Қолжаулық болған зейнетақы қоры қарттығымызды қамсыздандыра ала ма?

Бүгінде әлемдегі ең ірі зейнетақы қорлары экономикалық ахуалға байланысты қиындықтар туып отырғанын ашып айтуда.
Мәселен, Жапонияның үкіметтік зейнетақы қоры биыл 136 млрд доллар жоғалтқан. Жапон ақшасына шаққанда, бұл 14,8 тлрн иен тұрады. Сол сияқты Италияның да инвестициялық зейнетақы қоры 98 млрд доллар жоғалтқан. Қазір Италияда инфляция деңгейі өсіп, халық жаппай қымбатшылықты қатты сезініп отыр. Малайзия елінің де зейнетақы жүйесі шығынға кете бастаған. Bloomberg экономикалық зерттеу орталығының сарапшылары 2021 жыл да бірқатар елдің зейнетақы жүйесі үшін қауіпті болатынын ашып айтып отыр. Осы арада біз Қазақстандағы зейнетақы жүйесінің жайын тағы бір талдауды жөн көрдік.
Қазақстандағы зейнетақы жүйесі қауіпті ме?
Жалпы, қазір елдегі зейнетақы жүйесіне, қорда жиналған қаржыға қатысты халықтың уайымы күшті. Тіпті қарапайым халықты қойып, қайсыбір сала мамандары біздегі зейнетақы жүйесіне тыңнан түрен салу керектігін айтқалы біраз болды. Мамандардың пайымдауынша, зейнетақы қорындағы қаржыны дұрыс жұмыс істете алмауымыз – бізді қатты алаңдатуы тиіс.
Деректерге жүгінсек, «БЖЗҚ» АҚ-тың зейнетақы активтері 2020 жылдың бірінші тоқсанында 879 миллиард теңгеге ұлғайды. Осылайша, азаматтарымыздың зейнетақы жинақтары 11,7 триллион теңгеден асып, 2020 жылдың басынан бергі өсім 8% құрады. Зейнетақы жинақтарының негізгі сомасы міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен қалыптасты және соңғы 12 айда 21 пайызға ұлғайып, 11,4 трлн теңге болды. Айта кетейік, «БЖЗҚ» АҚ жарналарының барлық түрі бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны 10 миллионнан асты.
Алайда зейнетақы шоттары өсіп, қорға жиналған қаржы көлемі ұлғайып жатқанымен, біз қордағы қаржыны дұрыс ұқсата алмай отырмыз. Бейне бір қамбадағы астықтың бұзылғаны тәрізді, мұндағы қаржы да жыл сайын құнсызданып, инфляцияға ұшырап, Үкіметтің бұл салаға қатысты реформалары да қожырап, елдің күдігі қоюланып барады. Рас, қорға жиналған 12 триллионға жуық қаржы қорда текке жатқан жоқ. Аталмыш қаражат экономиканың белгілі бір салаларын қолдауға жұмсалып тұрады. Мәселен, 2017 жылы зейнетақы қорынан 50 млрд теңге алынып, теміржол саласын жаңғыртуға жұмсалса, 2018 жылы 300 млрд теңге көлемінде қаржы экономикалық жобаларды қаржыландыру мақсатында екінші деңгейлі банктерге беріле бастады. Алайда экономика ғылымының докторы, профессор, Шаймерден Мырзағұловтың айтуынша, болашақта бізге зейнетақы қорындағы қаржыны өзін-өзі ақтайтын салаларға салуды мықтап ойластыру қажет.
– Зейнетақы қорындағы қаражатты біз теміржол саласын жаңғыртуға жұмсап, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында «ҚазАгроға» және екінші деңгейлі банктерге қандай да бір жобаларды қаржыландыруға бөле бастадық. Бірақ біздегі банктер мен өндіріс орындарының арасында айтарлықтай тығыз қарым-қатынас жоқ екенін мойындауымыз керек. Банктерде қандай да бір өндіріс орындарына барып, оның түсімін зерттеп, олардың шығындары өздерін өздері ақтай ма, жоқ па, оны тереңдеп білу тәрізді маркетингтік тәсіл жоқ. Олар қандайда бір құрылыс компаниясына үй салуға қаржы бөледі немесе бөлінген қаржыны депозитте сақтап, оны халыққа несие ретінде беру кең орын алған. Біздегі зейнетақы активтерін ұқсатудың түрі осы. Негізінде, бұл дұрыс емес. Жапонияда зейнетақы қорындағы қаржыны өндіріс+өнім деген формуламен ұқсатады. Қаржы отандық өнім шығаратын компаниялардың жұмысын жаңғыртуға бөлінеді. Соның өзінде жапондардың зейнетақы жүйесі ұтылып отыр. Сондықтан біз үшін болашақта зейнетақы қорын бақылау, қадағалау ісі маңызды, – дейді Шаймерден Мырзағұлов.
Салақтан олақ жаман екенін қашан сезінеміз?
Негізінен маманның пайымдауынша, болашақта қандай да бір дағдару кезеңі орын алса, халықтың зейнетақы қорына жинақталған қаржысының құны кеміп кетпеуі үшін ол қаржы табыс әкеліп тұруы тиіс. Бірақ ақиқатқа тура қарасақ, бізде 2017 жылы зейнетақы қорынан және басқа да көздер арқылы бюджеттен қаржат алған теміржол саласы аса бір жанданып кете қойған жоқ. Теміржолдың кем-кетігін қазір жыр қылып айтып, тізіп шығуға болады. Сол сияқты өз кезегінде, зейнетақы қорынан қаражат алған «ҚазАгро» да ауыл шаруашылығын өркендетіп жібере қойған жоқ. Тіпті Президент Тоқаев биылғы Жолдауында «ҚазАгро» холдингі мен «Бәйтеректі» біріктіріп, ондағы қызметкерлердің санын қысқарту керектігін ашып айтты.
Бұған қатысты экономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова былай дейді:
– 2017 жылы Еліміздің ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес «ҚазАгро» ұлттық холдингіне Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 450 млрд теңге алып беруді мақұлдады. Бөлінген қаржы ауыл шаруашылығын дамытуға, ауылдағы кәсіпорындарының борыштық жүктемесін азайтуға, диқандар мен малшыларға арзан несие беруге, валюталық тәуекелдердің азаюуына көмектесуге тиіс болатын. Сол кездің өзінде біз шаруаны несиеге байлап, пайда таппаймыз деп зар қақсадық. Қазір ауыл шаруашылығы кооперативтерінің 80 пайызы сол берілген арзан несиені қайтара алмай жүр. Теміржолдың жайын жұрттың барлығы біледі. Бұл сала да ақсап тұр. Зейнетақы қорындағы қаржыны инновациялық бағытты ұстанған, инфрақұрылымды дамытатын салаларға беру жемісті болар еді. Нанотехнология, биотехнологияны жетілдіру ғылымға көңіл бөлу қай кезде де өзекті мәселе. Ғылыми жаңалықтарды өндіріске енгізу мәселесі қазір, тіптен қажет. Сондықтан қаржыны осы мәселелерге бөліп, оны нақты қадағалай алсақ, ұтар едік. Ал бізде пайым жоқ, зерттеу жоқ. Қаржы ұқсату жағына келгенде, салақтан олақ жаман екенін сезбейміз. Орашолақ ойлап, бөлінген қаржыны қадағалау аз.
Қордың қаражатын банктерге бөлу дұрыс па?
Сондай-ақ «Жас Алашқа» пікір білдірген сала мамандары зейнетақы қорының қаржысын екінші деңгейлі банктерге бөлуді доғару керектігін де алға тартты.
– Мысалы, зейнетақы қорынан депозит және облигация ретінде екінші дейгейлі банктерге қаражат бөлінеді. Ақылға салып ойлансақ, БЖЗҚ тарапынан жасалып жатқан мұндай қадамды екінші деңгейлі банктерге жасалған қайырымдылық шарасы деуге болады, атап айтқанда, қор қарапайым азаматтардың жинақтаған қаражаты есебінен екінші деңгейлі банктерге қайырымдылық көрсетіп отыр. Ендеше соның есесіне, әлгі банктер қарапайым азаматтар үшін неге несиелердің пайызын азайтпайды? Неге арзан несие ұсынбайды. Банктер бұл жағынан халыққа ешқандай жеңілдік ұсынып отырған жоқ. Сондықтан қордың есебінен банктерге облигация беріп, депозиттерін қаржыландыруды ұтымсыз санаймын, – дейді сарапшы Тоғжан Шаяхметова.
«Халықты акционер қыламыз» деп те үміттендірдік
Бұдан бөлек, біз кезінде зейнетақы қорының қаражатын Халықтық ІРО-ға да жұмсаймыз деп күйіндік. Бұл бастаманы Ұлттық банк төрағасы болған тұсында Қайрат Келімбетов мырза көтерген болатын. Сол тұстары Келімбетов мырзаның «Енді БЖЗҚ-да Халықтық ІРО-ға қатыса алады» деп келістіре сөйлегені елдің есінде. Бірақ бұдан акционер болып, арқаланып, байып кеткен қарапайым халықтың қарасы, әзірше саусақпен санарлық. Артынша, 2017 жылы Қазақстанның Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан Әзірбайжанның халықаралық банкіне 71 миллиард теңге көлемінде қаржы аударылып, ізінше Әзірбайжан банкі банкрот болып, халық алаңдап қалған тұста да Келімбетов «Енді бұл мәселе халықтың алаңдаушылығын туғызбайды деп ойлаймын. Бүкіл қаражат түгелдей қайтарылады, сол үшін өзім мүше болып отырған зейнеткерлік қорды құттықтағым келеді» деп көңілімізді жайландырған болатын.
Елдің ендігі күткені баспана
Ал енді биыл зейнетақы жинағының бір бөлігін халықтың қолына беру мәселесі тағы бой көтерді. Негізінде, бұл мәселе 2019 жылдан бері қайта-қайта Үкіметтің талқысына түсіп келеді.Дегенмен,экономика ғылымының докторы, профессор Бейсенбек Зиябековтың айтуынша, қазіргі күні еліміздің 8 млн азаматы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде, 2,5 млн адам ғана зейнетақы жарнасын жыл он екі ай үзбей аударады.
«Солай десек те, 6,6 млн салымшының зейнетақы жинағы 1 млн теңгеге жетпейді. 282 мың адамның ғана салымы 5 млн теңгеден асады. Демек, бұл арада зейнетақы жинағын алып, баспана алуға ел тұрғындарының мүмкіндігі өте аз» дейді маман.
Керегі реформа ма, нәтиже ме?
Негізінен, зейнетақы жүйесіне қатысты мамандардың пайымына жүгінсек, бізде зейнетақы санаудың тиімді әдістемесі әлі күнге қалыптаспаған. Сондай-ақ заңда ең жоғарғы және ең төменгі зейнетақы көлемін есептеудің жолдары нақты көрсетілмеген. Мысалы, есеп-қисапқа жүгінсек, қазіргі таңда біздің елімізде ең төменгі зейнетақы алатындардың дені мұғалімдер, дәрігерлер, ауыл шаруашылығының қызметкерлері. Бұлар адам өміріндегі ең маңызды мамандық иелері бола тұра, қартайғанда, алатын зейнетақыларымен өз тұрмысын дамыта алмасы тағы анық. Бұл үрдісті қазір қайсыбір мамандар «арзан еңбектің зардабы» деп мысал етіп те жүр.
Талдап көргеніміздей, бір ғана зейнетақы қорының қаражаты бірқатар жобаларға салынғанын аңғаруға болады. Бірақ сол жобалардың жанданып, тасы өрге домалап кеткені тағы шамалы. Әдеттегідей реформа көп, нәтиже жоқтың кері. Мамандар, бұл ретте, қордағы қаржы «қолжаулық тәрізді болып кетті» деп ашынып отыр. Ал енді қолжаулыққа айналған дүние осы біздің қарттығымызды қамсыздандыра ала ма?! Расымен, бұл мәселе алдағы уақытта Үкіметтің бас қатырып, нақтылап ойланатын дүниесі болу керек.