жатқызды: «Сендер «жеті ата» деп, рушылдықтан аса алмай жүргенде, батыс елдері көп ілгері кетіп қалды. «Жеті ата» дегенді қойыңдар» дегенді айтып, жымысқылықпен бізді тарихымыздан әдейі ажыратуға тырысты.
Ал енді осы орыстар секем алған «жеті ата» дәстүрінің тарихпен байланысты кең мағынасын ашар болсақ, «қазақ бола тұра, жеті атаңның кім болғанын (абыз, би, болыс, батыр, шешен, сал, сері, күйші, саятшы т.б.) білмесең надансың, онда жер басып жүрудің, тіпті өзіңді қазақпын деп атаудың қажеті жоқ» деген ұғымды білдіреді. Расында, егер әр қазақ өзінің жеті атасының кім болғанын білсе, онда бүкіл қазақ өз елінің тарихын зердесінде сақтаған ғой. Орыстарға бұл ұғымның кең мағынасы тек Кеңес өкіметі кезінде белгілі болып, енді олар «жеті ата» дәстүрін ұлтшылдыққа жатқызды. Оларға керегі ауызша тарихпен келген өзіндік тарихымызды қалайда жою болатын. Сондықтан сол дәстүр жөнінде әңгіме қозғайтындардың бәрі «халық жауы» болып есептелді. Міне, дәл осы арадағы жаппай қорқыныштан кейін аталар айтатын ауызша тарихымыздан қол үзіліп қалдық. Ресейліктер үшін қазақтың сол бір тарих қойнауындағы рухани байлықтарының сыры ашылғасын, олар келесі кезекте қазақтың тілін, дәстүрін, наным-сенімі мен әдет-ғұрыптарын жоюға жол ашып алып, бүкіл XX ғасыр бойы соларды мүлде жою мақсатында тікелей орыстандыруға көшкен еді. Бұл өзі орыс мұжықтарын қазақ жеріне жаппай қоныстандыру арқылы жүзеге асырылғаны тарихтан белгілі.
Кеңес кезіндегі Қазақстанға қоныстандырудың негізгі легі «тың игеру» дақпыртымен байланысты басталған болатын. Басында Н.С.Хрущев тұрған КОКП қайраткерлері Қазақстандағы «бос жатқан жерді игеру» ұранымен империяның бүкіл батысындағы одақтас республикаларынан, негізінен, орыстілді қаңғыбастардан тұратын (армияға тең келетін) адамдар тобын Қазақстанның орталығы мен солтүстігінде орналасқан бес ірі облысқа (біреуіне бірнеше Франция сыйып кететін жер) тез арада төгіп тастады. Шындығында, сондағы Қазақстанға келген келімсектер саны II дүниежүзілік соғыс қарсаңында Манщужирия өлкесіне топтанған Жапонияның 1 млн «Квантун» армиясының санынан асып түсті. 1954-64 жж. бұлардың саны жыл өткен сайын ұлғайып, бірнеше млн-ға жеткен болатын. Патша заманында келген орыстілді келімсектердің санын еселеп өсірген олар КСРО басшылығына Л.И.Брежнев келетін 1964 жылы аталған өлкеде ежелден тұратын жергілікті халықтың бәрін дерлік орыстандырып үлгерді. Міне, тура осы арадан бастап қазақтың орысша сөйлейтін төртінші жүзінің негізі қалыптасты. Осы жүз дәл сол аралықта «мәңгүрттер» атауымен өз тарихын бастап та кетті.
Өкінішке қарай, бұлардың негізгі дені қазақтың ақылгөй шешендер мен ақындарының, атақты сал-серілер мен ардақты Алаш зиялыларының және ғұлама ойшыл ғалымдарының ұрпақтары болатын. Айналып келгенде, жаңа пайда болған төртінші жүз Л.И.Брежнев кезінде «қалам беріп дауға қоятындардың» орнын алмастырды да, аз уақыт ішінде Қазақстандағы кеңестік саясатты жүргізетін орталық биліктің нағыз қолшоқпарына айналып үлгерді. Сөйтіп, олар еліміз тәуелсіздік алғанға дейін ғылым, білім сияқты тұтқалы орындардың бәрінің басы-қасында жүріп, қазақ тілінің рөлін төмендететін «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» деген ұранды ойлап тауып, бүкіл КСРО шеңберіндегі елдерге асқан мақтанышпен дәріптеп жеткізді. Ал шын мәнінде ол ұран қазақ тілін жоюдың лабораториясы болатын. Міне, осындай ұрандарды қолдан жасаған төртінші жүздің қылығын көрген басқа жүздің көптеген адамдары өз ұрпағын «орыс тілін білмесең, күн көре алмайсың» деген ниетте тәрбиелеуге көшті де, балаларын мүмкіндігінше орысша оқытуға күш салды. Оның есесіне бұл уақытта орталық пен солтүстік Қазақстан өлкелеріндегі қазақ мектептерінің негізгі дені жабылып та қалған еді. Кеңес лидерлері болса бұны үлгі ретінде жақсы пайдаланып, қазақ жүздерін бір-біріне айдап салу науқанын ойлап тапты да, қазақ тілін мүлде мұқалту саясатын жүргізуге кірісті. Оның ақыры КСРО-дағы ұлт атауын жойып, «бірыңғай кеңес халқы» деген ұғымға жақындатты.
1985 жылы М.С.Горбачевтың ойлап табуымен қолданысқа енген «қайта құру» деген сөз, бір жағынан, В.И.Лениннің теорияларын қайта жаңғырту дегенді білдіреді. Ендеше «қайта құру» идеясын дүниеге әкелген М.С.Горбачев ұлт мәселесі жөніндегі «ұлттарға толық тең құқық беру», олардың «өзін-өзі билеуі», тіпті «ұлттардың жеке мемлекет болып бөлініп кетуге дейінгі құқығын мойындау» жөніндегі В.И.Лениннің бағдарламалық ұстанымын о бастан басшылыққа алды. 1986 жылы болған әйгілі Желтоқсан көтерілісі кезіндегі негізінен ауылдан келген қазақтілді жастардың тілге тиек еткені де осы болатын. Олар ереуіл кезінде В.И.Лениннің портретін бекер көтеріп жүрмеген еді. Өйткені олар В.И.Лениннің ұлт мәселесінің астарын бір кісідей білетін. Көп адамдардың түсінігінде, әсіресе төртінші жүздің ұғымында сол көтеріліс жасаған жастардың қылығы топастыққа жатқызылды. Бұлардың бір бөлігінің ұйғарымындағы көтерілісшілер саяси саналылығы төмен, қараңғы ауылдың қазақша оқыған қара тобырлары сияқты көрінетін. Өздерімен салыстырғанда олар үшін қазақша оқу деген амалсыздан болған бейшаралық болып көрінсе, екінші бір азғантай бөлігі болса, олар олай ойлаған жоқ. Әйтеуір, аз да болса қазақ ділінің иісі бар олар қазақ ретінде өздерін қазақтілді көтерілісшілерден төмен санады. Олай етпей қайтсін, көтеріліске шыққандар қазақ тілін жақсы біледі, олар қазақ ретінде өз ұлтын қастерлей біледі, ұлтының ділдік қасиеттерін ешкімнің аяғына таптатқысы келмейді.
Жалпы, көтеріліске шыққандардың бәрінің тұла бойында қазақылық пиғыл аңқып тұрды. Ал осындай жағдайда төртінші жүздің жастары алаңға қай бетімен шықсын?! Не тілдің, не ділдің қадірін білмесе, олардың бойында қандай қазақылық намыс болсын?! Осыған байланысты олар орыс тілінің қаны сіңген әке-шешелерінің қасынан ұзап кете алмай, үйінде қамалып отырып қалды. Бір жағынан қарағанда бұл арадағы кез келген ата-ана алаңда болып жатқан қанды қырғынға баласын қайтіп қиып жіберсін?! Дегенмен көтерілістен кейінгі естеліктерде төртінші жүздің өкілдерінен өздерінің кінәсін мойындағандар болған жоқ. Шындығында, осы топ ауылдан келген қандастарының жүрегінде от боп лаулаған ұрандар өз бойларында қолдау таппағандықтан, алаңға шықпай қалған болатын. Себебі ол кезде қала жастарын өкіметке қарсы итермелейтін пиғыл да, өзіндік түсінік те болған жоқ. Олар осы кездің өзінде америкалық үндістер тәрізді табиғи өнімге айналып кеткен болатын. Сондықтан бұларды кейінгі кезде айтылып барып басылған «қазақстандықтар» десе де болады («мәңгүрт», «шала қазақ», «орыстілділер» дегендердің бәрінің ұғымдық жиынтығы осы).
Расында, бұлар өкіметке неге қарсы шығуы керек? Олардың жегені алдында, жемегені артында дегендей, Г.Я.Колбин келіп, мансаптық асықтары алшысынан түскелі тұрғанда жанып тұрған отқа басын неге тықсын?! Төртінші жүздің сорақылығының өзі де осында жатқан болатын. Олар көтерілістен кейін өздерін жеңімпаздар қатарынан көріп, көтеріліске шыққан жастардың ісін өзара талқылағанда беттері бүлк етпестен орыс тілінде бұлбұлша сайрай жөнелді. Сөзіміз дәлелді болу үшін 1997 жылдың 17 қазан күні «Егеменді Қазақстан» газетінде жарияланған Жәнібек Азат деген автордың «Желтоқсаннан жетелі тағылым алсақ» деген мақаласынан мына бір үзінділердің байыбына барып көрейік: «Орыс декабристері тарихтан орын алды, ал қазақ желтоқсаншылары болса тарихқа ұшырап тынды». Бұның қандай тілде дүниеге келіп, дүрілдей жөнелгені сізге де, бізге де «секрет» болмаса керек-ті. Солай екені рас-ау, бірақ мұны өзгеден емес, өзім сияқты, яғни қалалық, қазіргі тілмен айтқанда, «асфальттік» қазақтың аузынан естігенмін және бір ғажабы – айтушының бет әлпетінен әлдебір ашу-ызаның ізі де байқалған жоқ. Солай, «понимаешь», нейтралитет...»
Мақала авторы осыдан кейін былай деп дұрыс қорытынды жасаған: «Қала қазақтары, оның ішінде жастары да, алаңдағы оқиғаларға тікелей қатыспағаны құпия емес. Бұл күндері кейбіреулердің «асфальттік» қазақтардың бір қарағанда түсініксіз осы қылығын олардың есіне салып, көзіне түрткісі келетін болар. Бірақ, егер, қазақ қоғамының осынау проблемасының түбіріне үстірттеу болса да үңіле қарасақ, біз, бейнелеп айтқанда, өз құйрығын өзі тістелеп жатқан жыланды көрген болар едік». Біздің ойымызша, автор, жұмсақ болса да, өте дұрыс байлам жасаған. Жұмсақ дегенде айтарымыз, қоғам төртінші жүздің Желтоқсандағы бейжайлығына «үстірт» емес, асқан жауапкершілікпен қарау керек. Себебі ол, автор айтып отырғандай, жай ғана «жылан» емес, түйені түгімен, биені бүгімен жұтатын нағыз әбжыланның өзі.
Өкінішке қарай, осыдан 35 жыл бұрын қалай болса – қазір де төртінші жүз қылығының болары болып, бояуы сіңіп кеткен. Мәселе бүгінгі оларды бүкіл қазақ болып дұрыс жолға салуда болып тұр. Бұл болатын іс. Себебі бұрын үш жүзге бөлінген қазақтың бүгінде басына таяқ тиіп, балтасы тасқа тиген шақ. Олардың бәрі бүгінде мал да баға алады, дауды да шешеді, жауды да ауыздықтай біледі. Бұрынғы қазақ жоқ бүгін. Тек бірлік керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, төртінші жүзді бәріміз болып «Көлік беріп, жолға салып жіберуге» әбден болады. Біз сөзге жығылып, әділ тоқтамға келе білетін дана халықтың ұрпағы емеспіз бе, қала біткен қазақпен толысып келе жатқан осы тұста ел болып қозғалмасақ, «темірді қызған кезінде соғуға» шамамыз жетпей қалады.