Қоғамдық кеңестен шу шықты

«Депутаттар қоғамдық кеңеске өз адамдарын алады».
Қарағанды қаласының қоғамдық кеңесі төңірегінен қашанда дау-дамай арылған емес.
Осы жылы 2 наурызда Қарағанды қалалық қоғамдық кеңесінің үшінші құрамы бекітіліп, оған 30 адам өткен болатын. Сондай-ақ бес адам резервқа алынған екен. Дегенмен Қарағанды қаласының бір топ белсенділері қалалық мәслихат хатшысы, қалалық қоғамдық кеңес жұмысында әділетсіздікке жол беріп отыр деп, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үндеу жолдады. Белсенділер зейнет жасына жетсе де биліктен кетпей отырған депутаттардың қоғамдық кеңес жұмысына араласып, өз адамдарын тағайындауын әлі тастаған жоқ деп наразы болды. Олардың айтуынша, қоғамдық кеңеске төраға болып сайланған Сұлтан Медеубаевты кеңестің кейбір мүшелерінің ауызша арызы бойынша деген желеумен еш дәлелсіз орнынан алып тастаған.
«Отыз жыл бойы өз айтқандарын істеп, қоғамдық кеңестер мен мәслихаттарды өз адамдарымен толықтырған ағаларымыз кедергі жасап, дауыс беріп, заңсыз тұрғыда Сұлтан Медеубаевты төрағалықтан алып тастады. Бұл жерде біздің наразылығымыз бір ғана адамның орнынан алынуынан емес, бүкіл қазақ халқының жаңа референдумға деген ұмтылысына балта шабу әрекеттерінен болып тұр. Олардың жасамаған жұмыстарын жастар қолға алып жатқаны жақпады.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы Сіздің бастаған референдумыңыз Астана төрінде қалды. Телеарнадан көріп жүрген, естіп жүрген референдум ол жергілікті жерлерде, аймақтарда «княздардан» аспай жатыр», – деп мәлімдеді үндеуде қоғам белсенділері.
Белсенділер қалалық қоғамдық кеңес жасақталған кезде журналистер мен блогерлерді әдейілеп мүшелікке алмаған еді дейді. Енді қоғам белсенділері: «Қарағанды қаласының қоғамдық кеңесі таратылып, жаңадан сайланса, олардың құрамына журналистер мен тәуелсіз сарапшылар тағайындалса» деген талаптарын жолдады.
Үндеу жолдағандардың айтуынша, депутаттардың тамыр-танысынан, ығай мен сығайдан жасақталған қоғамдық кеңес мүшелері нақты қаланың дамуына жандарын ауырта қоймайды, тек қаражат бөлінген кезде «неге анаған бөлінбейді, мынаған неге қаражат берілмейді» деген сөзден әріге бармайды, – дейді. Осылайша, Жаңа Қазақстаннан дәмесі бар бір топ қоғам белсендісі президенттен қолдау күтіп жүр.