Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:13, 19 Тамыз 2022

Қолдан жасалған тапшылық па?

None
None

Солтүстік Қазақстан облысында жол құрылысымен айналысатын компаниялардың дені жұмысын уақытша тоқтатты.

Басты себеп – битум қымбаттап кеткен.

Қазіргі күні теріскейде 19 асфальт бетон зауыты мен 18 мердігер компания бар. Бәрінің жағдайы бірдей. Осыған дейін битумның тоннасын 130 мың теңгеден алып келсе, жуырда 220 мың теңгеге жетті. Салдарынан, жұмыс қарқынын бәсеңдетті. Дені тіпті тоқтап тұр. Облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсат Баяхметтің айтуынша, бәрінің уәжі бір. Компаниялар битум қымбаттағасын, пайда тапай шығынға батқан. Кесірінен жоспарланған жұмыстар кешеуілдеп жатыр. Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысында биылға жоспарланған жұмыстарды аяқтау үшін әлі 20 мың тонна көлемінде битум қажет.

— Асфальт-бетон зауыттары да, жол төсейтін мердігер компаниялар да битумның қымбаттауына байланысты жабылмаса да соның алдында тұр. Битум бағасы шарықтап кетті. Жыл басында битумның бір килограмы 130 теңге шамасында болса, қазір 90 теңгеге қымбаттап, 220 теңгеге жетті. Осының кесірінен көбі тоқтап тұр, – дейді Мақсат Баяхмет.

Теріскейлік кәсіпорындарды битумды Павлодардағы мұнай өңдеу    зауытынан сатып алады. Қазақстандағы ең жақыны осы. Ақтаудан әкелейін десе жол алыс, бұдан да қымбатқа түседі. Теміржол арқылы жеткізілетіндіктен, битум контейнерлерде қатып қалады да оны қыздыру үшін қосымша қаржы мен уақыт кетеді.

Ал осыдан бірнеше жыл бұрын битумды импорттауға қойылған шектеуге байланысты 300 шақырым жердегі арзан өнімді жеткізе алмай отыр. Ресейдің Омбы қаласындағы мұнай өңдеу зауытындағы бағасы да арзан, сапасы да жоғары дейді кәсіпкерлер.

— Біз көктемде Павлодар мұнай-химия зауыты өткізген тендерге қатысып, 1 мың тонна битумды 110 теңгеден сатып алдым. Бірақ ол әлі қолымызға тиген жоқ. Мың тонна деген аз, бұл бізге қажетті өнімнің ширегі ғана. Басқа жолмен сатып алайық десек, түрлі шектеулер қойып тастаған. Ең қызығы, осы зауыттың маңында делдалдар көп. Олардың бағасы да зауыттыкінен анағұрлым жоғары. Осылайша, алыпсатар пысықайлардың кесірінен жұмыс уақытында аяқталмай жатыр, – дейді жол құрылыс компаниясының басшысы Карен Мартиросян.

Бұл компания сәуір айында тендерді ұтқанымен, зауыттан қоңырау да жоқ, ақшаны да сұрамаған. Ал жолшылармен байланысқа да шықпайды, – дейді кәсіпкер.

Көкшетау-Петропавл тас жолына күрделі жөндеу жүргізіп жатқан «КөкшетауАвтодор» компаниясының басына бұлт үйірілгелі де біраз болды. Бұл мердігер мекеме күре жолдың Ақмола облысы аумағында 27 шақырымын, СҚО аумағында 26,4 шақырым учаскесіне күрделі жөндеуден өткізуге тиіс болатын. Қазіргі күні Солтүстік Қазақстандағы 8 шақырымын жөндеп қойған.

— Бұл учаскені қазан айында тапсыруымыз керек. Әзірге ширек бөлігін де тындырған жоқпыз. Павлодардан да, Ақтаудан да келіп жатқан битумның көлемі аз. 3 мың тоннаға тапсырыс берсек, соның 800 тоннасын ғана жеткізді. Оның алдында да 650 тонна ғана алғанбыз. Жұмыстар тоқтап тұр деуге болады. Жалақыны қалай төлейміз деп отырмыз. Одан бөлек, уақытында аяқтамаған соң, тиісінше айыппұл салып жатыр. Бұл біздің кінәміз емес қой, – дейді «КөкшетауАвтодор» компаниясы директорының орынбасары Арман Өмірбеков.

Соңғы рет компания битумның тоннасын 230 мың теңгеге сатып алған. Енді 300 мыңға да таппай отыр. Осы ретте зауыт маңайындағы делдалдар қаптағанын, олардың басқа кәсіпкерлерге кесірін тигізіп отырғанын айта кеткен жөн. Кәсіпкерлердің айтуынша облыс әкімі Құмар Ақсақаловпен кездескен кезде, өңір басшысы Павлодар мұнай-химия зауыты басшылығына тікелей хабарласқан. Сол кезде зауыт тамызда теріскейге тоннасын 110 теңгеден битум жеткізуге уәде берген. Осыдан-ақ, зауыт маңында делдалдар қаптағанын көруге болады дейді олар.

Тағы бір мәселе, Қазақстанға битумды импорттауға тыйым салғанымен, экспорттауға шектеу жоқ. Нәтижесінде қазақстандық битум Қырғызстанға кедергісіз жөнелтілуде. Осы орайда отандық кәсіпорындар – не битум имортына рұқсат берсін, не экспорттауды тоқтатсын деген тілек білдіріп отыр.

Мамыр айында өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде битум тапшылығын көтерген болатын. Осыған орай Ресейден тасымалданатын өнімге шектеуді алып тастауды ұсынды. Бірақ жабулы қазан сол күйінде қалды. Жалпы, Қазақстан бойынша жылына 1,1 миллион тонна битум қажет. Ал отандық кәсіпорындардың қуаты 1 миллион тоннаның маңайында. Республикалық маңыздағы жолдарға 600 мың тонна битум керек болса, жергілікті жолдарға қажеті 500 мың тонна көлемінде. Бұл тек 2022 жылдың сұранысы ғана.

Үкіметте битум мәселесі шілде айында да көтерілді. Энергетика министрі Болат Ақшолақов отандық өндірушілер өндіріс қуатын тағы 300 мың тоннаға арттыруға шамасы жететінін мәлімдеген болатын. Өкінішке қарай, қуаты артпақ түгіл, әзірге сұранысты қанағаттандыра алмай отыр.

Мамандардың айтуынша, елімізде жол салу жыл сайын қиындай түсуде. Жол құрылысына арналған негізгі материалдардың бірі – битум. Оның бағасы туралы мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында да айтқан болатын. Жыл сайын дәл жұмыс қызған шақта битум тапшылығы туындайды. Жасанды тапшылықты алдын ала өнімді сатып алатын трейдерлер тудырады. Бұған ешкім тыйым салмайды, бірақ олардың мердігерлерден айырмашылығы, битумның көп мөлшерін сатып алып, сұраныс пен баға өскен кезде қымбатқа сатады. Қаражаты жеткілікті компаниялардың зауыттармен тікелей келіссөз жүргізіп, битумды тиімді бағаға алуға мүмкіндігі бар. Біздің климатымызда жол салу мерзімі өте қысқа, мамыр-тамыз аралығы. Жылдық жоспарды осы мерзімде орындауға тырысады. Ал сұраныс артқандықтан, бағаның да өсуі заңдылық. Осы уақытта битум бағасы 3 есеге дейін қымбаттап кетеді.

Сонымен қатар, битум спецификалық өнім болып табылады. Қыста қатып қалады, оны тасымалдау қымбатқа түседі. Сонымен қатар шикізатты тиеу кезінде қыздыру керек. Және әрбір осындай амал материалдың сапасына әсер етеді.

— Мамыр айында жөндеу жұмыстары басталғалы битумды өндіріске енгізіп, асфальтбетон алу үшін оны қайтадан қыздыру қажет. Оны төсеу кезінде 90 градустан 130 градусқа дейінгі температуралық режимді сақтау керек. Сондықтан алдын ала үлкен көлемдегі шикізатты өндіру технологиялық жағынан тиімсіз. 7-8 жыл жөндеусіз қызмет етеді деп жоспарланған жол осы жайттардың себебінен бар болғаны 2-3 жылда қайта жөндеуді қажет етіп тұрады. Былтырдың өзінде Жол активтері ұлттық сапа орталығы 1400-ге жуық битум сынамасын тексеруден өткізді, оның 300-і сапасы бойынша нормативтерге сай болмай шықты. Осыған орай, мемлекет басшысының жолдардың сапасын арттыру жөнінде тапсырмасына сәйкес, елімізде битум шығаруды Қазақстан Республикасының   ұлттық стандартына сәйкестендіріп шығару керек, – дейді жолшылар.

Себебі, ол стандарт битум сапасы бойынша қатаң талаптар қояды, оның ішінде асфальттың уақытқа төзімділігі де көрсетілген. Бірақ Энергетика министрлігі бұл ұсынысты елемей келеді. Елімізде битумды сырттан алып келуге тыйым салынғанымен, экспорттауға рұқсат бар.

Тегтер: