Қазіргі заманға сай жаңа форматтағы мұғалімнің тұлғасы

Егемен еліміздің тірегі, мәртебелі мектебіміздің жүрегі – мұғалім. Сондай-ақ еліміздің жұпар аңқыған гүлдердей көркеюі мен тамырын терең жайған ағаштай өсуі тікелей мұғалім маман иелеріне байланысты.
Себебі еліміздің жаһандану сатысына көтерілуі мен дамуына айқын үлесін қосатын жас ұрпақты тәрбиелеуші, қалыптастырушы маман иесі де – мұғалім.
Білім берудің әртүрлі нұсқадағы мазмұны, құрылымы, ғылым мен тәжірибеге негізделген жаңа идеялар мен инновациялық технологияларды зерттеп, оны өз іс-тәжірибемізде қолдану арқылы оқу-тәрбие процесінде шығармашыл білімді тұлғаның дамуына мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар қазіргі бәсекелестік орын алған заманда жаңа форматтағы мұғалімнің тұлғасы, мәдениеті мен білімі, қабілеті мен дарыны, танымы мен санасы жоғары ұлы тұлға ретінде суреттелуі тиіс. Осы жолда өз міндеттерін жауапкершілікпен алып жүрген ұстаздар да аз емес. Бірақ та әлі де болса елімізде ұстаздарымыздың бойында жетекшілік қабілеттерін дамыту мен біліктілігін арттыру жетіспейді. Егер елімізде әр ұстаз өз сабағын инновациялық технологиялармен толықтырғанда дамушы қоғамымыз дамыған күйге баяғыда жетуші еді. Оның себебін «Америкадағы мықты оқу орындарының болуы Америка бай мемлекет болғандықтан емес, Америкада мықты, күшті оқу орындарының болғанынан» деп, АҚШ президенттерінің бірі айтқан болатын. Яғни сіздің қай мемлекетте оқығаныңыз маңызды емес, бастысы – сонда алған біліміңізді дәлелдей білуіңізде.
Сіз экономикасы төмен елде немесе шағын қалашықтағы оқу орнында жоғары білім алып, оқи да аласыз. Осындай білім арқылы әлемге атағы кең жайылған бірлестікте немесе одақта жұмыс істей аласыз. Білімді қай жерде озық үлгіде алсаңыз, соған байланысты қандай біліммен, білікпен, деңгеймен, ой-жүйеңіздің мықтылығымен оқып келгеніңізге қарайды. Сондықтан әлем ойлап тауып жатқан технологиялардан хабардар болып, өз жұмысына шығармашылық жолмен қарауды басты назарға алу керек. Мысалы, әр ұстаз өз сабағын тақырыптарға сай оқушыларға ойын түрінде өткізе отырып, қызықтыруға болады. Сонда ғана әр уақытта сабақты қызықты әрі оқушының білімге деген қызығушылықтарын оңай баурап алуға болады. Мұғалім информатор, бақылаушы, тексеруші, жазалаушы қызметін тастап, керісінше, ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болуы керек.
Ы.Алтынсарин «Маған жақсы мұғалім бәрінен қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» деген. Демек, қазіргі мектеп алдындағы басты міндеттерді шешуде мұғалімнің кәсіптік білімі, мәдениеті жоғары болуы шарт.
Негізінде, мұғалімдік қызметтің екі негізгі функциясы бар. Олар оқушылардың әлеуметтік тәжірибені қабылдауы мен іске асыруын басқару және азаматтың жинақтаған білімдерін тарату болып саналады. Мәселен, қоғамның дамуына сәйкес, мұғалімнің қызметтік функциясы бірге дамып, өзгеріп, өңделіп отырады. Бұл өскелең ұрпақтың тәрбие жүйесіне қойылып отырған нақтылы мақсаттар мен міндеттерге тығыз байланысты. Нақты айтқанда, қазіргі және бұрынғы кеңес мұғалімі әлеуметтік психолог болып табылады. Өйткені мұғалім балалар ұжымының қарым-қатынасын реттеудің әлеуметтік механизмдерін біліп, оны пайдалана алуы қажет.
Сонымен, XXI ғасырдың мұғалімі қандай болуы керек деген сұраққа жауап берсек. Біріншіден, мұғалім тәуекелшіл болуы тиіс. Жаңа ғасырдың мұғалімі кез келген ауыртпалықты өзіне қабылдай отырып, тәуекелге баруға дайын болуы керек. Оның бойындағы осынау қасиеті өзгелерге үлгі болады. Әрі мұғалім ұғымының өзі өзгеге үлгі болуға үйретеді.
Екіншіден, психолог болуы тиіс. Мұғалім тек білім беріп қана қоймай, алдында отырған әр шәкірттің психологиясын зерттеу керек. Топтан бөлек, әр шәкіртпен жеке-жеке жұмыс жасау – басты талап. Өйткені әр оқушының қабілеті әртүрлі.
Үшіншіден, білікті педагог болуы тиіс. «Педагог» сөзінің өзі тәрбие мен ұстаз ұғымына өте жақын. Шәкіртке түрлі әдістер арқылы тәрбие беру, білім нәрімен сусындату ең маңызды болғандықтан, мұғалімнің өзі білікті әрі сауатты педагог болғаны дұрыс.
Төртіншіден, көшбасшы болу – басты міндет. Олай дейтінім, бүгінгі таңда мұғалімдерге тек қана сабақ беріп, лекция оқумен шектелуі шәкіртті қанағаттандыра алмайды. Мұғалім өзінің ұйымдастырушылық қабілетімен қоса, сол ортада көшбасшы бола білуі керек.
Бесіншіден, заманауи технологияны игере білуі тиіс. Бүгінгі мұғалімнің басты мақсаты да заманауи инфрақұрылымдарды, техниканы меңгеру болып саналады. Соның ішінде компьютердің ішкі жүйесін, офистік бағдарламаларды, электронды тақталарды игеру арқылы жаңа заманға бейім жастардың көңілін аудару арқылы сабақты да қызықты өткізе алады.
Алтыншыдан, рухани бай болу керек. Қай елде болсын мұғалімдер жаны рухани құндылықтарға бай болып, елдің ұлттық болмысы мен табиғатын бала бойына терең сіңіруге, отансүйгіштікке тәрбиелеуде таптырмас құрал саналады. Ұстаздың жаны рухани тәлімге толы болса, шәкірттің алар ілімі де далаға кетпек емес.
Жетіншіден, әмбебеп мұғалім болуы өте маңызды. Мұғалім жаңа заманға сай, жан-жақты, білімді, білікті болуы, әр сайыста жеңімпаз болуы, шәкіртіне түрлі әдістемелік құралдар арқылы жағдай жасаса, онда ол бір мұғалім емес, сол оқу орнының да абыройы болар еді.
Сонымен қатар мұғалім интеллигент болуы шарт. Яғни мұғалімнің өзін-өзі ұстауы, киім киісі, жүзінің жарқын бейнесіне дейін көрініп тұруы керек. Әрбір сөзге сауатты, әрбір ісіне жауапты мәдениетті, интеллигент тұлға болуы тиіс. Сондықтан интеллектуалды қабілеті аса маңызды. Өйткені талабы күшті қоғамның ағысы қатты. Ал сол ағысқа қарсы шәкірт даярлау тағы да мұғалімнің еңбегі. Қай ғасырда болсын мұғалімнің орны тақтан биік тұруы тиіс.