Қазақтың ұлттық мүддесі

Тарихтың даму заңы бойынша 1991 жылы Совет Одағы деп аталатын Қызыл империя ыдырап, бұрынғы соған тәуелді болған республикалар саяси тәуелсіздігін алып, өздерінің ұлттық мемлекеттерін құрып, егеменді ел атана бастады.
Соның бірі Қазақстан болатын.
Әрбір ел тәуелсіздігін алып, егеменді ел атанғаннан кейін оның ұлттық мүддесі пайда болады. Меніңше ұлттық мүддеге әрбір елдің – тәуелсіздігінің нығаюын, жерінің тұтастығын, тілінің дамуын, дінінің сақталуын, салт-дәстүрінің өркендеуін жатқызуға болады. Жаңадан тәуелсіздігін алған елдер бірінші кезекте ұлт ретінде сақталып, дамуы үшін осы айтылған ұлттық мүддесін қорғауы керек. Ол үшін әуелі отарсыздандыру саясатын жүргізуі тиіс. Ал біз болсақ әлі күнге дейін отарсыздандыру туралы сөз қозғауға да батылымыз жетпей келеді. Бізбен бір мезгілде тәуелсіздігін жариялаған Балтық жағалауы елдері бірден отарсыздандыру саясатын жүргізудің арқасында рухани тәуелсіздіктен көп жетістіктерге қол жеткізді.
Мысалы, олар өздерінің ұлттық тілін мемлекеттік тіл деп жариялап, қазіргі кезде іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізіп отыр. Шынын айтқанда оларда да орыс диаспоралары Қазақстандағыдай өте көп болатын, бірақ та мемлекеттік тілді барлық тұрғындарға мойындата білді. Балтық жағалауы елдерінің Ресеймен арадағы жер мәселесінде дер уақытында ашық қоюының арқасында ол проблемаға айналмай, екі жақтың мойындаған шекарасына айналды. Сондықтан да оларды қазір толық қанды тәуелсіз, егеменді ел деп айтуға болады.
Қазіргі Ресей империалистік саясатты ашық жүргізіп отыр және милитаристік елге айналып, өзінің айналасындағы көрші елдерге қауіп төндіре бастады. Олар Совет Одағының күйреуін ХХ ғасырдың геосаяси қателігі деп санайды. Бұрынғы Азия, Африкада отар ұстаған Батыс елдері өздерінің отарлаушы ел болғанын мойындап кейбірі сол үшін кешірім сұрап отырса, Ресей өзін отарлаушы ел болды деп санамайды қайта керісінше, бұрынғы Совет Одағына кірген елдерге өзінің үстемдігін қайтадан орнатуға тырысуда. Оны қазіргі Украинадағы, Белоруссиядағы, Грузиядағы жүргізіп отырған саясатынан анық көруге болады. Ресей бұл елдерде жер, тіл мәселесін проблемаға айналдырып, сол арқылы қысым көрсетіп, өзінің ықпалынан шығармауға ұмтылуда.
Ресей орыс тілділер қай мемлекеттің жерінде болса да олардың мүддесін қорғауға өзінің міндеті деп санайды. Бұл әрине империалистік саясат, Совет Одағы кезінде республикалардың келісімін сұрамай славяндарды әдейі барлық республикаларға қоныстандырған болатын. Мысалы, Қазақстанға тың көтереміз деп сылтаурап миллиондаған славяндарды көшіріп әкелді, бұл отаршылдардың империалистік саясаты болатын.
Қазіргі орыс диаспоралары қазақ тілінің мемлекеттік тіл болуына қарсылық көрсетіп отыр, ал Ресейде өздерінің тарихи ата қонысында өмір сүретін ұлттардың бәрі орыс тілін білуге міндетті деп, оларға талап қояды, осы фактінің өзінен Ресейдің империалистік ел екенін, ал орыстардың отаршыл ұлт екенін көруге болады.
Қазір ХХІ ғасыр, бұрынғы отар елдердің бәрі тәуелсіз ел атанып өздерінің ұлттық мемлекеттерін құрып жатыр. Сондықтан да дүниежүзінде жүздеген миллион адам құлдық санадан арылып, бақытты өмір сүруге ұмтылуда. Қазір көп елдер атом қаруымен қаруланған, егерде соғыс бола қалса ол бүкіл адамзат баласына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан да Ресей сияқты атом қаруымен қаруланған елдер империалистік саясат жүргізіп, басқа елдердің тәуелсіздігіне қауіп төндірсе, ондай елмен бүкіл дүниежүзі елдері олардың империалистік саясатын дер уақытында әшкерелеп қарсылық көрсетуі керек. Себебі енді соғыс бола қалса ол атом соғысына айналуы мүмкін, ондай жағдайда екінші дүниежүзілік соғысты бастаған Гитлердің қылмысы баланың ойынындай болып қалуы мүмкін. Сондықтан да қазіргі империалистік саясат жүргізген елдерді дер кезінде әшкерелеп, олармен барлық экономикалық, мәдени, рухани қатынастарды тоқтатып, олардың милитаристік саясатын бүкіл дүниежүзінің алдында әшкерелеп, оларға моралдық соққы беру керек.
Қазір ХХІ ғасыр байланыс пен қатынастың жоғары дамыған заманы, сондықтан да көпшілік қауымнан жасырын саясат жүргізу мүмкін емес, тек әрбір мемлекеттің немесе жеке тұлғалардың жүргізген саясатына сараптама жасап, оған объективті талдау жасауға болады. Сонда ғана қай елдер қандай саясат жүргізіп отырғанын білуге болады. Әйтпесе бүгінгі күні Ресейдің ақпарат құралдары Совет Одағының 1991 жылғы тарихтан жойылуын сол кездегі Ресей билігінің либералдық демократиялық саясат жүргізуінің салдары деп санайды. Шындығында бұл өте қате пікір, себебі сол кездегі Совет Одағындағы саяси тоталитарлық жүйе халық алдындағы беделін түгел жоғалтқан болатын және Одаққа кірген республикаларға тәуелсіздік берілмесе 1918 жылғы Ресейдегі сияқты Азамат соғысы басталып, Ресей федерациясындағы автономиялы республикаларға дейін азаттық үшін күрес басталып Ресейдің өзі бірнеше бөлшектерге бөлініп кеткен болар еді.
Бүгінгі Ресей табиғи байлығының арқасында жаңа қару-жарақпен қаруланып, күш жинағаннан кейін бұрынғы кейбір республикаларда өзінің ықпалын сақтау үшін империалистік саясат жүргізіп оларға қысым көрсетіп отыр. Әрине бұрын отар болған халықтар қайтадан Ресейдің бодандығына түспес үшін оларға қарсылық көрсетуге тырусады. Бірақ та бұрын бірнеше ғасыр Ресейдің отары болған халықтардың бір бөлігі ассимиляциаға ұшырап, өздерінің ұлттық болмысын жоғалтып алған болатын. Қазіргі орыс отаршылдары солардың көмегіне сүйеніп бұрынғы үстемдігін қайта орнатқылары келеді. Олар басқа республикаларда орыс тілін сақтау үшін жылда жүздеген миллион қаржы бөліп мектептер ашуда және орыс тілі де мемлекеттік тіл болу керек деп басқа республикаларға талап қояды. Қазіргі басқа республикаларда дау-жанжалдардың туу негізінен Ресейдің империалистік саясатының салдары, себебі олар сол елде тұратын орыс диаспоралары ол елдің мемлекеттік тілін білуге міндетті емес, дейді және оларға орыс тілін мемлекеттік тіл жасауын талап етеді. Ресейдің осындай империалистік саясатын білетін орыс диаспоралары орыс тілінен басқа тілді білгілері келмейді және тіл туралы дау-жанжал шығаруға әуес. Қазақстанның саяси билігі орыс диаспораларының осындай жанжалынан сескеніп осы кезге дейін Конституциясында қазақ тілі мемлекеттік тіл деп жазылса да іс қағаздарын бұрынғы метрополяның тілінде жүргізіп келеді. Сондықтан да қазіргі өсіп келе жатқан жастар мансапқа қол жеткізу үшін орыс тілін үйренуге мәжбүр. Соның салдарынан олар ана тілінен айырылса, ана тілінен айырылған адамның ұлттық санадан, ұлттық рухтан айырылатыны анық, олай болса ондай адамда ұлттық болмыстың да болмайтыны белгілі. Меніңше қазіргі билік саналы түрде қазақты ұлттық болмысынан айырып, ұлтсыздандыру саясатын жүргізіп отыр.
Биліктің бұл қылмысын әшкерелеу үшін бізге ұлттық идеология керек. Ұлттық идеологияның міндеті қазаққа бірінші, ұлттық мүдде дегеніміз не, оны қалай жасап, қалай қорғауға болады, соны түсіндіруіміз керек.
Екінші, демократиялық қоғам құру, себебі осы кезге дейін қазақ халқы Ресейдің отары болып келді және көшпенді өмір салтымен өмір сүрді.
Ұлттық мұдде – ұлттық байлықпен мемлекетті нығайтуға бағытталынған, заңдар мен тиісті шарттарда бекітілген, идеялар, ережелер және іс-әрекеттер жиынтығы десек, онда біздің үкіметіміздің іс-әрекеттерін неге, күні бүгінге дейін, өзіміздің жерімізде өзге диаспорлардың мүдделерін қорғау мен оларды жүзеге асыруға бағышталып отыр?
Бұрын бірнеше ғасыр отаршылдық езгіде болып, ұлттық санасын әлсіретіп алған халық үшін, соның ішінде халқының үштен бірі ана тілінен айырылып, мәңгүрттенген, халқының тең жартысы аштан қырылып геноцидке ұшыраған, оқыған, саяси сауатты зиялы қауымы репрессияға ұшырап, түрмеге қамалған, атылған, жері атом қаруының сынақ алаңына айналып уланған және экологиялық апатқа ұшыраған халыққа ұлтының тәуелсіздігін нығайтып, ұлттық болмысын сақтау оңай шаруа емес. Ол үшін халықтың санасын сауықтырып, ұлттың рухын жаңғыртатын ұлттық идеология қажет. Ұлттық идеология болмай жолда кездесетін қиыншылықтарды жеңіп, алға қойған мақсатқа жету мүмкін емес.
Біздің тәуелсіз ел атанғанымызға келесі жылы отыз жыл болады, бірақ та тәуелсіздік сөз жүзінде айтылғанмен күнделікті өмірімізде өзгеріс шамалы. Сол бұрынғы Совет Одағы кезіндегідей интернационалдық идеологияда советтік өмір салтымен өмір сүрудеміз. Адамдардың моралдық адамгершілік сапасы өте төмен, қылмыс жасау, заң бұзушылық өте көп, адамдардың әлеуметтік жағдайы да өте ауыр. Жұмыссыздар, үйсіздер өте көп, зауыт-фабрикалар жабылып, колхоз-совхоздар таратылып кеткен, өндіріс тауарлары, азық-түлік көбіне шет елдерден тасылады. Қазақстан отар кезінде оның табиғи байлығы Ресейге тасылса, қазір оның қызығын бюрократ шенеуніктер көруде.
Қазақстан қоғамына қазір саяси реформа өте қажет. Бүгінгі авторитарлық саяси жүйені демократиялық саяси жүйеге айналдыру керек және оны эволюциялық жолмен жасау қажет. Ол үшін қазақ халқының ұлттық санасы мен менталитетін өзгерту қажет, оны тек ұлттық идеология арқылы жасауға болады. Мен бұл идеяны өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері айтып келемін. Бірақ та халық арасында ол идеяның тарап әрі қарай дамуына президент Назарбаевтың әрекеті тосқауыл болды. Мұның тарихы былай өрбіген болатын.
Мен «Қазақ әдебиеті» газетіне «Салауатты өмір салты» (23.04.1996) және «Салауатты өмір салты қоғамын құруды ұсынамын» (14.01.1997ж.) деген мақалалар жазған болатынмын. Мен өз мақалаларымда салауатты сөзі қазақша «парасатты», «байыпты» деген мағынаны білдіретінін, сондықтан да салауатты өмір салты деген сөз қазақтың болашақ өмір салтының мағынасында айтылуы керек екенін дәлелдеп жазған болатынмын. Бірақ та Назарбаев 1997 жылғы «Қазақстан 2030» деген халыққа жолдауында орысша «Здоровый образ жизни» деген сөзді қазақша «Салауатты өмір салты» деп аударып, оның мағынасын өзгертіп, халықты шатастырып қойды. Соңынан осындай атаумен қоғам құрылды. Оған жылда денсаулыққа бөлінетін ондаған миллиард қаржының бір пайызын беріп отырды, бүгінгі күні сол қоғамның аты да, заты да айтылмайды.
Осы идеяға ұқсас Сатыбалдиев Дәурен деген «Азат» қозғалысының белсенді азаматы құрған «Жаңғыру» деген ұйымы болатын. 2017 жылы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» деген мақаласы шыққаннан кейін біздің бюрократ шенеуніктер әрбір ұсақ-түйек нәрсені рухани жаңғыруға теңеп, даңғаза мадаққа айналдырып, рухани сөзінің маңызын кетірді. Соған қарағанда Назарбаевтың айналасында қазақтың ұлттық мүддесіне қас, ол жөнінде айтылған жақсы идеялардың жұмыс істегенін қаламайтын күш бар сияқты.
Мен еліміздің тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Тәуелсіздік – біздің тағдырымыз» деген кітап жазып, өзімнің зейнетақыма 300 дана етіп шығарған болатынмын. Ол кітап 1. Тәуелсіздігіміздің нығаюы. 2.Жеріміздің тұтастығы. 3. Тіліміздің дамуы. 4. Дініміздің сақталуы. 5. Салт-дәстүріміздің өркендеуі деген бес тараудан тұрады. Бұл кітапта негізінен қазақ халқының ұлттық мүддесі туралы айтылады. Бірақ кітап дүкендеріне шығаруға рұқсат етілмейді. Онда тек Ресейдің баспасынан шыққан кітаптар ғана сатылады. «Алматы кітап» баспасы әр кітапты 4-5 есе қымбатқа сатады, сондықтан ондай қымбат кітапты онша ешкім алғысы келмейді. Соған қарағанда, қазақ халқының ұлттық мүддесі туралы жазылған кітаптарды таратуға қазіргі билік онша мүдделі емес сияқты.