Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 25 Тамыз 2021

Қазақтың жауы кім?

None
None

Өткендегі бір мәлімдемеде Ауғанстандағы қазақтардың саны 200 мыңнан аспайтыны айтылып қалды.

Бұрын газеттерде ол жақта 100 мыңнан 300 мыңға дейін қазақ бар деп айтып та, жазып та жүрген. Ауғанстандағы қазақтар екіге бөлінеді екен. Бірі – 1930 жылдарға дейін сонда барып, сол жақтың халқына сіңіп кеткендер. Олар тілін ұмытқанымен, қазақ екенін біледі. Екіншісі – 1930 жылдары аштық кезінде, елде аласапыран уақыт басталғанда сол жаққа өтіп кетіп, сонда барып тұрақтап қалған қандастарымыз екен. Кешеден бері видеода қазақша жап-жақсы сөйлеп отырған әжелер мен аталар сол кісілерден қалған ұрпақ болса керек.

         Неге екенін білмеймін, осы біздің шеттегі қандастарымызға келгенде бір кедергілер пайда болады да қалады. Қоғамда олардың елге келгенін жақтырмайтын, қазақтың өсіп-өнгенін қаламайтын бір күштер бар секілді болып көрінеді. Ондай күштер жоқ деп айтайын десең, оңтүстіктің қазағын мына тұрған солтүстіктің өзіне жолатқысы келмей отырған Сауэрдің не дегенін өткенде естідіңіздер ғой. Қай жерде айтылғанын, кім айтқанын білмеймін, енді бүгін Ауғанстандағы қазақтар тіл білмейді деп шығыпты. Осы қаншама адам Қазақстанның азаматтығын былай да алып жатыр ғой. Солардың бәрі тіл біле ме? Оны қойшы, өзіміздің министрлер мен депутаттардың арасында да қазақша қақпайтындар жетіп жатыр. Олар қалай мемлекеттік қызметте жүр, сонда?  

       Шеттен келетін қазақтар тіл біле ме, білмей ме, онда ешкімнің шаруасы болмасын. Олар жырақта жүріп қазақшасын ұмытып қалғанына кінәлі емес. Шетелді айтпағанда, қазақшаны қатырып сөйлей алмайтын, орыс тілі ана тілі секілді болып кеткен қазақтар өз арамызда да көп. Бейбіт елде тып-тыныш өмір сүріп жатса бірсәрі, өміріне қауіп төнген Ауғанстандағы қандастарды елге көшіріп әкелу солар Отаным деп есептейтін қазақ үкіметінің міндеті болуы керек.

(Фейсбуктен)

Тегтер: