Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ: Шын мәнінде халықтық басылым еді

«Жас Алашқа» -100 жыл
Газеттің аймақтағы беделі басылымда қызмет ететін журналистің білім-білігіне, ақыл-парасатына, қажыр-қабілетіне де тікелей байланысты. Сондықтан басылымның ғасыр тойы қарсаңында «Жас Алаштың» Батыс Қазақстан облысындағы бұрынғы меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлымен сұхбаттасуды жөн санадық.
– Қазбек аға, «Жас Алашпен» алғаш таныстығыңыз қашан басталды? Қызметке қалай келдіңіз? Сол кезде қоғамдық-саяси ахуал қалай еді? Қызметке алынғандағы алғашқы әсеріңіз қандай болды?
– «Жас Алаштың», одан бұрынғы «Лениншіл жастың» атақ-даңқы әуелден ерекше еді ғой. Өз басым «Жас Алашқа» қызметкер, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарындағы тілшісі ретінде 1998 жылдың аяғы, 1999 жылдың басында қабылдандым-ау деймін. Ол кезде Батыс Қазақстан облыстық «Орал өңірі» газетінде қызмет етуші едім. Алматыдан достарым – ҚазМУ-дың журналистика факультетінде бес жыл бірге оқыған Абылай Сабдалин, Айгүл Аханбайқызы, Гүлзат Нұрмолдақызы, Гүлнәр Жұмабайқызы жиі хабарласып, «Жас Алашқа» шақырумен болды. Бұл достарым редактор Нұртөре Жүсіпке де менің мақтауымды жеткізе берсе керек. Шынымды айтайын, алғашында жүрексініп, қолымнан келе ме екен деген күдік те болды. Бірақ жіберген мақалаларым сол күйінде, бір әрпі өзгермей шығып жатқанын көріп, бірте-бірте сенімділік орнады ғой деймін. Сөйтіп, ХХ ғасырдағы ең үздік қазақ басылымдарының бірінде қызметкер атанып, ғасыр парағын жаптық қой.
«Жас Алаш» газеті штатқа алар кезде «Оралдағы қызметіңде де жасай берсең, қарсылығымыз жоқ» деді. Бірақ облыстық газет редакторы Мәжит Қайырғалиевпен ақылдасқанымда, «екі кеменің құйрығын ұстамай», біржолата кеткенімді мақұл көрді. Бұл шешім шынымен де дұрыс болды деп ойлаймын. Өйткені «Жас Алашқа» алаңсыз беріліп қызмет еттім. Жалпы, журналист ретінде бағым ашылып, рахаттана, ләззат ала қызмет еткен кезім – 1998-2004 жылдар арасы, республикалық «Жас Алаш» газетінде меншікті тілші болған уақытым дер едім. Жазған мақала-хабар, ақпараттарым екі күннің бірінде бір әрпі өзгермей шығып жататын.
Қазақстанның батыс өңірі газетті ең көп оқитын, мерзімді басылымдарға жақсы жазылатын аймақ саналады. Ал «Жас Алаштың» даңқы сол жылдары тіпті дүркіреп тұрды. Шын мәнінде халықтық басылым еді. Осындай мықты газеттің тілшісі болғандықтан, біздің де абыройымыз жаман болған жоқ. Басшылар «Жас Алаштың» сынына ерекше шамшыл еді. Газеттің кей саны (облыс басшысын сынаған мақала жарияланған) Оралға жетпей, жолдан жоғалып кеткен оқиғалар да болды. Компьютер жоқ кезде мақаланы қолмен жазып, «Қазақтелекомнан» факспен жіберетінбіз. Тарифі удай қымбат байланыстың әр секундын санап, жіберген мақалаңның көшірмесі «анық көрінсе екен» деп қылпылдап тұратынбыз. Факс аппаратын сатып алып, өз үйіме орнатқан бақытты күн әлі есімде.
– Сол кездегі облыс басшылары Қабиболла Жақыпов, Қырымбек Көшербаевтармен, кейінгі әкімдермен байланысыңыз қалай өрбіді? Газеттің пәрмені қалай еді?
– 1998-99 жылдары облыс басшысы Қабиболла Жақыпов болды. Нарық қиындығы тұралатқан ел әлі еңсесін көтере алмай жатқан кез еді. Сондықтан түрлі сыни мақала газетке жиі шығатын. Сол тұста «Хабар» агенттігінің облыстағы тілшісі болған талантты әріптесім, марқұм Азамат Қалымбетов екеуміз көбіне бірге жүрдік. 2000 жылы облысқа Қырымбек Көшербаев әкім болып тағайындалды. Зиялы, қазақы мінезді, өте іскер Қырымбек Елеуұлының келуімен Батыс Қазақстан облысында жаңа дәуір басталды деуге болады. Ол күндердің суреті сол кездегі басылым беттерінде тұрған шығар. Қырымбек Көшербаев БАҚ өкілдерімен жақсы қарым-қатынас орнатты. Ол кезде ұялы телефон жоқ, облыс басшысы үйге хабарласатын, жеке қабылдап, өңір журналистикасына қатысты кейбір мәселелерде пікірімді сұрайтын. «Жас Алаш» көтерген мәселелер де оңынан шешіліп жататын.
– Есте қалатын қандай мақалалар жазылды, нақты газеттің араласуымен шешілген мәселелер болды ма?
— 2002 жылы «Жас Алаштың» 80 жылдығы тұсында газет қызметкерлері бүкіл Қазақстанды аралап, ел-жұртпен кездескен сәті есте қалды. Газет пен оқырманды жақындастырған мықты шара еді. Әділін айту керек, «Жас Алаш» газетінің сол кезеңдегі абырой-беделінде бас редакторы Нұртөре аға Жүсіптің көп еңбегі бар деп ойлаймын. Нұрекең қалыптастырған ұжым, творчестволық атмосфера ерекше ашық-жарқын еді. Біз секілді қиырдағы тілшілерін жиі жинап, қонақүйге орналастырып, төредей төрге шығарып қоятыны өз алдына, елде жүргенде де редакторымыздың қамқорлығын анық сезінетінбіз. Олай дейтінім – меншікті тілшінің артынан сөз көп ереді, сені айналып өткісі, сыртыңнан сатып жібергісі келетіндер де табылады. Бірақ Нұрекең бірде-бір рет «сен туралы осындай әңгіме бар» деген емес.
Меншікті тілшінің күнде араласатын ұжымы, ортасы болмайтыны қиын. Оның үстіне «облысымыздың жақсысын асырып, жаманын жасырудың орнына айдаладағы газетке жариялап, туған жеріңді масқаралап жатырсың» деп кінәлап, сені сатқынға балайтындар да табылады. Бірақ өз басым «Жас Алаштың» Батыс Қазақстан облысындағы тілшісі ғана емес, Батыс Қазақстан облысының «Жас Алаштағы» тілшісімін» деп сезініп, қызмет еттім.
Әрине, есте қалатын оқиғалар көп. Қателеспесем, 2001 жылы «Жас Алашта» Мұхтар Мағауиннің «Бәрінен де сен сұлу» атты мақаласы жарияланды. Онда әйгілі жазушы қазақтың арғы-бергі тарихын айтып, дәстүрімізде бар көп әйел алушылыққа рұқсат беру мәселесін көтерген болатын. Салмақты сөз, деректі дәйек қарсы уәж айтуға болмастай еді. Мұхаңның осы хатына Атырау облысының Махамбет ауданына қарасты Таңдай ауылында тұратын бір оқырман қарсы мақала жазды. Ол газеттің бірінші бетінен бастап жарияланды. «Әйгілі жазушыға қарсы қаймықпай сөйлеген әрі әр сөзі мірдің оғындай бұл Жәниба Қарасаева деген кім екен?!» деген сауалдар да редакцияға көп түсіпті. Кейбіреулер ондай адамның бар екеніне сенбей, «газет өзі ұйымдастырған болар» депті. Редакция тапсырмасымен мен Жәниба апайды ауылына іздеп бардым. Бірер күн үйінде қонып, жақын таныстым. Апайдың мінезі мен парасатына тәнті болдым. 1977 жылдан бастап айтыс сахнасына шыққан Жәниба Қарасаева «Атырау облысының №1 ақыны» деген атағы бар танымал қаламгер екен. «Сүтақы», «Жүректің пернелері» атты кітаптары таяуда жарық көрген. «Жас Алаштағы» мақаласына орай, сол кездегі Атырау облысының әкімі Иманғали Тасмағамбетов «Бүкіл қазақ қыздарының намысын қорғағаныңыз үшін» деп, алғыс хатпен марапаттапты. Әрине, апайды таныстырған менің мақалам да газетте жарық көрді. Сол жылы Жәниба апай – жылдың ең үздік авторы, мен ең үздік тілші атанған едім.
– Бүгінгі ғасыр тойын тойлағалы отырған «Жас Алашқа» жүрекжарды лебізіңізді естісек.
– Жалындаған жас кезімізге тап келген соң ба, «Жас Алаштың» орны мен үшін бөлек. Әрине, қазір көп жағдай өзгерді. Республикалық басылым да көбейді, оқырман онға бөлінді, тасқа басылған сөзге Құдайдай сенетін жұрттың да қарасы азайды. Мұның бәрі газеттің де, тілші қызметінің де мәртебесін түсірді. Дегенмен оқырманына адал қызмет ететін басылым болса, әлі де көптің махаббаты көл болуы оңай. Сондықтан «Жас Алаш» газетіне, күллі қазақтың сүйікті басылымына шын жүректен «Ғасырлық той құтты болсын!» айтамыз. Ақпарат майданында әлі де ұзақ жасап, оқырман көңілінен шыға бергей!
— Сұхбатыңызға рақмет, аға!