Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?

«Жас Алаштың» оқырмандарына он ауыз сөз
Қадірлі жас қауым! Газеттің 5-мамыр күнгі санында жарияланған «Қонаев кімнен кем еді?» деген мақаланы (авторы – Бақдәулет Берлібаев, профессор, т.ғ.д) оқыдыңыздар. «Ойтүрткі» түйсік-түсініктеріңізге қарай әсер еткенін ескеріп, бұл мақаламды сіздерге арнап жаздым. Керегі болар деп ойлап. Әйтпесе, көбік сөзден күмбез орнатуға тыраштанатындармен тәжікелесетін әдетім жоқ.
Сонымен, Қонаев кімнен кем, кімнен артық еді?
1. Сәбит Мұқанов бастаған ақын-жазушы ағаларымыздың бір тобы 1969 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті арқылы ҚКП Орталық комитетінің 1-хатшысы Д.Қонаевқа ашық хат жазып, Сәкен Сейфуллинге (туғанына 75 жыл толар алдында) ақын атындағы даңғылдың оңтайлы тұсына ескерткіш орнаттыруды ұсынды, алайда оң ойлары құпталмады. Сәбең наразылығын Жазушылар одағындағы жиында ашық білдіріп: — Қонаевтың марқұм Сәкен Сейфуллинге іштей қыжылы бар. Сәкен «Тар жол, тайғақ кешу» романында Ялымов деген татар саудагердің төңкеріс жылы ақтарды жақтап, көп қаржы беріп, атты әскерлеріне керегінше ат беріп, қызылдарға қарсы қатты қарекет жасағанын жазды, ал ол татар саудагер Ялымов – Қонаевтың қайын атасы. Романның соңғы басылымынан ол деректер алып тасталды. Сәкеннің мүшелтойлары да лайықты өткізілмегені сондықтан», – деді. Алматының ең ұзын даңғылына ақынның атын үкімет басшысы Жұмабек Тәшенов қойдырды, бірақ ескерткіш орнаттыруға үлгермеді.
2. Қонаевқа Сәбең де, Сәбит Мұқанов, жақпады. Себебі: ҚКП Орталық комитетінің 1959 жылы қазан айының 23–24-і күндері болған XVІ пленумында «Теміртаудағы тәртіпсіздік» мәселесі қаралды. Сәбең сөз алып, ҚКП Орталық комитетінің 1 хатшысы Н.Беляевті, Министрлер Кеңесінің төрағасы Д.Қонаевты қатты сынады. Қонаевқа айтқанынан: «Он любил металлургию тогда, когда был её рядовым инженером, на Балхаше, например. Он тогда делал много хорошего, но как только был взят оттуда, он изменил своей любимой и стал по отношению к ней равнодушным любовником. Иначе нельзя объяснить того, что сидя в Совете Министров заместителем председателя и руководя отделом промышленности на протяжении десяти лет, он ничего положительного не совершил в этой области. Затем его выдвинули на пост президента академии наук Казахской ССР и напрасно: все знают инженера Кунаева, но пока никто не знает ученого Кунаева. Вступив в должность председателя Совета Министров, товарищ Кунаев не поправил своей прежней измены металлургии, иначе он не довел бы до абсурдного состояния Казахскую Магнитку… По всеобщему признанию, он является «мешком обещаний». Я отчасти разделяю эту оценку. Разделяю потому, что у товарища Кунаева часто слова расходятся с делом».
Бір жылдан соң жасы 70-ке толатын Сәбең, сол сыны алдына тосқауыл боларын біле тұра ойын батыл айтты.
Министрлер Кеңесі төрағасының мәдениет мәселелері жөніндегі орынбасар болып, одан Жазушылар одағының бірінші басшысы қызметіне жіберілген Әди Шәріповке бірде: – Сәбеңе «Социалистік Еңбек Ері» атағын Мәскеу бермеді» деп естідім, – дегенімде Әдекең: – Бекер сөз, бекер! Қонаев бергізбеді. Сәбеңнің қаламдас құрдастары, інілері атынан өтініш айта Қонаевқа мен бардым ғой! «Социалистік Еңбек Ері» атағына әбден лайық деген жазбаша ұсынысымызды ала бардым. «Көрейік» деп қалды. Кейін Мәскеуде білдім, «Ленин орденіне» ұсынған шешім барыпты. Сәбеңнің анау жылы Теміртау оқиғасы туралы пленумдағы сынын Қонаев ұмытпапты, – деді.
(Бұл деректер Әди Шәріповтің «Көргенім, көңілге түйгенім» кітабынан алынды.)
Сәбеңнің Қонаевқа «теріс көрінген» бір сәтіне мен де куәмін. Ғылым академиямызда болған жиналыста, қай жылы екені есімде қалмапты, Қазақстанда аралас мектеп ашуға қарсылық жасалды. Оқу министрінің орынбасары Щербаков мектептерде қазақ, орыс шәкірттер бірге оқитын сыныптар болуы – заман талабы екенін, оны «жолдас Қонаев қолдап отырғанын» мәлімдеді. Сәбит Мұқанов орнынан ұшып тұрып: – Ол сыныптарыңда орыс тілінің басым болатыны, қазақ тілі жайына қалатыны сөзсіз. Қонаев жолдас, қазақ мектептерін жаба бастағаны аздай, ендігісін араластырып жібермек пе? Мен мұндай шикі шараға қарсымын! – деді. Ду қолшапалақталды. Амал не, «партияның бағыты дұрыс». Ал Қонаевтың тұсында қазақ мектептерінің 200-ден астамы жабылғанын ол мәселені діттеп зерттеген ақын Мұхтар Шаханов жазды.
3. «Қазақстанның Тың өлкесі Ресейге қаратылады екен» деген сыбыс шықты. 1961-жылдың бас шенінде. Оның «жүгеріші көсем» Хрущевтың кадры, Тың өлкесі партия комитетінің 1-хатшысы Т.Соколовтың маңынан тарағанын білген Жұмабек Тәшенов оған: – Қазақстанға бағынбауды көксеп жүрсең, 24 сағаттың ішінде табаныңды жалтырат, құры! Тың өлкесі Ресейге берілмейді, айтар жеріңе айта бар!–деген. Арада бірер ай өткенде Қазақстан басшылары Кремльге шақырылады. Жиын жасаған Хрущев мәжіліске 10 минөт шамасы кешігіп келген Жұмекеңе: – Тың өлкесін Ресейге өткізу туралы республика партия ұйымының жолдас Қонаев бастаған басшыларымен пікір алыстық, олар қолдады. Жұмабек Ахметович,енді сіздің пікіріңізді білейік, – дегендеЖұмекең: — Никита Сергеевич, ол өлкенің байырғы тұрғындарының, менің де, ата-бабаларымыздың зираты сонда, оларға тәу ету үшін енді біз Ресей жеріне баруымыз керек пе? Бұл мәселенің шешілуі былай тұрсын, күн тәртібіне қойылуына мүлдем қарсымын! –деген. Ал «көсем»: – Саяси бюроның шешіміне қарсы шығатын сен соншама кімсің?! Бұл мәселені сенсіз-ақ шешеміз! КСРО – біртұтас мемлекет, қай жерді, қай республиканың меншігіне беру КСРО Жоғарғы Кеңесінің еркінде! –деп дарылдағанда Жұмекең мырс етіп: – Жоғарғы Кеңес әрбір республиканың жер мәселесін жергілікті орындарсыз шешетін болса, КСРО Конституциясын жою керек. Ал Конституцияда одақтас республикалар өз жерін өз меншігім деп пайдалануға құқылы делінген. Егер заңды аяқасты еткен жағдайға тап болсақ, онда біз халықаралық сотқа жүгінеміз, өйтуге құқымыз бар! – дейді. Қоқырайған Хрущев: – Бұл мәселеге кейін ораламыз, тараңдар, – деп ісіп-кеуіп қалыпты. Осы ыңғайда құлаққағыс етейін: кейін Хрущев біздің біраз жерімізді Өзбекстанға беру керекті айтқанда Қонаев қарсыласпаған. Ол жеріміздің жартысынан астамын кейін билікке Л.Брежнев ие болғанда қайтарылды. Тұрғын қазақтар екі басшыға еселеп ашынып, тағы да хат жолдаған соң.
«Батыр – бір оқтық». Қарамылтықты Хрущев Жұмекеңді қарауылына ілген. Басқалар шүріппесін басысты. Жұмекең «Қазақ ССР үкіметінің Төрағасы міндетін партиялық талапқа сай атқара алмағаны үшін» орнынан алынып, Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына жіберілді.
Арада 4-5 ай өткенде облыстық партия комитетінің 1-хатшысы Ливенцов Қонаевқа: «Өтініш, арыз айтушылар бұрынғыдай бізге, маған келмей, Тәшеновке барады. Партияның беделіне нұқсан келуде», деп шағынған. Қонаев Жұмекеңді дереу босаттырып, ауыл шаруашылық ғылыми-зерттеу институтына кафедра меңгерушілігіне жіберттірген. Яғни Жұмекеңді сата салды.
(Бұл деректер Кәрішал Асановтың «Шынжырдағы жолбарыс» кітабында бар.)
4. Ғылым академиямызды ұйымдастырушы әрі тұңғыш президенті, КСРО және Қазақстан Ғылым академияларының академигі, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтарының иегері «Қаныш Сәтбаев жолдас партияға өтерде бидің тұқымы, байдың баласы екенін жасырған; кадрлармен жұмыс істей алмады; Академияға жақтастарын жиып алды» деген қиқулы «домалақ хат» қапалақ қарша жауып, қуғындау басталып, Қанекең 1952 жылы қызметінен босатылды. Орнына Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Д.Қонаев отырды. Кімге кімнің орны керек, кім оған қалай ие болады... Алайда, КСРО Ғылым академиясы басшылығының талабымен, Қанекең бір жылдан соң президенттікке қайтадан сайланды.
Қанекеңнің Қонаевқа неге жақпай қалғанын кім білсін, әйтеуір жолын кескестей берген. Совет Одағы Ғылым академиясының президиумы өзінің мүшесі, академигі Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты 1962 жылы «Социалистік Еңбек Ері» атағына ұсынғанда республика Компартиясы Орталық комитетінің 1-хатшысы, СОКП ОК Саяси бюросының мүшесі Д.Қонаев құптамапты, қол қоймапты. Одан кейінгі жылдары марқұм Қанекеңнің мүшелтойларын облыс, қала деңгейінде жұпыны өткіздірді.
КСРО Геология министрі Е.Козловский 1981 жылы іссапармен Алматыға келгенінде Д.Қонаевқа барып жолыққан. Әңгіме барысында министр сөзін марқұм Қаныш Сәтбаевқа бұрып, әлемдік ғұламаның рухы тиісті жоғары деңгейде құрметтелмеуіне өкініш білдіре бастағанда Қонаев оның сөзін бөліп: – «Жезқазғанды геолог-ғалым Сейфуллин ашқан. Сәтбаев оның еңбектерін пайдаланып кеткен!», – деп бұрқ етіпті. Астапыралла! Онысы Қазақтың Қанышының аруағынан аттап кету емей, немене?!
Жалған сөзге жаны түршіккен министр сөз жарыстыру құр әурешілік боларын біліп, шығып кеткен (қарт журналшы Мадат Аққозиннің Д.Қонаев туралы жазбасынан).
Қанекеңнің өмірін толық зерттеген танымал қаламгер Медеу Сәрсеке әуелде «Қ.Сәтбаев» деген шағын жинақ дайындады, бірақ шығара алмады. Себебін өзінен білелік: 1975 жылғы шілде айында қолжазбаны баспаға тапсырып, өзім отбасыммен бір ай демалуға Балтық жағалауына кеттім. 13 жыл ізденісте ешқандай демалыс болмаған еді. Ол жақтан 3 қыркүйекте оралдым. Келесі күні Әбілмәжін ағай («Жазушы» баспасының директоры Жұмабаев, –Ғ.Қ.) телефон шалып: «Кітаптың терімін тоқтатып қойдық, Алматыға келгін» деді. Бір шатақтың басталғанын ішім сезді. Евней Бөкетовтің «Қаныштың жастық шағы» шығарылмай қалған-ды. Әбілмәжін қолжазбаның екі данасын алдыма қойып, «осыдан 10 күн бұрын ЦК-ның хатшысы Саттар Имашев Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет басшысы Шерияздан Елеукенов екеумізді шақырып алып, «Сәтбаев туралы кітап жарыққа шықпайды» дегенді ашық жариялады».
С.Имашевқа да «… жан тәтті».
Медеу қолжазбасын орыс тіліне аудартып, 1977 жылы Мәскеуге, «ЖЗЛ» топтамасымен кітап шығарушы «Молодая гвардия» баспасына апарып тапсырады. Баспа қолжазбаны Ғылым академиясындағы екі ғалымға оқытқанын, олардың мақұлдағанын, кітап кезегі келетін 1980-жылы 100.000 таралыммен шығатынын хабарлаған. Кітап шықты, бірақ біздің баспалар түпнұсқа қолжазбаны қабылдай алмады. Сөйтіп, қазақ тілінде 1987 жылы шықты. Қонаев билік сахнасынан кеткен соң...
1989 жылы Жезқазғанға бардым. Туысқанымның тойына. Әредіктегі әңгіме кезінде ортаға алған жігіттерге:
– Осында Сейфуллин деген атақты геолог ғалым болған екен, ол бар ма, қайда? – деп едім, бір жігіт:
— Қонаевтың «Жезқазғанды ашқан Сейфуллині» ғой, – деді, кекесінді үнмен. – Сұрастырғанмын. Кен басқармасында ма, рудниктердің бірінде ме, істепті. Саид Сейфуллин деген татар жігіт, – деді.
«Татар жігіт». Түсінікті.
Д.Қонаевтың татар екеніне дәлел жеткілікті. Бір мысал: 1960 жылы көкек айының басында президент Н.Назарбаевтың Алматы ардагерлерінің шақырылғандарымен кездесуі болады. Онда ортақ мәселелердің біразы, В.И.Лениннің туғанына 120 жыл толуын атап өту айтылады. Соңында бейресми әңгімеге кезек тиеді. Сөздің бір ұшығы Д.Қонаевты маңайлап, ұлты туралы сұрақ болғанда Назарбаев: – Ол кісі демалысында жата берсін, мазаламайық, – дейді де, сәл ойланып, үстелде шеткерірек жатқан жұқа папкаға қол созып, ішінен бір парақ сарғыштау қағазды алып, көтеріңкіреп көрсетіп, – Қонаев қазақ емес, татар. Міне, партияға мүшелікке өткендегі анкетасында жазулы, – деп, ол құпияны білмегендерді таңдандырыпты. Ол анкета тиісті мұрағатта жатқан шығар.
Биікке шыға алғандардың арасында тегін өзгертіп, өмірбаянын өзіне керегіне қарай жазғандар болған, болады да.
5. Қаныш Сәтбаевтың шәкірті – академик Шафик Шөкин энергетика саласындағы әлемдік ғылымға мол үлес қосқан. Қазақ энергетика ғылыми-зерттеу институтын ашқан. Оның қайда туып-өскені, оқығаны, есею жылдары «Өмірдің төрт мезгілі» естелігінде әңгімеленген.
Совет Одағының Ғылым академиясы қайтыс болған Қ.Сәтбаевтың орнына Шафик Шөкинді ұсынып, ол бірауыздан сайланды. Сол-ақ екен, әлгі-әлгі «домалақхатшылдар» Шафиктің де қыр соңына түседі. Шаңы бұрқыраған шағымдар Мәскеуге бірінен соң бірі жетіп жатады. Содан 1966 жылы Алматыға КСРО Ғылым академиясының президенті М.Келдыш бастаған комиссия келеді. Мұқият тексерудің нәтижесінде Орталық Академия президиумының №579 қаулысы шығады (26. 06. 1966 ж.). Онда біздің Ғылым академиямыздың жұмысы уақыт талабына сай екені атап-атап айтылған. КСРО Жоғары Кеңесінің 6-шақырылымында депутат және әр жолы (6 мәрте) Советтер Кеңесі төрағасының орынбасары болған атақты ғалым Шафик Шөкиннің басшылық қабілеті жоғары бағаланған. Ал ол «КСРО Ғылым академиясының академигі» атағына ұсынылғанда Д.Қонаев оны да құптамапты.
Сонымен Ш.Шөкин 1967 жылы Ғылым академиямыздың президенті қызметінен босатылды. Ғалымның естелігінен: «...1967 жылы көкек айының бас шенінде Қазақстан КП Орталық комитетінің бюро мәжілісіне шақырылдым. Жұмыс жайымыз әңгімеленетін болыпты. Мәжілісті Д.Қонаев ашты. Мәжіліс жабық есік жағдайында өткізілетін, протокол жазылмайтын болыпты. Бюро мүшелерінің көбі, ауыздарына су толтырып алғандай-ақ, жым-жырт отырды. Ал Орталық комитеттің екінші секретары В.Титов, Министрлер Кеңесінің төрағасы М.Бейсебаев, Жоғарғы Кеңестің төрағасы С.Ниязбеков маған Ғылым академиясының президенті міндетімнен босатуды сұраған өтініш жазуым керегін айтты. Мен келіспедім, өтініш жазудан үзілді-кесілді бас тарттым».
Содан үш күннен соң Орталық комитеттің: «Ш.Шөкиннің республика Ғылым академисының президенті міндетінен өз өтініші бойынша босатылғаны туралы» қаулысы шыққан. Ол жәйт Д.Қонаевтың естелігінде: «… Сәтбаев қайтыс болғаннан соң энергетик ғалым Ш.Ш.Шөкин президент болды… Шөкин аз ғана уақыт істеді және қызметтен өз өтініші бойынша босатылды», деп жазылыпты». Неткен шімірікпестік! Жалпы Қонаевтың кітаптарында «кім біліп жатырмен» жазылған «деректер» аз емес секілді.
6. Лениндік сыйлықтың екі мәрте иегері болған Шахмардан марқұмды еске алғанда Гүлсім Оразалықызының «Шахмардан ЕСЕНОВ» атты деректі кітабын парақтаймын. Асыл текті азаматтың аяулы бейнесі көз алдыма келе қалады: көңілім бірде бәйшешекті көктем болады, бірде қыраулы қыс болады.
Қадірлі оқырмандар, сіздерге Гүлсімнің кітабындағы мына құжатпен танысу артық болмас:
«КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының
мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық
Комитетінің Бірінші хатшысы Д.А.Қонаев
жолдасқа
Жағдай мені осы хат арқылы тікелей Өзіңізге жүгінуге мәжбүр етті.
Мен Қазақ ССР Геология министрі болып тағайындалған сәттен бері төрт жыл өтіп барады және осы жылдардың өн бойында, арасына болмашы уақыт үзілістер салып, шетсіз-шексіз тексерулер, мен және Алматы қаласында орналасқан геологиялық мекемелердің бірнеше қызметкері адам айтқысыз қылмыстар мен заңсыздықтар жасауда деп айыптаған шағымдар бойынша тергеу жүргізіліп келеді.
Мен министр ретінде, коммунист ретінде өзімнің әрекеттерім, шешімдерім және нәтижелері үшін жауап беретінімді, есеп беруге тиіс екенімді түсінемін...».
(Шахмардан төрт жыл ішінде атқарған қыруар істерінің бәрін цифр тілімен талдап, жүйелеп баян еткен. Тексерушілердің жаппай жауап алатын бейбастақтарын айтқан. Орталық комитетке, Министрлер кеңесіне дер кезінде тапсырылып отырған есеп-ұсыныс құжаттарының бірде-біріне сын-ескерту болмағанын жазған. Оларды қайталау қажет болмас, — Ғ.Қ.)
«...Әрине, маған үкімет пен партияның еңбекшілер хаттарына мұқият қарау туралы нұсқауы белгілі. Және менің жеке басыма, министрлікке, геология саласындағы басқа да мансап иелеріне қатысты арыздар тексерілуі қажет. Бұл даусыз. Бірақ мені Сізге осы хатты жолдауға мәжбүр еткен жағдай – болып жатқан тексерулер еңбекшілердің хаттары емес, аты-жөні көрсетілмеген белгісіз біреулердің мазмұны маған мүлдем белгісіз, құпия шағымдары, домалақ арыздары...
Осылармен бірге, солар тектес хаттар, оларды қазіргі тұстағы тұрғыда қарау тоқтатылмайынша, тегінде, түсе беретін болар, деген пікірімді айтпай қоя алмаймын. Сол арыздарды ұшы-қиырсыз қарай беру қалыпты жұмысқа жәрдемдеспейді, қайта бөгет жасайды, барлық назарды министрлік алдында тұрған зор да маңызды мәселелерді шешуге шоғырландыру мүмкіндігін бермейді. Сондықтан мен, қадірлі Димаш Ахметұлы, осы мәселені қарау керек деп Сізге жүгінуді ұйғардым. Егер бұған тыйым салынбаса, олардың әлі нені ойлап табатындарын болжап білу қиын.
Қазақ ССР ҒА-сының академигі, геология-
минералогия ғылымының докторы,
профессор, Лениндік сыйлықтың және
Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының
лауреаты Ш. Есенов».
«Домалақ хаттар» діңкелеткен Шахмардан Есеновтің араша тілеп, 1987 жылы мамыр айында жазған бұл жанайқайына жауап болған ба? Болмағанда ше?!.. Іле-шала: «...Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бюросы Ш.Есеновті партиядан шығарылсын, жұмыстан босатылсын, есеп кітапшасына жазылып қатаң сөгіс берілсін, деген шешім шығарды».
Бұл не?!.. Бұл – «Қолынан келген қонышынан басады!» Бұдан өткен кесірлікті естіген де емеспін!
Б.Берлібаев Қаныш Сәтбаевтың аруағына айбат шегіп, жершіл, рушыл болды, маңайына жинап алды. Ол өсірген пәленбай академиктің өздерінің Павлодар қаласының атауын өзгертуге бүгінге дейін шамалары жетпей келеді, деп «жырлапты». Көкбазардың «жыры». Ал Қанекең «жинап алғандардың» арасынан жерлесі Шокиндей, жерлесі емес Есеновтей әлемге танымал ғалымдардың шыққаны қазақ атына дақ болды ма? Президент Н.Назарбаев Шафик Шокинге 1996 жылы «Ұлттық қаһарман» сыйлығын байқаусызда беріп қойып па?
Тәуелсіздік алысымен-ақ Петропавл, Павлодар қалаларының тарихи қазақы аттарын қалпына келтіруді талап еткен қаншама мақала жазылып, билікке қаншама талап хат жеткенін қайсымыз білеміз? Соңғы 3 жылда «Нұр-Сұлтан қаласы» атын өзгерту туралы ше?.. Жекебилікті жүйеде халықтың ой-пікірі еленбейтіні жазылмаған заң емес пе?
7. «Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, академик, КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері, әрі жазушы, аудармашы Евней Бөкетов 1973 жылы Ғылым академиямыздың алдағы сайлауында академия президенттігіне ұсынылады екен» дегенді естідік. Сол әредікте, «Ленинская смена» газетінде Евней туралы фельетон жарияланды. «В соавторстве с Хлестаковым», авторы – В.Владимиров. «Фельетоншының» кім екенін сұрап білдім: Д.Қонаевтың идеология мәселелері жөніндегі көмекшісі екен. Құйынның қай жақтан тап болғаны аян.
(Е.Бөкетов туралы бұрынғы бір мақаламда фельетонның аты «Түйе үстіндегі адам» деп қателесіппін, ол Евней жазған мақаланың аты еді.)
8. Қазақстан Лениншіл жастар одағының 1-хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков 1970 жылы қараша айының 9-күні Д.Қонаевқа шақыртылады. Оның, жасына қарай, енді партиялық жұмысқа ауыстырылатыны, жаңа құрылғалы жатқан Торғай облыстық партия комитетіне қатардағы хатшылыққа жіберілетіні айтылады. Өзбекәлінің ешқайда ауысқысы келмегені өңінен білінсе керек… арғы жағын өзі айтсын:
«...«Жол болсын!» орнына айтатын лайықты сөз «таба» алмай: «Е, һе, сен ренжіп қалғансың ба, қалай? (менің, әрине, айдарымнан жел есе қалған жоқ еді). Оқасы жоқ, осы уақытқа дейін дүниежүзін шарладың ғой, енді Торғай даласын да көрерсің», деп қалжыңдаған болып, арқамнан қаққаны және осы бір ауыр сөздердің жылына 200-220 күндей республика бойынша іссапарда болып жүрген маған қатысты айтылғаны жаныма батса да, әдеп сақтап, үндемедім («Тағдыр тағылымы» кітабынан).
Орталық комитеттің екінші хатшысы А.Титов оңашада Өзбекәліге: – Сені Шымкент обкомына екінші хатшылыққа жібермек едік, бірақ бір бюро мүшесі қарсы болды, – депті. Өзбекәлі сол «бір бюро мүшесінің» кейінде де аяғына шала бергенін айтқан.
1975 жылдың шілде айы. Ө.Жәнібеков С.Имашевтың шақыртуымен Алматыға келеді. Имашев Орталық комитеттің аппаратында Сыртқы байланыс бөлімі құрылып, оған меңгерушілікке ұсынылғанын айтып, екеуі Қонаевқа барады. Қонаев бөлімнің құрылу себептерін, міндеттерін қысқаша айтады да, былай дейді: «Біз сені Норвегияға Төтенше және өкілетті елші болуға ұсынып, Мәскеумен келісіп те қойған едік. Осында бір бюро мүшесі сенің әйелің ауру деген соң, ұсынысымыздан бас тартуға тура келді. Оған ренжімессің, әлі-ақ Елші бола бересің ғой», деп бұрынғы әдетімен қолпаштап, арқамнан қағып, қолын ұсынды. Имашев үндемей тұрды. Қайсыбіреудің сап-сау әйелімді ауру деп қауесет таратқанына басшының сене салғанына қайран қалдым. Кейініректе байқағаным: бұл аппаратта егер басшы мүдделі болмаса, мұндай «ұсақ-түйекпен» айналыса бермейді екен. Кім бұрын жеткізіп үлгірсе, сонікі мақұл болып қала беретіні де осымен байланысты болса керек».
Одан кейінде Ө.Жәнібековтің орнына Жастар одағына кім басшы болу керекке кезек келгенде Д.Қонаев Комсомол комитеті қалаған кандидатты – Алматыдағы К.Аухадиевті былай қойып, Гурьевтегі З.Камалиденовті сайлаттырады. Өзбекәлінің қарсылығын елемейді: «Партия айтты – бітті!». Қонаевтың Өзбекәліні «таңбалап» қойғаны сол жолы-ау...
Көп ұзамай Өзекеңнің қызмет жолы ылдилай бастады. Әнуар Әлімжановша қақпақылданып, ақырында Орталық комитетпен «есеп айырысты».
Өзбекәлімен, оның нақ досы Михаил Иванович (Хакім Тілегенұлы) Есенәлиевпен аралас-құралас болдым. Бір жолы Өзекеңе:
– Анда-санда айтатын әлгі «бір бюро мүшеңіз» кім? – дедім. Ол күліп, досына иек қағып:
– Ол Асанбай Асқаров қой, ә, Хаке? Тағы да бір «мықтысы» болды, татар шал. Сен ЦК-да 12 жыл істедің, қыбыр-жыбырларын жақсы білесің, ол шал бір бөлімде ме, әкімшілік басқармада ма істеді ғой, аты-жөні кім еді? – деді. Хакең:
– Өй, қойшы соларды! – деп қолын сілтей салды. Өзекең екеуміз күлдік. Ойланып қалғандай болған Хакең басын шайқап:
– Димекең басқаның қолымен от көсеуге шебер болды, – деді. Содан соң орындығының арқалығына сүйене шалқайыңқырап, бізге жымия қарап отырып былай деді:
– Бір күні Саттар Имашев шақырды. Бардым. Ол мені Көкшетау облыстық партия комитетінің үшінші хатшысы етіп жіберетіндерін айтты. «Төмендететіндей кінәм болса, кінә, мойныма салыңыз. Болмаса, ешқайда бармаймын!» дедім. Имашев қызарақтап, күбірлей сөйлеп: «Димекеңнің ұйғарымы» деді. Шығып кеттім де, Қонаевқа бардым. Имашевта болғанымды айтып, оған берген жауабымды қайталадым. Қонаев жаймашуақтана қалып, орнынан тұрып келіп, жылы күле сөйлеп: «Ондай шешім болған жоқ, болмайды да, алаңдама» деп, арқамнан қағып шығарып салды, – деді. Өзбекәлі анекдот тыңдағандай күлді де:
– Оның арқақаққыштығы бар, – деді. Хакең басын сәл изеп, салмақтана сөйлеп:
— Республикамыздың дамуына мол үлес қосқан бір адам болса, ол – Министрлер Кеңесіміздің төрағасы Бәйкен Әшімов. Өзімен тізе қоса 12 жыл қызмет істеген Бәкеңнің еңбегі жайында Қонаев ләм деген емес. Басқалар туралы да. Барлық шаруаны жалғыз өзі тындырып жүргендей. Түсініксіз. Түсіне алмадым, – деді.
Осы жайтты жазып отырғанымда Өзбекәлінің айтқанына жалғасы есіме түскені – Қонаевтың қиянат жасар алдында Шахмарданның арқасынан қаққылағаны. Гүлсімнің кітабында паш етілген.
Халқының бекзат перзенті Жәнібеков Өзбекәлінің кім болғанын көзі қарақты қазақ, басқа ұлт-ұлыс өкілдері де жақсы біледі, деп білем. Олар туған еліне еңбек сіңіруде: білімпаздығымен, адалдық, әділдігімен, ізденімпаз жаңашылдығымен, мұқалмас қайрат-жігерімен, әрқашан тура сөйлейтінімен, жақсылыққа құмарлығымен, арының тазалығымен, намыскерлігімен жарқын өнеге болғанын айтып та, жазып та жүр.
9. Республикалық партия және үкімет басшылықтарының алдын ала қабылдаған қаулысы бойынша, 1984 жылғы шілде айының 5-і күні, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрымызда әдебиетіміздің шаңырағын көтеріскен, Жазушылар одағымызды басқарған ақын Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдығы атап өтілетін болды. Маусым мен шілде аралығында одақтас республикалардың барлығынан құрамында 5-6 ақын, жазушы, сыншы, аудармашы бар делегациялар келді. Сонымен, салтанаттың басталуына үш күн қалғанда, партия мен үкімет тосын қаулы қабылдап, Жансүгіров тойы қазан айына шегерді де, Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуы бұрын белгіленген мерзімінен ілгерілетіп, жиналған меймандар Қордайға аттандырылды. Ілекеңнің аруағы сол екіарада кімге нендей жаманшылық істеп қойды екен?!.
Ілекеңнің тойы қазан айында өткізілді. М.Лермонтов атындағы орыс драма театрының кіші залында. Оған не одақтас республикалардан, Мәскеуден, Ленинградтан ешкім шақырылмады. Залға сиған іштегі, симағаны сырттағы көпшілік, әрине, наразы.
Баяндама жасалып, сөйлеушілерге кезек тиді. Екінші сөйлеуші сөзін аяқтай бере Әнуар Әлімжанов мінберге шақырусыз-ақ беттеп, президиумдағыларға (онда Орталық партия комитетінің Д. Қонаевтан басқа «дөкейлерінің» бәрі дерлік отырған) шұқшия қараған күйі көтеріліп, оларға сұқсаусағын оқтап тұрып: «Сендер қазақ әдебиетінің шын мәніндегі классигі Ілияс Жансүгіровтің юбилейін жетім қыздың тойындай етіп өткізіп отырсыңдар! Мұны бұл қиянаттарыңа қарсылық жасаудан жасқанған бүгінгі біз амалсыз кешірсек те, ертеңгі ұрпақ кешірмейді, осы естеріңде болсын!» – деді де, мінберден түскен бетте залдан шығып кете барды.
Сол күннен бастап Әнуар қақпақылға айналып, кәдімгі қудалауға душар болды да, екі жыл өте бере, 56 жасында, жұмыссыз қалдырылды. Соны естіген КСРО Жазушылар одағы, «Литературная газетаның» редакциясы қызметке шақырды, бірақ Әнекең оларға рақмет айтты, бармады. «Барсаңызшы!» дегенімде: «Битке өкпелеп, тонымды отқа тастар жайым жоқ» деді.
Д. Қонаев ілгеріде, «Литературная газета» мен «Правда» газетінің Қазақстан және Орта Азиядағы меншікті тілшісі Әнуардың өзімен сұхбаттасып, «Литературная газетада» жариялағанына өте риза болып (беделді «Литгазетаға» оған дейін республикалар басшыларының «жолы түспеген-ді»), Әнуарды бауырына тартып, «Қазақ әдебиеті» газетіне Бас редактор, одан соң Жазушылар одағы басқармасына бірінші хатшы етіп тағайындаған, содан кейін, Жазушылар одағы басшысының Жарғысы бойынша екі мерзімі (8 жыл) өткенде, «Табиғи ескерткіштерді қорғау жөніндегі республикалық қоғамның» президиумына төраға еткен (ондағы Сабыр Ниязбековті дереу босатып) Қонаев енді театрда айтқан бір ауыз сынына бола Әнекеңнен сырт айналды. Бүгінде кейбір саясатшы, тарихшы, ақын-жазушы, журналшылар: «дана, ғұлама, кемеңгер, әулие, халқымыздың біртуар ұлы...», деп тең таба алмай жүрген Д.Қонаевта кекшілдік «қасиет» болғанына көзім сонда жеткен.
Сөзіміздің әлқиссасында аталған мақаланың авторы, «оқу өтіп кеткен» профессор Әнуар Әлімжановты беталды жазғырып, «1986- жылы желтоқсанда алаңға жиналған жастарды жамандады, жалақор» деп көсіліпті.
«Алматы. Желтоқсан. 1986» оқиғасының әдейі ұйымдастырылғаны бүгінде ашылып жатыр. Зейнетке шыққаны керек болған Қонаевтың орнына сырттан Колбиннің әкелінгеніне қарсылық білдіруге орталық алаңға шығарылған жастарға билік бұзақылар топтарын қостырып, түрлі бейбастықтық жасалды. Ә.Әлімжанов «Комсомольская правда» газетінде шыққан «Что было в Алматы?» мақаласында соны айтып, сөзін: «… к трагическим событиям виновна не молодежь… В этом отчасти виновны и мы с вами, но больше все те же чиновники, сидевшие на холме власти», деп тұжырды.
10. Б.Берлібаев Д.Қонаевтың 42 қала салдырғанын үлкен жетістік деушілердің біреуі екен. Димекеңнің ол «тарихи еңбегі» – ұзақтау «хикаят. Қысқасы: Кремльде отырған жымысқы шовинистердің әлдеқайсысы Қазақстанды орыстандыра түсуді жобалап, пасық ойын Димекеңе өткізіп жіберген. 42 қала түгелдей біздің қаржыға, Ресейдің күшімен салынды. Өркендер өнеркәсібі бар орталықтарымызға. Салуға әкелген құрылысшы мамандар мен жұмысшылардың бәрі дерлік «өздерінің қалаларында» тұрақтап қалды. Ол қалалардағы зауыт-фабриктерімізде инженер-техник, т.б. мамандар жетіспей жатты да, олар да Ресейден шақырылды. Сол жылдардағы есеп-мәліметтер бойынша, 42 қала тұрғындарының 30 пайыздайы ғана қазақтар болыпты. Демек, ол шара Қазақстанды орыстандырудың хрущевтық «Тың және тыңайған жерлерді игеруден» кейінгі екінші айла-әрекет болды. Үшіншісі: әсери міндетін өтеген ресейлік жігіттердің өкілдері 1960-жылы «Комсомольская правда» гәзеті арқылы Хрущевқа хат жазып, ауылшаруашылық техникасын еркін меңгеріп те оралғандарын, ең ауыр жұмысқа баруға дайын екендерін мәлімдеді. Далақбай «көсем» дереу жауап жазып: «… Сендерді Сібір, Алтай, Қазақстан күтуде, аттаныңдар!» — деді. Гәзеттің сол санында Д.Қонаевтың қосымша жауабы бар. Түпнұсқасы:
Приезжайте к нам, в Казахстан!
«Приезжайте, товарищи воины, к нам, в Казахстан, на наши целинные просторы! Здесь вас примут как родных и близких. Нам очень нужны хорошие механизаторы, люди молодые, смелые, решительные и энергичные. Есть у нас где проявить свои способности. В казахстанских степях наступает седьмая целинная весна, начинается гигантская борьба за высокий урожай, за большой хлеб. Вы найдете здесь свое место, свое счастье!».
Мақала иесі «Брежнев пен Қонаев ішек-қарындары араласқан достар болды», дегенімді жоққа шығаруға тырмысыпты. Д.Қонаевтың үш Алтын жұлдызды «2-Ильичтің» қолынан алғаны аян. Нендей ерекше еңбегі үшін? Совет Одағын 18 жыл билеген Брежневтің тұсында Алтын жұлдыздың үшеуі бұйырғандар екеу-ақ: Лекең мен Димекең. Бейбіт уақытта өзі «Совет Одағының Батыры» атағын 4 рет алған, «Социалистік Еңбек Ері» болған Брежнев 1953-жылы Алматыда табысқан досынан нені аясын?!.
Енді ресейлік мына тізімге көз жүгіртелік:
«… Рекордсмен по числу орденов Ленина был Устинов: — 11 штук, за ним Яковлев, авиаконструктор - 10 штук, Чуйков — 9… У Громыко, Кунаева Рокоссовского, Баграмяна, Конева, Келдыша, Машерова, Щербицкого по 7. По 6 орденов имели: А.Фёдоров, Вершинин, Косыгин, Жуков, Долгих, Воронов...
Яғни Қонаев Совет Одағына еңбек сіңіруде: Рокоссовскиймен, Громыкомен, Келдышпен, Коневпен, Баграмянмен тең де: Косыгиннен, Жуковтан артық болған ба?
Осымен тәмәм. Д.Қонаевтың кімнен кем, кімнен артық болғанын оқырмандар пайымдар.