Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:21, 18 Қазан 2022

Қоғамдық көлік жыры таусылар емес

None
None

Петропавл қаласында қоғамдық көлік мәселесі басылар емес. Осыған дейін тасымалдаушылар қалалық әкімдік тиімсіз бағыттарға берілетін субсидияны уақытылы аудармай зар илетсе, енді алдырған көліктері істен шығып, жөндей алмай отыр.

Өйткені қазақстандық автобустарға қосалқы бөлшек жоқ.

Петропавлда былтыр ғана  әкелінген автобустар бірінен соң бірі сынып жатыр. Ал оны жөндеу үшін «аты қазақстандық, заты қытайлық» көліктердің қосалқы бөлшектері табылмай жатыр. «Қазақстанда жасалған» деген маркамен жиналған автобустар істен шыққасын, тасымалдаушылар ілдебайлап жүрген ескілерін маршрутқа қойған.

          Былтыр «Жолаушылар көлігін жаңарту» бағдарламасы аясында облыс орталығындағы тасымалдаушылар әрқайсысының құны 40 миллион теңге болатын YUTONG маркалы 100 жаңа автобус сатып алынған болатын. Кәсіпкерлер енді жеті жыл бойы «Солтүстік» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына қарызын өтеуге тиіс. Бірақ үкімет бекіткен жоба арқылы алынған қоғамдық көліктердің сапасы сын көтермейді. Сына қалса, сайман табылмай апталап жөндеуде тұрады.   

«Қазір біз «КазТехно» компаниясымен жұмыс істейміз. Ол Сарань қаласында орналасқан. Ал Қазақстанда мұндай көліктерге сервистік қызмет көрсететін орталықтар мүлде жоқ. Тіпті елімізде оларға қосалқы бөлшектерді де таба алмаймыз. Негізінен жаңа автобустарға 50 000 шақырым жол жүргенше кепілдік беріледі. Біз оны үш айда жүріп тастадық. Яғни, маршруттық автобустар үшін бұл өте аз. Ал бір жылда жаңа автобустардың барлығының рессорларын ауыстырдық. Тежегіштері жиі істен шығып қалады», – дейді «Петропавл автобус» ЖШС басшысы Болат Рахимов.

Былтыр қаңтар айында YUTONG автобустарын сынақтан өткізу үшін Петропавл қаласына арнайы әкелінді. Бірақ ол автобустар сол күйі сынақтан өтпей қалып, бірнеше ақау шықты. Алайда соған қарамастан сол көліктерді кәсіпкерлер сатып алған. Енді бүгін шығынға батып отыр.

– Облыс әкімімен арнайы құрылған комиссия мүшелерінің таңдауы дәл осы YUTONG автобустарына түсті. Сондықтан бәріміз осы көліктерді сатып алдық. Жеке өзім 1,2 миллиард теңгеге 30 автобус алдым. Қазір, міне, бір жылда техникалар осындай күйге түсті. Несиесін өтеп біткенше шашылып қала ма деп қорқамыз. Бастапқыда «КазТехно» компаниясы Астана, Алматы қалаларында қосалқы бөлшек үшін арнайы қойма ашамыз деген еді. Бірақ мәселе әлі шешілген жоқ. Сондықтан қажетті құрылғыларды біз тікелей Қытайдан тапсырыс арқылы алдыртып жатырмыз, – дейді тасымалдаушы.

«Жығылғанға жұдырық» демекші, тасымалдаушылар жергілікті қазынадан берілуі тиіс демеушілік қаржыны да ала алмай сергелдеңге түскен. Олар  қаладағы азаматтардың жекелеген санатын жеңілдікпен тасымалдайды. Сол үшін жергілікті әкімдік оларға субсидия төлейді. Арнайы келісімшарт та бар. Алайда жыл басынан бері кәсіпкерлер субсидияны алмаған. Петропавлдағы  ірі компаниялардың бірін басқарып отырған Болат Рахимовқа мемлекет қазірдің өзінде екі жыл үшін 400 миллион теңге берешек.  

— Қалалық әкімдіктегілер субсидияны толықтай төлей алмайтынын айтып отыр. Оның үстіне былтырғы қарызы тағы бар. Жыл соңына дейін бұл цифр әлі өседі. Ал біз қазір шығынға батып жатырмыз. Автобустарға қажетті қондырғылардың бағасы 3-4 есеге дейін қымбаттап кетті. Жанар-жағармай да арзан емес. Жұмысшыларға айлық төлеуіміз керек. Сондықтан мәселе шешілмесе, ертең жағдайымыз тіптен қиындап кетуі мүмкін, – дейді Болат Рахимов.

Қазір облыс орталығында жолаушылар тасымалымен айналысатын   сегіз компания бар. Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулиннің айтуынша, биылға 1,9 млрд теңге субсидия қарастырылған. Бірақ кәсіпкерлерге бұл аздық етіп отыр.

– Тасымалдаушылар проблемасын айтып, қалалық әкімдікке жүгінді. Олардың ұсынысы тарифтік комиссия отырысында да қаралды. Яғни кәсіпкерлер расында да шығынға батып жатса, бізге оны растайтын құжатын көрсетуі керек. Содан кейін ғана арнайы шешім қабылданады. Қазір олар бізден қосымша қаражат сұрап отыр. Ал автобустарды олар өз ақшасына жөндеуі қажет. Біз тек тасымал үшін ғана субсидия төлейміз, – деді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Бүгінде Петропавл қаласында 19 бағыт бойынша күніне 200-ге жуық автобус жолға шығады. Олардың 50% әбден ескірген. Жол жүру билетінің құны әзірге 80 теңге. Егер аталған проблема шешілмесе, тасымалдаушылар жол ақысын өсіруге мәжбүр болатынын айтуда.

Тегтер: