Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:04, 23 Қыркүйек 2021

Қазынада дефицит: Үкімет «тарта жесе, тай қалатынын» қашан ұғады?

None
None

       Алдағы жылы ел бюджетінің тапшылығы тағы да еселенбек. Үкімет әдеттегідей Ұлттық қорға  қол салып, 2022-24 жылдардағы бюджет тапшылығының орнын осылай толтырмақ.

Бұл жағдайға еліміздің есеп комитеті қатты алаңдап отыр. Комитет сарапшыларының пайымдауынша, еліміздің бюджеттік жоспары мемлекеттің қаржылық тұрақтылығына негізделмеген.

      Мысалы, үкіметтің есебінше, 2022 жылғы республикалық  бюджет шығыстарының 37 пайызын Ұлттық қордың есебінен қамтамасыз ету болжанып отыр. 2023 жылғы бюджеттің кірісі мен шығысындағы айырмашылық 34 пайыз, 2024 жылы 31 пайыз болмақ. Ал есеп комитеті «2022 жылғы бюджет шығыстары 37 пайыз емес,  45 пайызға дейін ұлғаюы мүмкін» дегенді алға тартып отыр.

       Деректер көрсеткендей, алдағы үш жылда үкімет Ұлттық қордан қаражат алу арқылы бюджеттің дефицитін жаппақ. Сала мамандарының пайымдауынша, бұл әрекет Ұлттық қорға қаражат жинақтаудың орнына сарқылу қаупін төндіріп отыр.

      Экономист-ғалым Жұмаділдә Баяхметовтің айтуынша,  2022 жылы Ұлттық қор қаражатының жалпы ішкі өнімге қатысы 30 пайыздан төмендемеу керек деген талап бар. Ал үшжылдық бюджет жобасында  2022-24 жылдары бұл шама 29,7 және 28,9 пайыз болатыны айтылған.

     – Бұған жол беруге болмайды. Бұл­ бюджет саясатына қайшы, сондықтан үкімет бюджеттік шығындарын барынша қысқартып, қаражатты үнемдеуге көшу керек. Түрлі жобалар, субсидиялар, дотациялар санын қысқартқан жөн. Шындап келгенде, сол жеңілдіктерді нағыз шаруалар алып жатқан жоқ. Мемлекеттен жеңілдікпен қыруар қаражат алып, алаулатып-жалаулатып ашылып, бір ай өтпей «банкрот» жариялап, жабылып қалған зауыт-фабрикаларды да көрдік. Мұндайды доғару керек. Үкімет «тарта жесе, тай қалатынын» ұғынуы тиіс, – дейді Жұмаділда Баяхметов.

       Жеңілдікпен қаражат алу, субсидия бөлу дегеннен шығады, осы жолы да үкімет үшжылдық бюджеттен жүздеген миллиард теңге бөлуді жоспарлап отырған 27 түрлі субсидия бар. Жоспар бойынша осы субсидиялардың 10 түрінен ғана бюджетке 5 млрд теңге салық алу, 200 тұрақты жұмыс орнын ашу көзделген. Ал қалған 17 субсидияға бюджеттен 505 млрд теңге бөліну қарастырылғанымен, оның экономикаға қандай оң әсері бары нақты айтылмаған.

       Бұдан бөлек,  есеп комитетінің өкілдері Қазақстан дамуының ұлттық жоспары мен үшжылдық бюджет жобасының арасынан да қайшылықтар тапқан. Мәселен, «2025 жылға дейін  өркендеу жолымызды күрт өзгертеді» деп Қайрат Келімбетов үміттеніп отырған  Ұлттық жоспарда азаматтардың әл-ауқатының артатыны айтылса,  2022-24 жылдарға арналған бюджет жоспарында, керісінше, халықтың кедейлік деңгейі 2022 жылы 5,4 пайызға өсетіні болжанған. Бұған қатысты экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:

     – Бізде әртүрлі жобаларға, бағдарламаларға қыруар қаражат бөлінеді. Жоғары жаққа әдемі есептер беріледі. Шындығында, бюджетте шығыс көп, кіріс жоқ. Бюджеттен бөлінетін қаражатқа мониторинг, бағалау сауатты жүргізілмейді. Осыдан барып бөлінген қаржы «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетеді. Байқап қарасақ,  соңғы кезде өңірлердің де республикалық трансферттерге деген араны ашылып алған. Жергілікті маңызы бар бюджеттік инвестициялар республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатын болған. Мұның барлығы қазына қаражатының сұраусыз кетуіне жол беріп отыр.  Қазір бұлай ел бюджетінің қаражатын оңды-солды шашып, нәтижесіз жобаларға, сәтсіз бағдарламаларға салатын заман емес. Үкіметке үнемдеуді үйрену керек. Шенеуніктер бюджет қаражатына қарап арандарын ашуды доғаруы қажет, – дейді.

       Жалпы, мамандардың айтуынша, біз 2007-09 жылдардағы дағдарыстан сабақ алып, үдемелі индустриалды-инновациялық бағытта  жұмыс істегенімізде тап қазіргідей қиналып отырмас едік. Кезінде  бұған қатысты қаншама арнайы бағдарлама қабылдап, «отандық экономиканы индустриалды-инновациялық жолмен дамытамыз» дедік.  Өкінішке қарай, аталмыш бағдарламалар өз жемісін бермеді. Ұлттық қордағы қаржыны көбейткіміз келсе, жанталасып инновациялық, индустриялық бағыт бойынша табысты нәтиже шығаруымыз керек еді, олай істей алмадық. Ал енді бюджеттің жыртығын неше жылдан бері Ұлттық қордан қаражат алу арқылы жамап келеміз. Мұнымен ұзаққа барамыз ба?! Болашаққа деп жинаған Ұлттық қорды түгесіп тастасақ, ертең ұрпаққа берер неміз қалады?!

     «Әне, ертегі заман туады, міне, дамимыз» деп халықты қашанғы алдаймыз? Біздің үкімет «тарта жесе, тай қалады, қорқа жесе, қой қалады, өле жесе, өгіз өлетінін» қашан ұғынады?! Негізінде, Ұлттық қорға қаражатты «халықтың басына әлдеқандай жағдай туғанда, әл-ауқатты жақсартамыз, елді тығырықтан алып шығамыз» деп сақтап келдік емес пе? Сала мамандары «қазір сол кезең келгенін» жиі айтып жүр. Мамандардың пайымдауынша, үкімет болашақта Ұлттық қордың қаражатын өздері бүйрегі бұратын жекелеген секторларға емес, халықтың өзіне бөлуі керек. Халықтың бизнеспен айналысуына, жақсы өмір сүруіне, отандық өндірісті дамытуға халыққа қаражат берілуі тиіс. Ұлттық қордан ел өз үлесін алғанда елдің еңсесі тіктелер еді. Үкімет болашақта ынсапқа салып, осы жағын да ойлауы тиіс.

Тегтер: