Qaznews24 сатирикалық паблигінің жұмысы тоқтатылды

Қазақстандағы ең танымал сатирикалық парақшалардың бірі Qaznews24 өз жұмысын тоқтатты. Жобаның негізін қалаушы, журналист Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі мен оған байланысты шектеулер бұл шешімге басты себеп болды.
2025 жылдың қаңтарында Темірлан Еңсебек Алматыда ұсталып, оған ұлтаралық араздық тудырды деген айып тағылды. Сот шешімімен ол 5 жылға бостандығын шектеу жазасына кесіліп, қоғамдық қызметпен айналысуға, журналистік және саяси іс-шараларға қатысуға тыйым салынды. Сонымен қатар, оның электронды құрылғылары тәркіленді. Апелляциялық шағым да қанағаттандырылмай, алғашқы үкім күшінде қалды.
Сот процесінен кейін Темірлан Еңсебек жобадан кететінін мәлімдеді. Парақша командасы анонимді форматта жұмысын жалғастырғанымен, посттардың жиілігі азайды. Авторлар мұны уақыттың және ресурстың тапшылығымен түсіндірді. Бұған қоса, аккаунтқа хакерлік шабуылдар жиілеп, жарнамалық серіктестіктер тоқтады.
Команда сатириялық ұстанымынан бас тартпайтынын айтады, бірақ болашақта жобаны толыққанды жалғастыру үшін донат жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
Human Rights Watch және бірқатар халықаралық ұйымдар бұл істі сөз бостандығын шектеу деп бағалап, Қазақстан билігін Еңсебекті босатуға және қылмыстық істі тоқтатуға шақырды.