Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:02, 21 Сәуір 2023

ҚазҰУ – білікті маман тәрбиелейтін мекен

None
None

Адам өмірінде жасайтын ең маңызды таңдаудың бірі – мамандық. Мамандық ол күнделікті жұмыс қана емес, сіздің бүкіл өміріңіз.

Таңыңыз атқаннан кешіңіз батқанға дейін, күнделікті айналысып жүрген жұмысыңыз, ортаңыз сіздің осы өмірді қалай сүретініңізден хабар береді. Демек, мамандық таңдау маңызды. Мамандықты таңдау кезінде өзіңіздің бұл өмірде немен айналысқыңыз келетінін ескеру керек, себебі сол арқылы сіз өз ісіңіздің нағыз маманы бола аласыз. Әрине, мұнда тек ниет қана емес, сонымен қатар жоғарғы білімнің  де өз рөлі бар. Яғни өз ортаңызда жетістікке жету үшін сол ортада көзіңіз ашық, түйгеніңіз болуы тиіс. Сол себепті, қоғамда жоғарғы оқу орнын аяқтап, диплом ұстаған адам үлкен құрметке ие болатыны айтпаса да түсінікті.

         Мамандық – ол сіздің болашақ өмірлік құралыңыз. Мамандықты дұрыс таңдай отырып, жоғарғы оқу орнын да мамандыққа сай таңдай білген абзал. Осы орайда өзімнің оқу орным, Қазақ Ұлттық университетінің ерекшелігін айтпай кетсем, болмас. 3 жыл бұрын маған таңдау түскенде, тек осы ғасырлық тарихы бар қара шаңырағымыз ойыма келді. Мен әлі де осы қалашықта білім алудамын және күн өткен сайын өз таңдауыма ризашылығым арта түсуде. Осындай артықшылығы көп, мәдени кішігірім қоғамның бір бөлшегі болып жүргеніме, халыққа, мемлекетке үлкен еңбегі сіңген тұлғалардан білім алып жүргеніме, нағыз дамуға құштар, талмай еңбектеніп, қызу жұмысқа кірісіп кететін жандардың жанында жүргеніме қатты қуанамын. Оқуға түстің деген хабарды естігелі, бірде-бір рет өз таңдауыма өкінбеппін. Әрине, оқу барысында, қиналдым, ұйқысыз түн өткіздім, жыладым, күлдім, бірақ соның барлығы мені жетістікке жетелегендей. Белгілі бір деңгейде шыңдалып, үлкен мақсаттарға бір қадам табандай түскенімді сеземін. Бұл менің ҚазҰУ жайлы жеке пікірім, оқу орнынан алған әсерім жайлы. Ал енді бұл қалашықтың ақиқатында қандай ерекшелігі бар деген сұрақтың туындауы қалыпты.

Нағыз білімнің көркейген шағында жоғарғы оқу орындарының маңызы мен сапасы қай жерде болмасын үлкен рөл ойнайды. Осы орайда сол қасиеттері тек өз мемлекетімізге емес, әлемге танылған аты шулы  Қазақ Ұлттық университетінің, расында да, айтарлықтай орны бар екенін айтып өткім келіп отыр. Барша қазақстандықтарға мәлім бұл университет атына заты сай жоғарғы оқу орны деп білемін. Білімі мен белсенділігін ұштастырған бұл оқу орны әрбір талапкерге үлкен мүмкіндік сыйлайтыны көпшілікке белгілі.

 Қазақ Ұлттық университеті – бір ғасырлық тарихы бар білім ордасы. Ал осы тарихқа үңілсек, тек көркею үстіндегі, жақсы жаңалықтарымен бөлісіп, көпшілікті таңғалдырып, тамсандырып келе жатқан университетті байқауға болады. Қазақтың бетке ұстар азаматы Д. Қонаевтың өзі осы білім ордасының құрылысымен танысып, өз үлесін қосқан деседі. Есімі әлемге әйгілі Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, М.Әуезовтей құрметті тұлғалар да осы қалашықта дәріс оқып, еңбегін сіңірген. Бұл орда қазақ арасында тек ұлыларының мекені іспеттес. Не ойы ұшқыр адамдар келіп,  білгенімен бөліседі, не білім қуып келген ынталы талапкерлер білімін шыңдайды. О.Сүлейменов, З.Қабдолов, Ә.Кекілбаев, Т.Молдағалиев, Ө.Айтбаев, Б.Мұхаметжанов және Ө.Жолдасбеков сынды өз алдына ақылды, оқыған азамат қана емес, қоғамда белсенділік танытып, өз орнын ойып тұрып қалдырған, тарихта аты бар қаншама түлектер осы жерде білім жолында тер төккен. Өзінің ғана игілігі үшін емес, жалпы мемлекеттің мүддесі үшін күрескен бір топ азаматтарымыздың көпшілігі осы университеттің түлегі болуы текке емес деп түсінемін. Демек, білім алған орынның да қосқан үлесі бар. Бұл университет тек математиктерді немесе тек дәрігерлерді, яки тек тілшілерді даярлайтын оқу орны емес. Бір ғана мекеме бірнеше салаларды, бірнеше бағыттар мен мамандықтарды қамтиды, соған қарамастан әрбір сала жоғарғы деңгейде білім беретінін бүгінгі күні әлемдік деңгейдегі танымалдығымен дәлелдеп отыр. Ұлылардың Отанына айналған ҚазҰУ қалашығы күннен-күнге өзгеріп, әсемдікке ұмтылуда. Бүгінгі таңда да қоғамға өз пайдасын әкелетін қаншама студенттер оқып жатыр, қаншама түлектер қоғамда белгілі орнын тауып, мемлекеттік мәселелердің шешімін табуға атсалысып, қатарының алды болып, жетістікке жету үстінде. Білім алып қана қоймай, студенттер бірігіп, көптеген қоғамға, әлеуметке пайдасы бар жобалар жасап, қарқынды түрде көмегін көрсетіп, өз ортасына жауапты азамат ретінде белсенділік танытып жатыр. Нәтижесінде, мемлекетке өте үлкен үлес қоса алатын, ақылды да ынталы жастар қалыптасуда. Бұл — университетті ерекшелендіріп тұрған ең маңызды қасиеті, бірақ мұнымен біткен жоқ. Өзінің алапат кітапханасы, талапкерлердің кез-келген қажеттілігін қамтамасыз ететін “Керемет” ғимараты, Ө.Жолдасбеков атындағы сарай — мұның бәрі студенттің дамуына үлес қосатын, студентті ынталандырып тұрған  қалашықтың тағы бір қайталанбас ерекшелігі. Осындай артықшылықтарын біле отырып, мұндай жерде оқуды аңсамаған адам кемде-кем, сірә. Мен де сол арман қуып келген жандардың бірімін.

Сөз соңында, Қазақ ұлттық университетінің кереметтілігіне деген өз таңданысымды жеткізгім келеді. Сексен жыл бұрын да, қазір де бұл университетке кім болса да, таңданыспен қарайтыны сөзсіз. Білікті де білімді маман қашан да керек. Дәл сондай алғыр азаматтардың көбеюіне себепкер осы ҚазҰУ десем, артық айтқан болмаспын. Қазақстандағы үздік  жоғарғы оқу орындарының арасында өзіндік орны бар бұл оқу орны – жарқын болашақтың бір кепілі. Себебі бүгінгі біліміңіз — ертеңгі жемісіңіз, бүгінгі тәжірибеңіз – ертеңгі нәтижеңіз.

                                                   Шолпан Кеңесбек,

                                                    Күләш Жұбанова,

                                          әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Тегтер: