Qaznews24 сатирикалық жобасының авторы Темірлан Еңсебек тағы да полицияға шақырылды
Сатирикалық Qaznews24 паблигін құрушы Темірлан Еңсебек полицияға тергеуге шақырылды.
Бұл жөнінде оның адвокаты Жанар Балғабаева хабарлаған.
Адвокаттың айтуынша, Астана қалалық полиция департаментінің Тергеу ббасқармасы Т. Еңсебекті жауап алуға шақырған. Жанара Балғабаеваның талабы бойынша тергеу Алматыда өтетін болды.
"Оны Qaznews24-тегі қандай да бір пост бойынша шақырып отыр, бірақ нақты қай жазба екенін бізге айтпады", – деді адвокат.
274-бап бойынша тергеу
Еңсебекке қатысты шақырту Қылмыстық кодекстің 274-бабы – "Көрінеу жалған ақпарат тарату" бойынша тіркелген іс аясында жасалып отыр. Бірақ адвокатқа оның нақты процесстік статусы – куәгер ме, күдікті ме – алдын ала хабарланбаған.
"Әдетте алғашқы тергеу куәгер ретінде жүреді. Бірақ тергеуші толық ақпарат бермеді. Құжаттарды тапсырғаннан кейін ғана мәлімет береміз деді", – дейді Балғабаева.
Астана полициясы хабарламасында:
"Көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша соталды тергеу тіркелді. Қазір ақпарат жинау және тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Азамат Е. куәгер ретінде шақырылды", - деген.
Еске салайық: Т. Еңсебекке биыл 5 жыл шектеу жазасы берілген.
2025 жылдың сәуірінде сот Темірлан Еңсебекті "ұлтаралық араздық қоздырды" деп тауып, бес жылға бас бостандығын шектеу және қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салу жазасын кескен.
Т. Еңсебек бұл айыптарды түбегейлі жоққа шығарып, үкімді "ақылға сыймайтын тым ауыр" деп атаған.
Іс Ресей насихатшысы Тина Канделакидің Қазақстандағы топонимдерді өзгерту туралы пікірі шыққаннан кейін Qaznews24 жариялаған сатиралық постқа байланысты қозғалған болатын.
Адвокат Жанар Балғабаева айыптауды тоқтатуды талап етіп, істің негізсіз екенін мәлімдеген еді.
Qaznews24 жобасы жабылды
2025 жылдың мамырында Темірлан Енсебек өзі құрған Qaznews24 сатирикалық паблигінен кететінін хабарлады. Кейіннен паблик мүлде жабылғаны белгілі болды.