Қолда бар санаулы қаржыны қалай жұмыс істетуге болады?
![None](/static/img/image.jpg)
«Біз барлығымыз ақша табу үшін жұмыс істейміз. Ақшаның соңында жүгіреміз. Ал сол ақша біз үшін қашан жұмыс істер екен?
Ақшаның біздің соңымыздан жүгіретін кезі бола ма?»
(Эндрю Карнеги)
Бұл – әлемдегі құрыш құюдың алпауыты Карнегидің ойға түйгендері. Кезінде сол Карнеги: «Мен өз өмірімнің бірінші жартысын ақша жинауға жұмсаймын. Ал өмірімнің екінші жартысын сол жинаған ақшамды таратып беруге арнаймын», – деген екен. Ол алға қойған осы мақсатымен жігерленіп, ақша жинауға деген ықыласы артқаны соншалық – өмірінің бірінші жартысында 450 млн доллар қаржы жинаған екен. Сөйтіп, расымен де, өмірінің соңғы кезінде жиған қаржысының игілігін халыққа көрсету мақсатында кітапханалар мен театрлар салған көрінеді. Демек, ол ақшаны өзі үшін ғана емес, халық игілігі үшін де жұмыс істете алды. Бірақ біз Карнеги емеспіз. Біздің қолымызда санаулы ғана қаржы бар. Мысалы, әрі кетсе 100 мың теңге делік. Ал енді осы 100 мың теңгені жұмыс істетуге, былайша айтқанда, қалай көбейтуге болады? «Жас Алаш» мұны мамандардың көмегіне жүгіну арқылы сараптап көруді жөн көрді.
Алдымен студенттерге арналған жоба туралы.
Біздің бағамдағанымыз, қазір қоғамда қолында аз-маз қаржысы бар қауым – студенттер мен зейнеткерлер. Зейнеткерлердің басым бөлігінің біраз жасқа келгенде ақшаны жұмыс істетуге, яғни қандай да бір кәсіппен айналысуға талпынбасы тағы анық. Ендеше біз мамандардан студенттерге арналған бизнес жобаларды сұрастырып көрдік. Пайымдасақ, аз-маз қолда бар қаржыны студент қауымының да ұқсатуына болады екен. Біз студенттерге лайық кәсіп түрін сөз етіп көрелік.
Экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметовтің ақыл-ойы: Бірінші қадам: Бастапқыда сіз бизнесіңізді институт бейнесі немесе логотипі басылған киім, көбінесе майкалар, белгішелер, басқа да заттарды сатудан бастайсыз. Мұндай заттарды тек жаңадан келген студенттер ғана алып қоймайды. Институтты бұрын бітірген, бірақ өзі оқыған оқу орнын еске түсіретін естелік затқа құмар бітірушілер де алуы мүмкін.
Екінші қадам: Бұдан соң деканнан институт немесе факультет символикасы бар майкалар мен белгішелерді жасауға рұқсат алу керек. Бұл тек өзіңіздің адамдармен өзара қарым-қатынас жасай білу қабілетіңізге байланысты. Бар керегі – деканды көндіріп, үзіліс кезінде осы тауарларды сатуға рұқсат алу. Рұқсат алған соң, тауарларды әзірлеуге кірісу керек.
Үшінші қадам: Институт немесе факультет эмблемасын сайттан не болмаса әкімшіліктен алуға болады. Майка немесе белгішеге басылатын макетті жасау ешбір қиыншылық туғызбайтын сияқты: қолың түзу, өзің ұқыпты болсаң болғаны. Ал тағы да бір керегі, ол – графикалық редактор. Әрі қарай шығындарды есептейік: институт эмблемасы басылған 25 белгіше, факультет эмблемасы басылған 25 белгіше жасап шығарайық. 50 данаға шамамен 30 мың теңгедей жұмсалынады.
Төртінші қадам: Енді майкаларды жасап шығарамыз. Эмблеманы өз бетіңше немесе арнайы делдалмен келісіп басуға болады. Майканың бағасы – шамамен 200-300 теңге, ал оған белгі басу 100-300 теңгені құрайды. Тағы да есіңізге салайық, адамдармен келісе білу керек. Әртүрлі дизайнмен жасалған, эмблемасы бар, әртүрлі басу жолымен дайындалған 5-15 дана майка жасап шығару керек. Бұл шамамен 20 мың теңгеге түседі. Майка мен белгішеге басылатын суреттің қосымша дизайн түрлерін дайындап, оларды қағазға басып шығарыңыз. Бұл үлгілерді қызығушылық танытқандарға көрсетеміз. Ал күлкілі де қызықты суреттер басылған майкалар каталогін даярласаңыз тіпті жақсы, олар да көп жастардың көңілінен шығатыны анық.
Бесінші қадам: Тауар қолға тиген соң сатуға кірісеміз. Бірінші күні аса танымал тауар түрін байқау керек те, тапсырыстарды жинап, тізім құрастыру қажет. Тауар бағасын өнімнің өзіндік құнынан 20-100 пайызға дейін өсіріп қойсаңыз тіптен жақсы. Мысалы, студенттің қалтасына тиімді болу үшін белгішені 500 теңгеден, ал майкаларды 1000-1500 теңгеден сатамыз. Керек болса қоңырау шалып, қосымша тауарларды лезде дайындап шығаруға тапсырыс береміз. Шығарылған қаражатты қайтадан айналымға қосамыз. Егер сіздің факультетіңізде 1000 студент оқитын болса, бір апта ішінде 30-50 майка және сонша белгіше сатуға болады. Әрқайсысын 500 теңгеден сатқанның өзінде, түсіретін түсіміңіз арқылы шыққан шығынды екі есеге ақтап аласыз. Олай болса оқуымен қоса, кәсібін жүргізгісі келетін студенттердің құлағына алтын сырға делік. Табысты әрі талғамды студент атанғыңыз келсе, ісіңізді бастап көріңіз.
Зейнетте отырып-ақ табыс табасыз
Негізінде, зейнетте отырып-ақ шаруаны дөңгелетуге болады. Тіпті өзге жұмысына алаңдамайтын болғандықтан, зейнеткерлердің бизнесті жүргізуге уақыты да мол. Бұл ретте мамандар ауыл зейнеткерлері қазірдің өзінде ши тоқу, көрпе тігу, қыз жасауын жасау, текемет тігу тәрізді кәсіптерді тереңдеп игеріп, сол арқылы қаржысын көбейтіп отырғанын алға тартады. Ал қала зейнеткерлерінің арасында арнайы сайттарға форумдар жариялап, осылайша басқа зейнеткерлердің басын жұмылдырып, тіпті отбасылық кеңес беретін орталықтар ашып алып, өз ісін жүргізіп отырғандардың бары денімізге белгілі. Ендеше нақ қазіргі кезеңде зейнеткерлерге қандай кәсіп тиімді? Әсіресе ауыл зейнеткерлеріне арналған бизнестік пайымдар қандай болғаны жөн? Адамдар ақша ретінде әртүрлі тауарларды, қымбат тастар мен металдарды, қолында бар шикізаттарды пайдаланатыны даусыз. Ұзақ уақыттар бойы ақша есебінде алтын-күміспен қоса, қазақтың қолөнер бұйымдары да жүрді. Соның ішінде текеметтің ең алғаш қағаз ақшаға сатылғанын бүгінде біреу білсе, енді біреу білмейді. Мұны ескерген мамандарымыз ауыл зейнеткерлеріне нақ осы текемет өндірісін жолға қойып алуды жөн санайды. Мысалы, елімізде 20 мың тонна жүн, 7 миллион данадай тері шикізаттары жиналады екен. Елде тері-жүн өндірісінің жолға қойылмағанын алға тартсақ, сонда осыншама шикізат шіріп жатыр ма? «Ендеше қолда бар мол шикізат өнімдерін пайдалануға зейнеткерлеріміз де талпынса» дейді мамандар.
Идеяны өмірден аламыз
Абзалында, кез келген идеяны өмірден алған дұрыс. Мысалы, өткен ғасырда АҚШ-та бір өнертапқыш үйінің әйнегін сүртіп жатып, келесі күні-ақ әйнек шығару зауытының қожайынына келіп, аса берік, сынбайтын әйнек шығару жобасының үлгісін көрсетіпті. Зауыт қожайыны одан бір жеті мұрсат беруді сұрайды да, өнертапқыш кеткеннен кейін әлгі адамның қалдырған үлгілерін қоқысқа тастайды. Бір жетіден кейін күнделікті өмірінен ғажайып идея алған әлгі өнертапқыш қайтыс болып кетеді. Ал сонда қатыгез әрі бейқам қожайынның қоқысқа лақтыру шешімімен – сынбайтын, берік әйнек шығару өндірісі келмеске кетті емес пе? Сол тәрізді біздің қоғамымызда да қолындағы аз-маз қаржысымен шаруасын дөңгелетіп отырған жандар идеяны өмірден алған. Біз солармен де тілдескенді жөн көрдік:
Еркін Қасымханов, етікші:
– Қалалықжерде тек қана жалақымен күнелтудің қиын екені бесенеден белгілі. Мен бұл кәсіпті күтпеген жерден бастадым. Алдымен өз үйімде көрші-қолаңға тиын-тебенге қызмет көрсеттім. Содан кейін 100 мың теңгеге несиелік лимит картасын алдым. Міне, сол қаржыны ұқсатып көруді жөн көрдім. Сөйтіп, Көк базар маңынан 15 мың теңгеге өте шағын дүңгіршекті жалға алдым. Бұл былтыр еді. Қазір жалға алу құны 20 мың теңгеге өсті. Алғашқы айында бірден жалға алу құнын екі айға төледім. Осылай 100 мың теңгенің 30 мыңын жалға төледім. 50 мыңына етік тігетін машина, біз, жіп сатып алдым. Қалған 20 мыңды дүңгіршекті қалпына келтіруге жұмсадым. Осылайша ісімді бастадым. Қазір күндік табысым 8-10 мың теңгені құрайды. Ең аз дегенде 6 мың теңгеге айналады. Жалға алу құнын; күнделікті орынға төлейтін салықты; басқа да шығындарды есептегенде, отбасыма кіретін айлық табыс 100-150 мың теңгені құрайды.
Нұрсерік Жиенбаев, шаштараз:
–Өз ісімді бастағалы сегіз ай болды.Басында туыстарымның шашын тегін алып беріп жүрдім. Мамандығым мұғалім еді. Жалақысы аз мамандық болғандықтан,осы кәсіпке кетуді жөн көрдім. Әрине, отбасым бұған бірінші кезекте қарсы болды. Сонымен, менің қолымда 30 мың теңге ғана қаржым болды. Бұл мұғалімдік алғашқы жалақым еді. Оған шаштаразға қажетті дүниелерді сатып алдым. Басында үйімнің бір бөлмесінде қызмет көрсеттім. Қазір кәсібімді заңдастырып, үйімнің алдынан шаштараз ашып алдым. Айына өзге шығындарды есептемегенде,шамамен 200 мыңдай кіріс кіргіземін. Өзімнің тұрақты клиенттерім де бар. Жалпы, қолда бар қаржыны ұстауда, оны жұмыс істетуде өзіндік ережелерім бар. Артық шығынға жол бермейміз. Содан кейін бізге келер кіріс көзі де табысты болады.
Жалпыға ортақ жеті ереже
Қолда бар қаржыны ұқсатуда сарапшылардың ұсынар жалпыға ортақ жеті ережесі бар. Көңілге қонымды, есте сақтауға ыңғайлы бұл ережелер кез келгеннің әмиянындағы қаржысын үнемдеу үшін аса қажет. Ендеше төмендегі қағидаларға назар аударып көрелік: 1. Өтініш үшін ақша алмайды. Өзіңіз үшін барлық жерде және әрқашан саудаласуды ережеге айналдырыңыз. Шегерімдер жасауды сұраңыз: бір жерде сізге жасауы мүмкін. Қорықпаңыз: сұрағаныңыз үшін ақша алмайды және күмәнданбаңыз. 2. Білім – күш. Өзіміз сатып алатын тауар туралы біз де бір нәрселерден хабардар болуымыз керек. Әсіресе оның бағасы тым қымбат болса… Тауарды алуға келгенде оның бағасын біліп келгеніміз абзал. Демек, біздің тауар туралы түсінігіміз болу керек, олардың дүкендерде бар болуы, қай дүкенде бағасы қандай деген сияқты. Кейде бір затты алып, оны досыңа мақтанып көрсетесің, одан кейін бір бұрышта оның екі есе арзан бағаға сатылып жатқанын көресің. Мұны талай адам бастан кешірді. 3. Немқұрайды көзқарас – ол да күш. Ешбір жағдайда тауарға қызығушылық танытпаңыз. Жай ғана қарап, сапасын бағалаңыз. Бұл орайда, өзіңіздің кәсіпқойлығыңызды көрсетіп қою артық болмайды: сіздің бұл тауар туралы ақпаратыңыз бар, сіз не сатып алатыныңызды білесіз. 4. Дипломат болыңыз. Тауардың қожайынымен саудаласуда әдептілік сақтай отырып, мұны оңашада жасаңыз. Біріншіден, жұрттың көзінше саудаласқанда бағаны түсіру мүмкіндігінен автоматты түрде айырыласыз, екіншіден, сіз өзіңіздің тәрбиелі жан екеніңізді көрсетесіз. 5. Қапты ашамыз да, ішіне не салғанына қараймыз. Шегерімге қол жеткізе отырып, оның сіздің адал ниетті тұтынушы ретіндегі құқыңызды кемсітпейтіндігіне көз жеткізіңіз және бір жағдайлар болса оны қайтаруға, айырбастауға және кепілдік қызмет көрсетуді талап етуге әрқашан мүмкіндігіңіз бар. 6. Ақшаның ұшын көрсет. Өз тауарыңызды көрсетіңіз. Әмияныңызды алып, ақшаңыздың бар екенін көрсетіңіз. Ол әзірше ақшаның мысы басып, есін жиғанша былай деңіз: «Жоқ, дегенмен сіз қымбатқа беріп тұрсыз, мен әлі де ойланып көремін». Немесе: менде 12 мың теңге жоқ, тек 10 мың теңге ғана бар, сіздің тауарыңыз үшін оны беруге дайынмын» дейсіз. Мұндай амалдар көбіне жақсы нәтиже береді. 7. Қоқан-лоқы – ол да тактика. Сіз кетіп қалуға дайын екеніңізді аңғартыңыз. Егер сізді кері шақырып алса, шегерім жасаларына күмәнданбаңыз.
Ақшаны жұмыс істетудегі Фрейд сараңдығы Жалпы, мол қаржы табу адамға еркіндік сыйлайды. Қазіргі заманғы қоғамда ақша бостандықпен теңестіріледі. Ақша бізді күнделікті күйбің тірліктен босататыны рас, алайда ақша өздігінен әрекет ете алмайды. Ересек адамның ақшаға деген қатынасы оның бала кездегі талабына қарай анықталатынын ең алғаш болып байқаған Зигмунд Фрейд екен. Психоаналитикалық теорияға сәйкес, балалардың барлығы дерлік жеңілдік пен жағымдылықты сезінеді. Баланы отыруға үйрету ісі оның өз тәуелсіздігі үшін күрескен кезіне сәйкес келеді. Осы процедура көбіне соқтығыстың басына айналады. Мысалы, Фрейд ілімінде бала айтқаныңды тыңдады ма, жарайсың, міне, саған бір кәмпит. Отырмадың ба: мә, саған шапалақ. Фрейдтің ойынша, жүргізілген психологиялық сараптау балаға отыруды үйретудің ауыр тәсілін компенсаторлы тәртіптің келесі түрлерімен тікелей байланыстырады: сараң адамның ақшаны жымқырып ұстауы ата-ананың талабы бойынша дефекациядан балалық бас тартудың сипаты ретінде қарастырылады. Ал ақшаны шашып ұстайтын адам, керісінше, ата-анасының қалауын орындап, сыйлық алуға құлшынған балаға ұқсайды. Міне, қолындағы ақшаны жұмыс істетуде Фрейд өзіне «шапалақ+сияпат» деген талап қою арқылы биікке шығыпты. Ол дегеніңіз – ақшаны орынды жұмсаса өзіне сияпат, ал орынсыз жұмсаса жазғыру – шапалақ көрсетіп отырған. Фрейд сараңдығын қазірде бизнесте жүрген кәсіпкерлер кеңінен қолданады. «Мұны үйрене білсең, қолдағы қаржыңды шапалақ жемеу үшін текке шашпайсың» дейді отандық кәсіпкерлер. Ендеше қолыңыздағы қаржы текке шашылмасын десеңіз, оны жұмыс істете біліңіз. Сонда өзіңізге деген сияпатыңыз да көбірек болады.