Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:00, 16 Ақпан 2022

Қоғамға қауіпті «террорист» кім?

None
None

«Жас Алашқа» әділдік іздеп, жасы алпыстан асқан Қанат Байболатов есімді азамат келді.

Қаңтардың басында Үшарал қаласында митингке қатысқаны үшін 15 тәулікке қамалып, енді «сотталған», «қоғамға қауіпті» адам атанғанына наразылығын жеткізбек ниетте екен.

– Менің туған жерім Алматы облысының Алакөл ауданы. Жайпақ деген ауылда туып-өскем. 1999 жылы 21 қазанда аудан орталығы Үшаралға көшіп келдім. Қазір сонда тұрып жатырмын. Тірі пендеге бір грамм, бір адамға бит шаққандай, жасаған иттігім жоқ. Өйткені, шешем марқұм 17 құрсақ көтерген адам екен, 11-імізді оқытып-тоқытып, әке-шешем жеткізді. Әкем «жаның шығып кетсе де, шындықты айт» дейтін, шешем марқұм да «біреудің ала жібін аттама» деп өсірді. «Таза жүріп, таза өл», дейтін әкем Абайдың сөзімен. «Адал тұрып, адал жүр» дейді ғой Абай, – деп бастады ол әңгімесін.

– Үшаралда тұрып жатырмын содан. Енді ойланамын, өмірге мен келдім, өмірден мен өтемін, артымда із қалуы керек қой?! Құдайға тәубә, жалғыз ұлым Санкт-Петербургте оқып, қазір үкіметке қызмет етіп жүр, аға лейтенант. Үлкен қызым аудандық білім бөлімінде есепші болып жұмыс істейді. Ол қыздан бес жиенім, ұлымнан төрт немерем бар. Өзімнен үлкен ағам қайтыс болып, жеңгей де қайтыс болып, екі қыз қалды. Сол екі қызды да өзім асырап, тәрбиелеп, оқытып, дипломын әперіп ұзаттым. Алла-Тағала пешенеме жазып қойғаны сол ма, аяқ астынан өзімнен кейінгі інім де, келінім де қайтыс болды. Одан екі қыз қалып еді, оларды да өз балаларыммен бірге асырап, оқытып, ұзаттым. Сонда, жалпы айтайын деп отырғаным, жаңағы бес қыз, бір ұлым бар да, Құдайға тәубә, менен бай адам жоқ, бүгінгі таңда менің отыз немерем бар.

Бірақ жаныма бататыны, елімізде Назарбаев басқарған отыз жылда тіс шұқитын ши шығаратын бір зауыт салынбапты. Біз кеше кеңес өкіметінің шикізаттық базасы болғанбыз, бүгін Қытай мен Ресейдің шикізаттық базасына айналдық. Олар арқадан қағып, алдап-сулап, Қазақстан жерінің асты-үсті байлығының бәрін су тегінге әкетіп жатыр. Мен «неге, неге?» деп көзімнен қаным ағып, жылаймын. Мен алпыстан асқан адаммын, асарымды асап, жасарымды жасадым. Жаман өмір сүрген жоқпын. Бірақ балаларымның, немерелерімнің келешегін көз алдыма елестетсем, тура өле қалғым келіп тұрады. Ертең немерелеріміз өскенде, «мына жердің астында да, үстінде де ештеңе қалмапты ғой», деп айтпай ма?

Назарбаевтың маңайындағы «нұрланғандардың» жеткен жетістігі кешегі күні митингіге әкеп тіреді аяғын. Халық жанайқайын айтып алаңға шықты. Депутаттарды, шынымен халық сайласа, олар бағалардың өсіп-шарықтап жатқанын қаңтардағы халықты қан қақсатқан қанды қырғынға дейін айтар еді. Ит екеш ит те қашадан бөтен адам кірсе, мәу деп үреді ғой, ал бұлардың тағайындалғаннан кейін біреуінің мәу демек түгілі, шошқа құсап қорсылдауға да шамасы келмеді. Батыстың азаматтары жігіт екен, кедейшіліктің шегіне жеткеннен кейін көшеге шықты, біз соларды қолдадық.

Қайдағы Кувейт? Қазақ күнін әрең көріп жүр

– Ата заң деп айтуға аузы бармайтын, Назарбаевтың өзі тұрмақ, ұқым-тұқымына ешкім тиіспесін деп жасалған шпаргалка Конституциямызда жазылғандай, сөз бостандығы бар ғой. Сол Ата заңда көрсетілгендей, ой-пікірімізді айтуға құқығымыз да бар емес пе?! Соны пайдаланып, қаңтардың 5 күні Алакөл ауданының орталық алаңына келсем, халық жиналып тұр екен. Сол халықтың арт жағынан келіп тыңдасам, ауданның әкімі міңгірлеп тұр. Сосын шыдамай, әкімнің жанына келдім де айттым: – «Әй, сенің әлгі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылып, дүрілдеп кеткен, байып кеткен, ғажайып дамып кеткен біздің түріміз осы ма? Не микрофоның жоқ, не дауыс күшейткішің жоқ, мына міңгірлеп тұрғаныңды ана шулаған халықтың арты естімей тұр», – деп, сол жердегі биіктеу гүл себетінің үстіне шығып, халыққа айқайлап айттым. «Бейбіт наразылық акциясын өткізейік, ешқандай басбұзарлық әрекетке бармайық», дедім. Жаңаөзен мен Маңғыстау бастаған, ереуілге шығып жатқан батыстағы ағайынды қолдаймыз ба? Халық «қолдаймыз!», деді.

Содан кейін ауданның әкіміне өзімнің сөзімді айттым. «Министр Атамқұлов Шұбаркөлде көмірдің тоннасы 5800 теңге, Қазақстанның кез келген түкпіріне 10 мыңның ар жақ-бер жағында баруы керек», – деді. Ал осы Алакөл ауданында өзгермейтін, қайта-қайта сайлана беретін Елжан Әбдірахманов деген депутаттың көмір сататын отын базасы бар. Сол базада әкімнің әйелі бас бухгалтер болып істейді. Мен қағанағы жарылып кетсе де ауданның әкіміне айттым, сен неге бақылау жасамайсың, мына Үшарал қаласына тиіп тұрған Бескөлде сегіз отын базасы бар. Соның бәрінде көмір 13-14 мың теңгенің арасында сатылып жатыр, ал сенің әйелің мен депутатың неге 17 мыңнан сатады?!  Осы ма біздің озық отыз елдің қатарына қосылғанымыз? Назарбаев айтты ғой, 2020 жылы Кувейттен озамыз деп, Кувейт тұрмақ, күнімізді әрең көріп жүрміз! Мен митингіде айттым, Қазақстанның халқы Назарбаев айтқандай емес, алтын сандықтың үстінде жалаңаяқ-жалаңбұт, жартықұрсақ аш отыр. Ауылдағы ағайынның жағдайы мүлдем нашар. Батыстағы ағайын газ 120 теңге болды, деп шулап жатыр, біздің Алакөлде газдың литрі 130 теңге болғалы бес ай болды. Біздің Үшаралда аспаннан ақша жауып жатыр ма, бір бөлке нанның бағасы 200 теңге. Неге? Алакөл ауданын аграрлық аудан дейді, сол аграрлық ауданда жылына – 30 мың гектарға жуық майбұршақ (соя) егіледі. Жаз ортасында соған су жетпейді. Мен сол суды тиімді пайдалану тәсілдері мен құрылғыларын көрсеттім, ешкімнің жаны ауырмайды. Бір жерді қайта-қайта қаси берсең қотыр болады, одан ары қаси берсең, рак болады. Сол сияқты бір жерге отыз жыл соя сепкен Алакөлдің жері түгел рак болды. Жердің бәрін түрлі гербицидтермен улап бітірді, жүз жерден арамшөпке қарсы дәрі шашсаң да, арамшөптер мутант болады. Жердің бәрі эрозия мен коррозияға ұшырап бітті, не жерге, не суға бақылау жасамайсың, сонда сен кімге әкімсің, неғып отырған әкімсің? – дедім.

Жалған баянат пен түрмеге қамау

Қызық содан кейін басталды. Осының бәрін митингіде тыңдап тұрған Үшарал қаласының Б.Тұрсынғали деген учаскелік инспекторы айналып келгенде, Байболатовтың үстінен жалған баянат жазып жіберген. «Төтенше жағдай кезінде алаңға шықты, митинг ұйымдастырды», – деп.

«Митингті мен ұйымдастырған жоқпын, ол видеода бар, мен келгенде митинг болып жатқан. Мен ол жерде «бейбіт наразылық болсын, басбұзарлыққа бармаңдар», деп халықты бейбітшілікке шақырып тұрдым. Ал аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, подполковник Қуат Оспанов мені «қоғамға қауіпті бүлік ұйымдастырушы» деп, 15 тәулікке Үшарал қаласына әкеп қамады.

Қысқасы,  қолымда қаулы да, ештеңе жоқ, мені апарып, СИЗО-ға 15 күнге жауып қойды. Қаулысыз мені дежурныйдан ары қарай заң бойынша кіргізуге болмайды ғой? Ертеңінде маған прокурор келді. Қаулыңыз қайда дейді? Мен қаулы алған жоқпын деймін. «Мені қаулысыз неге әкеп қамайды?» – деп, айқайлап прокурорға айттым. Аудан әкімінің келеңсіз әрекеттерін ашық айтқаным үшін мені әкеп қамап қойдыңдар, дедім прокурорға. Құдайдың шындығын айттым. Оларға қалай да мені түрмеге жабу керек болды да, мені түрмеге жапты. Мен ақтауды талап етемін! Мен қоғамға қауіпті адам емеспін. Кеңес одағы құлағалы отыз жыл болды, Алакөл ауданының құрылғанына – 100 жыл болып қалды. Сол – 100 жылда маған дейін де, менен кейін де дүниеге келетін адамдар жасар жақсылығын. Алакөл ауданында Бауыржан Оспанов деген атпал азаматымыз бар. Екі туып, бір қалғаным емес, бірақ оның халыққа жасаған жақсылығын бір де бір кәсіпкер жасаған жоқ! Ол – ірі кәсіпкер, мен шағын ғана кәсіпкермін, бар-жоғы – 60 гектар суармалы егістік жеріммен күн көріп отырмын. Оның – 44 гектарын мұнай құбырын өткізгенде, талқандап кетті, 17 жыл болды, күні бүгінге дейін қалпына келмей, пайдалана алмай отырмын. Сонда да халыққа пайдасы тиетіндей, біраз іс-шаралар жасауға тырысып келемін. Облыстық газетке жазып қойыпты, «Сарқанд, Ақсу ауданы биылғы жылы – 19 мың тонна қант қызылшасын өткізді» деп. Ал кеңес өкіметі кезінде қазіргі Жайпақ, бұрынғы Коммунизм деген бір совхоз 36 мың тонна қант қызылшасын өткізген-ді. 5 мың гектарға жуық суармалы егістік болған, 2014 жылға дейін сол егістікке су бармай, біздің ауыл жылап отырды. Осы Жайпақ ауылына су апарамыз деп, облыстық бюджеттен 80 миллион теңге бөлгізіп алып, су ағатын қаналдың ішінде әр жерге өскен талдарды жұлу мен қайраңды тазалау жұмысын Елжан Әбдірахманов атқарған еді, шала-пұшық етіп. Сол каналмен Жайпаққа бір тамшы су барған жоқ. Көзбояушылық. Әне, сол кезде Жайпаққа су апаруға мемлекет тарапынан бөлінген 80 миллион теңгенің қызығын Әбдірахманов көрді. Негізі су келіп жатқан каналдың жанында ешқайда бұрылмай, 30 шақырым жердегі біздің ауылға тура баратын канал бар еді. Екі каналдың арасы – 18 метр, өзімнің жеке қаражатыма екі каналдың аралығын қаздырып, 600 мың теңгеге су өтетін темір құбырлар салғыздым. Сөйтіп, туған ауылыма су апардым. 3 мың гектар жерді ел пайдаланып, қызығын көріп отыр.

Ажал айтып келмейді, күннің ыстық-суығында адамдар өледі, қабір қазатын адамдарға обал болды. Мен туған ауылымдағы зират қазатын азаматтарға арнап, қорымның басына 6x4 метр көлемді қабіршілерге үй салып бердім. Өзім құлайын деп тұрған үйде тұрамын, бірақ Алланың разылығы үшін, өлсем, артымда із қалсын.

 1941-45 жылғы неміс-фашистерге қарсы соғысқа біздің алақандай ауылдан 140 адам аттанып, 54-і тірі келіп, 86-сы сол соғыста шейіт болыпты. Туған ауылымның орталығына биіктігі бес метр, ені бес метр қылып, мрамордан ескерткіш қойдырдым. Сол бабалар жеңісінің жетпіс жылдығына арнап, 2015 жылы бір түп қарағай болмаған біздің Жайпақ ауылында балабалақша мен мектептің алдына, орталық алаңға, аурухананың маңайына 70 түп қарағай ектім, өз қаражатыма. Мен жетім баланы киіндіремін, су өткелін салдым, індет келіп кіргенде ауылдағы аурухананың 10 дәрігеріне комбинезон тіктіріп бердім. Менің осы жасағанымды ауданның газеті де жазбады. Марапат дәметіп отырғаным жоқ, насихаттау керек еді, басқа ауылдағы, бүкіл Қазақстандағы кәсіпкерлерді ояту үшін. Насихаттаған жоқ, өйткені әкімдіктегілер мені жек көреді, шындықты айта беретінім үшін. Айта берсең, әңгіме көп, бірақ күйіп кетемін, – дейді ол.

Тоқаевқа үндеу!

– Осындай игі іс-шаралар жасаған мен қайтіп қоғамға қауіпті боламын?! Түсінбеймін! Сондықтан, Тоқаевтан мені 15 тәулікке отырған жазадан ақтауға пәрмен беруін сұраймын! Мені ақтаңыз! Менің іс-әрекеттерімді және менің митингіде артық ауыз ештеңе айтпағанымды, керісінше, халықты бейбітшілікке шақырғанымды түсінген ауданның азаматтары мен азаматшалары бүгінгі күні қол жинап жатыр, мені ақтауды сұрап отыр.

Тегтер: