Қой көрмеген қуалап өлтіреді
Қазаққа мал ұстауға шектеу қойылмақ
Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі үйде мал ұстайтындарға шектеу қоймақ. Бұған қатысты аталмыш ведомоство сиыр, жылқы, қой санын реттеу үшін арнайы заң жобасын да дайындап қойған. Егер жоба қабылданса, қазаққа үйінде мал ұстау мұңға айналатын түрі бар. Министрлік өкілдерінің айтуынша, үй жануарларын көп мөлшерде ұстау экология мен қала және ауылдардағы санитарлық жағдайға кері әсерін тигізеді.
«Мен не деймін, домбырам не дейді...»
Министрлік тарапынан осындай заң жобасының дайын болғаны белгілі болып еді, бірқатар сала мамандары қарсы уәж айтып шыға келді. Мал шаруашылығы ғылымын зерттеп жүрген мамандардың пайымдауынша, нақ қазір қазаққа малдың басын шектеу емес, керісінше, оны көбейту маңызды. Тіпті, мамандардың бір парасы «ежелгі мал тұқымын сақтап қалатын мемлекеттік бағдарлама қабылдау қажет», деп жүргелі біраз болды. Бұл ретте, деректерге жүгінсек, 1988 жылғы есеп бойынша Қазақстанда 22 түрлі қойдың тұқымы өсірілген екен. Батыс Қазақстанда азғыр тұқымды қой, еділбай қойлары өсірілсе, Орталық Қазақстанда бес ата қойлары, ал Шығыс Қазақстанда шыңғыс тұқымды қойлар мен әртүрлі құйрықты қойлар, моңғолтұқымдас қойлар өсірілген. Қазір бізде мұның бірі де жоқ. Бүгінде біз қазақтардың ежелгі мал тұқымын сақтап қалуға келгенде, ауызды қу шөппен сүртіп отырмыз. Бұдан бөлек, жылқыға қатысты сөз етсек, бізде дүниежүзінде жоқ етті, қымызды мұғалжар тұқымы бар. Алтай өңірінде Өскемен жақта қабы жылқысы бар. Көпшілік біле қоймайтын адай жылқысы бар. Адай жылқысының қасиеті – теңіз суын ғана ішетіні. Бұған қатыстымал шаруашылығы ғылымының докторы Мақсат Қыдырбек былай дейді:
– Жер жүзінде тұзды су ішетін бірде-бір мал жоқ. Ал бізде бар. Қазақы еділбай қойын алайық, мұндай тұқым әлемде ешқандай елде жоқ, Мұның өзін дамыта алсақ, үлкен жетістік болар еді. Үкімет ет экспорты жайында сөз еткенде, алдына жан салмайды. Ал ішкі нарықтағы ахуал министрлікті онша алаңдатпайтын сияқты. Білесіздер, бар мал сыртқа саудаланғанда, елде ет қымбаттап кетті. Оның үстіне, қазір елдегі ет өңдейтін зауыттар шикізат жетіспеген соң, тек 30 пайыз қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Мұндайда жекелеген үйде мал ұстайтындар көмекке келуі тиіс еді. Олардың да қазір қолында санаулы ғана мал қалды. Өйткені жайылымдық жер тапшы, мал азығы өте қымбат. Соның өзінде қалт-құлт етіп мал ұстап, бейнеттеніп мал өсіріп отырғандар бар. Енді келіп олардың малының санын шектесе, онда ішкі нарықта еттің бағасы, тіптен, екі еселеніп, ет өңдейтін зауыттар мүлде тұралап қалмай ма?! Біз, керісінше, «мал басын өсіру керек» десек, министрлік «шектеу керек» дейді. Бұл таза «мен не деймін, домбырам не дейдінің» кері емес пе.
«Кеңседен шықпайтындар опық жегізіп жүр»
Жалпы, мамандар нақ қазір үйінде мал ұстайтындарға шектеу қойғаннан гөрі елдегі жайылымдық жер мәселесін ретке келтіру қажеттігін айтып отыр. Деректерге жүгінер болсақ, бүгінде елімізде 187 млн гектар жайылымдық жер бар. Қынжыларлығы – шаруаларға пайдалануға берген жайылымдық жерлердің қазір 80 пайызы жарамсыз болып қалған. Басты себеп: жекелеген шаруаның жерді күтіп-баптауға қауқары жоқ. Техникалық қуаттылығы жарамсыз. Бұған қатысты «Жас Алашқа» пікір білдірген ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Әскербек Нұрәлиев:
– БҰҰ деректеріне қарағанда, еліміздің жайылымдық жерімен қосқанда, 272,5 млн гектар жерінің 179,9 млн гектары шөлейттенуге дейін жеткен көрінеді. Деректер бүгінде ауылдық аумақтарда 300 мыңға жуық отбасының жерсіз қалып отырғанын көрсетеді, – дейді.
«Жерсіз қалу» дегеннен шығады, кезінде жекелеген шаруа қожалықтары құрылып, ауылдық аймақтардағы шаруалар жерді пайдаланудың жаңаша тәсіліне көшкені белгілі. Осы тұста білетіндер көлемді жайылымдық жерлерді қарпып қалуға тырысып бақты. Тіпті, шенеуніктердің өздері де пәленбай мың гектар жайылымдық жерді иемденіп алып, қазір ол жерлердің игерілмей, бос жатқанының куәсі болып жүрміз. Бұл ретте,ғалым Әскербек Нұрәлиев:
– Күлкілісі сол – үнемі жылы креслода отыратын, көңнің иісін сезбейтін министрлер мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығын қиындықтан шығаратын реформа енгізеді деп айта алмаймын. Бізді осы кеңседен шықпайтындар, мәселені толық түсінбейтіндер опық жегізіп жүр. Қазір біз үшін мал басын шектеу емес, «Жайылымдық жер туралы» заңды қайта қарау қажет. Елдегі ірі көлемді жерді алып, оны қараусыз қалдырған латифундистердің жауапкершілігін арттырған жөн. Біздің елде жайылымдық жерге қомақты салық салынбайды. Сондықтан болашақта ауыл шаруашылығы министрлігі ірі көлемде жайылымдық жерлері барларға шамасы келсе, қатаң талап қоя білуі керек. Оларға «жеріңді ұқсатасың, халыққа пайдасы бар дүниелер жасайсың, болмаса, мемлекетке өткізесің», деген мәселені төтесінен қою керек. Биылғы жұт, қуаңшылық қазақтың мал басын қынадай қырды. Жемшөптің бағасы удай. Сондықтан ауылдағы қарапайым халыққа жаны ашыса, үкімет алдымен жайылымдық жер мәселесін шешіп бергені абзал, – дейді.
Өзгелер бізден көш ілгері
Негізінде, жайылымдық жер және мал шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар елдер заңын дұрыстап, сауатты салық жүйесін енгізіп те алыпты. Мысалы, Әзірбайжан, Армения, Грузия, Өзбекстан тәрізді елдерде шаруалар көлемі ауқымды қандай да бір жайылымдық жерлерді жалға алса, мемлекетке қомақты салық төлейді. Моңғолияда мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін шенеуніктерге ірі көлемді жайылымдық жер мүлдем берілмейді. Өйткені бұл елде жекелеген адамдардың мал өсіруі маңызды. Сондай-ақ бұл елде ірі кәсіпкерлер жерден тапқан пайдасын міндетті түрде мемлекетпен бөліседі. Пайдаланған жерін үнемі тыңайтып, жайнатып отырады. Былайша айтқанда, біраз елдер «мал өсіргенде жер қатынасын реттеу және оны пайдалану тәсілі арқылы мемлекет те, шаруа да пайдаға батуы керек», деген тәсілді ұстанған. Өкініштісі, біз бұл жайтты уыстан шығарып алдық.
Бұған қатыстызаңгер Шәріпбек Бекхожин былай дейді:
– Бізде 700 мың гектар жері бар холдинг басшылары бар. Бір адамның иелігінде 1,5 млн гектар жайылымдық жер бар. Ірі жер иеленушілерге қатысты қатаң заң керек. Маңғыстауда бір адамның ғана қолында аумағы 2 миллион гектар бос тұрған жайылымдық жер бар екен. Бұл дегеніңіз – үш Латвияға пара-пар жер көлемі. Биыл Маңғыстауда қуаңшылық болды. Елдің малы қырылды. Сонда қарақан басының қамын ойлаған латифундистер осыншама жерді иемденіп шырт түкіріп отырады да, қарапайым қазақ «экологияны бұзады, санитарлық талапқа сай емес» деп малының санын шектей ме?!
Тақырыпқа тұздық: Ретсіз реформа шектелсін
Біз пікірлескен мамандардың айтуынша, нақ қазір қазаққа малдың санын шектеу турасында заң қабылдау қажетсіз. Сарапшылар тарапынан «болашақта астық экспортынан гөрі ет экспорты әлдеқайда пайдалы болады», деген пікірлер жиі айтылып жүр. Міне, осыны ескерген мемлекеттер етті және майлы мал басын көбейтуді әлдеқашан жолға қойған. Мысалы, 1990 жылдары еліміздегі қой саны 40 миллионнан асып жығылатын. Қазір статистика агенттігі «елде 17 млн қой басы бар» десе, қайсыбір деректер бұл көрсеткішті, тіптен, төмендетіп жібереді. Бізде әсірелеп айту, жалған ақпарат беру, піспеген шала-жансар жобаны қазақы ортаға бейімдеу қатты басым. Мұның арты шалағайлықтың дәмін татқызып, бармақ тістетіп жатқаны ащы да болса ақиқат.
Қазақ бірдеңеге көңілі толмағанда, «Қой көрмеген қуалап өлтіреді» дегенді бекер айтпаса керек. Сондықтан да мұны ұқса, ауыл шаруашылығы министрлігі келешекте қазақтың мал басын емес, ретсіз реформаларының санын шектер деп үміттенеміз.