Қоймасы тозған Қазақстан. Мәминнен Смайыловқа дейін
Асқар Мәминнің тұсында бұл үкімет «болашақта Қазақстанды әлемдік азық-түлік хабына айналдырамыз» деп те желпінген.
Қарап жатпай, азық-түлік тауарларын қаттау, сақтау және сату бойынша технологиялық тұрғыдан дамыған, заманауи көтерме-тарату орталықтарының құрылысы басталып та кеткен. Біз әлемдік азық-түлік хабы туралы сөз етіп жүргенде елдегі азық-түлік сақтау қоймалары естен шығып кеткен тәрізді.
Премьер-министр Әлихан Смайылов үкіметте «Азық-түлік корпорациясы» жұмысын қайта құру керек деп қалды. Премьердің есебіне жүгінсек, қазір елде жалпы сыйымдылығы 2 млн тоннаға жуық көкөніс пен жеміс сақтайтын 1 200-ден астам нысан бар. «Әйтсе де бұл – жеткіліксіз. Олардың көбі әбден ескірген, тозған. Жаңа көкөніс қоймалары қажет. Фермерлер бірыңғай мемлекеттік субсидиялау ақпараттық жүйесіне шағым айтуда», – деді Смайылов.
Енді үкімет 29 жаңа қойма салмақ. Бұған қатысты ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктеріне, жергілікті әкімдерге арнайы тапсырма да берілді. Бұл бастамадан не шығады? Мамандардан сұрадық.
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов үкіметте осы уақытқа дейін елдегі азық-түлік қауіпсіздігін реттеп, азық-түлік сақтау қоймаларының, тұрақтандыру қорларының жұмысын жандандыратын уақыт болмады емес, болды дейді. Тіпті бұған дейін «Жол картасы» аясында да азық-түлік қоймалары салынбақшы болған. Әйтсе де аталмыш бағдарлама аясында азық-түлік қоймаларын салуға жергілікті әкімдіктерде қызығушылық болмаған, үкімет те оны тереңдеп зерттемеген.
– Біздегі қоймалардың барлығы дерлік Кеңес заманынан бері қолданыста келе жатыр. Тәуелсіздік алғанымыздың өзіне 30 жылдан асты. Ол қоймалардың алдының жұмыс істегеніне 70 жылдан асқандары да бар. Осы уақытқа дейін «халықаралық талапқа сай ірі-ірі азық-түлік қоймалары салынды» деп айта алмаймыз. Елдегі қоймалардың басым бөлігі талапқа сай емес. Ондағы өнімдердің шіріп, көгеріп, базданып жатуы да заңдылық. Осы уақытқа дейін қаншама үкімет ауысты, қанша үкімет келді?! – дейді экономист.
Мұндай түйткілдердің бар екенін үкімет мүшелері бұған дейін білді. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің де, кезінде премьердің орынбасары болған Серік Жұманғариннің де үкімет сағаттарында «біз барлығын өндіреміз, тек өнімді сақтау жағы қиын. Кейбір өнімді тек сәуір айына дейін ғана сақтай аламыз. Одан кейін оны басқа жаққа сатуға мәжбүрміз» деп есеп бергені есімізде. Қарашөкеев те, Жұманғарин да есеп беруден асқан жоқ. Тіпті экс-үкімет басшысы Асқар Мәмин де елдегі азық-түлік қоймаларын реттеу, жетілдіру мәселесіне аса бас қатырмады. Маминнің бар ойы әлемдік рейтингтерді бағындыру болды ма, экс-премьер ТМД елдері бойынша азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын әзірлеуді ұсынып, әлек болды. Біріккен Араб Әмірліктерімен де азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударды. Әйтеуір Мәмин үкіметі «Қазақстан азық-түлікпен қамтамасыз етудің жаңа кезеңіне өтеді» деген ұранмен жұмыс істеді. Ақиқатында, жаңа кезеңге қол жеткізе қоймадық, тек жалаң істердің куәсі болдық. Сол кезде елдегі азық-түлік қоймаларының мәселесі өзекті екеніне тиісті ведомстволар ден қоймады. Енді келіп Смайылов үкіметі олқылықтардың барын әшкерелеп, «қысқа мерзімде жаңа қоймалар салуымыз керек» деп екпіндеп отыр.
Экономика ғылымының докторы, профессор Ғалижан Мәдиев қоймалардың жетіспеушілігінен өндірген өнімнің 40-45 пайызы тұтынушыға жетпей шіріп қалатынын айтады. Оның ойынша, үкіметтегі әрбір бастамада ғылыми негіз болмағаннан кейін мәселелер уақытысында толыққанды шешілмейді. Сұранысты толыққанды қамти алмау, өнім тапшылығы, өнім бағасының күрт көтерілуі осыдан барып туындайды. Ал енді қысқа мерзімде азық-түлік қоймаларын салғанмен де бұл мәселелердің шешіле қоюы екіталай.
– Тұрақтандыру қорлары, азық-түлік қоймалары салынсын-ақ делік, бірақ бұл арада бізде мемлекеттік бақылау мен реттеу жолға қойылмағанын ескеру керек. Технологиялық қуатымызды арттырып, дамитын уақыт әлдеқашан болды. Бірақ біз белгілі бір жобалар мен бағдарламалардың ізінен әлі еріп келеміз. Технологиялық даму да жоқ, бәсекелестік те жоқ. Тек заңсыздық, көлеңкелі экономикаға жол беру басым. Бұдан барып кез келген салада артқа кету болады, – дейді экономист ғалым.
Ғалым бір мысал келтірді. Астанада азық-түлік сақтайтын алты қойма бар. Оларда әлеуметтік маңызы бар тауарлар, жеміс-жидек, көкөніс сақталады. Қазір осы алтауында 37 мың тоннаға жуық көкөніс сақталып тұр делік, бірақ бір ғана Астананың өзінде екі түрлі баға бар. Мысалы, картопқа оң жағалау тұрғындары 150 теңге төлесе, сол жағалауда 50 теңге көбірек төлейді. Ішіп-жемнің бәрі өзге өңірден келетіндіктен, тұрақтандыру қоры халықты толыққанды өніммен қамтуға қауқарсыз. Ал арзан кезінде сатып алып, сақтап қоятын қоймалар өте аз.
Жылдар өте келе астық сақтау төңірегінде де мәселе туындауы мүмкін. Қазір азық-түлік қоймаларынан бөлек, біздің еліміздегі астық сақтайтын элеваторлардың технологиялық қуаттылығы төмендеген. Мәселен, астық жиналған уақытта элеваторлардағы дымқыл астықты кептіргіштердің орны ерекше. Өкініштісі, біздегі элеваторларда сол қарапайым ғана астық кептіргіштер талапқа сай емес. Осыдан барып жиналған астықтың басым бөлігі дымданып, шіріп, сапасын жоғалтып жатады. Сондықтан біз көп кешіктірмей, элеваторларды да модернизациялау үрдісін бастап кеткеніміз дұрыс.
Біз тілдескен мамандар «болашақта елдегі азық-түлік қоймаларын, астық сақтайтын элеваторлардың кем дегенде 50 пайызын жекеменшіктің қолынан алып мемлекеттік үлесті ұлғайту керек», деп отыр. Мысалы, кезінде «ҚазАгро» инвестициялық бағдарламасы аясында жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған, қол күшін көп қажет етпейтін біраз қамбалар салынды. Бірақ сол қамбалардың басым бөлігі жеке кәсіпкерлердің қолында. Осыған байланысты, алдағы уақытта жекелеген кәсіпкерлердің қолындағы элеваторларға деген талап та күшейтілуі тиіс. Сол тәрізді азық-түлік қоймаларын да жеке кәсіпкерлердің иелігіне беріп қою дұрыс емес. Олар кәсіпкерлікке жарияланған мораторийді желеу етіп, ешкімді жолатпайды. Рас, үкімет азық-түлік қоймаларымен келісімге келіп, қандай да бір меморандумдарға қол қояр, белгілі бір жәрмеңкелер ұйымдастырар, бірақ мұның барлығы мәселені шешудің төте жолы емес. Сала мамандары алға тартып отырғандай өркениетті елдерде де, дамушы мемлекеттерде де азық-түлікті сақтау, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту ешқашан назардан тыс қалған емес. Мысалы, Аргентина мен Канаданың тәжірибесіне сүйенетін көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінде астықты және азық-түлікті полимер қапшықтарда сақтау технологиясы дамыған. Бұл – жаңа технология, өте арзан әрі қолжетімді. Ал бізде бұл тәсіл қолданыла ма?! Елдегі азық-түлік қоймалары қалай жұмыс істейді?! Осы және басқа сауалдарымызға жауап іздеп, жұмыс барыстарын көріп, барып қайтуға ниет білдіріп, Алматыдағы бірнеше азық-түлік қоймаларына қоңырау шалдық. Алайда жекеменшік кәсіпкерлердің иелігіндегі және ерекше күзеттегі нысандар болғандықтан, қоймалардағы жұмыс бабын барып көруге рұқсат ала алмадық. Айтуларынша, кедендік күзет бақылауында болғандықтан, қоймалардың маңында қыбырлаған жәндіктің де ізі де болмауы керек. Қалай десек те, азық-түліктің бағасы өсіп, немесе оның тапшылығы сезіле бастаса, жауаптылардың аузынан азық-түлік қоймалары, тұрақтандыру қоры деген тіркес түспейді. Аталмыш тіркестер бүгінде жауапты органдардың «қауіпсіздік жастығына» айналған. Десек тедүкен сөресіндегі азық-түлік бағасының күн сайын құбылуы елдегі азық-түлік қоймаларының да, тұрақтандыру қорларының да жұмысынан хабар беретіндей. Өткенде мәжілісте қазақстандық отбасылардың дастарқаны жұтап кеткені сөз болды. Елдегі жұмыс істейтіндер табысының 54,3 пайызын тек азық-түлік сатып алуға жұмсайды екен. Мұндайда еріксіз «қоймамыз бен қамбамыз арзан бағада сатып алынған өнімге толы болса, халық тарығатын ба еді, елді қымбатшылық қысатын ба еді» дегенде ойға батасың. Артынша, «қарапайым ғана қойманың бабын келістіре алмай отырып, әлемдік азық-түлік хабына айналамыз» деп, кеуде қаққан кезіміз де болып еді-ау деп ойлайсың...