Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 09:12

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебек екі айға қамауға алынды

темірлан еңсебек
Фото: ашық дереккөз

QazNews24 сатиралық паблигінің авторы, белсенді Темірлан Еңсебек Алматыдағы тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды. Оған «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылды.

Сот отырысы 18 қаңтар күні кешке қалалық полиция басқармасының ғимаратында өтті. Басқарма маңына белсендінің жиырмаға жуық жақтастары жиналды. Олар Instagram желісінде Қазақстан басшылығы мен елде болып жатқан оқиғалар туралы сатиралық жазбалар жариялаған Темірлан Еңсебекті қудалаудың саяси астары бар деп есептейді.

Айта кетейік, Алматылық белсенді Темірлан Еңсебек 17 қаңтар күні кешке үйінде тінту жүргізілгеннен кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Алматы полиция департаментінің хабарлауынша, әлеуметтік желіде жариялау арқылы ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін паблик авторына қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Осы қылмыстық құқықбұзушылықты жасады деген күдікпен жалпыға қолжетімді парақшалардың бірінің авторы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» 174-бап) күдікті жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Белсендінің достары Темірлан Еңсебектің ұсталуын сатиралық парақшадағы кейінгі жазбалары себеп болғанын айтады.

Белсендіні полицияның ұстауы алғашқы емес, 2021 жылдың мамыр айында Темірлан Еңсебектен құқық қорғау органдары жауап алған. Ол кезде белсендіге «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша айып тағылған. Темірлан Еңсебек айыпты жоққа шығарған. Кейіннен, 2022 жылдың қыркүйегінде Алматы полициясы қылмыстық істі жауып тастағанын хабарлады.