Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:17, 12 Сәуір 2022

Қиындықтан құтылудың жолы – тиімді әріптестік

None
None

Судың соңында отырған Қазақстан үшін ағын су мәселесі қай кезде де  өзекті. Қыс, көктем айларында трансшекаралық өзендерде су көбейіп, елді мекендерге қауіп төндіреді.

Жаздағы жағдай керісінше. Осының салдарынан, ақпан, наурыз айларында Сырдариядағы су деңгейі күрт көтеріліп, Шардара су қоймасының тасу қаупін туғызды. Мұның соңы Түркістан мен Қызылорда облыстарында су тасқынына алып келді. Жылда қайталана беретін осы келеңсіздіктен, Көксарай су қоймасын салу арқылы құтылғанымыз белгілі.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне қарағанда, елімізде трансшекаралық ағынға Арал-Сырдария, Жайық-Каспий және Шу-Талас бассейндері көбірек тәуелді. Бұл тәуелділіктен құтылудың жолы – көршілермен тиімді әріптестік орнату. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай жұмыстар бар. Мәселен, Сырдария өзенінің бассейні бойынша Өзбекстанмен бірлесіп, Қырғызстан және Тәжікстанмен электр энергиясымен тауар алмасу жүзеге асырылады, бұл Тоқтағұл және Бахри-Точик су қоймаларынан қосымша су ағызуды қамтамасыз етеді. Қырғызстанмен Орто-Токой және Киров су қоймаларының жұмыс режимдерін бекіту, сондай-ақ Шу және Талас өзендерінің бассейндерінде мемлекетаралық пайдалану арналары бойынша су беру кестесін бекіту жұмыстары жүргізілуде. Осы шаралардың нәтижесінде, былтыр Оңтүстіктің диқандары ағын судан таршылық көрген жоқ.

Мамандардың айтуынша, Қазақстан экономикасында жалпы ішкі өнімнің бір долларына кететін судың шығыны Ресей немесе АҚШ-қа қарағанда – үш есе, Австралияға қарағанда – алты есе көп.  Су шаруашылығындағы жағдайды жақсарту бойынша министрлік көптеген шараларды қолға алған. Айталық, «Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасының» жобасы әзірленді. Тұжырымдаманың негізгі мақсаты су ресурстарының болжамды тапшылығы жағдайында халықтың, қоршаған ортаның және экономика секторларының суға өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру, су ресурстары мен суға сұранысты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау болып табылады.

2020 жылы халыққа арнаған жолдауында президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикада суару жүйесінің технологиялық тұрғыдан әбден ескіргенін, судың 40 пайызы далаға кетіп жатқанын атап өтіп, осы салаға  заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу қажеттігін тапсырды. Осыған байланысты соңғы жылдары үкімет су саласын цифрландыру шараларын қолға алды. Дәлірегі, су шаруашылығы инфрақұрылымын салу және реконструкциялау, суару арналарын цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы 1050 шақырым суару каналдары қайта жаңартылды, бұл 78 мың гектар жерді қалпына келтіруге және 13 мың гектар суармалы жерде сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік берді. Каналдардағы 6 мыңға жуық гидротехникалық құрылыстар реконструкцияланды және тік дренаждың 95 ұңғымасы қалпына келтірілді. 16 арна цифрландырылды. Нәтижесінде, су шығыны 273 миллион текше метрге қысқарған.

 Соңғы жылдары елімізде «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының бірінші кезеңі жүзеге асырылды. Мұны сарапшылар «Ғасыр жобасы» деп те атап келеді. Жобаны іске асыру барысында Солтүстік Арал теңізінің бөгеті (Көкарал бөгеті), Әйтек құрылыс кешені, Сырдария өзеніндегі қорғаныс бөгеттері салынды және Қызылорда, Қазалы қалаларының гидротораптарында, Шардара және Арнасай су қоймаларының бөгеттерінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты Арал теңізінің солтүстік бөлігіне ағатын су көлемі ұлғайды, Арал өңірінің көптеген биологиялық түрлері қалпына келтірілді, ауыл шаруашылығы алқаптарын суармалы сумен қамтамасыз ету жақсарды. Мұның бәрі де айналып келгенде, Қызылорда облысының экономикасына, ауыл шаруашылығына оң әсер еткені айтпаса да түсінікті.

Енді Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі тарапынан «Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» екінші кезеңінің жобасы дайындалуда. Жобаны іске асыру барысында: гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау, сондай-ақ Арал теңізіндегі балық питомниктерін қайта құру жоспарлануда.

Министрліктің жасаған болжамдарына қарағанда, биылғы жаз да қиын жағдайда өтуі мүмкін. Ағын су тапшылығын болдырмау мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, Су шаруашылығы ұйымдары мен фермерлер өкілдерінің қатысуымен Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Алматы облыстарында көшпелі жиындар өткізілді.

Тегтер: