Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:50, 29 Наурыз 2022

Қажетсіз қазақ мұнайы...

None
None

Қара теңізде болған дауылдан Каспий құбыр желісі консорциумына тиесілі құбырға айтарлықтай зақым келді деп жазады Reuters.

Аталған құбыр арқылы Қазақстанның экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданатын.

Консорциум мамандарының айтуынша, танкерлерге мұнай құятын үш қондырғының екеуі айтарлықтай зақымданған. Қазір тек біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Құбырларды жөндеуге қажетті жабдықтарды сатып әкелуге дейін мұнай тасымалының көлемі жоспардан үш есеге дейін азаюы мүмкін. Ал Ресей энергетика вице-министрі Павел Сорокиннің айтуынша, аталған ақауды жөндеу үшін 1,5-2 айдай уақыт кетеді екен. Яғни, мұнай экспортының көлемі тәулігіне 1 млн баррельге дейін төмендейді деген сөз. Сарапшылар Еуропаға тасымалданатын мұнай көлемі күрт азайғандықтан оның бағасы барреліне 150 долларға дейін қымбаттауы мүмкін деген болжамын айтып отыр. Бұл жағдай қазақстандық мұнай өндіруші компанияларды да тығырыққа тірейді. Өйткені, аталған құбыр арқылы еліміздің экспорттық мұнайының үштен екісі сыртқа тасымалданып жатыр. Атап айтқанда, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кеніштерінен шыққан «қара алтын» осы құбыр арқылы өтеді.

Каспий құбыр желісі консорциумы баспасөз қызметінің мәліметінше, апат орын алған жерге кем дегенде үш аптада ғана жөндеу жүргізіледі. Каспий құбыр желісі консорциумы бас директоры Николай Горбан бүгінгі таңда теңіз терминалында жүк тиеу толығымен тоқтатылғанын мәлімдеді.

«VLU-2 және VLU-3-тен басқа, одан әрі жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін зақымдарды тапқандықтан мұнай жөнелту тоқтатылып, пайдаланудан шығарылды. ВЛУ-1-де тоқтап тұр. Апатқа байланысты толық зерттеу жүргізіліп жатқандықтан мұнай тиеу жүргізілмейді. Наурыз және сәуір айларында мұнай жөнелту көлемін қысқарту 3 еседен 5 есеге дейін төмендейді» дейді Н. Горбан. Қазір Новороссийск маңындағы теңіз терминалы аймағындағы сынамалар іріктеп алып, тергеу жұмыстары басталды.  

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, мұнай жіберу мүлдем тоқтап қалуы Қазақстан экономикасына айтарлықтай залалын тигізеді.

«Алдымен бүкіл құбырдың өзі емес, құбырдың белгілі бір бөлігі ғана зардап шекті деп айтылған еді. Бұл жерде тәулігіне мұнайды 200 баррельге қысқартылады деп айтылған. Яғни, бір жылда 800 млн баррель көлемінде экспорт қысқаруы мүмкін. Соңғы ақпарат бойынша мұнай өндіруі толығымен тоқтап қалған екен. Бұл біздің экономика үшін соққы болайын деп тұр. Өйткені, Қазақстан мұнайының 80 пайызы осы құбыр арқылы тасымалданады. Бұл ретте, саясаттанушылар Ресейге салынған санкцияның салдарынан көрші ел тарапы біздің мұнайды Еуропаға жібермеудің амалын осылай ойластырып отыр деген пікір де айтылып жатыр. Саяси сипат алмағанын тексеру керек. Өйткені, бұл құбырда мұнай тасымалдауда Қазақстандық үлес 50 пайызды құрайды. Бюджетке 50 пайыз салықтық түсімдерден түсетін қаражат мұнай есебінен болып отыр. Қазір әлем бойынша мұнай бағасы артты, енді ұлттық қорды толтырамыз деп қуанып отырғанда мынадай жағдай орын алып отыр. Мұнайды баламалы түрде теміржол арқылы жеткізуге болады деп айтылып жүр. Бірақ консорциум арқылы жіберілген көлемдей болмайды», дейді экономист.

Сарапшы Айбар Олжаевтың айтуынша, Новороссийск портындағы танкерлерге мұнай құятын құрылғылардың бірінен соң бірі істен шыға бастауы табиғи апаттан көрі саяси ойынға жақын.

«Оңтүстік Озереевкадағы «КТК-Р» терминалын КТК-ның өзі бақылап отырғанын ескерсек, біздің ондағы меншік үлесіміз 19 пайыз. Chevron, Eni, Mobil Oil-мен қосылсақ 42 пайыз болады. Мұндай үлеспен акционерлердің өздері барып, аудит жасап, терминалдың жұмысын жүргізіп отырған ресейліктердің ақпараты рас па, өтірік пе, тәуелсіз тексеріп, анықтауға болады. Егер шын бүлінген болса, онда қайта қалпына келтіру жұмысын қадағалап отыру керек. Және бір ай ремонттан біз шамамен 3 миллиард доллар жоғалтып аламыз. Ал егер қасақана бүлінген болса ше? Ол Ресейдегі порт. Ресей оны қажет деп тапса, өз меншігіне қайтара салады. Мәселенің былай өрбуі халықаралық компаниялардың Каспий құбыр консорциумынан шығып кетуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Ондай жағдайда біздің мұнайды Еуропаға сату енді оңай тимесі анық», дейді ол.

Каспий құбыры тезірек іске қосылғаны Ресейге тиімді ме?

Каспий құбыр желісі консорциумы арқылы өткен жылы 585 танкер жөнелтілді. Негізгі бағыты: Италия – 213 танкер, Франция 39 танкер, АҚШ – 26 танкер, Испания 41 танкер және басқа да бірқатар елдер бар. Әрине, тиеуді тоқтату және қысқарту осы елдерге жөнелтуді 3-тен 5 есеге дейін төмендетеді.

Қазақстанның энергетика министрлігі орын алған жағдайға байланысты пікір білдіріп  «баламалы бағыттар бойынша мұнайды экспортқа жөнелту мүмкіндіктері пысықталуда» деп мәлімдеме жасады. Осы ретте Қазақстан үшін мұнай тасымалдауда қандай балама бағыттар бар деген сұрақтың туындауы заңдылық.

Экономист Асылхан Андашов: «Қазақстан Каспий құбыры істемей қалған жағдайда қандай баламалы жолдар бар деген сұраққа ең бірінші балама жол Қытайға апаратын «Атасу-Алашанькоу» құбыры. Алайда, Ресей Батыс санкцияларынан соң Қытайға қосымша мұнай жіберу туралы келісімге келді. Сондықтан Қазақстаннан «артылған» мұнайды кез келген кезде Қытайға сата бере аламыз деген сөз емес. Оның үстіне, Қазақстан мұнайын негізгі сатып алушы Еуропа елдері – Италия, Швейцария, Франция және т.б. Екінші бағыт Ақтау порты. Бұл бағыт арқылы жыл сайын 10-12 млн тонна мұнай экспортталған. Қазір 2 млн тонна ғана. Алайда, аяқ асты Ақтау арқылы қосымша 10 млн тонна мұнай алып өтуге мүмкіндік жоқ. Ол үшін қосымша инфрақұрылым қажет. Оған да бірнеше ай қажет болады. Ал жалпы, бұл жолды қолға алсақ мұнайды болашақта «Баку-Тбилиси-Джейхан» құбыры арқылы сату мүмкіндігіне ие боламыз. Әзірбайжанмен келісім бойынша Қазақстан 2010-жылдары жылына 38 млн тонна мұнайды аталған құбыр арқылы жіберуімізге болады»,- дейді.  Оның сөзінше, қазіргі қалыптасқан жағдайда Каспий құбыры тезірек іске қосылғаны Ресейге тиімді деп дөп басып айту қиын. Қазақстан былтыр 85,9 млн тонна мұнай мен газ конденсатын өндірген еді. Оның 67 млн тоннасы Каспий құбыр желісі консорциумымен Новороссийск порты арқылы 53 млн тонна экспортталатын. Қазіргі қалыптасқан жағдайда осы жылғы мұнай экспорты 8-10 млн тоннаға азаюы мүмкін. Бюджетке түсім 500-800 млрд теңгеге азаяды деген сөз. Бұл өз кезегінде ЖІӨ өсіміне де әсер етеді.

Каспий құбыр желісі консорциумынан өзге мұнай тасымалдайтын бағыт жоқ

Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықовтың айтуынша, Қазақстан үшін Каспий құбыр желісі консорциумынан өзге мұнай тасымалдайтын бағыт жоқ.

«Бұл бағытты 30 жыл дегенде әрең жолға қойдық. Қазір бізде мұнай экспортының үш негізгі бағыты бар. Ең негізгісі Каспий мұнай құбыры консорциумы. Оның қуаттылығы 2021 жылы 67 млн тонна дейін жеткен, бұл бағытта 53 млн тонна мұнай экспортталды. Бұл барлық сыртқа шығарылған мұнайдың 79%-ы. Екінші бағыт Атырау-Самара мұнай құбыры. Үшінші бағыт Қазақстан-Қытай құбыры», дейді Рашид Жақсылықов. Оның айтуынша, мұнай тасымалдаудың Каспий құбыр желісі консорциумына өзге бағытын қарастыру керек деген ұсыныс 2014 жылы айтылған. Бірақ оған билік өкілдері мән берген жоқ. «Енді күніміз тек осы бір ғана бағытқа қарап отыр. Мысалы, Атырау-Самара мұнай құбыры арқылы жіберейік десек, оның әлеуеті жетпейді. КҚК жіберген мұнайдың бір бөлігін де бұл бағыт арқылы жібере алмаймыз. Ал Атырау-Самара «қабілетін» арттыру үшін бізге кем дегенде 5 жыл және қыруар қаражат қажет болады. Ең дұрыс әрі қаржылық тұрғыдан тиімді шешім КҚК тез арада жөндеп, іске қосу ғана», дейді мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы.

2021 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандық мұнай экспорты 67,6 млн тонна болды. Ресейлік маршрут арқылы КҚК мұнай құбыры жүйесі арқылы 53,71 млн тонна жөнелтілді. Бұл Қазақстан экспорттайтын мұнайдың 80% -ы еді.

Бұған дейін АҚШ пен Еуропа «Ресейдің мұнайынан бас тартамыз» деп мәлімдеме жасаған еді. Бірақ Ресей арқылы өтетін Каспий құбыр желісі консорциумындағы Қазақстан мұнайына шектеу қойылмайтынын АҚШ энергетика министрлігі ресми түрде мәлімдеген болатын. Артынша, құбырда апат болып, Қазақстан Еуропаға мұнай шығара алмайтын жағдайға жетті. Қалай десек те, бұл жағдайды «маған бұйырмаса саған да жоқ» деген көршіміздің жаман пиғылы деп емес, қанша жылдан бері «айтып келмеген апат» деп қабылдайық.

Тегтер: