QJ лига – арманның ақ қанаты
Сәуір айының басында Қазақстан футбол федерациясы, Кәсіпқой футбол лигасы және Freedom Holding корпорациясы елімізде балалар мен жасөспірімдердің жаңа лигасы құрылғанын жариялаған еді.
ҚФФ президенті Әділет Бәрменқұлов және Freedom Holding президенті Тимур Турлов QJ League деп аталатын бұл жобаның ұлттық ауқымда болатынын, алдағы уақытта елдің барлық аумағын қамтитынын мәлімдеді. «Бұл жоба балалар мен жасөспірімдер футболын дамытудың негізгі жобаларының бірі болады. Осы арқылы талантты балаларды даярлауға көмектесетін жарыстар жүйесін қалыптастырамыз. Сөйтіп, жасөспірімдер кәсіпқой футболға алғашқы қадам жасайды» деген-ді ҚФФ президенті.
Арада екі ай өтті. Біз не көрдік? Шынында да QJ лигасы жұрт күткен жоба болып жатыр ма?
№1-сүйініш: бәрі жоспардан да жақсы
Алғашқы кезеңде 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында 12 командадан тұратын лига құрылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын Olimpbet-Қазақстан чемпионатына қатысатын командалар жанынан балалар командасын да құру міндеттелген еді. Бірақ балалар қатысатын жарыстар толық маусымдық емес, бір апталық немесе бірер күндік қана болатын. QJ лига, яғни Қазақстан жастар лигасы осы олқылықтың орнын толық толтырды. Қазір лигада премьер-лигадағы – «Қайрат», «Астана», «Ақтөбе», «Каспий», «Атырау», «Ордабасы», «Ақсу», «Қайсар», «Шахтер» және І лигадағы «Тараз», «Оңтүстік», «Жас қыран» командаларының ізбасарлары ойнап жатыр. Тур сайын – жаңалық, тур сайын – жаңа есімдер. QJ қамқоршылар кеңесінің төрағасы Т.Турлов бұл жобада жас футболшылар ғана емес, бапкерлер, төрешілер, менеджерлер және спорт индустриясынан нан тауып жүрген басқа да мамандар көзден таса қалмайтынын айтқан еді. Шынында да, құрылғанына аз ғана уақыт өтсе де, осы аталған мамандардың барлығы QJ лига жұмысының өте жақсы жолға қойылғанын бірауыздан айтады. 2024 жылы балалар 18 жасқа дейін ғана емес, әр жас деңгейіне сай лигаларға бөлінеді. Бұл балалардың үлкен футболға кезең-кезеңімен бой үйретуіне жол ашады.
№2-сүйініш: бәрі де кәсіпқойлықпен атқарылған
Ең бастысы, QJ лига өз қазанында ғана қайнап жатқан жоқ. 22 турда алғашқы туры өтіп, «Астана Арена» стадионында өткен «Астана» – «Ордабасы» кездесуін 15 мыңнан астам адам көзбе-көз тамашалады. Біздің байқаған жаңалықтарымыз мыналар:
а) Жарысқа қатысушы командалардың жүріс-тұрысы, жатын орны түгелдей Freedom Holding мойнында. Яғни жас футболшылар футболға ғана алаңдайды;
ә) Лига ойындарын Q Sport және Q Sport Extra кабельдік телеарналары тікелей эфирден тікелей көрсетеді. Жас футболшылардың сырт алаңдардағы ойындарын ата-анасы, жанкүйерлері тікелей тамашалап, баға бере алады. Ойыннан кейін ресми сайтта және әлеуметтік желілерде ойынның шолуы беріледі;
б) Жас футболшылар босағаның сыртында емес, Астанадағы – «Астана Арена», Алматыдағы – Т.Сегізбаев атындағы академия, «Жас қыран», Қарағандыдағы – «Шахтер», Атыраудағы – «Мұнайшы», Павлодардағы Орталық стадион сияқты ареналарда, Шымкенттегі «Биік» кешені сияқты көпфункциялы кешендерде ойнайды. Яғни кәсіпқой футболшылар қайда ойнаса, QJ лига бозбалалары да сонда доп тебеді. Бұл үлкен футболдың атмосферасын сезінуге, ең бастысы, бала жастан өзіңді кәсіпқой футболшы өміріне дайындауға зор алғышарт.
в) Ақпарат тарату да өте кәсіпқой пішінде. Лиганың ресми сайты (qjl.kz) 24 сағат ақпарат таратады, тез жаңарып отырады. Кез келген ойын туралы қарапайым жанкүйерден бастап, кәсіпқой комментаторлар да тұшымды мәлімет ала алады. Лиганың Инстаграм, Телеграм желілеріндегі парақшалары командалар құрамынан бастап, болып жатқан оқиғаны дәл сәтінде беруге, тіпті дереу онлайн сауалнамалар ұйымдастыруға маманданған. Тур аяқталған соң, сайтта және лиганың әлеуметтік желілердегі парақшаларында «Турдың үздік футболшысы», «Турдың үздік голы» дауыс беру арқылы анықталады;
г) Жас футболшылардың ойынына кәсіпқой төрешілер қазылық етеді. Премьер-лига арбитрлері Рүстем Омаров пен Сергей Ноженкодан бастап, Максим Богданов, Кирилл Ткачев, Сергей Попов, т.б. төрешілер қарақылды қақ жарып, әділ төрелік үлгісін көрсетіп жүр. Тіпті осы мамандар қаны тасып тұрған бозбалаларды сабырға шақырып, жөнсіз соқтығыс-қақтығыстарға жол бермей, ең бастысы, жас футболшылардың бір-біріне ауыр жарақат салуының алдын алып, өте жақсы қызмет көрсетіп келеді.
№3-сүйініш: лиганың өз қаһармандары бар
Міне, күні кешеге дейін QJ лиганың 6 туры өтті. Қазір командалар 24 маусымға дейін үзіліске кетті. Сол кезден қара күзге дейін 12 команда өз үздіктерін анықтайды. Ең бастысы, осы жоба арқылы талантты балалар бар мүмкіндігін жақсы көрсетіп жатыр. Мысалы, «Қайсар» командасының жас жартылай қорғаушысы Дінмұхаммед Рүстемұлы «Қызылорда Мессиі» деген лақап атқа ие болды. Техникалық шеберлігі өте жоғары, алаңды жақсы сезінетін жас футболшы «Тараздың» қақпасына бірінен-бірі әдемі екі доп соқты, ал соңғы турда «Ордабасының» қақпасын айып алаңы сыртынан дәл көздеді. «Оңтүстіктің» шабуылшысы Ерасыл Сәрсенбай 6 гол соғып, мергендер көшін бастап келеді. Енді әр ойын сайын қарсылас командалардың бапкерлері Ерасылдың адымын тарылту үшін арнайы жоспар құратынын да байқадық. «Астананың» қақпашысы Әлихан Жанай өте қызуқандылығымен көзге түсіп еді. Бірақ енді әр тур сайын оның эмоциясын емес, тамаша сейвтерін көріп таңдай қағуымыз жиіледі. «Оңтүстіктің» қақпашысы Айдос Кемаладин қазір тіпті бас команда құрамында І лига ойындарында негізгі құрамда шығып жүр. «Қайраттық» Олжас Байбек те солай: ол І лигадағы «Қайрат-Жастар» сапында да, QJ лигада да нәтижелі.
№4-сүйініш: лигада креатив көп
QJ лигада Қазақстанның кәсіпқой футболында жоқ бір ерекшелік бар: лиганың ресми сайты футбол жанкүйерлеріне Фәнтези лигада ойнауға мүмкіндік береді. Яғни сіз лига сайтына тіркеліп, әр тур сайын 12 команда ішінен өзіңізге ұнаған жас футболшылардан жеке виртуал команда жасақтай аласыз. Нақты футболшылар көрсеткен нәтижеге орай командаңыздың мүшелері ұпай жинайды: қорғаушы «құрғақ матчқа» үлес қосса да – ұпай, шабуылшы доп соқса да – ұпай, кез келген ойыншы гол пасын дәл берсе де – ұпай. Демек, сіз жас футболшыларға жай тілеулес болып қана қоймай, олардың нақты аяқ алысын бағамдап отырасыз. Мұндай Фәнтези лига Кәсіпқой футбол лигасының сайтында да жоқ.
Қазіргі жағдай қалай?
Алты тур қорытындысында «Қайрат» командасы 13 ұпаймен көш бастап келеді. Дегенмен із кесушілер де осал емес: «Оңтүстік» пен «Ақтөбенің» – 12, «Тараздың» – 11, «Каспий» мен «Астананың» 10 ұпайлары бар. Яғни маусым соңына дейін талай тамаша ойындардың куәсі болатын сияқтымыз.
Айтып өткеніміздей, биылдан кейін QJ лига жас дәрежесіне қарай тағы бірнеше лигадан жасақталуы мүмкін. Мұндай жағдайда балалар футболына ішінара ғана емес, жүйелі түрде мән беруге мүмкіндік ашылады. Қазір Olimpbet-Қазақстан чемпионатына қатысушы командалардың жастар ұжымдары УЕФА жасөспірімдер лигасына да қатысып жүр. Алдағы уақытта QJ лигада шыңдалған жасөспірімдер «Реал», «Милан», «Бавария» сияқты суперклубтардың ізбасарларымен тең дәрежеде ойнайтын болса, оған биылғы бастаманың әсері де аз болмас.
Ата-ана пікірі
Абай Қалшабек, әдебиеттанушы, жазушы, «Оңтүстік» командасының қорғаушысы Ибраһим Батырдың әкесі:
- QJ лига – спортпен айналысып жүрген балалар үшін, соның ішінде ұлым Ибраһим үшін өте үлкен мүмкіндік. Өз басым оны балаларға ашылған жаңа есік деп есептеймін. Бір ғана артықшылығын айтайын. Әр матчтан кейін ұлым өзінің қай бағытта жақсы көрсеткішке жеткенін, қай машығын дамыту керек екенін нақты деректер мен мәліметтер арқылы көріп отыр. Қанша пасы дәл болды, күші қаншаға жетті, пас берген кездердегі қателігі немесе командамен байланыстағы кемшіліктері мен артықшылықтары деген мәліметтердің бәрі көз алдарында тұр. Ойыншы өзінің әлсіз тұстарын байқап, соны дамытуға күш салады. Футболшыларға жасалып жатқан жағдай да жақсы жағына қарай өзгерген. Бұрын ойын алдында барып жайғасатын қонақ үйлеріне көңілі толмай қайтатын еді, қазір оның бәрі өте жақсы. Спортшы үшін тамақтану да аса маңызды, Батыр оның да жақсарғанын айтып жүр. Бала кезімізде осы мүмкіндіктердің барлығы бізге арман болды. Осындай игіліктер балаларымызға жасалып жатқанына ата-ана ретінде қуаныштымын. Ойындардың теледидардан көрсетілуі, оны елге белгілі комментаторлардың жүргізуі жас футболшыларға қосымша серпін беріп жатыр. Бапкерлер Игорь Филипчукті, Ғалым Есенбаевті ерекше атап өткім келеді. Олар бар білігін аямай, командамен бірге тыныстап, биіктерге ұмтылдырып келеді. Қазір командалар арасындағы бәсекелестік те арта түсті. Бір ұсыныс айтсам деймін. Командалардың сырт алаңдардағы ойынға жеткізілуі ретке қойылса дұрыс болар еді. Мысалы, күні кеше «Оңтүстік» командасы елордаға бір күн жүріп барды да, дереу «Астанаға» қарсы алаңға шықты. Осы шаршаңқылық ойын барысында да көрінді. Кемі екі күн ерте барып, жас футболшылардың жергілікті күн райына, алаңға бой үйретуіне жағдай жасалса. Басқа барлық ұйымдастыру шаралары көңілімізден шығады.
Футбол
Адиев тізімінде барлық мықты бар
Футболдан Қазақстан құрамасы Euro-2024 іріктеу кезеңі аясында келесі ойындарын маусым айында өткізеді. Отандастарымыз 16 маусымда Италияның Парма қаласында – Сан-Мариномен, 19 маусымда Белфаст қаласында Солтүстік Ирландиямен кездеседі. Қазір Н тобында Қазақстан үшінші орында келеді.
Жақында ұлттық құрама бас бапкері Магомед Адиев осы ойындар алдында жиынға шақырылатын 34 футболшының тізімін жариялады. Бұрынғы мықтыларға қоса, бұл жолы Артур Шушеначев, Вячеслав Швырев («Қайрат»), Ислам Чесноков («Тобыл»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Мирас Тұрлыбек («Ақсу»), Еркін Тапалов («Қызылжар) сияқты футболшылардың шақырылғанын байқадық. Ойын алдындағы оқу-жаттығу жиындары 8 маусымда Алматыда басталады. Екі кездесу де табиғи алаңда өтетін болғандықтан, құрама Орталық стадионда жаттығуға тәуекел еткен сыңайлы.
Осы іріктеу аясында Қазақстан құрамасы өз алаңында екі кездесу өткізіп, 3 ұпай алды: Словениядан 1:2 есебімін жеңілді, Данияны 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Қазақстан құрамасына шақырылған ойыншылар тізімі мынадай:
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Мұхамеджан Сейсен, Бекхан Шайзада («Ордабасы»), Данил Устименко («Қайрат»);
Қорғаушылар: Сергей Малый, Темірлан Ерланов («Ордабасы»), Александр Марочкин, Бағдат Қайыров («Тобыл»), Михаил Габышев, Тимур Досмағамбетов, Абзал Бейсебеков («Астана»), Талғат Күсепов («Каспий»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Лев Скворцов («Химки», Ресей);
Жартылай қорғаушылар: Рамазан Оразов («Тобыл»), Максим Самородов, Арман Кеңесов («Ақтөбе»), Асқат Тагыберген («Ордабасы»), Аслан Дарабаев, Елхан Астанов, Исламбек Қуат («Астана»), Бақтияр Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Еркін Тапалов («Қызылжар»);
Шабуылшылар: Абат Әйімбетов, Владислав Прокопенко («Астана»), Абылайхан Жұмабек («Ақтөбе»), Айбар Жақсылықов («Ордабасы»), Артур Шушеначев, Вячеслав Швырев («Кайрат»), Мирас Тұрлыбек («Ақсу»), Ислам Чесноков («Тобыл»).
Білуімізше, астаналықтар А.Дарабаев пен А.Бейсебековтің жарақаты бар. Н.Әліптің айыпталу мерзімі аяқталды.