Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:00, 08 Ақпан 2023

Қазыналы қариялар қарттар үйінде қалып барады...

None
None

«Ата-анаң жынды болса, байлап қойып бақ» деген қазақтың сөзін бүгінгі қоғам ұмытып бара жатқан тәрізді.

Сорақысы сол, қазақ елінде жетімдер үйі мен қарттар үйінің саны азаймай тұр. Әр үйдің қазынасына айналуы тиіс қариялардың жанарлары жәудіреп, қарттар үйін амалсыз паналап жүр. Жақында Балқаш қаласында балаларына қажет болмай далада қалған 82 жастағы ақсақалдың тағдыры әлеуметтік желіде дүйім жұртты шулатты. Қартайып қайғы ойлаған шағында жалғыз қалған қарт «барар жер, басар тауы» қалмаған соң қарттар үйін таңдапты. Жүгін жинап, такси шақырып, Қарағандыдағы қарттар үйіне жолға шыққан. Такси жүргізушісі: «ақсақалдың 3 ұл, бір қызы бар екен, барлығы отбасылы, қызметте көрінеді. «Индрайвер» арқылы осында шақыртуға келсем мына кісі қарттар үйіне барамын, апарып таста деді. Балалары неткен адамдар еді деп таңғалдым», – дейді. Қарт Балқаш қаласында пәтер жалдап тұрған екен.

— Қарағым, қартайғанда далада қалдым, кемпір өлген, балалар қатыспайды. Енді не істеймін дәрмен жоқ, қарттар үйін таңдадым, –деген қария қамығып, бейтаныс жанға мұңын шақты.

Осылайша қария Қарағандыдағы ақылы түрде қызмет көрсететін қарттар үйін таңдаған. Ол өзіне тиесілі баспанасы болмағандықтан, зейнетақысын сол мекемеге беріп күнелтуді жөн деп санапты. Қамкөңіл қарттың айтуынша үш ұлы да лауазымды қызмет атқарады екен. Бір ұлы Қарағанды қаласында тергеуші болса, екінші ұлының прокуратура қызметкері екенін айтады. Не себепті ақсақалдың төрт баласы перзенттік парызын өтеуден бас тартқаны беймәлім. Дегенмен туған әкеге қайыры болмаған ұлдан ұлтқа пайда келмейтіні сөзсіз. Мұндай қуыс кеуде, рақымсыз жандардың, қоғамда  жасаған қызметіне мәз болып жүргені көңілді қынжылтады. Дегенмен ата- анасын қарттар үйіне қалдырғандардың «тұрмыстың тауқыметі, отбасылық жағдай» деген тәрізді себептері болуы мүмкін. Алайда баласы үшін бар өмірін өткізген әке-шешені қауқарсыз шағында тастап кету тек жүрексіз жандардың қолынан келер деген ойда қаласың. Кезінде қарттар мен жетімдер үйі болмаған қазақ елінде қазіргі уақытта тастанды жетімектер мен қорғансыз қалған қариялар көбейіп барады. Бұл сорақылыққа тәрбиенің тозғаны мен қоғамның азғаны себеп болуда. Кез келген пенде «Атаңа не көрсетсең, алдыңа сол келеді» деген сөздің өзіне міндетті түрде оралатынын ұмытпаған абзал.

Ал Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сай, 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елімізде мүгедектер мен қарттар үйінде 20 733 зейнеткер тұрады. Қарттар үйі көп өңірлерді бастап тұрған Шығыс Қазақстан облысы болса, екінші орында Қарағанды облысы, үшінші орында Батыс Қазақстан облысы тұр екен.

Тегтер: