Қазақтың үні қашанғы қалыс қалады?
Жалпы, біздің билік реттейтін бірнеше мәселе бар. Ол жыл өткен сайын қылаң беріп келеді.
Ең қиыны – жиі қайталанатыны.
Осыдан бір жыл бұрын қазақ пен дүнген арасында Қордай қақтығысы орын алды. Оған қатысты кінәлілер жазасын алды. Алды 20 жыл, кейінгілері шартты түрде жазаға кесілді. Алайда, бұдан кейін бетін аулақ қылсын, ұлтаралық қақтығыс орын алмаса да, қазақтың намысына тиетін оқиғалар жиі кездесіп келеді. Ол не?
Өткен жылы мәжіліс сайлауының қарсаңында Ресей жақтан қазақ территориясына көз алартқандардың, яғни Никонов, Федоров, Жириновскийлердің даусы шықты. Оған билік пен намысты ұлдар жауап берді. Алайда ең қиыны – өз ішімізден қазақтың суын ішіп, нанын жеп, өзіне қарсы айқайға басатын «шынжыр балақ, шұбар төстер» шықты. Уайымымыз да осы. Көтерген мәселеміз бос болмас үшін орын алған бірнеше оқиғаға қайта назар аударайық. Өкінішке қарай, олардың барлығы да елде өмір сүріп жатқан басқа этнос пен диаспора өкілдері болып тұр.
23 сәуір күні Батыс Қазақстан облысының тұрғыны қысқатолқынды пеш сатып алып, оның нұсқаулығы орыс тілінде жазылмағанын дау етіп, Tiktok-қа видео салды. «Бұл не деген сұмдық? Орысша нұсқаулығы қайда? Қазақша түсінбеймін. Қазақ тілін үйрену ойымда да жоқ. Оны үйренетіндей мемлекет маған не берді?» – деп, тәуелсіздік алғанына 30 жыл болған билікке базынасын айтты. Мемлекеттігімізге күмән келтірді. Артынан кешірім сұрап құтылды.
26 сәуір күні Жезқазған қаласының 27 жастағы тұрғыны қазақ ұлтын анайы сөздермен балағаттады. Ол да артынан кешірім сұрады.
Осыдан бірер апта бұрын Павлодардағы Абай ескерткішіне жұмыртқа лақтырған 21 жастағы орыс жігіті де тәртіпсіз әрекеті үшін ант-су ішті.
Мұның бәрі нені көрсетеді? Бұл ақтауға тұрарлық оқиға ма? Бәрі де тиісті жазасын алды. Айыбын арқалады. Павлодардағы жігіт Абай ескерткішін жуды. Бірақ ертең мұндай оқиға тағы да қайталанбасына кім кепіл?! Сондықтан не істеу қажет? Ұлтқа, этнос өкілдеріне қатысты ортақ ұлттық идея, ұлттық идеология керек. Ең алдымен ассамблея жұмысы барынша жандандырылуы тиіс. Сондықтан елдегі басқа этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіріп отырған, яғни билік өздері сүйіп айтатын тіркес – «кіші БҰҰ», ассамблеяны қайтадан реформалау керек. Ассамблеяны реформалауға немесе таратуға қатысты әлеуметтік желі мен БАҚ-та жиі айтылып жүрген қазақтың даусын билік естуі қажет.
Жоғарыдағыдай тосын, қазақтың намысына келетін оқиғалар қайталанбау үшін өзге этнос өкілдеріне өзгеше мемлекеттік саясат жүргізілуі керек. Сонда ғана олар «Қазақстанды – өз Отаным» деп санайды. Елдігімізге, мемлекетке күмән келтіретін сөз айтпайды. Егер мәртебесі бар ұлттың ұлылығын басқалар сезіне алмаса, ұлттың құндылықтары бағаланбаса, онда Қазақстандағы елдік патриотизм, қоғамдағы бірлік пен татулық туралы қалай әңгіме айтамыз?! Шын мәнінде ұлттық идея мен идеология мемлекетқұрушы ұлттың арман-мақсатының орындалуында жатыр. Ал мемлекеттің негізгі басымдық саясаты қазақ тіліне, қазақ ұлтының салт-дәстүрі мен құндылықтарын қадірлеуге құрылуы тиіс. Бұл елдегі басқа этнос өкілдерін кемсіту деген сөз емес. Ел ортақ қазақ тілінде сөйлесе ғана алауыздық болмайды. Ал Қазақстандағы бар халықты ортақтастыратын – қазақтың тілі. Сонда ғана елімізде отырып, бүйректен сирақ шығаратын оқыс оқиғалар орын алмайды.
Ендеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мына бір ой саларлық пікірін өзгелер үнемі жадында ұстап жүруі тиіс. «Жаңа сын-сынаққа төтеп беру үшін ең алдымен ұлттық құндылықтарды қорғай білген жөн. Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді, ұлттық сана-сезімді, қоғамдағы татулық пен келісімді, береке-бірлікті сақтай алмасақ, келер ұрпақ бізді кешірмейді. Әсіресе мемлекеттік тілдің мәселесі өте маңызды. Тіл – ұлттың тұғыры, ұрпақтың ғұмыры. Қазақ тілі қазақты әлемге таныта алады. Халықтың тілі – халықтың төлқұжаты. Мұны әрдайым есте ұстау керек. Біле білсек, ұлттық қауіпсіздік тілімізді қадірлеуден басталады», – деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.
Демек, еститін билік қазақтың үнін естуі тиіс және жоғарыдағыдай оқиғалар қайталанбау үшін өзгелер де сабақ алуы тиіс. Өйткені «қазақтың әлемін», қазақтың үнін қалыс қалдыра беруге болмайды.