Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
15:12, 27 Сәуір 2023

«Қолжетімді интернет» жобасы қалай жүзеге аспақ?

None
None

Бүгінгі ғылым мен технологиясы сәт сайын жаңарып келе жатқан ағымы қатты заманда интернеттің жылдамдығы жүйрік болғаны да маңызды орынға шықты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев интернетке қараша халықтың барлығының қолы жетіп, ол өмір сүру жағдайының өзгеруіне ықпал етсе деген тапсырма беріп келеді.

Қазіргі уақытта «Қолжетімді интернет» жобасы жасалып, халық игілігін көру үшін іс-шаралар қолға алынып жатыр. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ел тұрғындары үшін 100 Мбит/с жылдамдықтағы интернет қолжетімді болуы мүмкін. Яғни Қазақстанда цифрлық дамыту жобасы негізінде барлық аймақтарда интернеттің жылдам болуына, әрі сапалы қызмет көрсетуіне жағдай жасауға бағытталған іс-шаралар ауқымды түрде жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен үкімет отырысында президенттің тапсырмасымен әзірленген «Қолжетімді интернет» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралған болатын.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ұлттық жобаның негізгі мақсаты – азаматтар мен бизнесті кемінде 100 Мбит/с деңгейінде жоғары жылдамдықты интернет желісімен қамтамасыз ету екені туралы айтып өтті.

Алдағы уақытта 60 мың шақырым кабельдік телекоммуникация инфрақұрылымын салу арқылы 3 мыңнан астам ауылды интернетпен қамтуды жоспарға алып отыр. Қала мен аудандардан алыс орналасқан ауылдық елдімекендерді кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін ғарыштық байланыс жүйесін пайдалану көзделуде.

«17 000 шақырым республикалық және негізгі облыстық автожолдарды мобильді интернетпен қамту бойынша жұмыс жүргізілетін болады. Ол үшін 480-ден астам тиісті антенна-діңгекті құрылыстарды орнату жоспарланып отыр. Сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен кейбір облыс орталықтарында 5G ұялы байланыстың жаңа буыны енгізіледі. 2027 жылға қарай әрбір республикалық маңызы бар қала мен астананы қамту 75%-ды, ал облыс орталықтарын қамту 60%-ды құрайды деп күтілуде», – деп мәлімдеді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.

Сонымен қатар ұлттық жоба аясындағы жекелеген бағыттың бірі – ол мектептердің интернетке қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өйткені қазіргі уақытта елімізде ауылды айтпағанда, қала мектептерінің басым бөлігінде интнернет желісі дұрыс жұмыс жасамайды. Яғни барлық мектепте интернет көмегімен білім беру бағыттарын жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан мектептерге бірінші кезекте интернет желісін қолжетімді ету маңызды мәселе болып тұр. Министрдің мәліметінше бүгінгі таңда 3 063 мектепте интернет жылдамдығы артты, ал 2023 жылдың қыркүйегіне дейін тағы 1 402 мектепте дәл осындай жұмыс жүргізілетін болады. Интернет жылдамдығын арттырудың техникалық мүмкіндіктері жоқ, 2 003 мектепке дейін талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) жеткізілетін көрінеді.

Ұлттық жобаның тағы бір мақсаты – Қазақстанды аймақтық цифрлық хаб ретінде қалыптастыру болып табылады. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін Каспий теңізінің қайраңымен ұзындығы 380-400 шақырым болатын ТОБЖ тарту қажет болмақ. Бұл ретте транзит пен халықаралық трафикті сақтау үшін Tier-III деңгейінен төмен емес деректер орталығын құру қажет болып отыр. Осылайша, жоғарыда аталған жобаларды іске асыру деректердің халықаралық транзитінің баламалы бағытын және ел нарығына кемінде 3 BigTech компаниясын (Google, Amazon, Microsoft) тартуды қамтамасыз ететін болады.

Әлихан Смайылов елдімекендерде интернет жылдамдығы мен оның сапасын арттыруға байланысты әлі де болса кешенді іс-шаралардың жүргізілуі керек екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан қуатты деректер орталықтары мен трансшекаралық талшықты-оптикалық магистральдары бар цифрлық хабқа айналуы тиіс. Ұлттық жобаның осы мақсаттарына бюджеттен 5 жыл ішінде шамамен 560 млрд теңге бөлу жоспарлануда», — деді премьер-министр. 

«Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында елдің барлық өңірлерінде интернет жылдамдығын арттырып, оның сапасын жақсартуға мән бермек. Сонымен қатар шалғай ауылдарға интернет желісін тарту жұмыстары кешенді түрде жүргізілетін болады.

Тегтер: